Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3207 0 пікір 18 Наурыз, 2013 сағат 04:47

Өмірзақ Ақжігіт. Дін мәселесі – мәселе біткеннің жауаптысы

«Ерден ердің несі ертық?

Ептестірген ісі артық!»

Бөлтірік шешен

 

«Елім, жұртым» дейтін жанның бәрінің кәзір көкейінде жүрген ауыр мәселенің бірі - ол қазақ арасындағы діни ахуалдың сын көтермейтіндігі. Халқына жаны ашитын, оның келешегіне бей-жай қарай алмайтын азаматтардың өз пікірін, ұсынысын, талап-тілегін айтуы - заңдылық. Екі рет муфтилеріміздің қалың көптің ойынан шықпағандығы елдің  көңілін күпті еткен жайы бар. Күдік көп, дегенмен үміт басым. Күдіктің көп болатыны - бұл Құрылтайдың да Қазақстандағы соңғы жиырма жылдағы барлық мемлекеттік-қоғамдық іс-шаралар сияқты кезекті спектаклдің бірі болып шыққандығы, муфтилік лауазымға кімнің «сайланатындығы» жұрттың бәріне аз дегенде бір ай бұрын белгілі болғандығы. Рас, бұған жаңа бас мүфтидің еш кінәсі жоқ, ол енді өзін ұсынып отырған «Үлкен үйдегілерге» «мен ондай киелі орынға шынайы сайлау арқылы ғана барамын, әйтпесе бармаймын» деп шарт қоя алмайды ғой...

«Ерден ердің несі ертық?

Ептестірген ісі артық!»

Бөлтірік шешен

 

«Елім, жұртым» дейтін жанның бәрінің кәзір көкейінде жүрген ауыр мәселенің бірі - ол қазақ арасындағы діни ахуалдың сын көтермейтіндігі. Халқына жаны ашитын, оның келешегіне бей-жай қарай алмайтын азаматтардың өз пікірін, ұсынысын, талап-тілегін айтуы - заңдылық. Екі рет муфтилеріміздің қалың көптің ойынан шықпағандығы елдің  көңілін күпті еткен жайы бар. Күдік көп, дегенмен үміт басым. Күдіктің көп болатыны - бұл Құрылтайдың да Қазақстандағы соңғы жиырма жылдағы барлық мемлекеттік-қоғамдық іс-шаралар сияқты кезекті спектаклдің бірі болып шыққандығы, муфтилік лауазымға кімнің «сайланатындығы» жұрттың бәріне аз дегенде бір ай бұрын белгілі болғандығы. Рас, бұған жаңа бас мүфтидің еш кінәсі жоқ, ол енді өзін ұсынып отырған «Үлкен үйдегілерге» «мен ондай киелі орынға шынайы сайлау арқылы ғана барамын, әйтпесе бармаймын» деп шарт қоя алмайды ғой...

Үміттің басым болатынының басты себебі - мүфтидің жас екендігі. Шетелде көп жыл оқып келгендігі. Қалай болғанда да болар іс болды, бояуы сіңді. Ержан мырза құрылтайда өзі айтқандай, «мойнына ауыр жүкті  артты». Ендігі әңгіме - сол міндетті абыроймен атқаруда. Біз дінтанушы адам болмағандықтан өз алдына шеті-шегі жоқ тұтас бір әлем болып табылатын  исламның діни жағына тереңдемей-ақ, мәселенің адамилық, қазақилық жағын ғана сөз етіп көрейік.

Бірден атап өтер нәрсе, «қанша көп білгеніңмен көптен артық білмейсің», «құлдан да бір құзыр» дейді қазақ. Демек, әрбір нақты ұсыныс, пікір сараланып, еленіп, екшеленіп отырса ғана халық пен діни басқарма арасында тығыз байланыс орнамақ. Тығыз байланыс қана оң нәтиже бермек.

Оның үстіне, саясат мәселесі болсын, дін мәселесі болсын, тіл мәселесі (әліппе) болсын, тіпті «қай мәселе болса да «ешкі сойса да қасапшы сойсын» деген сөз бар, бұл мәселені мамандар шешеді, басқалардың оған араласпағаны абзал» деген пікір әр жерде-ақ қылаң беріп қалады. Бір қарағанда абсолютті дұрыс болып көрінетін бұл ойдың астарына үңілсек, оның ары барғанда жартылай ғана жөн екенін көреміз. Себебі, мемлекет пен қоғамдағы қолға алынар кез келген бастама, реформа, жаңалық, барлығы да түптеп келгенде халық үшін. Шешім негізінен мамандардың, ғалымдардың ой-тұжырымы арқылы жасалатын болғанымын, оның жақсылығының да жемісін жейтін, жамандығының да азабын тартатын ең бірінші кезекте сол қарапайым халық болмақ. «Соғыс деген аса жауапты мәселе, сондықтан оны тек әскерилердің еншісіне беріп қоюға болмайды» деген даналық сөз дәл осы себепті шыққан деуіміз керек.

