Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Жаңалықтар 5758 0 пікір 4 Наурыз, 2013 сағат 06:07

Ардақ Нұрғазыұлы. Саябақ (поэма)

2007 жылы «Шетел әдебиеті» газетінің бірінші нөмірі жарық көрген тұста мен осы поэма туралы мынадай түсініктеме жазыппын: «Адамзат жаңа мыңжылдықты алапат соғыспен, қан төгумен бастады. Жырдың алғашқы  "Бақша-Алаң  симфониясы" АҚШ пен ИРАК кескілесіп жатқан, адамзат осы заманғы соғыстың не екенін көзімен көрген күндерде (2003 жыл, көктем) жазылды ( бұл соғыс дәл қазір де жалғасып жатыр). Содан да жырдың өн бойында соғыстың елесі бар. Поэманың   жазылуына Абайдың (Ибраһим ҚҰНАНБАЙҰЛЫ) «Сегізаяқ» өлеңінің мына жолдары әсер етті. Ол Жырдың басталуында айқын сезіледі.

Жартасқа бардым,

Күнде айғай салдым,

Одан да шықты жаңғырық.

Естісем үнін,

Білсем деп жөнін,

Көп іздедім қаңғырып.

Баяғы жартас - бір жартас,

Қаңқ етер, түкті байқамас.

.  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .

Моласындай бақсының,

Жалғыз қалдым, тап шыным!

2007 жылы «Шетел әдебиеті» газетінің бірінші нөмірі жарық көрген тұста мен осы поэма туралы мынадай түсініктеме жазыппын: «Адамзат жаңа мыңжылдықты алапат соғыспен, қан төгумен бастады. Жырдың алғашқы  "Бақша-Алаң  симфониясы" АҚШ пен ИРАК кескілесіп жатқан, адамзат осы заманғы соғыстың не екенін көзімен көрген күндерде (2003 жыл, көктем) жазылды ( бұл соғыс дәл қазір де жалғасып жатыр). Содан да жырдың өн бойында соғыстың елесі бар. Поэманың   жазылуына Абайдың (Ибраһим ҚҰНАНБАЙҰЛЫ) «Сегізаяқ» өлеңінің мына жолдары әсер етті. Ол Жырдың басталуында айқын сезіледі.

Жартасқа бардым,

Күнде айғай салдым,

Одан да шықты жаңғырық.

Естісем үнін,

Білсем деп жөнін,

Көп іздедім қаңғырып.

Баяғы жартас - бір жартас,

Қаңқ етер, түкті байқамас.

.  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .

Моласындай бақсының,

Жалғыз қалдым, тап шыным!

Сондықтанда поэма жартаспен басталып, жартаспен аяқталады. Соңғы шумақты шығарманы ақырластырып тұрған нүкте деуге болады. Бұдан тыс поэмада Грекия, Рим, Шығыс халықтары, сондай-ақ, Қазақ халқына тән мифтер көмілген: Сақ даласын жаулауға келген Парсы патшасы Кирдың басы туралы аңыз, ел аузындағы Қорқыт туралы аңыз, философ Сократтың өлімі туралы аңыздар, т.т.

Автор».

2009 жылы поэма менің «Жалған бостандық кітабы» жыр жинағыма кірді. Кейін  «Жеміс ағашының түбінде» (http://old.abai.kz/content/ardak-nyrgazyyly-zhemis-agashynyn-t-binde) атты мақаламда поэманың тарихы туралы жаздым. Он жылдан соң қарап отырсам, бұл шығарма осынау жылдарда менде қордаланған поэзияның 1000 жылдық даму тарихының жинақталуы және қазақ елінің Тәуелсіздігімен біте қайнасып жатыр екен. Алдыңғы қасиет болмағанда шығарма жаңа тыныс пен өзіне тән эстетикалық біртұлғалылыққа жете алмас еді. Ал Тәуелсіздік ұғымы болмағанда  шығарма рух биігіне көтеріле алмас еді.

Сонау Джалаладдин Румидің жырларындағы ішкі иірімге тартатын тылсымдықтен бүгінгі П.Сыллан поэзиясының шүңетіне дейін өлең бір арнада қабаттасқан үш ерекшелікпен ақты. Бүгінгі поэзияның биігі сол ағыстың тікелей туындысы. Осы тұрғыдан алғанда поэзия өзгерген жоқ, тек оның қабат-қабат пердесі ашылумен ғана келеді. Поэзияның бүгінгі заманға сай талғамы болмағанда, біз өткеннің бұл қасиетін бұлайша анық сезіне алмас  едік.

