Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 3488 18 пікір 13 Қаңтар, 2023 сағат 13:32

Назарбаев отбасының мүліктері тәркілене ме?

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар «Тұңғыш Президент – Елбасы» туралы «Конституциялық Заңның күші жойылды деп тану» туралы Конституциялық заң жобасын қолдап, бірауыздан дауыс берді. Заң жобасы мақұлданды.

«Конституцияға енгізілген өзгертулерге сәйкес Тұңғыш Президент - Елбасының мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады деген норманы көздейтін Конституцияның 46-бабы 4-тармағы алынып тасталды. Қазақстанның демократия мен плюрализмге бет алып, терең саяси трансформация жасау кезеңінде, жеке топтардың  билікті меншіктеуге жетелейтін қандай да бір тетіктерге жол бермеу маңызды.Сондықтан Мәжілістің бір топ депутаттары халықтың басым көпшілігінің сұранысын ескере отырып, аталған заң жобасын ұсынды», - деді депутат Ерлан Саиров.

Бұған дейін Конституциялық сот «2022 жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумда білдірілген, Қазақстан Республикасының Конституциясынан 46-баптың 4-тармағы мен өзге де нормаларды алып тастау туралы Қазақстан халқының еркіне негізделе отырып, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Конституциясында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының Қазақстан Республикасында қолданылатын құқықта сақталуына құқықтық негіздер жоқ деп тану қажет, осыған байланысты оның күші жойылды деп танылуға жатады», - деп қаулы шығарған еді.

Парламент отырысынан шыққан  Әділет министрі Азамат Есқараевқа «Елбасы мәртебесі туралы заң бойынша бұрынғы президенттің отбасы мүшелерінің жеке мүлкіне қол сұғуға болмайтын еді. Заң күшін жойды, енді Назарбаевтың туыстарының есепшоттарына бұғат қойыла ма?»,- деген сұрақ қойылды.

«Тиісті тұжырым жасауларыңызға болады», - деді Әділет министрі.

«Назарбаев пен оның отбасына тиесілі байлық пен қорларға қатысты шаралар қолданыла ма?», - деген сұраққа министр президент туралы Конституциялық заңда экс-президенттер үшін мұндай кепілдіктер көзделмегенін айтты.

«Егер оның мүлкі заңсыз рәсімделсе, оны қайтаруға бола ма?», - деп сұрады журналистер.

«Егер құқық қорғау органдары тексеріп, осындай байламға келсе, онда заңды шаралар қабылдауы тиіс», - деді ол.

Алайда, Әділет министрі Назарбаевтың қандай байлығы барын білмейтін болып шықты. «Біз оның тізімін жасаған жоқпыз», - деді ол.

Vlast.kz-ның жазуынша, OCCRP зерттеуі Назарбаевтың қандай қазынасы барын паш еткен болатын.

Құны 100 миллион доллардан асатын жеке ұшақ, банктер мен телеарналар, миллиардтаған доллар қолма-қол ақша, Қазақстандағы ең сәнді қонақ үйлер, көптеген сауда орталықтары мен гольф алаңдары, кішігірім нысандар ішінде қоймалар мен макарон фабрикасы бар. Біраз бұрын бұл тізімде тіпті абаттандыру компаниясы да болған.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның айтуынша, Назарбаев туыстарының қылмысы анықталса, ол Конституциялық сот дәрежесінде шешімін таппақ.

«Назарбаевтың туыстарын бұрын прокуратура тексере алмайтын. Ал қазір олар «сіз бен біз» сияқты қарапайым азаматтар. Бүгін біреуді көлікпен қағып кетсе, жауап береді. Ал ол қылмыстар бұрын жасалса, Конституциялық сот дәрежесінде шешу керек», - деді депутат.

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5443