Header Banner
Сейсенбі, 17 Наурыз 2026
Көкжиек 140 0 пікір 17 Наурыз, 2026 сағат 14:38

Сана мүмкіндігі: «Түйсігіңмен ойлай біл»

Сурет: Blurred crowd of unrecognizable at the street.

Әйелім бір күні, жұмыстан қайтарында Әнет баба көшесіндегі (Астана қаласы) кітап дүкенінен, қызықты әрі тартымды кітап алып келді. Оқып көріп едік шынындада адамға берер құлшынысы өте жоғары кітап екен. Сондықтан осы кітапты сіздер оқып шықсын деп, қалын оқырманға ұсынып отырмыз.

Қазіргі заманда адам баласы тек қана білім мен тәжірибеге ғана емес, ішкі сезімге, яғни түйсікке де сүйенуді үйрене бастады. Ғылым мен психология дамыған сайын адамның ойлау жүйесі бұрынғыдан әлдеқайда күрделі әрі терең құбылыс екені айқындала түсті. Осы тақырыпты кеңінен қозғап, миллиондаған оқырманның назарын аударған кітаптардың бірі – канадалық жазушы, мотивациялық спикер John Kehoe жазған Mind Power Into the 21st Century атты еңбек. Қазақ тілінде бұл кітап көбіне «Түйсігіңмен ойлай біл» деген атаумен танылып жүр.

Бұл еңбек адамның ішкі мүмкіндігі шексіз екенін, дұрыс ойлау арқылы өмірді түбегейлі өзгертуге болатынын дәлелдеуге арналған. Автордың негізгі идеясы – адамның санасы мен түйсігі дұрыс бағытта жұмыс істесе, ол өз тағдырын өзі қалыптастыра алады деген тұжырым.

Кітаптың басты тақырыбы – адамның ойлау қуаты. Джон Кехо адам санасын екі деңгейге бөліп қарастырады: саналы ойлау және бейсаналық, яғни түйсік арқылы қабылдау. Автордың пікірінше, адам көбіне тек логика мен ақылға сүйеніп әрекет етеді. Алайда өмірдегі маңызды шешімдердің көпшілігі дәл осы түйсіктің арқасында қабылданады.

Түйсік – адамның ішкі бағдаршамы. Ол кейде байқамайтын, алайда маңызды сигналдарды береді. Мысалы, кейбір адамдар бір адаммен алғаш кездескенде-ақ оның мінезін сезіп қояды немесе кейбір шешімнің дұрыс не бұрыс екенін іштей аңғарады. Кехо мұндай құбылысты кездейсоқтық деп есептемейді. Оның айтуынша, бұл – адамның бейсанасының жұмысы.

Кітапта автор адам миы үздіксіз ақпарат қабылдап, оны өңдеп отыратынын айтады. Бірақ оның бәрі саналы деңгейде байқалмайды. Түйсік сол жасырын ақпараттардың нәтижесі ретінде пайда болады. Сондықтан түйсікке сену – өзіңнің ішкі ақылыңа сену деген сөз.

Джон Кехоның кітабында ерекше назар аударылған тағы бір жағдай – ойдың материалдық әсері. Автордың пікірінше, адам қандай ойды жиі қайталаса, оның өмірі сол бағытта өзгере бастайды. Яғни ой – тек психологиялық құбылыс демесекте, ол адамның іс-әрекетіне, шешіміне, тіпті тағдырына ықпал етеді.

Мысалы, егер адам үнемі «менің қолымнан келмейді» деп ойласа, оның әрекеті де сол сенімге сәйкес болады. Ол жаңа мүмкіндіктерден қашқақтап, тәуекелге бармайды. Ал керісінше, «менің қолымнан келеді» деген сенім қалыптасса, адам белсенді әрекет етіп, мақсатқа жетудің жолдарын іздей бастайды.

Кехо бұл құбылысты «ой бағдарламасы» деп түсіндіреді. Яғни адамның санасында белгілі сенімдер мен көзқарастар жүйесі қалыптасады. Сол жүйе адамның өмірін бағыттап отырады. Сондықтан кітап авторы оқырманды ең алдымен өз ойлау жүйесін өзгертуге шақырады.

