Жанат Ахмади. Дүрбелең (жалғасы)
9
9
Қазір кешкі мезгілде Абдол ұйғырдың үйінде, түпкі бөлмеде оңаша бас қосқан үш-төрт адам бар. Бұл қонақтар ертең елге қайтқалы отырған Керімбек пен Қарымсақ, Әлилер болатын. Және сол үшеуінен басқа анада алғашқы үш-төрт күн сабылған жүрістен соң ауылға, жаңа ашылған мектеп жұмысына қайтып кеткен Мақсұт келген. Елден бағана күндізгі жеткен кісілермен бірге бүгін келіп отыр. Үй иесі дөңгелек жүзді, қырықпа сақал кісі мейман қамымен кіріп-шығып, ара-тұра төменгі жақтан аз тізе бүгіп отырып кетеді. Бұл ұйғырмен Керімбектің біраз жылдан бері көңілдестік таныстықтары бар-ды. Өзі бұрын Шеру елімен көршілес, ұйғыр қыстағы - Дашүгірдің адамы болатын. Сондағы ұйғыр кедейлері сияқты жалданба диқаншылықты кәсіп ететін. Дашүгір мен Мамозы тұратын дүңген ауылы - Мұштайзы арасы жақын ғана, қатар ауылдар еді. Мамозы алым-салық жөнінде дүңген кедейлеріне не көрсететін болса, диқаншы ұйғырларға да соны істейтін. Байлардың күш-көлігіне сенетін көптеген жалданба диқандардың өздеріне тиісті аз ғана жерлері болса, соған алым-салық салады. Өніміне, түсіміне қарамай, тек жер өлшеміне қарай, өкіметке құятынын кесетін. Байдан ортаққа алған астығына тағы кесік түседі. Абдол сол тұста Әли бастаған бірнеше дүңген жалшыларының Шеру руына көшкенін білуші еді. Дәл өз басына Керімбектің еш көмегі тимесе де, одан көп жәрдем көрген Әли осы Абдолмен көңілдес болатын. Кейін Күреге көшкен сол Абдол бір жолы көшеде Керімбекті көріп, қасындағы кісілерімен үйіне қонаққа әкелген. Мұнда бірнеше жыл ол әуелі ұсақ сауда жасай жүріп, кейін дүкені бар саудагерге айналынты. Екеуі содан бастап таныс боп араласып еді. Бұл уақытта оның Керімбек аулына қоспа етіп өсіріп жүрген малдары да бар.
Керімбекпен сондай көңілдестігі болған үй қожасы бүгін кеш бойында қонақтарының әлдеқалай жасырын сыбырмен сөйлесіп отарғанын сезген соң, тамақ қамын сылтауратқан болып, мұнда көп аялдамай, ас үй жаққа шығып кетіп жүрген. Төмендеу отырған Әли бір кезек Керімбектен өз ішіндегі түйткіл болып жүрген нәрсені анықтап білмек болған кісідей:
...- Кеке, сол Фуже дегеніңіздің өзі ер сеніміне жарайтын жігіт пе? Басыңда бақыт барда жүгініп жүрген кейбір адам қырсық шалғанда қиып кететіні болады, - деп ашық сұраған.
Құлжадағы аймақтың маңғол ұйышмасының секретары, қалмақ жігіті, Фуже Керімбекпен әлде бір жасырын сөзі бар адам. Керімбек бүгін өз қасындағы сырлас, серіктерінен жасырмай соның жайын білдіріп отыр еді. Фужені бір кісідей білетін Қарымсақ:
- Біреудің парқын білмесек, біреуге өзіміздің де парқымыз болмайды. Жаны басқа болғанмен, діті бірге дейтін адамың сол, - дегенде Керімбек те құптап:
- Оның даңқы ел аузында болудан бұрын өз абыройында жүрген азамат. Мың күндік сапарға бірге алып шықсаң, мың кісі жемеген қамыңды бір өзі жейді, - деді. Ақылды сөздер отырған естілердің жүрегінен орын тапқандай болды. Тегінде, үкімет халық ішіне өздеріне қолайлы адамдардан оңтайлы тыңшылар қояды. Ондай жансызға бір ұлтқа өзге бір ұлт адамын салу анағұрлым ұтымды келуші еді. «Шыңжаңдағы өзге ұлттардан гөрі «ұлы қытай үкіметіне тілің бір деп дүңгендерден, «нәсілің, дінің бір деп осындағы манжу тұқымдас сібе-солаң, дағұрлардан және «мұсылмандардан гөрі рухың, табынатын бұтың бір» деп әртүрлі тәсілдер, амалдармен арбап моңғолдан астыртын тыңшы қоятын.
