МҰХТАР МАҒАУИН: ШҰБАРТАУДАН ЧЕХИЯҒА ДЕЙІН
Ақпанның алғашқы күндерінің бірі - Мұхтар Мағауиннің туған күні. Жетпіс үш түгілі, тоқсан үштің төбесінен қарап тұрса да, туған күнін оқырманы білмейтін, іздемейтін жазушылар бар. Ал Мағауиннің туған күнін интернет сайттарынан бастап, біраз басылым жазды.
Елде емес, бүгінде чехтардың астанасы Прагада тұрып жатқан Мұхтар Мағауин - қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар тұлға. Ол - қазақтың маңдайалды жазушыларының бірі.
«Ізінен аңыз ерген» айдарына Мұхтар Мағауин жайлы жазамыз дедік. Жазушылығы, жазғандары қалың оқырманының көз алдында ғой. Біз «Мұхтар Мағауин қандай адам?» деген сауалға көбірек үңілгіміз келді.
Ақпанның алғашқы күндерінің бірі - Мұхтар Мағауиннің туған күні. Жетпіс үш түгілі, тоқсан үштің төбесінен қарап тұрса да, туған күнін оқырманы білмейтін, іздемейтін жазушылар бар. Ал Мағауиннің туған күнін интернет сайттарынан бастап, біраз басылым жазды.
Елде емес, бүгінде чехтардың астанасы Прагада тұрып жатқан Мұхтар Мағауин - қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар тұлға. Ол - қазақтың маңдайалды жазушыларының бірі.
«Ізінен аңыз ерген» айдарына Мұхтар Мағауин жайлы жазамыз дедік. Жазушылығы, жазғандары қалың оқырманының көз алдында ғой. Біз «Мұхтар Мағауин қандай адам?» деген сауалға көбірек үңілгіміз келді.
«Мағауин - тәкаппар, діні қатты, басынан сөз асырмайтын кіді адам, кірпияздығы да бар» деген әңгімені әдебиетте жүрген ағаларымыздан көп естиміз. «Мұхтардың тілінің уыты бар, жақтырмаған жайды запырандай ащы сөзімен жайпап салады» дегенді де аз естімедік. Кейбір әңгімелерден Мағауиннің кісілігімен қоса, кісәпірлігі де бардай көрініп қалатыны бар. Қайбір жылдары Мұхтар Мағауиннің есімі қаламгерлердің өзара дауласқан даулы мәселелерінде жүрді, «жалалы» әңгімелерге де басы шатылды. Бүгінде Мұхтар Мағауин қазақ қаламгерлерінің қайбір жылғы қырық-пышақ қырқысынан да, алты арқан алауыздығынан да алыста. 2007 жылдан бері Чехия астанасы Прагада тұрып жатыр. Чехияда шығармашылық жұмыспен арқайым айналысып отыр. Мұхтар Мағауин кім, асылында ол қандай адам? Жазушы «Мен» ғұмырнамалық хамсасында өзі жайлы: «Мен... Кіммін? Ешкім білмейді. Өз ұғымым да бұлдыр. Анық ақиқаты: тегім - кісі, дінім - ислам, нәсілім - түрік, ұлтым - қазақ, ұраным - Алаш, есімім - Мұхтар, сойым - Мағауин, туған жылым - миләди 1940», - дейді. «Мен жазбасам, қазақ әдебиеті тұралап қалады, мен күреспесем, ежелгі мұра біржола ұмытылады, атаның аруағын арқалап жүрген - жалғыз өзім, алаштың мұратын келер ұрпаққа жеткізетін - Мен, Мен ғана, Мен болмасам, ұлысымның ырысы ортаяды, ұрпағымның көкірек-көзі ашылмайды...» - деп жазады. Қазақ қаламгерлеріне ұнамаған да Мағауиннің осындай менмен сөздері. Сондықтан да «Мен» романын бірқатар ақын-жазушы «мен, мен» деп кеудесін ұрған кеудемсоқтың жазғаны деп қабылдады. Жо-жоқ, ескі дауды қоңырсытып, Мағауиннің «Мен» романы жайында айтқымыз жоқ. Біз тек Мағауиннің «мен кіммін?» деген сауалға қалай жауап бергенін келтірдік. Мағауин қайда туды, қандай оқушы болды, жазушылыққа қалай келді, Чехияға қалай кетті? «Ақ желкеннің» оқырмандарына мұны Мағауинмен бір бұлақтың тұнығынан су ішкен жерлесі, тай-құлындай тебісіп, бірге өскен сыныптасы, жазушы Төлек Тілеуханов айтып берді...