Өз басым поэзияда ақын кемелділікке құлаш ұруы керек, бірақ, дәлдікке қашанда құрметпен қарауы тиіс - деп ойлаймын. Бұл мен үшін жазылмаған заң.

Әсілінде, нағыз поэзия оқырманды парасат кеңістігіне бастайды. Мұндағы «парасат кеңістігі» адамзаттық биік құндылықтар мен әдебиеттің даму арнасында шөкпей аққан ұғымдармен байланысты дүние. Жоғарыдағы екі қасиетті бойына сіңіре алмаған немесе одан алыс жүрген адамды мен түсінігі жоғары оқырман дей алмас едім. Кемел талғам болмаған жерде адам қашанда өзі жасаған дәуірдің шеңбері ішінде ғана ойланады, өнерді сол деңгейдегі түсінікпен өлшейді. Осы тұрғыдан алғанда «Саябақ» поэмасы оқырманның таным-түйсігі мен білім деңгейіне салмақ салатыны тіпті, айна болатыны анық.

 

Автор

2013 жыл

 

 

САЯБАҚ

 

(Поэма)

 

 

 

КІРІСПЕ

 

Жым- жырт аспанда құс кідірді.

Серпіген қанаты -

Тас жұмылған уақыттың маңгілік ашылмас алақаны.

Терезеден төгілген күннің сәулесін

Тықпалап қара түнекке - көлеңке кемірген.

Ашылмайтын түңліктің жібі үзілгенде

Даланы торлаған тарау - тарау жолдар құлазып

Төбеден бір жұлдыз аққан.

Біреуді шығарып салып, біреуді тосып тұр.

Алақандағы топырақ

Желде ұшқындайды

Ен даланың соқпақтары тірелген моллалар құсап.

Күтіп тұрған жанның бейнесі де бұлыңғыр -

Қасқайып түрған тас обаларға үқсайды.

Ол да үн-түнсіз.

Тас обаның түбін қазған қолдардың

Көбесінде де қалған...

Бір түйір топырақ.

Тостағандағы жазудың үзілген ұшығын

Иненің көзінен өткізген де -

Бұлыңғыр далада қалған іздер

Тас обаны сүйеп түрғызған қолдар.

Уақытқа қараған көздің жанарында жас бар

Дегенмен....

Жылжыған уақыттың

Тозған кіреукесінен де тозаң төгілген.

Көш жүріп кеткен екі жұртгың арасынна

Сах, Ғүн, Түрік, Қыпшақ пен Қазақтың

Ізі шөккен бе?

Айға сілтенген қылыштың жарқ еткен жүзінен

Қан тамғанда,

Тілім-тілім болып кескіленген далада

Қара түн түнған.

Кім сонда

Шаншылған қанжарға ақ пен қан құйған?

Құлағыңды түріп тыңдасаң жерді, естисің

Ен даладан шауып келген

Ен далаға шауып кеткен ...... үнді.

Қазып жатыр жер -

Қазылып жатқан көр.

Ол біздің

Жүрегімізде ағып жатқан өзенге көмілген.

Бақшаның далаға ашылған есігінде

Түн ұйып тұншықты.

Желмен жортқан аңызда қыл ішек өксіп,

Бір сапарда екі бағытқа кеткен кезбені

Кімдер арулап жерледі?

Көз алдымнан бір сәт кетпейтін жарымның

Бетіндегі мендей,

Қаққан қазықтың түбін қопарсаң да шығады

Қорғанға қадалған жебе -

Оны неге ешбір тат шалмайды?

Бақшаның тас қаланған жолында түрған жанды

Түсінен оятты -

Тайап келген,

Далада әлде қашан өшіп кеткен ...... аяқтың тықыры.

Сынған құмыраның қирандысы

Қолдың табымен қайта тұрғызылған мүсіннің

Тереңнен үзіліп жеткен сазда мүлгуі .....

 

 

 

 

І

Түсіңде жұттың

Өзіңді - өзің жаңғырық,

Қараңғы түнге жартасты жалғыз қалдырдың,

Мен де жартас.

