Жексенбі, 6 Қазан 2024
Әдебиет 2991 9 пікір 8 Желтоқсан, 2022 сағат 13:02

Әдебиеттегі жас буын қашан бағаланады?

Неге біз үнемі аға буынның жетістіктерін асырып, кемшіліктерін жасыруға құмбылмыз? Мерейтойларында жер-көкке сиғызбай дәріптеп, олардың қаламынан туған шын асыл шығармаларымен қатар, ортақолдан төмен туындыларын да асыра мақтап өнерге қиянат жасап, ұрпақты адастырғанды қашан қоямыз? Шектен тыс мақтаншақтықтың сырқатына  шалдыққан  әдебиетіміз өзін-өзі қызықтаудан арылып, атақты қаламгерлеріне де сын көзбен қарай алатын дәрежеге қашан жетеді, өркениетті елдерден үлгі алып өнердің ұлы мұраттарына қашан қолын созады? Айтыңызшы, қашан?

Соңғы отыз жыл ішінде мақтана-мақтана өсіп аспандап кеткен кеудемізден кісі шошиды. Бірақ, сол өсіп кеткен кеудемізге лайық әдебиетіміз бар ма? Қазір сыйлық алғаннан гөрі, оны алмаған ақын-жазушыны күндіз қолыңа шам алып іздесең де таппайсың. Ал, оны кездейсоқта алмай  қалған шетінен «классик» жастардың, бүгінгі таңдағы түк қадірі қалмаған сыйлық мәселесін көтеріп, жанұшырып айқайлаған дауыстарын естігенде дүниеден безіп кете жаздайсың. Даңғойқұмарлықтан іргесін аулақ салған, мақтанға, сыйлық пен атаққа құмар емес, Гюстав Флобердей өнердегі өз жолын омбылап салуға шын ниетімен, таза пейілмен  кірісетін талантты да, адал ұрпақ енді әдебиетке қашан келер екен? Қашан?

Заманның еркіне кеткен кеңшілігін пайдаланып, қазақ ақын-жазушыларының бәрі шетінен асыра дәріптеліп жатқан «әдемі» уақытта, анау-мынау емес, дүниежүзінің ұлы суреткерлері талантына табынған Достоевскийдің де шаңын қағып алып, тас-талқанын шығарған Набоковы бар орыс әдебиетінің сыннан қорықпайтын бақытына қалай қызыға қарамайсың? Ал, содан кейін әлемді айтпақ  түгіл, қазақ оқырмандарын да тәнті ете алмаған халтуралардың пәленбай елдің тіліне  аударылғанына балаша қуанып, ешкім танымайтын шетелдік ақын мен жазушының пікіріне өлердей зәру болған бүгінгі ұлттық әдебиетіміздің бейшаралығына қалай жерге кіре жаздап ұялмайсың?

Өкінішке қарай, біздің қаламгерлеріміз Абай негізін салып кеткен реалистік әдебиетті ауыз толтырып мақтанарлықтай биікке көтере алған жоқ. Мұхтар Әуезовтың «Қараш-Қараш» оқиғасы, «Қорғансыздың күні», «Оқыған азамат», Бейімбет Майлиннің «Күлпәш», «Айт күндері» шығармалары арқылы шындықтың көрінісі ұшқындаған реалистік проза өз деңгейінде дамымады. Намысыңыз ұстап, айтып отырған сөзімізді өтірік десеңіз, Эрих Мария Ремарктың «Батыс майданында өзгеріс жоқ», Михаил Булгаковтың «Иттің жүрегі» немесе Варлам Шаламовтың «Колыма әңгімелері» сияқты империяның қылышынан қорықпай шындықты қоғамның көзіне көрсетіп айтқан шығармаларымыз қайда біздің? Қайда? Әрине, шындықты астарлап, тұспалдап айтатын өнер туындылары қандай қоғамнан болса да табылады. Бірақ, ақиқатты алдаспандай жарқылдатып жеткізген, жарық көрмек түгіл, атылып кетуі мүмкін екенін біле тұра нар-тәуекелге барып, сондай туындыны үстеліне болса да жазып кеткен суреткерді сіз маған көрсете аласыз ба? «Әдебиет – ұлттың жаны» (Ж.Аймауытов) екені рас болса,сол  шындықты айта алмаған халықтың жаны қалай ұлы болады?