Төлек Тілеуханов, жазушы, Мұхтар Мағауиннің сыныптасы:
Бақанаста шортандай тулап өскен бала
Мұхтар Мағауин бұрынғы Семей облысының Шұбартау ауданы, бұрынғы
С.М. Киров ұжымшарында туған. Шұбартауда Бақанас өзені бар. Бақанас Шыңғыстаудан басталып, Баршатасқа дейін толысып ағады. Мұхтардың балалық шағы сол өзеннің бойында өтті. Мұхтармен ең алғаш 5-сыныпта таныстым. Шұбартаудағы шағын ауылдардың балалары бастауышты өз ауылдарында оқып, 5-сыныпта аудан орталығындағы С.М.Киров атындағы орта мектепке келетін. Мен - Шұбартаудың Сталин ұжымшарынанмын (қазіргі Шоқан Уәлиханов ауылы), Мұхтар - Кировтан (бүгінде бұл ауыл Қарабұжыр деп аталады).
Бесінші сыныпты Мұхтармен бір үйде тұрып оқыдық. Өйткені, менің апайым қайтыс болды-дағы, жездем Мұхтардың немере апайымен бас қосты. Тұратын басқа ыңғайлы жер болмағандықтан, мен жездемнің үйіне тұрақтадым, Мұхтар да апайының қолына оқуға келді. Оншақты күннен кейін туыстары келіп, Мұхтардан: «Мына ауылдың балалары қалай оқиды екен?» - деп сұраған. «Бәрінен асып кетіп жатырмын», - деді Мұхтар. Бұл сөзге мен сәл қайысыңқырап қалдым. Содан Мұхтардан қалып қоймайын енді деп ойладым. Бір үйде тұрамыз ғой, кешке сабағымызды бірге оқимыз. Жер үстелдің бір басында - мен, бір басында - ол, бір-бірімізден қарап қоймас үшін жазғанымызды дәптермен көлегейлеп отыратынбыз. Көшіруге намысымыз да жібермейтін. Екеуміз де бесіншіні оқу озаты болып бітірдік. Ауыл-ауылдан жиналған оқушылардың саны көбейіп кетті де, бізді үшке бөліп тастады. Мұхтар «в» сыныбында, мен, Рымғали Нұрғали (әдебиет зерттеушісі, сыншы, жазушы), Шәйкенов Блог (қазір биология ғылымының докторы, профессор) үшеуміз «а» сыныбында оқыдық. Төртеуміз де әдебиетке жақын едік, дос болдық. Оқыған кітаптарымыз жайында ой бөлісіп, өзімізше талдайтынбыз.
Мұхтар Бақанасқа емін-еркін малтып, шортандай тулап өсті. Сабақтан бос кезде бәріміз Бақанас өзеніне барып шомыламыз. Бақанас өзенінің Айдынкөл деген жері бар. Айдынкөл Баршатастың биік жартасына барып тіреледі. Мен суға малти алмаймын. Басымды қылтың-қылтың етіп шығара беретініме Мұхтар қарадай күйетін. Өзі жартастан Айдынкөлге секіріп түсіп, өзеннің арғы жағасынан бір-ақ шығатын. Арғы бетке жеткен соң: «Әй, Тілеуханов, бері қарай жүзсеңші» деп айқайлайды. Бір-бірімізді фамилиямызбен атау - ол уақытта біздердің дағдымыз болатын. «Қойшы, қорқамын, малти алмаймын» - деймін мен. «Қорықпа, суға кетіп бара жатсаң алып шығамын» деп Мұхтар да қоймайды. Мен көнбеймін... Сөйтіп мен Бақанастың жартасқа тірелер арғы тұсына өмірі жеткен емеспін.
