Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 3702 4 пікір 13 Қаңтар, 2023 сағат 12:51

Хат жазыңдар!

Гүл Зарқұмар

1974 жылы 15 қыркүйекте Монғолияның Улаанбаатар қаласында дүниеге келген. Монғолия қазақ ақындары арасында өткен «Алтын жебе» жыр мүшәйрасының (1992 ж.), Ақтан Бабиұлының 100 жылдығына арналған мүшәйраның (1997 ж.) бас жүлдегері. Монғолия Жастар одағының алтын медалінің иегері, ақын. 2012 жылы Жалын баспасынан «Жүректегі жүзік» жыр кітабы жарық көрді.


Қызылқайың-қыдыр дарып, бақ қонған,
Қызылқайың-Шерушіге тақ болған...
Қызылқайың-текті жұрттың мекені,
Қызылқайың-Баянтаудың етегі...
Ғасырлардан ғасырларға көшкен жұрт,
Ат жалында,түйе қомында өскен жұрт...
Ұрпағының тағдыры үшін күресіп,
Ұлы мұрат жолында бақ тілесіп...
Аналардың ақ сүтіндей өтелген:
Көбеген боп көк тасты да көтерген.
Ақтай болып аюменен алысқан,
Зайсанов боп аспанменен табысқан...
Бұл өлкенің шежіресі күй сынды,
Бозінгендей боздап жырдан исінді...
Имашхан мен Мұрат туған құт мекен,
Жусан исті топырағың құтты екен!
Абыройлы ерлер туған өлкесің,
Небір әнші,күйші елдің еркесін...
Шерікбайдай күміс көмей,жезтаңдай,
Салған әнін сағынатын ел қандай?!
Сен аталар аманатын сақтадың,
Талай жүйрік,су жорғаны баптадың...
Бестүліктің берекелі жері едің,
Молшылық пен несібенің кені едің.
Алабота,аршасы мен изені,
Қарағайы мөлдіреген түймелі.
Қоңыр кештің қойнауында қойлы ауыл,
Таратады бойға уыз,ойға нұр...
Асқар биік тауларың да өр екен,
Сенің асыл босағаң да төр екен...
Өзен-көлің өлшемі екен тұнықтың,
Ерменіңде еркіндік бар, шын ұқтым...
Шаңырағы шайқалмаған ырыс-бақ,
Сенің екі босағаңды тұр ұстап...
Қызылқайың-қыдыр дарып,бақ қонған,
Қызылқайың-Шерушіге тақ болған...
Қызылқайың-текті жұрттың мекені,
Қызылқайың-Баянтаудың етегі...

***

Барса-келмес кеткен соң бал қыз күнім,
Жалаң аяқ кештім мен жар-құзды мың.
Аршып алып аялар аппақ қардан,
Өлеңдегі өр мінез қар қызды кім?
Білетінім бітпейтін бір сарын бар-
Жалпы ішінде жалқылау жалғыздығым.
Ақиқатты айтам деп айдаладан,
Тайғақ кешіп тар жерде тайғанағам.
Пенделерден періште іздеме деп,
Ақыл айтып тұрғандай ай да маған
Байқағаным басқаша болмысым бар,
Қамсыз қарын тойғызған қайманадан.

***

Соңымыздан сөз ереді жүйесіз-
Көзсіз соқыр,киесіз.
Шам ұстаған көлеңкесі жаланың
Жезөкшедей жағып алып далабын-
Небір сұмдық қауесеттен тұратын,
Бетпе-бетте сенен қашып бұғатын,
Өсегінің өлексесін сүйрелеп,
Қиянатқа қиянатшыл күйлемек...
Тобыр менің ұға ала ма жанымды?
Мен тобырға бола алам ба жағымды?
Əй,қайдам-ау бұл бір тағдыр өрмегі,
Бұдан азат тек ақындар көрдегі,
Тобыр əділ болса қайда Томанов?
Өтежанға бола алмаған қоғам құт.
Мұқағали,Төлегеннің тіріде,
Кəдіріне жете алмаған бірі де.
Мен де бір күн бұл жалғанның түнегін,
Тіліп өтіп құс жолына сіңемін.

***

Хат жазыңдар!
Хабарласып тұрыңдар!
Мен жазайын жақсы əсермен жырымды əр
Əр тілекте дұғасы бар тəңірдің,
Əр жүректе кісінеген құлын бар...
Хат жазыңдар!
Хат күтемін шынайы...
Бұл жалғанның алмасады күн, айы,
Қорға мені ақындардың аспаны,
Қорға мені,махаббаттың құдайы.
Хат жазыңдар!
Хатқа жауап жазамын...
Туған елім,Моңғолым мен Қазағым.
Алты алаштың ұранындай асқақпын,
Алтайымның бұлағындай тазамын.
Хат жазыңдар!
Хат жазыңдар адамдар,
Өтті-кетті небір уақыт,замандар...
Бар болғаны жақсы емес пе сен үшін,
Бауыр,досың,махаббатың алаңдар!
Хат жазыңдар!
Хат жазудан жалықпа!
Адам жаны талпынады жарыққа...
Тек пенденің ниетінде пейіш те,
Тек пенденің ниетінде тамұқ та.

***

Датым бар менің
Саған да!
Хатым бар менің
Ғаламға.
Ақын боп келдім
Өмірге,
Айнала алмай
Адамға.
Жатыңды көрдім
Жақыннан.
Татыңды көрдім
Татырдан...
Шындығың қайда
Ей,өмір?!
Шықпаған ба əлі
Жатырдан
Жалқылық па еді
Көрерім?
Жалғыздық па еді
Көнерім?
Ниетім адал, ісім ақ
Өлтірмес мені
Өлеңім.

***

Бөрік шың,
Бөрте иықты, бөктері өлең.
Көзіме,
Көрінші бір көк керегем.
Қасыңнан,
Қалай ғана алыстадым,
Өр Алтай,
Өзегімнен теппеген ең?!
Туған жер,
Тұма бұлақ,тұмар мекен,
Өзіңде,
Өсіп шыққан шынар бөтен.
Қайырылып,
Қайта айналып барар болсам,
Құшаққа ап,
Құса төгіп жылар ма екен?!

***

Түтіні түзу ұшқан қара мекен,
Тұған жер - анам әкем екен, анам екен.
Болса егер жер бетінің жер жаннаты -
Өзіңді сол жәннатқа балап өтем...
Ата - бабам сүйегі жатқан жұртым,
Өзендері өлең боп аққан жұртым.
Тілекшім боп әрқашан алыс кетсем,
Ғұмырымның жұлдызын жаққан
жұртым...

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616