Айғайды жек көрмегенімізбен

Үнсіз отыруға үйрендім.

Тарих жазылған кітап парақталып,

Одан да дауыс шыққанда

Ол да бізді айғайымен есеңгіретіп кетті,

Мейлі оны үнсіз отырып қабыл алсақ та.

Тамға шапталған қағаздардағы ірі жазулардың елесі

Миымызды торлап,

Картадан алып қызыл күнді ғана көрдім

Шығыстан дауыл соқтырып, құм көшірген.

Бүгіннің өзегін талдырып,

Уақыттан тамған тамшы, тас болып қатты,

Геродот пен Сма - Чянның ағысында

Шөкпей, ақты.

 

Мен сені бұлт астынан іздедім -

Маңдайдағы әжімнен.

 

Шұбалған ескі жол даланы шиырлап,

Адырна шық етіп, жебені сүйді.

Алақандағы жазу сол жолдар жатқан дала -

Ат бауырына түскен батырдың  шалқалағанын да -

Қалқанына қадалған ... Жебе -

Сол далаға.

Тағдырдың сызығы қиюсыз қиысқан,

Тоныкөктің тас ескерткіші

Құм көшкіннің астында қалды.

Сақ сарбазының дулығасындағы қауырсын

Бір көрініп, бір өшіп ... Күнге шағылысты.

 

Бір түйір қан ... Өртенген күн,

Алыс көкжиекке құлаған,

Шоп етіп жанарыма шөкті ол

Мен оны алаңда тұрып көрдім.

Айналам ағаш, толқиды желде ырғалып,

Түн ... Қарауытқан теңіз буырқанады

Тері тұлыпта кесілген бас қан жұтады,

Толқында қақалып.

Түн... Шексіз құм...

Толқыды теңіз қышы құмырада ...

Мәңгітасқа бастым.

ІІ

Бақшаның ескі қорғаны алынып

Орыны өзгерді алаңға -

Тат басқан темір решетканың арасынан

Көгалға төгілген сәуле өзгерді

Иір - иір жолдар түйілісетін

Ағаш арасындағы жаңарған соқпақтар іспетті

Ескі бақтың көзіне шөкті.

Решеткада қанатын қаққан Елқалайкөшеді де

Ұшып кетті белгісіз жаққа.

Адасып қалдым ойымнан -

Күннің шуағы

Әлемді жарық пен қараңғыға қақ бөлген.

Бұрқыраған иісі бар,

Шөп, жапырақ, қара топырақ

Астында жатқан шылаушын,

Күннің дүлей шуағынан жалтарып,

Түні мен жауынның келуін күтеді,

Жаңбыр мен суықтың ызғарын.

Көшеде жортты жел

Үйіріліп,

Көлден көтерілген аққу, аңызға айналып

Тат басқан теңгенің көзінен өтті.

Соқырдың таяғы тиген тас баспалдақ

Жаңғырады -

Шұбатылған, ғасырлар жатқан аңғар

Уақыттың өзегінде,

Өшпейтін қан дағы қалған.

Екі баспалдақ арасында -

Үнсіздік

Таңғы шық, бір тамшы қан, Шәкен Елубайдың

көз жасы,

Жалғайды ... Үнсіздік,

Бақшада,

Тас баспалдақта шылаушын жатқан.

Тек көлеңке жарықты аңсайды,

Мен тұрмын тас баспалдақта үнсіз.

ІІІ

Түннің толқыны жартасты, құмды жағаны ұрып

Ақ көбік уақыт шатынап сынған, шашырап.

Өткен мен бүгін - толқын, толқиды шайқалып

Жағада жатыр ұлудың қабығы ағарған.

Келешек уақыт - құм қайраңда жоғалған,

Ізді жұтқан,

Нар толқын түнектен - түнекке шапшыған.

Өзінде жұтқан жағада -

Құм қайраңға шаншылған.

Қолымдағы тасты лақтырдым, қаншалық алысқа түсті

Ол да менің жүрегіме соншалық батты.

Көшеде иық сүйкесіп талай өттік, таныспасақ та

Көлеңке мен жарыққа бейнеміз сіңген.