Он жасында Янның Шыңғыс хан туралы романын тауысқан
Мұхтардың әкесі Мұқан соғыста жау қолына тұтқынға түсіп, ұсталып кеткен. Мұхтар атадан жалғыз. Қазақы дәстүр бойынша тұңғыш немере шал-кемпірдің баласы болады емес пе?! Мұхтар да атасының баласы болды. Мағауия ескіше сауаты бар, әңгімешіл, көкірегі ояу кісі еді. Мұхтар атасының аузымен ескі қисса-дастандарды, батырлар жырын жаттап өсті. Қазақтың қай жырын сұрасаң да, мүдірмей айтып беретін. Мұхтар тарихты ерте таныды. Шыңғыс хан туралы Янның романын он жасында оқып шықты. Ал біз ол уақытта Янның кім екенін де білмейміз.
Мұхтардың әкесі айдаудан 10 жылдан соң ғана оралды. Кейіннен мектепте ұзақ жыл мұғалім болып істеді. Анасы Рахия - қарапайым ғана, ақкөңіл адам болатын. Мұхтар екеуін де кейін Алматыға, өз қолына көшіріп әкелді.
Мұхтардың үйі «Әдебиет және Искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналын жаздырып алады екен. Бір жолы: «Біздің үйде «Әдебиет және Искусство» журналын жисаң, тізеге дейін жетеді, мен журналдағы материалдардың бірін қалдырмай оқып жүрмін», - деп мақтанды. Қазір ойлап қарасам, Мұхтар 7-сыныптың өзінде-ақ «Әдебиет және Искусство» журналын оқып жүрген екен.
Мектепті бітірерде үш сыныптан 8 оқушыны «Алтын медальға» ұсынды. Ол уақытта «Алтын медальға» үміткерлер қазақ әдебиеті мен орыс әдебиетінен шығарма, математикадан бақылау жұмысын жазып, облыс орталығына жіберетін.
Он бес күннен соң «4 оқушының медалі бекімепті, төртеуінікі бекіпті» деген хабар жетті ауылға. Сөйтіп, Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрғалиев, мен, Шәйкенов Блог төртеуіміз «Алтын медальдің» иегері атандық. Ол уақытта медаль алғандар университетке емтихансыз қабылданатын. 1962 жылы бәріміз арман қуып, Алматыға аттандық.
Ол кітапхананың «справочнигі» болды
Мұхтар 7-8 сыныптарда-ақ әдебиетші, жазушы болатынын білді, «кім боласың?» дегендерге әдебиетші боламын дейтін. Рымғали екеуміз А.П.Чеховтың Мәскеу университетінің медицина факультетін бітіріп, алдымен дәрігер болғанын, одан кейін жазушылыққа бет бұрғанын өмірбаянынан оқып білгенбіз. Рымғали да, мен де Чехов сынды басқа мамандықты оқып та, жазушы болуға болады деп ойлайтынбыз. Сөйтіп, Чеховтың «жолымен» Ауыл шаруашылығы институтының агрономдық факультетіне түстік. Мұхтар бірден-ақ ҚазҰУ-дың филология факультетіне тапсырды.
Мұхтар Алматыда туыстарының үйінде тұратын болды да, Рымғали екеуміз пәтерге орналастық. Алғашында Мұхтардың туысының үйін таба алмай, Наурызбай батыр көшесінің бойында Рымғали екеуміздің әбден адасқанымыз есімде. Әрең дегенде тауып барсақ, Мұхтарымыз ваннада, аппақ көбіктің ішінде шалқадан жатыр. Аптап ыстықта Наурызбай батырды үш айналып шыққан біздер Мұхтардың салқын ванна қабылдап, жайбарақат жатқанына әбден күйдік. «Мекен-жайыңды дұрыс айтпадың, біз әбден адастық қой» деп ренжіп жатырмыз. «Өздеріңнің бастарың істемейді, мен сендерге адас деген жоқпын», - деді Мұхтар. Біраздан соң үшеуміз далаға шықтық. «Бірден әдебиетке тапсыруларың керек еді. Чеховтың жолын саналарыңа сіңіріп алып, соның істегенін істедіңдер. Оның заманы басқа ғой. Агроном болып, Шұбартауға кеткен соң әдебиетпен айналысамын деп ойлайсыңдар ма? Әрі Шұбартаудың табиғаты қуаң. Жұмыс көп, ауылға барған беті сендерді колхоздың жұмысына жегеді. Қыруар шаруадан босап, бірдеңе жаза аламын дейсіңдер ме?» - деп бізге әбден ұрысты. Біз де өзіміздің пікірімізді дәлелдеп жатырмыз, «Чехов дәрігер жазушы болса, біз агроном жазушы боламыз» дейміз.