Қазақ не деп жатыр? Ұйғыр, қырғыз, татар, өзбектердің үкіметке деген пиғылдары қандай? Солардың ішінде үкіметке қауіпті, бас көтерер адамы кімдер? Кімдердің түп-тамырларына балта шабылмаса болмайды? Ұлы үкіметке бір ауыз, екі ауыз сөзімен болса да іріткі салушылар бар ма? Соны тапқан, сыртынан баулап көрсеткен кісі арқадан қағылады. Сол сияқты қазақ, қырғыз, ұйғырлардың өзін де бір-біріне қырғидай қайырып салады. Ұлтты ұлтпен арандату Жаң қай шы билеген гоминдаң өкіметінің сыйынар храмдарындай. Тыңшылық бір ұлтқа өзге бір ұлтты салумен ғана шектеліп қалмайтын. Ұлттар өз ішінен де арандатылатын. Алдамшы өкіметтен таяқ жегенін ұмытса да, тамақ жегізгенін ұмытпайтын: ел ағасы, ру басы дейтін, өз амандығы үшін өзгені ұшық-ұшық садаға санайтын өзімшіл атқа мінерлерді де мадақтаған боп арқаға қағып, алагүлік ойнатады. Бұларды өз адамы етіп «жан тартып отырып, бағанағы «кім не деп жүрге» шүйлеп салады.
Үрімжідегі 1937 жылы салынып болған әйгілі түрмеге айналасы бес-алты жылдың ішінде тек аз ұлттар өкілдерінен сансыз адам қамауға алынып отыруы осы «тыңшылық» жемісі.
Сақшы бастығы Ли-жүйжаң Әли Шеруге көшіп барып, Мамозымен даулы болып келгенінде қазақ ішіне тыңшы болуын сұранған. Керімбек сияқты үкіметке ішін бермейтін, тоңмойын адамдардың аузынан қай жерде, қай уақытта, кімдердің көзінше, қандай сөз шықты? Соны бақылап, біліп қойын дәптерге түртіп жүресің деп үміткер болғаны бар.
Қазір Әли соны еске ала отырып, оны мұндағыларға енді білдіріп, сақтық айта сөйлегенде бұндай сырды алғаш естіген Қарымсақ тамсанып тіксінді.
- Жік-жігіңді тауып сына ұрады десеңші. Інің үйіңнен шығарған шұбар жылан қойныңа кіріп-шығып жүр демейсің бе!
- Үкімет аз ұлттар үшін көз сыртынан көз, үй сыртынан үй қойып отыр, - деп, сөз кезегін Мақсұт алды: - Бірақ өз отарындағы аз ұлт халқына тартқызып отырған зардабы қандай болса, күтіп отырған қауіп, күдігі де сондай, - деп отырып, қазіргі уақытта қытай елінің екіге бөлініп, белшеден қызыл қанға батып соғысып жатқандығын, гоминдаң өкіметінің билеп-төстеушісі Жаң қай шиге қарсы соғыс ашқан - Гуңсандаң (коммунист партиясы) екенін тарата сөйледі. Гуңсандаң қытай еңбекшілерінің, нағыз езілген халықтың жоқтаушы партиясы екенін арқау ете қозғаған тұста Әли бұл отырғандарды таңдандыра сыбырлап:
- Менің Лән бияу қоңсым жасырынып жүрген коммунист! - деп, бір сырдың шетін ғана шығарды.
