Сәрсенбі, 10 Маусым 2026
377 0 пікір 10 Маусым, 2026 сағат 16:33

Көлеңкедегі триллиондар: Депутат Перуашев квазимемлекеттік сектордың «параллельді экономикасы» туралы айтты

Сурет: Qaz365.kz сайтынан алынды

2025 жылғы Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін қарау барысында Мәжіліс депутаты және «Ақ жол» демократиялық партиясының жетекшісі Азат Перуашев Министрлер кабинетінің жұмысына бірқатар салмақты сын-ескертпелер айтты. Фракция жетекшісі өз сөзін орындалмаған уәделерді еске салудан бастаған парламентарий сыртқы қарыздың рекордтық өсімін, Ұлттық қор қаражатының тиімсіз жұмсалуын және Парламенттің бақылауынан тыс триллиондаған теңгені шығарып әкететін жүйенің қалыптасқанын қынжыла атап өтті.
Ұлттық қордың ортайып қалуы және салықтық аванстар
Өз сөзін орындалмаған уәделерді еске салудан бастаған депутаттың айтуынша, бұған дейін Министрлер кабинеті 2025 жылдан бастап Ұлттық қордан мақсатты трансферттер алудан толық бас тартатынын мәлімдеген, бірақ іс жүзінде қордан алынған қаржы көлемі орасан зор — 5,3 триллион теңгені құрап, сақталып қалды.
Бұл ретте Азат Перуашев пайдаланылмаған қаражат бюджетте ақшаның тапшылығынан қорға қайтарылмағанын жиналған қауымының есіне сала отырып:
«Мұның орнына 2024-2025 жылдары 200-ден астам жоба көшелерді, саябақтарды абаттандыруға, ауылдық клубтар салуға қаржыландырылды. Ұлттық қор қаражатына мұндай көзқарасты тиімді деп айту қиын», - деді.
Бұдан бөлек, депутат үкіметтің алдағы кезеңдер үшін салықтарды алдын ала алып қою (аванс) сияқты зиянды тәжірибеден арыла алмағанына баса назар аударды. 2025 жылы аванстық салықтар мен экспорттаушыларға ҚҚС (қосылған құн салығы) қайтаруды тоқтата тұру бизнеске 1 триллион теңгеден астам шығын әкелді, ал кәсіпкерлер тарапынан салық есептеулеріне шағымдану саны 2,2 есеге өскенін қазіргі шынайы өміріміз көрсетіп отырған жайы бар.
«Несиені несиеге алу» және бюджеттің теңгерімсіздігі
«Ақ жол» партиясының төрағасы елдің қарыз жүктемесіне ерекше алаңдаушылық білдірді. Ұлттық банктің деректеріне сүйенсек, Қазақстанның сыртқы қарызы рекордтық 182 миллиард долларға жетіп, бір жылда 10,4%-ға өскен — бұл соңғы 17 жылдағы ең жоғары секіріс болып табылады.
Мәжілісмен күйіне: «Жылдан жылға жаңа қарыздардың 36%-ы "кредитті жаңа кредитпен жабамыз" деген қағида бойынша бұрын алынған міндеттемелерді өтеуге бағытталып келді. 2025 жылы мұндай рефинансылау көлемі 51%-ға дейін өсті», — деп реніш білдірді.
Азат Перуашев бюджет саясатының теңгерімсіздігін тағы бір жүйелі мәселе ретінде атап өтті. Әлеуметтік салаға жұмсалатын шығындар мен нақты секторға салынатын инвестициялар арасындағы алшақтық ұлғайып барады. Өткен жылы әлеуметтік сектор 10,1 триллион теңгені жұтып қойса, нақты экономикаға тек 2,2 триллион теңге ғана жұмсалғаны саналы жұртты қатты алаңдатуда.
Осыны алға тарта сөйлеген парламентарий: «Үкімет болашақта табыс әкелетін салаларға қарағанда, қайтарымсыз қажеттіліктерге 5 есе көп ақша жұмсайтыны белгілі болды, негізінде бұл пропорция керісінше болуы керек еді. Әлемде бірде-бір ел барлық мәселені бірден шешкен емес. Ағымдағы әлеуметтік мәселелерді шешіп қана қоймай, ең алдымен бюджет кірістерін қалыптастыру үшін экономикалық негіз жасау қажет», — деп атап өтті.
Квазимемлекеттік сектордың «параллельді экономикасы»
Азат Перуашев тарапынан айтылған сынның бір парасы ұлттық холдингтер мен компаниялардың қызметіне бағытталды. Депутаттың пікірінше олар, «параллельді экономиканы» қалыптастырып отыр. «Самұрық-Қазына» қоры триллиондаған мемлекеттік қаражатты Парламентте талқыламастан бөлетіні шектен шыққандық екенін де жайып салған фракция жетекшісі: «Іс жүзінде параллельді экономикалар қалыптасты: бірі — бюджет арқылы өтеді, екіншісін — Үкімет Парламентте талқыламастан өзі құрады. Парламент бұл есепті алғаш рет тек биыл ғана, кеңейтілген есеп аясында постфактум (іс біткеннен кейін) көрді. Мұндай тәсіл жоспарлаудың негізділігі тұрғысынан үлкен сұрақтар туғызады», — деді.
Квазимемлекеттік сектордың бюджеттік трансферттерге тәуелділігі тек артып келеді: оларды қаржыландыруға шамамен 5 триллион теңге жұмсалған, бұл Ұлттық қордан алынған қаржы көлемімен қарайлас. Сонымен қатар, мемлекет үшін оның қайтарымы төмендеп барады. Азат Перуашев «Самұрық-Қазына» компанияларының таза пайдасының 50%-ын бюджетке бағыттау туралы норманың еленбейтінін, ал 2025 жылы аударылған дивидендтер көлемі 2024 жылғы көрсеткіштерден 5 есе төмен болғанын осы орайда жиналған қауымының есіне салды.
Бұдан ұғатынымыз, сатып алулардың ашық еместігі де ушықтырып тұр: ұлттық холдингтердің сатып алуларының 62%-ы бір көзден алу тәсілімен жүзеге асырылады, бұл бәсекелестік принциптеріне тікелей қайшы келетіні бес енеден белгілі жайт.
Бір партияның емес, бүкіл халықтың алдындағы есеп
Сөзінің соңында Азат Перуашев Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуы туралы есеп беру кезінде Үкіметтің Парламентпен өзара іс-қимыл форматын өзгертуді ұсынды.
Депутат ашынған сөзін: «Президенттің Жолдаулары тек бір партияға емес, бүкіл Қазақстан халқына арналады. Сондықтан болашақта Үкіметтің Жолдаулардың орындалуы туралы есебін тек бір фракцияның алдында емес, болашақ көппартиялық Құрылтайдың алдында беру тәжірибесін енгізуді мақсатқа сай деп санаймыз», — деп түйіндеді.
Жіберілген кемшілікті қатты сынға алған «Ақ жол» жетекшісі 2025 жылдың көрсеткіштері көбіне форс-мажорлық жағдайлар мен бюджет тапшылығының салдары болғанын мойындады. Экономиканың әлеуеті мықты екенін және өсім үшін ресурстардың бар екенін айта отырып, фракция айтылған барлық ескертулерді міндетті түрде ескеру шартымен Министрлер Кабинеті мен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін қабылдауды ұсынды.

Abai.kz

0 пікір