Ағаш басындағы жапырақ - кітап парағының екі беті,

Бірін - бірі мәңгі көрмесе де сезеді,

Бірі қараңғыға сүңгігенде, бірі жарыққа  малтып шығады.

Шахмат тақтасынан құлаған пешка,

Саусақтың табын қалдырды жарыққа ойып.

Мөлдіреп тұрды тіршілік

Тостаған ұстаған сол қолда,

Бетінде жұлдыздың сөнбейтін сағымы ойнап.

Сынған бір бөлшегі түбінде тұнды,

Мен оған үңілдім, ол да  қарады.

Шелектегі судан аспанды, өзімді көрдім

Қазылған көрге шашты топырақ, мен де шаштым.

Кеше мен бүгіннің, ертеңнің елесі

Айдың жарығына шомылып,

Қарап тұр үңіліп -

Шашылды сары жапырақ ...

Бір уыс жұлдыз,

Тас обаның көлеңкесінде

Қылқобыз тынды.

Мұңлы үніне соңғы рет қош айтып күрсінді.

Мен қалдым жалғыз.

Емілдің иірімі шабақ соғып, одан да қалды ескі жара.

(Ақ еті аппақ еді, атқан таңдай)

Қызыл мәуті күннің алауы бояп,

Ай да өртенді, оттай қызарып.

Саусақ тиген анар ... Дала...

От пен су, қараңғы мен жарық өбіскен

Бір тамшы шық

Ақ пен қызылдың арасында талаураған,

Түннің кірпігінен пайда болып,

Жарықтың көзінде жоғалған.

IV

Құладым шексіз биіктен ... Түнекке,

Кім мені алақанына алып ...

Мәпелеп, жыр еткен.

Аспанды теңгедей көрсеткен терезенің әйнегі шағылып,

Атқойды айғай мен шу.

Көшеде жел сүйреген қиқым қағаз шарқ ұрды елеуреп.

Төбемнен төгілген лампаның жарығында,

Көлеңкеміз көбейді әлде нешеу болып,

Мен одан жағасы жыртылған көлеңкені таба алмай

Дал болып, мысым құрыды.

Терезенің алдындағы бір түп қара ағашқа

Сүңгіді торғай,

Қараңғы қапасқа кіріп кетті,

Темір есік шарқ етіп жабылды,

Аржағынан естілді кешегі айғай.

Жұдырықтай жүрегіме тұнған қара түн,

Құшағын кең ашып өзіне тартқан,

Түбі жоқ шыңырау ... Азалы үн,

Түнектен - түнекке ... Құлап келемін.

Кітапты ашық терезеден сыртқа атып жіберсең

Алақаныңнан ұшады кептер,

Қанатын қаққанда естіледі

Соғыс балтасының үнінде Моцарт. Жаназасының

Нотасы бар,

Қара жерге тырс етіп тамған бір тамшы қаннан

Естисің,

Тіршіліктің аһ ұрған қасіретін.

Төменнен қарап қалған сәби қолын бұлғады,

Бал - бұл жанған жүзінен көрдім алаулаған күнді.

Үрейім ұшты,

Көрді ме деп қараңғы қапаста отырған мені.

Жыладым ... Жұрт қорықты ...

Аспан мен жер толқып,

Тарының қауызына сыйды әлем,

Мен көрдім қазулы көр ... Жарықтың көзінен.

Қайдан келемін,

Қайда барамын.

V

Қураған өзеннің тандыр тағанынан қазылған құдық -

Қазылған көрден шықты малта тас,

Құм мен қиыршық ... Шөлдеген.

Кешегі уақыттың ағысында қалған із -

Ескі жырдың бұлдыраған ақырғы жолы.

Ессіз қараңғылық шырмаған үйде естіледі

Екеудің сыбыры,

Олардың ортасында мүлгіп отыр менің елесім.

Айдың  сүттей жарығы себілген көгалға сұладым,

Жаттым

Аспанда жымыңдаған жұлдыздарды мағынасыз санап.

Алақанымдағы бір тал шөпті құй батпаққа батқан

Қауырсынға балап,

Көз алдымнан ұшырдым.

Қапаста құс қанатын серпи қаққан.

Маңдайымды бастым ... Дымқыл топырақ

Өртенген ...

Терең қатпарында бәйтеректің тамыры қурап, солған

Өзегін жалын жалмап.

Құс ұясында қартайып,

Балауса шөп көктемнің жаңбырлы дауылында сынған,

Тасыған өзен мен құм көшкінінде

Тағдырдың жазуы өшкен, құлазып.

Суға жазылған жазу -

Бұлбұлдың көмейіне шөккен таста ойылған ...

Қобыздың шанағынан есілген күй.

Қарсымдағы тамда ағарып ақ орын тұр

Кешегі уақыт тұнған -

Айна да, сағым да жоқ.

Жалаңаштанған орын -

Беделдің қыл қаламынан туған май бояулы сурет,

Ақ, қызыл, сары, көк ... Қара

Танылмастай баттасқан (әлемнің реңі).

Сиыртүстегі күннің жарығында

Үнсіз көз сүзеді бір бейне одан,

Маған таныс (айнадан көргенмін).

Кешегі уақыт пен бүгінгі уақыт -

Суреттегі көлеңке,

Тесіле қараған жанның жанарын жапқан.

Ертеңгі уақыт - сынған айна,

Көлеңкелі жанар мың - сан айнадан

Күлімсіреп, үнсіз қиыла қараған,

және де

Ескі жырдың өшіп кеткен ақырғы жолынан.

VI

Жарықтың көзінде ноқат - күн,

Жел мұжып топыраққа айналған тастың  бетінде жылжыған

Сағаттың тілі.

Бәйтерек жығылды

Түсінде көлеңкесін құшып.

Айналды тиірменнің тасы -

Уақыт ... Шытынап сынды.

Желге ұшқан бір түйір құм,

Іздейді жоғалған мекенін.

Бойымдағы қантамырларда желкенін  жайған кеме,

Ягорын тастаған сол құмда.

Буырқанған теңіздің түбінде жатыр ағарып,

Экспедициядан оралмаған археологтың көзәйнегі.

Жаңғырық қана талып жетеді одан,

Сәбидің құлағында өшкен сыбыр ...

Бесік жыры,

Ол маған сыйлады семсер мен жел.

Рамкадағы суретке ұшып келіп соғылды

Тоғай ұмытқан,

Күндізден жалтарған құс.

Тағдырын өзгертті қаламның ...

Кеше мен бүгіннің реңін - бояу.

Жыртылған күнпарақтың бетінен

От тұтап,

Жалынға қақталған уақыт айналды тасқа.

Көшеде кездескен бейнелер билеп жүр ...

Тас бетінде

Қос сәбиді емізген көкбөрі тұр онда ұлып ...

Ұсынған қолыңнан сездім мен жылылық,

Кеттім өртеніп,

Тұрдың сен жартас ...

Жаңғырып.

Шұғыла шашқан күндей нұр тамған бейнеңмен,

Сыйладың сен маған көлеңке және үнсіздік.

Алаң - теңіздегі арал,

Толқын көтерілгенде тұманға шөккен,

Үнсіздікті - үнсіздік ішіне бүккен.

Онда ақ үкі дамылдаған,

Ұзақ сапарында әредік тыныс алып.

Сондықтан да батып кетпеуін тілейді

Толқында көміліп.

Қалықтап тұр алаңның аспанында батпырауық,

Әкесі ұстатты балаға қылдай жіптің ұшын.

Мен де тұрдым алаңда,

Аласұрған ойдың толқынына көміліп.

Ағаш арасында көлкіген көлеңке жетіп келді

Қасыма баяу басып,

Мен баяу суға баттым,

Ол дағы серік болып бірге батты.

Бүршік - ағаштың дерті тәнімен бүркеген,

Көктемнің қиялы -

Бұрқырап көтерілді су бетіне көбік.

Ұшып өтті бір топ тырна көк аспанды тіліп,

Төменде жатты

Сызат шалмаған қара жердің қауызы - Мола.

VII

Ашпа есікті, шауып кірмесін қараңғы -

Түзде қамаулы - ширыққан түн.

Жауардай

Сұстанған күннің қабағы салбырап -

Жартастың бетіне шыққан қына -

Сыртына тепкен түгін,

Телефон трубкасын көтергенде аржағынан естілген  үн -

Үрейдің, түннің үні.

Немесе, мысық келіп есікті тырналаса.

