Бахмуттан Вашингтонға...
Ресейдің Украинаға соғыс ашқанына 300 күн. Киевті үш күнде басып аламыз деген Мәскеудің 300 күнге созылған өз тілдерімен айтсақ "арнайы операциясы", шынайы көзқараспен тәпсірлесек соғысы әлі жалғасуда.
300 күн. Сөзсіз бұл күні соғысқа қатысты тараптар өз нәтижелерін көрсетуге тырысты. Путин Кремльдің салтанатты сарайына кіл пропагандист, сепаратист, әскерилерді шақырып, медаль тақты, орден берді. Жылы зал, былғары креслода отырып баяндамаларын тыңдады, мақтауларын естіді.
Ал Зеленский ше? Ол да соғыстың 300 күндігіне қорытынды жасауды. Киевте отырып емес, ұрыс даласына барып, сарбаздарды қолдады. Қазіргі таңда жұмыр жердегі ең қауіпті қала саналатын Бахмутқа барып, сарбаздармен жолықты, қолдарын қысып, алғыс білдірді. Қираған ғимараттың ішінде оларға ерлік төсбелгілерін төстеріне тақты. "Путин мен Зеленскийдің айырмашылығы да осында" деп әлемдік пресса жарыса жазып жатты.
Песков кеше "Путин арнайы операция аймағына барып, қолбасшылармен кездесті" дегенді айтып қалды. Алайда ол кездесу қашан болғанын айтпады. Фото мен видео да жарияланбады. Сол себепті де кездесудің болғанына көпшілік тарапынан күмән туындауда. Харьков облысын азат еткенде, Лиманға ту тігілген сәтте, "Азов" сарбаздарын тұтқыннан босатқанда, Херсонды жау қолынан жұлып алғанда Зеленский сарбаздармен бірге болды, арнайы қолдауға барды. Ал Путин әлі бірде-бір мәрте ондай әрекетке барған емес.
Бахмуттан кейін Зеленскийдің Вашингтонға баратыны белгілі болды. Бүгін Украина президенті АҚШ-та Конгресс алдында ауқымды баяндама жасайды деп күтілуде. Артынша ол Байденмен жүздесіп, қару-жарақ алу, экономиканы қолдау және соғысқа қатысты өзге де тақырыптарды талқы етпек. Зеленский АҚШ-тың қару-жарақ өндірісі саласындағы алпауыттармен де кездесу өткізеді. Бұл Украина басшысының АҚШқа соғыс басталғалы жасаған алғашқы сапары.
Бүгін АҚШ билігінің Украинаға кезекті әскери көмек пакетін бөлетіні жарияланды. Құны 1.8 млрд доллар. Бұл жолы АҚШ Patriot қорғаныс жүйесін де бермек. Басқарылмалы бомбалар да көмек пакетіне кіреді.
Abai.kz