Жұма, 22 Қараша 2024
Арылу 3387 13 пікір 29 Желтоқсан, 2022 сағат 13:35

Елшілер ел үмітін ақтап жүр ме?..

Американың президенті Барак Обама тұсындағы мемлекеттік істер хатшысы Кондализа Райстың 2008 жылы 5 қазанда елімізге жасаған қысқа мерзімдік сапарында: «Неге өз ана тілдеріңде сөйлемейсіңдер?!» - деп, шенеуніктерді сөккені белгілі. Ол сыннан сабақ алған ешкім болмады. Ерегескендей Мәскеуге оқуға барып, ана тілін ұмытып қалған жаңа буын шенеуніктер билікке келді. Тек Америкалықтардың ана тілімізге болған құрметі еш өзгерген жоқ. Қазіргі елші Кэролайн Сэвидж ханым да, оның алдындағы Джорж Крол мырза да қазақша тіл сындырып, халқымызды ұлттық мерекелермен ана тілімізде құттықтап жүр.

Түрлі мемлекеттердегі қазақ елшілерінің де жергілікті елдің тілінде сайрап жүргеніне зәредей күмәніміз жоқ. Қазақ дипломаттарының басты кемшілігі өзге тілді білмеуі емес, керісінше мемлекеттік деңгейдегі кездесулерде ана тілінде сөйлемеуі, ресми тілді пайдалануында болып отыр. 30 жылдық беласуында қазақ дипломатиясының жетістігі ретінде тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Бірікен Ұлттар Ұйымында бір рет қазақша сөйлегенін, мемлекетшіл тұлға Марат Тәжиннің сыртқы істер министрі болып тұрғанда (2007-2009 ж.ж) Мәскеуде орыс басшыларымен тілмәш арқылы сөйлескен ерлігін атауға болады.

Назарбаевтың Марат Тәжинді ғана емес, көптеген мемлекет қайраткерлерін дипломатия қазанында қайнатқанын жұрттың бәрі біледі. 90-жылдардың басында екінің бірі партия құрып, демократияның көрігі қызып тұрған кезде елдегі ең ықпалды екі тұлға Мұхтар Шақанов пен Олжас Сүлейменовтің біреуін – Қырғызстанға, екіншісін – Италияға елші етіп аттандырды. 2000 жылдардың басында марқұм Алтынбек Сәрсенбаевты Мәскеуге елші етіп жіберді. Оның ізін ала әр жылдары Марат Тәжин, Иманғали Тасмағанбетов елшілік қызметте болды.

Қараша халық президенттікке лайық тұлға санайтын Тасмағанбетов елшілік миссиясын аяқтағаннан кейін, бірден зейнеткерлікке кетті. Кезінде президент әкімшілігін басқарған Аслан Мусин де, президенттің кеңесшісі болған Ермұхамет Ертісбаев та сол жолды қайталады.

Назарбаев шетел журналисіне берген сұхбатында Тоқаевпен Қытайда танысқанын тілге тиек еткені бар. Президент Тоқаевтың қызмет жолын Кеңес одағының Қытайдағы елшілігінен бастағаны мәлім. Шетелдерде көп уақытын өткізген Тоқаев мырзаның шет тілдермен шектелмей, ана тілін үйренуі – өзге шенеуніктерге жұғысты болды деп айта алмаймыз. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде қалыптасқан орыс тіліне басымдық беретін үрдіс, өкінішке орай, күні бүгінге дейін жалғасып келеді.

2020 жылы басқа емес, қандастар көп тұратын Моңғолиядағы қазақ елшілігінің қызметкері (II дәрежелі хатшы) Шынар Жұматаева ханымның жергілікті қандас ағайындардың қазақша жазған хатына жауап беруден бас тартуы жұрттың ашу-ызасын тудырды. Қазақ тілді қауымның дипломаттардың кәсібилігіне емес, ұлтжандылығына, мемлекетшілдігіне көңілі о бастан толмайды. Консул қызметкерлерінің елшілік міндеттерін өтеу үшін түрлі елдерге отбасымен көшіп баратыны айтпаса да түсінікті. Ал олардың отбасы мүшелерінің қазақы дәстүрді қаншалық сақтайтыны үлкен мәселе. Жазда салым әлеуметтік желіден Финландия зейнеткерінің аталмыш елдегі Жанна Сартбаева ханым басқаратын консулдығымызды сотқа бергенін оқыдық. Даудың жай-жапсары былай болған екен: Біздің елшілік зейнеткердің ат шаптырым аумағы бар үйін жалдап тұрған да, белгілі себептерге байланысты жалға алу ақысын уағында төлей алмаған. Осындай да қазіргідей қымбатшылық қысқан заманда шетелдердегі елшілерімізді жазда киіз үйде тұруға міндеттеу керек-ау деген ой келеді. Біріншіден бюджет каржысы үнемделетін еді, екіншіден ұлттық өркениетімізге тегін жарнама, «Боратшыл» Саша Коэннің қара пиярынан да нәтижелі болар еді.

Қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін, өткенге салауат айтып, «Жаңа Қазақстан» құру қамына кірістік. «Қаңтар оқиғасы» ішкі саясатқа ғана емес, сыртқы саясатымызға да сын болды. Президент кезінде Саша Коэнның «Борат» филмін «Философиялық тұрғыда» қабылдаған Ержан Қазықановты ерекше өкілі етіп бекітті. Қазықанов мырза Америкаға ат сабылтып барып, CNN-ге сұхбат беріп, Батыс жұртын алаңдатқан мәселелерді жінтіктеп түсіндіруге тырысты.

Ресей президенті Путин мырзаның 24 ақпанда Украинаға соғыс алып баруы бізді ғана емес, әлемдік дипломатияны, халықаралық қарым-қатынасты мүлдем басқа арнаға бұрды. БҰҰ-ға мүше 150-ге жуық мемлекет Ресей басшысының әрекетін айыптады. Әлемдік ықпалды саяси, мәдени, экономикалық қауымдастықтар Ресейді мүшеліктен шеттетті. Орыс аккаунттарын, телеарналарын бұғаттады. Ресейдің халықаралық саяси аренадағы орнының шынайылығына күмән келтіре бастады. Осындай халықаралық ортада бұрынғыдай Ресейдің мемлекеттік тілінде көсіліп, өркениетті елдермен жан-жақты (саяси, рухани, экономикалық) байланысты нығайтамыз деу ақылға қонбайтын шаруа. Сол үшінде әлемге Қазақстанның жаңа бейнесін көрсету үшін бірінші кезекте ресми тілден бас тарту керек. Дипломаттарды өзге елдермен ана тілде қарым-қатынас жасауға міндеттейтін шыт жаңа қызмет кодексін дайындау керек. Мұндай жаңашылдықты «Жаңа Қазақстанға» сенім білдіріп отырған қараша халықтың да, әлем елдерінің де қуана қарсы алатынына сенім мол.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5326