Абзал ағаларымыздың қатары сиреп барады
Аз жыл бұрын Астанада «Азия қаламгерлерінің форумы» өткен-ді. Азия құрлығының айтулы ақын-жазушылары жиналып, әдебиет төңірігінде әдемі әңгімелер өрбіді, терең талқылаулар болды. Сол жиында «Қордайдың қоңыр құлжасы» Несіпбек Дәутайұлы ағам мен көркем сөз бен көсемсөздің шебері Мархабат көкем қос қанаттан қатар келе қап, суретке түскен едік.
– Кореядан келген жазушы жақсы сөйледі, – деді Несіпбек ағам маңғаз қалпымен.
– Әлгі шляпа киген бе? – деп сөзге араласты мақамы бөлек Мархабат ағам. Сосын маған қарап көзін қысып:
– Жалпы, шляпа кигендер мықты ғой, – деді күлімсіреп.
– Ә, баяғыдан осылай мойындауың керек еді, – деп Нес-ағам риза кейіп танытты.
Осы бір ақжарқын әңгіменің көркін қыздырып, жарықтық Есенғали ағамыз да арамызға қосылған-ды.
Асыл ағалардың қалжыңы да жарасымды еді ғой. Қазір қарап отырсақ, солардың бәрі де жарық дүниемен қоштасып, келместің кемесіне мініп кете барыпты…
Қаратаудың қазынасындай, қоңыр әуенімен қоңыр күй кешкен Несағаң арамызда болса, 75 жасқа толар еді. Жақында ғана «Айғыркісі» шығармасының желісінде жаңа бағыттағы «Қаратөбел» мистикалық – вербатимі сахналанды. Туған жерінде еске алу шаралары ұйымдастырылды.
Алып Алатау мен қарт Қаратау түйіскен жерде туып, қазақ әдебиетінде өз өрнегімен танылған, соқпағы соны, сонары олжалы, бекзат жазушы Мархабат ағамыздың өмірден өткеніне де көп уақыт өткен жоқ. Көктемде ғана өзі елге шақырып, кешкі алаудың жанында әсерлі әңгіме айтқанымыз әлі есімізде.
Қазақ әдебиетіне олжа салған, үлкен үлес қосқан ардақты ағаларымыз енді сағынышқа айналды, алды жарық болсын…
Өмірден көшпестей, көңілден өшпестей көрінген абзал ағаларымыздың қатары сиреп барады. Ұлт руханияты жолында аянбай еңбек етіп жүрген біртуар тұлғаларымыздың лайықты бағасын беру, тағылымды туындыларына терең бойлау – ертеңнің ғана емес, бүгіннің де міндеті. Уақытында айтылмаған сөздің өкініші ауыр болмақ. Лайым қазыналы қаламгерлеріміздің қадірі арта берсін!
Дархан Қыдырәлі
Abai.kz