Заң өзгерді. Назарбаев енді «Елбасы» емес...
Қазақстан Конституциялық сотының шешімімен «ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы» туралы заңның күші жойылды.
2023 жылы 5 қаңтарда бір топ депутат Конституциялық сотқа негізгі заңның 62-бабының 4-тармағына ресми түсіндірме беруді сұрап, өтініш жолдаған. Сондай-ақ, олар: «Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігін реттейтін нормаларды алып тастауға байланысты «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күші жойылды деп танылуға жата ма?», - деген сұрақ қойған.
«2022 жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумда білдірілген, Қазақстан Республикасының Конституциясынан 46-баптың 4-тармағы мен өзге де нормаларды алып тастау туралы Қазақстан халқының еркіне негізделе отырып, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Конституциясында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының Қазақстан Республикасында қолданылатын құқықта сақталуына құқықтық негіздер жоқ деп тану қажет, осыған байланысты оның күші жойылды деп танылуға жатады», - деп жазылған Конституциялық сот шығарған қаулыда.
Бұған дейін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов 2023 жылдың басында Парламент палаталарының бірлескен жиналысында осы заң жобасы қаралатынын айтқан еді.
«Бұл Конституциялық заң болғандықтан, бұл құжат Парламент палаталарының бірлескен отырысында қаралады. Сондықтан қаңтар айында бірлескен отырысы өтіп, бұл мәселе қаралады. Аталған заң толық күшін жояды», - деді Ерлан Қошанов.
Оның айтуынша, бұл құжат бойынша шешім қабылданса, заңдағы барлық нормалардың күші жойылады.
«Сол заңда көрсетілген артықшылықтардың барлығы күшін жояды. Бірінші президентке де, болашақ президенттерге де экс-президентке қатысты нормалар бірдей қолданылады. Егер заң күшін жоса, онда қарастырылған иммунитеттің заңды күші болмайды», - деді Мәжіліс төрағасы.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» заң 2000 жылы қабылданған. Он жылдан кейін заңға Назарбаевтың ұлт көшбасшысы ретіндегі «Елбасы» статусы енгізілді. Ол жерде экс-президентке ешкімнің тиісуіне болмайтыны, Қазақстан Республикасы Президенті болып тұрған кезде жасаған әрекеттері үшін жауапқа тартылмайтыны жазылған. Тиіспеушілікті қамтамасыз ететін заң «Елбасы» мен оның отбасы мүшелеріне де қатысты қолданылатыны айтылған.
Бірақ «Елбасы» туралы заң күшін жойған күннің өзінде, еліміздің барлық мемлекет басшыларына қолданылатын «Қазақстан Республикасының президенті» туралы Конституциялық заң бойынша экс-президенттің абыройы мен қадiр-қасиетiне ешкiмнiң қол сұғуына қақысы жоқ.
Заңда:
«Республиканың экс-Президентiн қамтамасыз ету, оған қызмет көрсету және оны күзету мемлекет есебiнен жүзеге асырылады.
Республиканың экс-Президентiне өмiр бойы:
Республика Президентiнiң шешiмiмен Республика Президентi лауазымдық жалақысының сексен процентi мөлшерiнде зейнетақы тағайындалады. Бұл ретте Республика экс-Президентiнiң осы Конституциялық заңның шарттарымен белгiленген зейнетақысы Республика Президентiнiң лауазымдық жалақысының өсуi ескерiлiп, арттырылып отырады;
Қажеттi қызмет көрсетiлетiн пәтер мен мемлекеттiк саяжай, жеке күзет, жүргiзушiсiмен дербес автомобиль берiлiп, ел iшiнде тегiн жүрiп-тұру, тегiн медициналық, санаторий-курорттық емдеу қызметi көрсетiледі», - деп жазылған.
Сондай-ақ заң бойынша, Республиканың экс-президенті ел басқарып отырған кездегі іс-әрекеттері үшін жауап бермейді. Тек мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда ғана жауапқа тартылады.
Abai.kz