Тарихи деректерге жүгінсек, ХХ ғасырда қазақтан артық азап шеккен халықтың болмағанына көзіңіз анық жете түседі. Біз ұлт ретінде жойылып кетуге сәл қалған елміз. Өткен жүзжылдықтың қапырық ымыртында ел қамын ойлаған оқымысты азаматтарымыздың бәрі шетінен атылып, аман қалғандары итжекенге айдалды. Миллиондаған адамдар аштықтан қырылды. Дінімізден безіп, тілімізді жоғалтып ала жаздадық. Еліне, жеріне жаны ашымайтын мәңгүрт ұрпақ арамшөптей қаулап өсіп шығып, билік басына келді. Соның зардабынан рухы жанышталған қазақ ассимилияцияға ұшырап, халықты қан жылатқан орыстың отарлау саясаты әлі күнге дейін өктемдігін жүргізіп келеді. Жер-Анамыз ядролық сынақтан көз аша алмай, мүгедек болып туған балалардың санында есеп жоқ. Бірақ, осы шындықтардың бәрі әдебиетімізде өз деңгейінде көрініс тапты ма?

Артық кеткен болсам, аға буыннан кешірім сұраймын. Мүмкін, тоталитарлық қоғамда өмір сүріп, әр қадамы аңдулы болғанына қарамастан әдебиетіміздің алтын ғасырын жасаған, біздің Бальзак пен Толстойларымыз іспетті қадамгерлерімізге кешіріммен қарағанымыз да дұрыс шығар. Алайда, сол ұлы суреткерлеріміздің тәуелсіздіктің таңы атып, цензурадан біржола құтылып, еркіндікке қол жеткізген уақытта қоғамның дертін қопарып зерттеп, халықтың зар-мұңын көркем шығармаларына арқау етудің орнына, өз руынан шыққан батырлар мен билер туралы адам сенбейтін романдарды мысықша балалатып, шындықтан ат-тонын ала қашқан әрекеттерін қалай түсінеміз? Неге біздің әдебиетіміз өркениетті елдерден үлгі алып, алға ұмтылудың орнына, сонау Сервантес дәуіріндегі рыцарлық романдарды жазуға құмартып, кері кетіп барады? Неге?

Кешегі күннің көрінісін де қиялмен сомдаған дұрыс шығар, бірақ, дәл бүгін ұлтымызға көз алдымызда болып жатқан әлеуметтік әділетсіздіктердің тереңіне үңілген реалистік проза ауадай керек болып тұрған жоқ па. Ауадай! Жазғырсаңыз тағы да өзіңіз біліңіз, бірақ қазір қоғамды баяғыда өмір сүріп, сүйегі күлге айналған хандар мен билерден гөрі, осыдан бірнеше  жыл бұрын ғана бес бірдей періштесі өртеніп кеткен ананың аянышты тағдыры қатты толғандырады. (Сол ананың тағдырын зерттеген суреткер қайда?)  «Шыңғысхан» қазақ немесе моңғол ма?» деген сауалдан гөрі, кешегі Қордайдағы адам өлтіруге дейін барған жастардың тағдыры жұртты көбірек алаңдатады. Бәлкім совет заманында қалыптасқан, өнердегі романтикалық сентиментализмнің балалық ауруынан әлі толық арыла алмаған классиктерімізге де, тәуелсіздік жылдарында келіп, өнердің ұлы мұратын дұрыс түсінбей, оны мақтансүйгіштікпен, атаққұмарлықпен шатастырып, өздерін қызықтап кеткен менің замандастарыма да «Бізге енді басқа музыка керек» деп айтатын уақыт келген шығар. Осындай батырлыққа барудан сескенбейтін, даңғойқұмарлыққа емес, сөз өнерінің шын дертіне шалдыққан алтын ұрпақ өнерге тезірек келсе екен. Тезірек!

«Сөз өнерінің серті мен дерті» атты эсседен.

Амангелді Кеңшілікұлы

Abai.kz

9 пікір