Бірақ жарты жыл өткен соң-ақ Мұхтардың сөзінің дұрыстығына көзіміз жетті. Бірінші семестрден кейін оқуды тастап, келер жылы филологияға тапсырамыз деп ауылға кеттік. Келер жазда келгенімізде Мұхтар Алматыны біледі, мұндағы зиялы қауым өкілдерінің біразымен танысып алған, Әбішпен (Кекілбаев) дос болып алыпты. Ауылдан келген біздерге ендігі жерде Мұхтар жол көрсетуші, бағыт беруші болды.
Біраз уақыттан соң Рымғали, Мұхтар үшеуміз бір пәтерде тұрдық. Мұхтар ұйықтағанда қатты қорылдайтын. Менің ұйқым сақ, қыбыр еткеннің бәріне оянамын. Түнімен «қорылдама» деп түртпектеп шығатынмын. Мұхтар көп оқитын. Студент кезде Ұлттық кітапхана мен Ғылым академиясындағы ғылыми еңбектердің түгелін оқыды. Архивтегі ғылыми зерттеулердің талайын тауысты. Ол сонау жыраулар поэзиясынан бастап, бүкіл қазақ пен орыс, шығыс пен батыс әдебиетін неше қайтара төңкеріп оқыған білім иесі. Кітапханадан дерек іздеген адамға Мұхтар: «Пәленінші нөмірлі каталогты ақтарсаң, пәлен ғалымның еңбегі бар», - деп жатқа айтып отыратын.
Ол жас кезден-ақ тәкаппарлау еді
Мұхтардың бала күннен ішкі принципі мықты, өзіндік «мені» бар болатын. Тәкаппарлау да еді. Барлық нәрсеге жоғары талғаммен қарайтын. Өр мінезді, ешкімге иліге де қоймайтын. Ойын бетке тіке айтады, ұнамаған нәрсені көңіліне бүгіп қалмайды. Кірпияздығы да бар, студент кезде сәнді жүріп, сәнді киінуді ұнататын. Ақ көйлек киіп, үстіне костюмнің ерекше сәндісін әрі ашық түстісін таңдап киетін. Жақсы қыздарға ғашық болғыш болатын. Жақсы оқитын, бойы да, ойы да таза қыздарға бой салатын. Әйелі Бақытжамалға сөз салғаны да қызық. Бақытжамал - марқұм Рымғалидың ауылдас туысқаны, Семейдің Абыралы ауданынан болатын. Бақытжамалдың Семейдің пединститутында оқып жүрген кезі, Мұхтар Бақытжамалды Рымғалидың тойында көрген бойда ғашық болды. Бір айға жетпей, Алматыдан Семейге іздеп барды. Бақытжамалдың жатақханасына барған бетте: «Мен сені іздеп келдім. Сен менің жарым боласың», - деп бірден айтыпты. Содан Семейге тағы бірнеше рет барып кездесті де, екеуі ақыры үйленді. Бүгінде Мағжан, Мадияр, Едіге, Төлеген есімді төрт ұл мен Үміт, Айғаным атты қос қарлығаштың әкесі. Едіге әке жолын қуып, 1994 жылы «Едіге» жырының тарихилығы және көркемдік ерекшеліктері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады.
