Биылғы қараша айында 2 516 алтын құймасы сатылған
2022 жылдың қараша айында екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пунктерінде жалпы салмағы 81,6 келі 2 516 алтын құймасы сатылды. Бұл туралы Ұлттық банк хабарлады.
Азаматтарға тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын Ұлттық банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 3,76 тоннаға жуық 110 591 алтын құйма сатылған.
Құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында өте жоғары сұранысқа ие түрі – 10 грамдық алтын құйма. Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі 26% – 28 389 дана. Одан кейін 5 грамдық алтын құйма – 24 082 дана (22%) және 20 грамдық құйма - 22 721 дана (20%), 100 грамдық құйма – 22 573 дана (20%), ал 50 граммдық құймадан – 12 826 дана (12%). Алтын құймалар Алматы, Астана және Атырау қалаларында көп сатылады.
Бағдарлама басталғаннан бері екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес пунктер жалпы салмағы 453 келі 17 999 алтын құйманы кері сатып алған, бұл – жалпы сатылған алтын құймалардың 16,3%-ы. Олар кері сатып алған алтын құймалардың барлығы дерлік Ұлттық банктің филиалдары арқылы халыққа сатылады.
Abai.kz