Мұнан әрі Керімбек Әли мен Қарымсақты сәл белгімен өзіне таман жақындатып алып, бұл екеуіне бұрын жасырын болған, көптен бергі құпия сырын ұзатыңқырай айтып, бүгінгі осы кештің қалған уақытында Абдол үйінің оқшау қонақтары бөгде сырлы кеңеске көшіп еді. Сол сарын ел жата ішілген тамақтан соң, қалың түннің құшағына астыртын ендеп кіріп, мұнан бұрын ашылмаған арнаға тартты. Ол аз ұлттар бас құрап, Шыңжаңды отарлап отырған кертартпа үкіметтің бодандық езгісіне қарсы көтеріліске ұйымдасу мәселесі. Ағайынды Әкбар - Сейіт деген адамдар Қарасу үйезі жағында жасырын штаб ұстап, астыртын іске кірісіп жатқанын Керімбек Әлиге бүгін білдірген. Айтулы Фуже сол Әкбар - Сейіттің тілдес адамы. Онымен Қарымсақ арқылы хабарласып, тіл алдырып тұратынын да жасырған жоқ Керімбек.
Төртінші тарау
1
Шеру елінің қыстауы таулы алқап болғандықтан, қыста бұл өңірлерде қар басып қалады. Қазір қаңтардың орта шенінде аймақты омбы қар жапты. Бұл елдің малды ауылдары жылқы, қойларын алысқа отарлатып, Қаракерей мен қалмақ мекендеген Бұраталаның қыс бойына шұбарланып жататын жусанды қалың қара адырлы өңіріне қос-қос қып аударып көшіреді. Күзем жүн алынып, қоңыр күз жеткен соң, ен-таңбасыз тай-тулақ болса белгіленіп, отар малын жолға қамдастырады. Малшының қыс ішетін шай тұз, ұн-пұйы, боранға, малға киер тон, кебенек, күпісі дайындалып дегендей, қыр-сахара тірлігінің бір қауырт қамы басталады. Алыс жақындағы ағайын қош-қош айтысып, қыз-келіншек аз уақытқа жыласып айрылысады...
Бүгін Керімбек үйіне түскен мол жиынның алғашқы сөзі сол отарлап кеткен мал жайы болып, соған байланған тіршілік тынысын әңгіме етісіп отырды. Қар, боран, қандай? Малдың күйі қалай? Ит-құстан, ұры-қарыдан аман ба? Қатынасқан кісіге асу-асудың жолы қалай? Отар хабарын білуші болса сол сұралады.
Бүгінгі бұл келгеннің ішінде Абдолла бар еді. Анадағы жағдайдан аз күн қамалып қалып, жақында ғана шыққан-ды. Ағайындары тілмәш арқылы сұрақшы мен Ли-жүйжаңға қалауын жеткізе, екеуінің де оқпандарын толтыра жем асатып шығарып келген. Абдолла қамаудан шықты деген соң, осының алдында төрт-бес күн бұрын Керімбек жанына екі-үш кісі ертіп, соған сүйінішті болсын айтып барып қайтқан-ды. Сол жолы Керімбек Абдолланы ел ішіне береке-бірлік тілеуге шақырған. Бүгінгі мынау бас қосқан жиын сондай бір тілек, келеге, ел алқасына жиылып отырған болатын. Қазір Мамозыдан Абдолланың да көңілі қалғандай еді.
Мазы аңғарының аузындағы кең жазыққа салынған Керімбек қыстауында, асты-үсті тақтай, дүмбіреген үлкен жарық үйде отырған көп адам бар. Мұның ішінде, ел құрметтеп сыйлайтын, жасы үлкен бір кісі бұл ортаға Абдолланың табы Жайнақ аталатын ата ішінен келіп отыр. Жасы сексенге келген, ескі қазы Тайлақбай анығында Шеру еліне Қызайдың Солтангелді деген руынан келген-ді.
Дәл төрде кеңдеу жайғасып отырған түксиген қалың, ұзын қарабурыл қасты, суық қабақты, отты көзі бір нәрсені өткір сынға алғандай болып қарайтын, биік, жал мұрынды, басы мен бет кескіні өзгеше кесек біткен қара сұрлау, ор кісі Тайлақбай дене жағынан да ірі, сүйекті адам. Ұш жағы екі айырыла түскен толқынды ұзын сақалы әлі дендеп ағармаған. Қайта сол сақалымен жарыса өскен, екі жақ ұртындағы үлкен екі шоқ шалғысы да салалана қосылып, мол сақал-мұрт әсем бір көкала көрініске кеп, бұл адамның сүйегінен әлі де мойымаған қайрат ажарын танытады. Өзінше бір жеке тұрған әдемі ата сақал да ерекше. Келбетті қарттың бар нұсқасына жалғыз-ақ қиғаш келгендей бір бөгеттеу белгі қарыстай биік маңдайының оң жағында ай тыртық болатын.