Мұхтар өзгенің дарынсыздығын, білімсіздігін кешірмейді. Топастықты әдебиетке әкелгендерді жек көреді. Өзінің мықты жазушы екенін білгендіктен де, өзін маңғаз, тәкаппар ұстайтын шығар. Ол ешкімді ішіне жібере қоймайды. Мұхтардың кейінгі жылдары жазушылардың бірімен іштартып, етене араласқанын да байқағам жоқ. Өйткені, тәкәппар, кірпияздау әрі соншама білімі терең адамның біреуді жақын тартып, қойындаса кетуі қиын ғой. Ал төртеуіміздің достығымыз бала кезде басталғандықтан, үзілген жоқ.
Жақсы жазушыларды мойындай да білетін
Бір мектепте оқыған төртеуіміз де өз жолымызды таптық. Мұхтардың тарихты білетіндігі өз алдына, қазақтың ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым, мықты жазушы болды. Рымғали әдебиет зерттеушісі, сыншы, академик атанды. Блок биология ғылымдарының докторы, профессор болды. Оқуды бітірген соң мен елге кетіп, ұстаздық қызмет еттім. Мұхтар университетті бітірген жылы аспирантураға түсті.
Ауылда жүргенімде Мұхтар мен Рымғалидан: «Ауылда қалып қойып жүрме, Алматыға кел», - деген хаттарды жиі алатынмын. 1970 жылы Алматыға келіп, «Кітап жаршысы» деген газетке жұмысқа орналастым. Мұхтардың алғашқы әңгімелері туралы «Кітап жаршысына» мақала бердім. Қазір ойлап отырсам, менің бұл мақалам Мұхтардың шығармашылығы жайлы баспасөздегі ең алғашқы бағамдау болса керек. 1967 жылдан 1971 жылға дейін Мұхтар «Жазушы» баспасында бас редактордың орынбасары болып істеді. «Кітап жаршысында» жүрген мені «Жазушыға» ауыстырып алды. 1972 жылы «Көкмұнар» атты роман жазды. Біраз адам оның бұл романын қабылдай қоймады. Айтылған пікірлерге, сыни көзқарастарға Мұхтар бәлендей илікпеді. Өйткені, туындысының қазақ әдебиеті үшін тың, жаңаша жазылған дүние екенін білетін. Мұхтар өзінің мықтылығын білетіндіктен де, ешкімге илікпейтін.
Мұхтарды жұрт ешкімді менсінбейтін жазушы көреді. Анығында Мұхтар жақсы жазушыларды мойындай да біледі. Оразбек Сәрсенбаевтың шығармалары жақсы деп жүрді, Тынымбай Нұрмағамбетовтың шығармашылығын да ұнататын, Әбіш Кекілбаевтың жазғандарын да жақсы қабылдайтын.
Мұхтар Прагаға көшкенінде алғашында біржола емес, біраз жылға еркін шығармашылық үшін кетті деп ойладық. Әр-әр жерде айтылып жүргендей ешкімге білдіртпей, үн-түнсіз кеткен жоқ. Бізді үйіне шақырып, Прагаға кететінін айтты, бәріміз сәт-сапар тіледік. Осыдан төрт жыл бұрын елге соғып кетті. Осы Алматыдағы үйіне бізді қонаққа шақырды, барып әңгімелестік. Анда-санда телефондасып, амандығымызды білісіп тұрамыз.
P.S. Төлек Тілеуханов айтып отырғандай, осыдан төрт жыл бұрын Мұхтар Мағауин аралықта елге келіп кетіпті. Онда да дабыра қылмай, өзі араласатын үш-төрт жолдасымен ғана хабарласқан. Жидебайды аралап, туған жеріне барып, ата-бабасының басына үлкен зират қорым орнатып қайтыпты. Әңгімені Мұхтар Мағауиннің туылған күнінен бастадық қой, жазушы 70 жылдық мерейтойын Прагада қарсы алды. Жетпіс жылдыққа Праганың Влтава өзеніне бауырын төсеген «Еуропа» кемесінен көкке жетпіс мәрте от шашу атылып, от шашудың түйіні жетпіс деген санмен жарқырапты. Бұл осыдан үш жыл бұрынғы оқиға. Бізді ойлантқаны Мұхтар Мағауин ендігі мерейтойларын да чехтардың астанасында өткізбек пе екен?!
Қарлыға ИБРАГИМОВА
"Ақжелкен" журналы