Кітап тек теориялық ойлардан ғана тұрмайды. Автор түйсікті дамытуға арналған нақты тәсілдерді де ұсынады. Оның айтуынша, түйсік – туа біткен қабілет қана емес, оны жаттықтыруға да болады.

Алдымен, адам өз ойына бақылау жасауды үйренуі керек. Көп жағдайда адамдар ойдың қалай пайда болатынын аңғармайды. Ал сананы бақылау арқылы адам жағымсыз ойларды кеміту, пайдалы ойларды көбейте алады.

Сол сияқты, қиялды дұрыс пайдалану маңызды. Кехо қиялды болашақтың «репетициясы» деп атайды. Егер адам өзінің жетістікке жеткен сәтін елестетсе, ми сол жағдайды шынайы өмірдегі тәжірибе ретінде қабылдай бастайды. Осы сенімді күшейтеді.

Тағы бір айтарымыз, медитация мен тыныш ойлану да түйсікті дамытуға көмектеседі. Автордың айтуынша, адам санасы тыныш күйге түскенде, бейсаналық деңгейдегі ақпараттар айқынырақ сезіледі.

Кітаптың маңызды бөлімі – табысқа жету психологиясы. Джон Кехо табыс тек білімге немесе сәттілікке байланысты емес деп есептейді. Оның ойынша, табыстың негізгі факторы – адамның ойлау жүйесі.

Көптеген табысты адамдардың өмірбаянын зерттей отырып, автор олардың ортақ қасиетін анықтайды. Олар қиындықтарға қарамастан өз мақсатынан бас тартпаған. Сонымен қатар олар өз мүмкіндіктеріне сенген.

Кехо оқырманға мынадай қарапайым қағидаларды ұсынады:

  • Мақсатты нақты анықтау
  • Оны күн сайын ойша елестету
  • Жағымды ойлау дағдысын қалыптастыру
  • Әрекеттен қорықпау

Бұл қағидалар қарапайым көрінгенімен, олардың артында терең психологиялық механизм жатыр.

«Түйсігіңмен ойлай біл» кітабы алғаш жарық көргеннен кейін әлемнің көптеген елдерінде кең тараған екен. Ол қазіргі күндері жеке даму, психология және мотивация саласындағы ең танымал еңбектердің біріне айналды.

Бұл кітаптың танымал болуының нақты себебі – оның тілі қарапайым әрі түсінікті. Автор күрделі ғылыми терминдерден гөрі өмірлік мысалдарды көбірек қолданады. Сол арқылы оқырманға ойдың қуатын сезіндіруге тырысады.

Сонымен қатар кітап адамдарды өз өміріне жауапкершілікпен қарауға шақырады. Көп жағдайда адамдар қиындықтарды сыртқы жағдайлардан көреді: экономика, саясат, қоғам. Ал Кехо адамның ішкі дүниесі өзгермейінше, сыртқы жағдайдың да өзгеруі қиын екенін айтады.

Кітаптың негізгі мақсаты – ғылыми трактат жазу демесекте, адамдарға мотивация беру. Осы тұрғыдан алғанда, еңбек өз міндетін толық атқарады деуге болады. Ол оқырманды өз өміріне жаңаша қарауға итермелейді.

«Түйсігіңмен ойлай біл» – адам санасының мүмкіндігін көрсететін ерекше еңбек. Джон Кехо бұл кітап арқылы әр адам өз тағдырын өзгерте алатынын жеткізгісі келеді. Оның ойынша, адамның ең үлкен күші – оның ойында.

Бүгінгі ақпараттық ғасырда адамдардың өмірі жылдам өзгеріп жатыр. Мұндай кезеңде ішкі сенім мен түйсікке сүйену бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Себебі, сыртқы әлем қаншалықты күрделі болса да, адамның ішкі әлемі оған бағыт сілтейтін негізгі күш болып қала береді.

Сондықтан, бұл кітаптың негізгі сабағы – адам өз ойын жинақтай білсе, өз өмірін де басқара алады. Ал түйсік – сол жолдағы ең сенімді серік.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір