Зеленский Донбасста, Путин бункерде
Кеше Украина Қарулы күштерінің күні болды. Зеленский Донбассқа келіп, алдыңғы шепте отан үшін от кешіп жатқан сарбаздарды арнайы құттықтады.
Президент Зеленский майдан даласынан 40 шақырымдай жерде орналасқан Славянск қаласына келіп, видео үндеу жасады. "Бүгін Донбассқа келіп, сіздермен бірге болуым мен үшін үлкен абырой. Сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен, жалпы біздің мемлекетіміздің ұлы мейрамы Украина Қарулы күштері күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Сіздерге елімізді ерлікпен қорғап жатқан күш жігердің сарқылмауын тілеймін", – деді Владимир Зеленский.
Зеленский сарбаздардың қолын алып, былай деді: "Сіздерді осындай ержүрек етіп тәрбиелеген ата-аналарыңызға алғыс айтқым келеді, сіздерге күн сайын қолдау білдіретін жұбайларыңызға, балаларыңыз бен жақындарыңызға ризашылығымды білдіремін".
Украина басшысы ұрыс даласында қаза тауып, туған жерін соңына дейін қорғап өткен қаһармандарды еске алып, бір минуттық үнсіздік жариялады. "Қаза тапқан жауынгерлер біздің жадымызда мәңгіге сақталмақ. Біз бұл жауынгерлерді бір минуттық үсіздікпен еске алсақ, олар ерлікпен қаза табу арқылы біздің елімізге ондаған жылдарды сыйға тартты", - деді ол.
Зеленский қазіргі сәтте ең ауыр шайқастар Донбасста жүріп жатқанын айтты. Басқа аймақтарда да Украина әскері қиын операцияларды іске асыруда. Олар Запорожье және Херсон бағытындағы деоккупацияны жалғастыруда. "Жақын аралықта біз Украина қалалары саналатын Донецк пен Луганскте кездесетінімізге сенімдімін, әрине Қырымда да жолығатын боламыз" деп сарбаздарды бір серпілтіп қойды. Сөз соңында Украина президенті жауынгерлерге мемлекеттік марапаттарды үлестіріп, бағалы сыйлықтар табыстады.
Зеленскийдің Украина жері саналатын Донбассқа баруы басқыншылар мен сепаратистердің қан қысымын көтерді. Соловьев өз бағдарламасында Киевті аяусыз атқылауға шақырса, Ресей МемДума депутаттары "Зеленский Ресей жеріне рұқсатсыз кіру арқылы аумақтық тұтастығымызды бұзды" деп сандырақтады.
БҰҰ-да Ресейдің арнайы өкілі Василий Небензя мәлімдеме жасап, былай деді: "Біз Украинамен арадағы қақтығысты келіссөз арқылы шешуге дайын екенімізді айтқым келеді. Егер Украинадан төнетін қауіпті бейбіт жолмен шеше алмасақ, онда біз әскери жолмен шешетін боламыз". Мағыналық тұрғыдан бірінші сөйлемі екіншісіне қарама-қайшы келетін мәлімдемені Киев "реакция білдіруге тұрмайтын бос сөз" деп атады.
Зеленскийдің Донбассқа емін-еркін барып, майдан даласына жақын орналасқан қалада жүруі көптеген ресейліктің ашуына тиді. Олар әлеуметтік желіде қызу пікір алмасып, талқыға салды. "Зеленский Донбасста жүр, ал Путин бункерде отыр", "Зеленксий табытта жатудың орнына біздің жерімізде тайраңдауда", "Херсонға барды, Харьковке барды, енді міне Донбасста, келісі аймақ Қырым шығар" деп жазды ашулы басқыншылар.
Abai.kz