Тайлақбайды бұл ортаға ойламаған бір тосын жағдайда келтірген Керімбектің әкесі Әңкежан деген кісілер екен.
...Сонау Қас* басы мен Күнесті** жайлаған өргі Қызайға бір кезде Шеру руы өкпелі болып осылай қарай түп қопарыла ауа көшеді. Сонда Солтангелді руының шетінде бүкіл ел көші бір түн еру болады екен. Сол түні Солтангелдінің бір жуан ауылы көшулі елдің қарасоқыр бура деген үлкен жуас бурасын жүктен босатқан жерінен ұрлап апарып сойып алады. Таң ата Көмекбай ажы дейтін кісі бастаған тамам ел көшін алға жылжытып жіберіп, Шеруде белгілі батыр атанған Әнкежан, Есімжандай қос жоқшы отырықшы елді жағалап, әлгі ауылға қағушы болып келеді. Тегінде, Шерудің «қос барыс» атанған қол бастаушысы осы Әнкежан, Есімжан екен. Бұл екі жоқшы аттан түспей алдарынан қарсы біреу шығады. Ол жүргіншілерден жөн сұрап, бұлардың кімдер екенін білген соң-ақ, сапарларына оң тілек тілеп, өз ниет, бейілін шынайы ықыласымен білдіре бастайды. Ерге біткен тұлғасы бар, арыстай жігіт осы Тайлақбай екен. Бұл келгеннің Әнкежан, Есімжан екенін білген соң, суырыла сөйлеп, шешіліп, ашыла түседі. Түйені осы ауыл сойып: үлесіп алғанын салған жерден айтады. Өзі бүгін бар ағайынымен араз екенін, тек дәл сол үшін ащы-араз болғанын білдіреді. Аты шыққан Әнкежан, Есімжан өзінен үлкендеу адамдар болса да, бұларға ол еркін сөйлеп:
*Қас, **Күнес - өзен аттары, Іленің басқы тармақтары.
- Шерудің Әнкежан, Есімжаны сіздер болсаңдар, аттарыңды естіп жүрмін. Е, азаматтарым, елдің жүгін арқалап жүрген ер едіңдер. Бір кісі мың кісіге олжа салады деп қазақ осындайды айтады. Ер мың күнде бір кісілік болғанымен, бір күнде мың кісілік болады. Әуелі көштерің көлікті болғай, мырзалар! Етегіңнен ұстап ерген ел-анаңның сапары оң болғай! Ауруды алтын төсек жұбатпастың кері болып, көңілің көнбеген соң кетіп барасың-ау, қайран ер! Көлінен кеткен құстай болдыңдар-ау! - деп жүректі адамның сыпатын бірден-ақ танытады.
Тегінде, Әнкежанды батыр дегенмен көңілі жұмсақ, батырлығы зарлылығынан дейді екен. Бейтаныс жанның жаңағыдай сөз саптасы жүрегі ыстық адамды қатты толқытып кетеді. Ол енді өзі көріп тұрған жігіттің тұрпатына тоя алмай:
- Ой, батыр-ау! Бұл сен, кім деген едің, өзің?! Өзгеңді қойып, соныңды айтшы, жарқыным! - деп жөн сұрайды.
Тайлақбай өзін бұларға толық таныстыра келіп:
- Малыңды сойған осы ауыл. Дәл мына мен пақырдың ауылы! Менің аға-бауырсымақтарым ұрлап отыр. Өздері ауып көшкен өкпелі елден бір жеміт жырып жегеніңді тығын көрме! «Жаралы құсқа тас атпа» дейтін сөз қайда, деп сол үшін бүгін бәріне жаман атанып отырмын! - деген. Осы ызасының аяғында екі жоқшыға сұқ саусағымен өзінің шекесін де көзеп көрсетіп:
- Мына маңдайды да құба қалмақпен соғысып жарған жоқпын. Осыларын қойғызам деп атқа қонып, сырық алып та соғыстым. Бірақ, ағайынмен алыспақ болғанмен атыспақ жоқ екен. Мықтағанда қолдан бар келері көзбен көрмей бір жаққа кетіспек қана болады-ау дейім. Ақыр түбі қараларын көрмей шырқап бір кететін түрім бар, - деп жігіт, шағына сыр ұқтырады. Әнкежан, Есімжан қатарынан бастарын изесіп:
- Жарар! Жарар! Апыр-ай, өзің анық еңіреп туған ерім екенсің! Бірақ, жасағыңды таппай жүрген жалқы ер екенсің!
- Серіксіз ер, серпінсіз тегеүрін дейтін сен екенсің, көк мойнағым! - деседі. Бұл үшін жандары шындап ауырады. Әнкежан осы арада бір ойға да келеді. Жүрістері аттың жалы, атанның қомы болса да Тайлақбайды анық ер танып, оған ердің тілімен сөз қатады. Қарақұсы шодырайып артқа шыққан, шүйделі басын ақ шытпен шарт байлап алған арыс бітісті Әнкежан тақымындағы есік пен төрдей орауыз кер атын тебіне жақындап:
- Ей, жігіт! Сен осы, дәп мен көріп тұрған жігітпісің! Дәл соның өзімісің! Егер тап осы мен көріп тұрған Тайлақбай екенің рас болса, онда мына айтқанымды да тыңдашы!» «Жақсы үйінен шықса, үйіріне қосылады» деуші еді ғой. Айтқанымды ұғып, беліңді буасың ба, құдай жолына? Сен жүр, көшші осы біздің Шеруге! Танылмай жүрген асыл тас екенсің. Жақсыңның көзі кетіп, жалғыз қалған жан сыпатты көрінесің көзіме. Өзіме туыс, балама аға етейін тасташы мына зәніңді ұрайын, зәнталақтарыңды! Адамның бір аумас сүйек, темірін кездестіріп тұрған сияқтымын, көнсең жүр, бес күнгі өмірде бірге жасап, бірге өтейік. Азып-тозып бара жатқан ел бар, бір жағына сүйеу бол соның! Кәні айтшы, тәуекел дейсің бе осыған?! - деп қадалады.
Бұл сөзге оның жансерігі алып денелі Есімжан да ентелеп түседі.
- Уа, бозым, бозанбайым! Сөз тектісі осыдан артық болар ма?! Көнесің бе мына кепке! Ер олжасына тап өз басыңды берсең, тіпті сенің ана көп тоғышарыңнан бір маубас түйені сұрамай-ақ та қояйық! - дейді. Тайлақбай мынадай екі ердің бұл қолқасына қапелімде не дерін білмей, ес таппай сасады да:
- Көңілдеріңнің садағасы болайын-ау! Не дейін енді сіздерге? Ойбай-ау, не десем жарасар екен! - деп, таңырқап тұрып қалады. Екеуіне анық қайран бола тұрып: - Япыр-ау, тым болмаса өзге де күн емес, бір қиын, кие жолыңда қолқа салып тұрсың-ау! Бәсе, бәсе... бүйтпесең ор тарғыл болармысың, сірә! Бұнда қалғанда мың жасайтын немедей, енді қайтып түңілдіріп жіберер екем?! - дей келіп, түсі бұрынғысынан кенет өзгеріп: - Уай бұл жерде ағайынға арам ет болып жүргенше, екеуіңдей ер үшін өлсем, төсенгенім топырақ! Қайда болса жатар жерім сол ма? Бір тәңірге тәуекел! Бұрылшы, тартшы бері таман, - деп Әнкежан мінген «Жамбы кер» деген аттың сулығынан тартып, шеттегі кішкене қоңыр үйге таман бұра береді. Әнкежан бұл адамға өз ішінен қатты таңырқай қызығып, «Япыр-ау, қазақ айтатын нағыз әлгі маңдайы жарылған батыр, таңдайы жарылған шешен» дейтін тап осының өзі емес пе деп ойлайды. Ол таныстарын үйіне түсіріп, қымыз құйдырып отырып, әйеліне бұл қонақтың жөнін ұғындырады да, соған жалғастыра өзі кесіп, өзі піше жалғыз ауыз сөз айтады:
- Бүгін түнде Шеруге көшеміз, - дейді.
Әйелі алғашында жалт етіп қарап, кенеттен естіген бұл сөзге аң-таң бола берген екен. Соңынан өзінің Тайлақбайдай ерімен жасынан сыр-мінез болған, аңдамды әйел осындай ірі хабарды тұтқиылдан естісе де:
- О жағын еркек білет те. Тура сөйлейтін туғаның жоқ адам ең, ағайынға арзан боп, қымбатыңды қиғың келмесе, көшем десең көш, өзің біл. Әйтеуір бір жаққа кетем дей беруші ең, дегеніңе жеткің келсе, анық керек деген жеріңе кездесіп отырған көрінесің. Қызыр шылауыңа өзі кеп оралса, енді осыдан артық қайтпекпіз. Туысыңды сен қисаң, менде төркін болмай-ақ қойсын! Төркін қалды демейін! - деп, ойлана сөйлеген кеңесін тағы жалғап:
- Кейігенің батып жүр, маған сенің бес күнгі өмірде риза болғаның керек. Өз басыңның бір жай табатын жағын ойласаң ойла, мырза! - деген жауапты айтады. Өзі әлі отыздар шамасындағы, Тайлақбайдан он шақты жас кіші, қызылы қызыл, ағы ақ, келісті келіншек қара көз керімнің өзі екен. Қыз күнінде бір қырғыз жігіті ғашық болып:
«Қызылың қызыл, ағың ақ,
Шықпайсың естен әр уақ...
Жалынышты боп мен жүрем,
Қарап бір койсаң нағылад!» -
дегені ел аузына тараған Нұрбәну сұлу осы еді. Тайлақбай оны күйеуі өліп, жесір отырған жерінен алып қашып алған. Қызға көңілі түспей, еш жерге қалың бергізбей жүрген өр жігіттің тағдырындағысы осындайлық өрелі жан болған.
Екі қонақ осындай қазылық сөзден кейін қысқа уәде айтысып, бұл үйден бөгелмей тез аттанысып кетеді... Бұл кезде мына жақтағы бес-алты үйдің бағанадан есіктен басбағып сығаласқан еркегі мен әйелі, жауыннан соңғы суырдай шүленсіп, далаға тегіс шыға бастайды. Білектеріне баулы сойыл ілген екі айбатты жортуылшы бұлайша моп-момақан табылып, ең шеткі үйден аттанып кеткенде, Тайлақбайға туысқанының бәрі, әсіресе қатын атаулы кешірімді жүзбен ұшырасқан. Олар Тайлақбайдың «Е, алдап жөнелттім» деген мінезіне сонша қатты аңтарылып таңқалысқан болатын. Бір-бірінің сөзге үйір ауыздарына мәз бола қарасып, Тайлақбайдың сыртынан сөйлегенде «Әкеу, бұған жомарт құдай не ғып таупих берді?» дескен. Ойсыз шуылдақтар сол күні Шерудің бүкіл Қызайға аты шыққан Әнкежан - Есімжан дегендерінің де арт жағынан иек қаға күліп, қомсынып қалғандай болған-ды. Бірақ көп құнарсыз ағайын ертеңіне Тайлақбайдай қайта қайырылмас ғазиз бауырларының қара жұртын ғана сипап қалысқанын бір-ақ аңдасты. Сол кетісте Тайлақбай еліне қайтып оралмас боп көңілі қарайып кеткен-ді.
Сонымен Шеру ең алғаш Қазақстанның Жәркент шекарасындағы Қорғас бойы, Тобылғы - Еспеден кеп жер-су алып орныққан соң, Тайлақбайды қияннан шалатын көрегендігіне сай, тілі тас жарған әділ деп сол Әнкежан, Есімжандар осы елге қазы қояды. Ауып көшкен Шеру руының ынтымақты болуы көзделеді. Кейін Шеру руы тұтасымен осы Мазы - Ақсуға кеп орнығады. Сонан бері қырық бес жылдың шені болған. Кейінгі жас буын Тайлақбайдың Солтангелді екенін де білмей, Шеруге, Жайнаққа санасатын. Әнкежан, Есімжандар әу бастан-ақ Тайлақбайдың сырт ағайын Жайнақта болуын жөн көрген екен. Әділдік болу үшін мойны қашық, қалыс атаның ішінде болсын деп, мал айтып сойып ел жиып, ырзаласып солай көшіріп қондырады. Кейін ел іші «Шеру, қара түйең жоғалмағанда, Тайлақбайдай әз-ағаң болмас еді» деген тәмсілді шығарады.
(Жалғасы бар)
Abai.kz