Ақын Исраил Сапарбай өмірден өтті...

Қазақстанның халық жазушысы, ақын, танымал драматург және сазгер Исраил Сапарбай 85 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Қаралы хабарды ҚР Жазушылар одағы төоағасының орынбасары Қасымхан Бегманов жеткізді.
Қасымхан Бегманов:
– Бүгін таңнан суық хабар жетті.Таңғы сағат – төрт шамасында 85 жасына қараған шағында Қазақстанның халық жазушысы, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, аса көрнекті ұлт ақыны, белгілі драматург, талантты сазгер Исраил Сапарбай ағамыз дүниеден өтті. Иә, сағат тілі қасиетті жұмаға қарай ауғанда ақынның соңғы демі үзілді.
Ұлы ақынның Қаскелеңдегі қара шаңырағында, бала-шағасының алдында ауыр науқастан қайтқаны жайлы хабарды маған ағамыздың ұлы Нұрлан Исраилұлы бауырым хабарлады.
Биыл қазақ әдебиетінің алыптары, кезінде інілері болып соңынан ерген асыл ағаларым - Дулат Исабеков (20.12.1942 - 21.02.2025), Темірхан Медетбек (06.05.1945 - 10.05.2025), енді міне, Исраил Сапарбай (15.05.1941 - 18.07.2025) бірінен соң бірі өмірден өткені менің жаныма қатты батып, жүрегім ауырып отыр. Алапат қайғы санама енді ғана жеткендей күй кешіп отырмын. Сол Кеңсайға, алыптардың қасына енді Исраил ағам да кетіп бара жатыр.
Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасымен бірге ағамыз қатты ауырып жатқанда, ауруханаға барып, үнемі хабар алып тұрдық. Соңғы барғанымызда күбірлеп, ақырын өз өлеңін оқып жатты...
Аса көрнекті лирик ақын Исраил Сапарбайдың артында қаншама әндері, лағылдай, мөлдіреген жақұттай поэзиясы, мәңгі өлмес сырлы, мұңлы жырлары қалды. Жазған пьесалары М.Әуезов театрынан бастап еліміздің бірнеше театрларында сахналанып, отты жырлары өз оқырмандарын тауып, әсем әндері миллиондардың жүрегіне жетіп, қазақ аспанында қалықтап тұр.
Жаныңыз жәннатта болсын, асыл аға, жан аға, Исраил көкем менің...
Исраил Сапарбай – қазақ лирикасының шоқтығы биік өкілдерінің бірі. Ол артына терең мағыналы өлеңдер, сахнаға арналған пьесалар мен ел сүйіп тыңдайтын сазды әндер қалдырды. Марқұмның әдеби мұрасы халық жадында ұзақ сақталары сөзсіз.
Abai.kz ұжымы ақынның отбасына, туған-туыстарына, қалың қазақ оқырмандарына қайғырып көңіл айтамыз...
Abai.kz