Сенбі, 23 Қараша 2024
1746 2 пікір 7 Желтоқсан, 2022 сағат 14:32

Қазақстан қарақалпақ белсендісіне пана бермек

5 желтоқсанда Ақтөбе облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы қамауда отырған қарақалпақ белсендісі Тілеубике Юлдашеваға "Қазақстаннан пана іздеуші куәлігін" беру туралы шешім қабылдады. 

Куәлік 2023 жылғы 5 наурызға дейін жарамды. Қажет болған жағдайда мерзімін тағы үш айға ұзартуға болады. Бұл туралы Азаттыққа басқармадағылар хабарлады.

- Ақтөбенің тергеу изоляторындағы Тілеубике Юлдашеваның қолына әлі "пана іздеуші куәлігі" тиген жоқ. Адвокат бірер күнде "пана іздеуші куәлігін" Юлдашеваға табыстауы тиіс. Бірақ Юлдашева құжаттың рәсімделіп жатқанынан хабардар. Қазақстан заңдарына сәйкес мұндай куәлігі бар адамды экстрадициялауға болмайды. Осы құжат негізінде қарақалпақ белсендісіне босқын статусы берілуі мүмкін. Оны прокуратура, ҰҚК және басқа да құзырлы орган қызметкерлерінен құрылатын комиссия шешеді, - деді Қазақстандағы адам құқықтары мен заңдылықтарды сақтау жөніндегі халықаралық бюроның Ақтөбе филиалының жетекшісі Ирина Гольцварт.

Ақтөбедегі тергеу изоляторына 16 қарашада қамалған Юлдашеваға Қазақстаннан "пана іздеуші куәлігін" беру туралы шешім екі аптадан соң шықты. Ирина Гольцварттың сөзінше, Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасындағы бюрократия құжат алуды кешеуілдеткен.

Ал Ақтөбе облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әнуарбек Қонжар куәліктің екі апта кешіктірілгенін Юлдашеваның қамауда отырғанымен түсіндіреді.

- Әдетте пана іздеуші тұлғалар басқармаға өзі келіп өтініш жазады. Биыл мамыр-желтоқсан аралығында біз 24 адамға "пана іздеуші куәлігін" бердік. Ал Өзбекстан азаматы Юлдашеваға келер болсақ, ол - тергеу изоляторында отырған адам. Ол жерге біздің қызметкерлеріміз кіре алмайды. Бізде изоляторда отырып, құжат рәсімдеген азаматтар болған емес, - дейді Әнуарбек Қонжар.

Тілеубике Юлдашева куәлік сұраған өтінішін изоляторда жазып, адвокаты Расиля Өтегенова арқылы беріп жіберген.

Қарақалпақ белсендісі Тілеубике Юлдашева 13 қарашада Қазақстанның Ақтөбе облысы мен Ресейдің Орынбор облысы шекарасындағы "Жайсаң" бекетінде ұсталған. Қазақстан шекарашылары Юлдашеваны "сізге халықаралық іздеу жарияланған" деп Ресейге өткізбей қойған. Кейін сот оны 40 күнге қамау туралы шешім шығарды.

Бұған дейін елде қарақалпақтың төрт белсендісі Қошқарбай Төремұратов, Жангелді Жақсымбетов, Раиса Құдайбергенова мен Зиуар Мирманбетова ұсталған еді.

"Бұл азаматтардың басым көпшілігінен өзбек билігі шілде айының басындағы Қарақалпақстан оқиғасынан кейін "конституциялық құрылысқа нұқсан келтірмек болды" деп күдіктеніп отыр " деген еді Азаттыққа Адам құқықтары мен заңдылықтарды сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының өкілі Гүлмира Қуатбекова.

Халықаралық бюро өкілінің хабарлауынша, Тілеубике Юлдашева 2020 жылғы қаңтар айынан бері Қазақстанда тұрып жатқан. Өз елінде саяси себеппен қудаланудан қауіптгенгендіктен Қазақстаннан пана сұраған. Бюро қарақалпақ белсендісіне жан-жақты құқықтық қолдау көрсетілетінін хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, құқық қорғаушы Тілеубике Юлдашева Қарақалпақстанда 2013-2014 жылдары қоғам белсендісі ретінде көзге түсе бастаған. "Өзбек билігінің қысымына қарамаcтан" Қарақалпақстанның тәуелсіздігін талап еткен акцияларды белсенді түрде қолдаған. Өзбек билігінен қысым көрген қарақалпақ белсенділерінің құқығын қорғаған.

Осыған дейін Қазақстанда қарақалпақ белсенділерінің ұсталуына алаңдаған халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстанды қарақалпақ белсенділерін Өзбекстанға бермеуге үндеген. Ұйым Қазақстан билігіне халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелерін еске салып, халықаралық құқыққа сәйкес кез келген адамды елінде қауіп күтіп тұрса, күшпен қайтаруға болмайтынын ескерткен.

 

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377