Әлеуметтік желі қолданушылары Тоқаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытын қолдады
ЗАҢ ҮСТЕМДІГІ – ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМНЫҢ НЕГІЗІ
Сыбайлас жемқорлықпен күрес ең алдымен заң алдындағы теңдіктен басталуы керек. Қандай лауазым иесі болса да, бұрынғы еңбегі мен қоғамдағы беделі заң бұзған жағдайда жауапкершіліктен босатуға негіз болмауға тиіс. Өйткені заң баршаға ортақ.
Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидатына ерекше мән беруі өте орынды. Қарапайым азамат ретінде айтарым, әділ қоғамда адамның кім екеніне емес, қандай әрекет жасағанына баға берілуі керек. Заң бұзған адам лауазымына қарамастан, өз ісіне жауап беруі тиіс. Сонда ғана халықтың әділдікке деген сенімі артады.
Сыбайлас жемқорлықтың зардабын ең алдымен қарапайым халық тартады. Мемлекет қаржысы мақсатсыз жұмсалса, құрылыс сапасыз жүргізілсе, оның салдары тұрғындардың өмірінен көрінеді. Сондықтан әсіресе «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру кезінде ашықтық пен адалдық басты орында болуы қажет. Бөлінген қаражаттың әр тиыны өз мақсатына жұмсалып, атқарылған жұмыс сапалы болуы тиіс.
Сонымен қатар, заң мен тәртіп тек жазалаумен шектелмейді. Ол әр адамның ішкі мәдениеті мен жауапкершілігінен басталады. «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының мәні де осында. Тазалық тек қоршаған ортаға емес, адамның ойына, сөзі мен ісіне де қатысты болуы керек.
Менің пайымдауымша, «Заң мен тәртіп» әр азаматтың күнделікті өмірлік ұстанымына айналғанда ғана қоғамда нақты өзгеріс болады. Мемлекеттік қызмет те ең алдымен халыққа адал қызмет етуді білдіреді. Жоғары лауазым үлкен жауапкершілік жүктейді, ал халықтың сенімі құр сөзбен емес, нақты іспен ақталуы тиіс.
Заң алдында бәрі тең болғанда ғана әділдік орнайды. Ешкім заңнан жоғары тұрмауы керек. Бұл – Әділетті қоғам қалыптастырудың басты шарты.
Алмасбек Мамытбеков
Abai.kz