Яндекс.Такси қызметіне қатысты іс сотта қаралуда
Яндекс.Такси компаниясының қызметіне қатысты бір айыптау ісі тоқтатылып, екіншісі сотта қаралып жатыр. Бұл туралы ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Сәмбетов мәлім етті.
«Бүгінде Яндекс.Такси қызметіне қатысты тергеу жүріп жатыр. Екі тергеу ісі басталған еді, оның біреуі тоқтатылды. Сонымен қатар, тергеу аясында сот процесі қатар жүріп жатыр. Бірінші тергеу шарасы компанияның қызметін асыра пайдалануына байланысты, яғни клиенттерге қызметті жөн-жосықсыз ұсыну. Екінші тергеу амалы бағаны қолдан көтеру фактісі бойынша жүріп жатыр. Алғашқы факт бойынша тергеу шарасы тоқтатылды. Ал, бағаны көтеру бойынша сот процесі жалғасып жатыр», - деді Болат Сәмбетов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Еске салсақ, биыл қыркүйекте Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті Яндекс.Такси-дің бағаны қымбаттатуына байланысты тергеу жүріп жатқаны туралы хабарлаған еді.
Сондай-ақ, департаменттен Яндекс.Таксидің бағаны өсіруіне қатысты бірнеше өтініш келіп түскені айтылды.
Abai.kz