Сәрсенбі, 29 Сәуір 2026
Әдебиет 79 0 пікір 29 Сәуір, 2026 сағат 14:10

Борхес пен Хуан Рульфо арасындағы ықтимал сұхбат 

Сурет: wikipedia.org сайтынан алынды.

Борхес 1973 жылы Мәксико қаласына сапар шекті. Ол өз сөзімен айтқанда, «мейірімсіз ресми қабылдаулардың» бәріне дерлік қатысуға келісім берді.

Аргентиналық жазушы Мәксикаға барған сәтінде өзі түскен үй иелеріне бір өтініш жасапты. Оның Хуан Рульфомен сөйлескісі келіпті. Сөйтіп екеуін таңғы аста кездестіру ұсынылады.

Бірақ Борхес:

– Кешіріңіздер, мен үшін таң – ауыр мезет. Кешкілік жаныма әлдеқайда жақын. Мен таң мезгілінде күш-қуатым ала алмаймын. Мен Рульфомен тек кеште сөйлескім келеді, – дейді.

Осыдан ары екеуінің сұхбаты жалғасыпты...

Хуан Рульфо:

– Ұстаз, бұл мен – Рульфо. Сіздің келгеніңіз қандай жақсы болды. Сізді қаншалықты құрметтейтінімізді білесіз ғой.

Борхес:

–Ақыры кездестік-ау, Рульфо. Менің көруім нашарлады.  Ел аралағанда ештеңіені көре алмаймын, бірақ пікірлестерімінің дауысын ести аламын. Мұнда маған деген жылы сезімді естіп тұрмын. Бірақ мені «Борхес» деп те, «ұстаз» деп те атамаңыз. Мен – Хорхе Луиспін.

Рульфо:

– Қандай жақындық… онда сіз мені Хуан деп атаңыз.

Борхес:

– Мен бір нәрсені мойындайын. Маған «Хуан» деген атау «Хорхе Луистен» бетер ұнайды. Ол қысқа әрі анық естіледі. Қысқалық әрқашан менің талғамымда болған.

Рульфо:

– Жоқ, бұлай болмайды. «Хуан» деген кез келген адам болуы мүмкін. Ал «Хорхе Луис» – тек Борхес қана.

Борхес:

– Сіз әрдайым ізеттісіз. Айтыңызшы, соңғы кездері қалай өмір сүріп жатырсыз?

Рульфо:

– Мен бе? Мен… өліп бара жатқандаймын. Әр жерде, әр сәтте сондай күй кешемін.

Борхес:

– Онда сіз жаман емес өмір сүріп жүрсіз деген сөз.

Рульфо:

– Қалайша олай дейсіз?

Борхес:

– Ойлап көріңізші, егер біз мәңгі өмір сүрсек, бұл қандай бақытсыздық болар еді. Адам онда үнемі өліп бара жатқан күй кешіп, өзін тірі сезінер еді.

Рульфо:

– Иә… ол рас. Онда адам өлімді күнделікті тіршіліктің бір бөлігі ретінде қабылдар еді.

Борхес:

– Мен сізге бір құпия айтайын. Менің атам – генерал,  ол Борхес деп аталмаған, оның шын есімі басқа болған, бірақ ол құпия күйінде қалды. Кейде мен ол кісінің аты Педро Парамо болған шығар деп ойлаймын. Сонда мен – сіз жазған Комала туралы адамдардың титтей жаңғырығымын.

Рульфо:

– Онда мен енді тыныш өле берсем болатындай.

Ағылшын тілінен аударған Дүйсенәлі Әлімақын

Abai.kz

0 пікір