Шүмектен су төгіліп, тасыды шәугім -

Иленген балшықтан мытып жасалған сағат,

Бұлқынған бұлаққа көмілді,

Ақ көбік, ақ күміс шашқан

Еріп, езілді уақыт.

Сүңгіді оған -

Мешіттің төбесінде айналып,

Қоңыраулап ұшқан көк көгершін.

Тартылған көлдің орнында, қайраңда қайық ...

Сөгілген аудың арқауын отырдың жамап.

Ескекті сындырып кеткен,

Уақыттың толқыны соғып.

Сен маған ұсындың үнсіз бір сабақ гүл,

Мен сені танымадым.

Қанжолда қасымнан, боратып өтті машина

Сездім ызғар ... Қабағынан.

Үзілген гүлдің сабағында мөлдіреп тұрды

Бір тамшы сөл.

Гүлдің сабағынан тамды,

Сол мөлдір тамшы - жердегі көлеңке

Аспанды бүркеген топ қарғаның дауысы,

Шырмалды тұтасып.

Суда бұлқынды, тордағы балық.

Көшенің қарсы жағынан естілген,

Сырнай мен даптың дауысы, мені өзіне елітті -

Аққу мен қаздың сұңқылы...

Батар күннің қан қызыл арайына малынған аққу

Қанатымен көл сызып бара жатты -

Отыр қария тарамысы қалған қолдарымен

Тынымсыз дап соғып,

Қасында тұр бала жігіт теңселіп, сырнай  тартып.

Қанжолды кесіп өтпей, тұрдым мен соны тыңдап.

Аққудың су бетіндегі көлеңкесі, қанатын жаза алмай

Тереңге тартты.

Талықсыған тастың тағдыры - тозаң,

Қысы - жазы көлде жатып бозарған мәйіт,

Құм басқан жағаны құшты.

Қатыгез күннің төгілген шуағына шомылып.

Тәннің тарихы - жыртылған,

Толқын жұтқан жағадағы із ...

Қанжолды кесіп өтті.

VIII

Орманның, түннің елесі ...

Сыдырылған үйеңкінің қабығынан ашылды есік,

Ашылды түннің келбеті.

Уақыттың арнасы тарайып,

Домалаған тамшы жас жағадан жараланды,

Жарға соғылып.

Өзектен құлаған өрт -

Теңізге талпынған тамшы -

Тынды ... Толқын толқынға қосылды.

Аспаннан аққан жұлдыз - түннің жасы,

Уақыттың көзінен тамды.

Көше автобусқа шықтым,

Біреулер түсіп кетті.

Босаған орынға отырды енді біреулер.

Сарғайған күзгі орман да

Үп еткен желмен еріп,

Сылдыраған сары жапырақ,

Ізді жасырып кетті.

Көшеде арлы - берлі ағылған адам ...

Жолды жапырақ жапқан,

Жым - жылас ... Уақыттың ағысы.

Келген хаттың бетіне жазылмапты адрес.

Жүзіне қарағанымда,

Пошталион күлімсіреп күлді маған.

Шығарып салып қақпасынан жындыхананың,

Соңынан қарап тұрған бейне бар өңінде -

Кешегі күлген, жылаған бейнесін тас ұмытып,

Қарамай кеткен оның ертеңін ойына келтіріп тұрған.

Мен де күлімсіредім,

Иық сүйкескен жанның бетіне қарап,

Арамыздағы бостықта көрінбей тұрған жанның бетінде

Шимай - шимай жазу ...

Танымай тұрмын,

«Құранның» бетінде де өзім танымайтынжазу.

Тек өз - өзімнен ғана мағынасыз күбірлеймін ...

Ары қарап кеткен жанның сыбыры.

Қараңғыда бір қолым бір қолымды іздейді -

Аттанған алыс сапарға жолаушы,

Қобыздың қыл ішегінен туған жыр -

Көмусіз көр -

Бұйраланған судың бетінде толқын

Шулаған...

Сырдың жағасын құшып өксіген,

Мен де толқын -

Емілдің жағасын құшқан.

Екі бекеттің арасы - үнсіздік ...

Жаңбырда табыт көтердік ...

Езілген мибатпақ - жер

Шұбалған жолдың ақыры - Есік.

Автобустан түсіп кеттім ...

Жабылды есік.

ІХ

Қорғаны алынған бақшаға

Қашып кеп тығылды көлеңке,

Решеткадан аттап өткенде, көгалға сүрінді тарих,

Соңынан түскен ізден адасып қалды көз жазып,

Тарам - тарам жас -

Жолдар алдынан шыққанда кес - кестеп.

Тіл ұшындағы бедер - үнсіздік,

Томағалы құс,

Құсбегінің қолынан ұшуға талпынған.

Тас бетіндегі бедер - жалғыздық

Жұмбағын ішіне бүккен еріннің табы,

Уақыттың маңдайына тиген.

Жартылай ашылған есіктен сығалады ...

Оты сөніп бара жатқан жанарға шөкті тұман.

Құлазыған жарыққа бас ұрып көлеңке ...

Көше шамында,

Анталаған қараңғыға жете алмай тұр,

Жарықтан жаралған қараңғы.

Ұзын ағаш орындықта отырған мені,

Мазақ қылды жымыңдап,

Кешегі қоздаған оттың

Әлде қашан өшіп кеткен ұшқыны.

(Ескі жұртта қалған тас ошақтағы қоз)

Шешемнің алақанындай маңдайымнан сипаған жел,

Темекімнің шоғын үрледі алаулатып.

Түтінге қақалған, көзінде жас бар Шешем

Отын үрлеп, мейірмен қарады маған.

Кешегі бақшаға жиналған адам тұманға сүңгіп,

Шықтың бетіндегі көлеңке күн сәулесінде

Жоғалтты реңін.

Қирады тас ескерткіш,

Көрінбейтін қолда мытылып.

Қураған қарағаштың томарын жаулаган құмырсқа,

Шеру тартты

От боп жанған қызыл алау -

Көгалда жылжыған күн сәулесіне еріп.

Жүзін жаңбырмен жуып, жапырақ ірікті жасын

Уақыттың тозаңы - тамшы,

Сыздаған.

Жылт еткен ескінің көзі,

Түсіп қалған түйменің орны - Бақша.

Бақшада ... Жағалап келемін,

Жоғала бастаған

Ескі қорғанның орны.

Кешегі кірер есік

Қайта ашылмастай мықтап жабылған.

Итере салып тарихтың белгі тақтайын,

Тасқын су әкеткен жағаны.

Әр күні бақшаға есіксіз кіріп - шықсақ та,

Іздеймін әркез тұман шөккен сол жағаны.

 

Х

Түннің дәнегін жарып шыққан қараңғыдан

Сытылды таң,

Сөгілген құшағын ашты нұрға.

Ағаштың басындағы ұяда

Жұмыртқа қауызы жарылмаған.

Сайраған бұлбұлдың үні - қапаста тұншықты,

Қараңғы мен жарықтың ернінде малтыққан.

Үстелде

Шыныдағы шайдың ыстығы тарады...

Даланың шежіресін өшіріп алды қарт,

Досының қабір тасын етсіз қолымен сылап тұрып.

Соңынан ерген қиялды адастырып кетті -

Қабірге қойылған гүл

Күлтесін төгіп - жылап.

Ай нұры астында,

Мүлгіп жатқан мазарға кіре алмай тұр

...Тосып, қара көлеңке

Үкінің күлкісін сәбидің күлкісіне балап.

Демін алған шайымды ұрттадым мен,

Таң алдында

Баран тартқан үй ішінде,

Өзімді үнсіздікке орап.

Кімнің қолы есіктегі кілтті бұраған,

Ен даланың түсін кезген қиял.

Үйірілген жел,

Төскейден құлаған сел,

Өшіп барып, қайта шалқыған үн -

Кісінейді...

... Жетіп келді-ау.

Құлыптың саңлауынан көз алмай қалдым мен,

Есіктің аржағында - саз берген таң.

Таң.

Кешегі уақыт пен бүгінгі уақыт тоғысқан

Алаң.

Аққудың соңғы әуенін зарлы сұңқылы деме,

(Үнсіздікті ішіме бүкпен.)

Жарық пен қараңғы қақ бөлген жүзін,

Жориды таңғы желі

Теңіздің тар терезеден кірген.

Былдырлаған сәбидің тілінде айтылған кесім бар,

Құлағыма келеді бір әуен ұзақтан талған.

Батар күнді кеудесіне қондырған қарт,

Шыққан күнге мінәжәт етті

Темір тордың аржағынан.

Жүзінен терең түскен әжімді көрдім.

Қабырғада ілулі тұрған қобызым аққуға айналды да

Қанатын қақты.

Даланы торлаған жолдар сірә қайда барады?

Көлеңкесін сүйреткен түннен ұшып шықты

Қарлығаш және үкі.

Мені іздеп тұр-ау, алаңда біреу.

Күндерді түйреп өткен уақыт,

Ағып кеп сақ етті бүгінге

Үрей -

Шайға салдым мұзқант,

Еріді -

Тас боп қатқан уақыт

Сақпының тасы -

Кешегі жылаған баланың аузынан шыққан айғай.

ХІ

Жүгіріп келе жатып

Жоғалып кеттің.

Көпірге тиді ...

Аяқтың тықыры.

Ағып жатқан өзеннің бетіне үңілдің

Өшіп кеткен тықыр -

Көлеңкеден тамған тамшы

Жылап барып, жоғалтты өзін.

Мен

Жағаға шапқан толқынды кештім,

Шырақтың түбінен басталған жол ...

және

Қара түсті шатырды

Жаңбырда көтерген

Мен.

Ағаштың терең қатпарын тесіп өтті

Тоқылдауықтың тұмсығынан ұшқан үн,

Орманды кезіп кетті.

Сыбырласқан жапырақ пен

Толқыған шөптің жүзінде,

Жарық желкенін жайды.

Ымыртта терезенің әйнегіне соғылып қайтқан сәуле

Жалғайды,

Қара орманнан шыққан жалғыз аяқ жолды

Ен даланың төсінен аққан өзенге матап.

Көшенің бұрмасынан қарап қойып

Жоқ болып кеткен жанның қарасы

Сазбалшыққа басылған аяқтың ізі,

Қараңғыға сүңгіп

Көрінбей кетті.

Көзәйнектің аржағында қарауытқан көше,

Орманда түн ...

Өзін жоғалтты.

Дирижердің сермеген таяғының ұшы,

Тарихтың күйін шерткен

Музыканттың алдындағы нотаны

Тесіп кетті.

Өрмекшінің торынан сүзіліп, өтті уақыт

Тасқа ойылған бейненің жүзінен көрдім мен

Балға қонған қасіретті.

Қанатын жаза алмай малтығады ара.

Гүлдің желмен көтерілген тозаңы

Қанатын қақты.

Есіл мен Ертіс толқын атады күреңітіп.

Даланың елесі -

Үйірлі жылқы ...

Өзеннен шауып өтті.

Қара тасқа қамалған бөрі...

Оғыз бен Қыпшақтың

Маңдайында туған айда ұлыған...

Даланың үні.

Ол менің таңдайымдағы бір шым - шым насыбай -

Топырақтың дәмі.

Тәмәмдап

Тамырдан жапыраққа дейінгі сапар,

Жел көтерген бұлтқа иек артты

Ағаштың басына ілінген қиял.

ШӘУЕШЕК

11.03.2003 - 23.05.2003

 

Поэмада кездесетін атауларға түсінік.

  1. Геродот, Сма - Чян - жыл санауымыздан бұрын жасаған Рим мен Қытай тарихшылары.
  2. Тоныкөк - (б.з 646 - 736) жылдар жасаған Ұлы Түркі қағандығының көсемі, «ақыл иесі, сөз киесі» абызы.
  3. Шәкен Елубаев - қазақтың көрнекті педагогы, кезінде Семей гимназиясын бітірген, М.Әуезовтің сабақтасы, өткен ғасырдың 40- жылдарында  бүгінгі Қытай Халық Республикасының Тарбағатай аймағының орталығы Шәуешек қаласында ұстаздық еткен. Шәкен Елубайды 1951 жылы Қытайда билік басына жаңа келген "қызылдар" «ұлтшыл», «Жапонияаның жансызы» деген айыптар тағып, Шәуешек қаласындағы орталық бақшада (бүгінгі Орталық алаңда) жұрт алдында үкім шығарып, атқан.
  4. Моцарт - Австрияның классик музыканты.
  1. "Соғыс балтасы" - бүгінгі АҚШ армиясы кең көлемде пайдаланып отырған жоғары дәлдікке ие басқарылмалы зымыранның аты.
0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1250
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2959
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3390