Ал, біз дін мәселесі соғыстан да ауыр, тіпті адамзат атаулыға қатысты барлық мәселе біткеннің ішіндегі ең жауаптысы дер едік. Өйткені, бұл жерде басқалармен салыстырғанда бірден байқала қоймайтын кішкентай, бірақ аса маңызды айырмашылық бар, ол - діннің, яғни сенім-нанымның  адамның санасына емес, түпсанасына қатыстылығы, ал түпсананың санаға үстемдік құратындығы. Санадағы ақылды түпсанадағы сезімнің билейтіндігі. Сол себепті де сүйіспеншілік сезімі өлетінін біліп тұрған адам баласын кеудесімен пулеметтің аузын жабуға, беліне бомба байлап өзін-өзі жауының ортасына апарып жарып жіберуге жеткізетіндігі.

Дәл осы тұрғыдан алғанда мемлекет ешуақытта діннен бөлек бола алмақ емес. Мемлекеттің де, қоғамның да басты күші адам екені рас болса, оның діни сенім-нанымы да онымен бірге ғой. Адамды қалайша оның нанымынан бөлек қарастыруға болады? Оның солай екенін мойындаған елдер өзін де, өзгелерді де жаңылыстырмайды, Ұлыбритания секілді «патшайым (королева) -  мемлекеттің ғана емес, ағылшын шіркеуінің (дінінің) де ресми жетекшісі болып табылады» деп, өмірдің ақиқатын заң жүзінде рәсімдеп қояды. Батыстың АҚШ, Франция, Германия секілді басқа ұлы елдері де сөз жүзінде дәл ағылшындар тәрізді ашық жазбағанмен, іс жүзінде әлгіндей ұстанымнан қылдай тайып көрген емес. Рас, сіздің өз дініңізді ұстануыңызға айқын қарсылық жоқ, тіпті жағдай да жасалған деуге болады, бірақ, сізге мешіт ашу немесе басқалай ғибадатхана салу кедергісіз жүзеге аса қоймайды. Бірінші орында - ағылшын шіркеуі (діні), немесе протестант яки католик діні. Және, бұл барынша әділетті да адал саясат, оның негізінде сол мемлекеттің негізін құраған ұлттың мүддесін қорғаушылық жатыр.

Ендеше, біз де өз мүфтиіміздің ислам дінін, оның ішінде ханафия мазхабын бар жан-тәнін салып қорғағанын көргіміз келеді. «Бір ұлт - бір тіл, бір ұлт - бір дін!» деген адамзаттық асыл қағидаға сай қазақ халқының бүгінгідей дінде алтыбақан, алауыз емес, бұрынғыдай өзінің дәстүрлі жолын қайта табуына ықпал етуші болғанын жанымыз қалайды. Өзге жолдың бәрі - ұлтты өлімге апарар жол. Басқаны білмейміз, осы мақала авторы үшін еліміздегі ислам дінінің басшысының рөлі елдің басшысының рөлінен жоғары. «Ойбай, екеуін салыстырып не керегі бар?!» деп шошынудың қажеті жоқ. Бұл ой көзі тірісінде-ақ «қазақ халқының рухани көсемі» атанған Ахмет атамыздың «тіл жоқта - діл жоқ, діл жоқта - дін жоқ, бұл үшеуі жоқта - ел жоқ!» деген  сөзінен туындап отыр. Ошақтың үш бұты секілді үш ұстынның біреуі ақсап жатса, соның салдарынан елдің жойылмағы күн санап қиялдан шынға айналып келе жатса, дін басының рөлі асқақтамағанда қайтеді?

Біздің ұлтымыздың өкілдері қайшы тигізбей қаба сақал қоймаса, беті-қолын тұмшалап хижап кимесе мұсылман болып саналмай қала ма? Неге олар мешітте саптың сәнін бұзып, Пайғамбарымыз (с.у.ә.) аманат етіп кеткендей иық тірестіріп тұруға мүмкіндік бермей, кешіріңіздер, шаптыруға ыңғайланған мал секілді талтайып тұрулары тиіс? Неге мұсылман қазақтың сырт көрінісі көз сүйсінетіндей сыпайы, әдемі көрінбей, адамды жиіркендіретіндей сұмпайы болуы керек? Өзіміз көзін көрген, сонау «Некалайдың заманында» білім алған ғұлама аталарымыз айнаға қарап, сақалдарын қайшымен басып отырушы еді ғой? Сонда олар шала мұсылман болған-дағы, бүгінгі білімі жоқ, үйіндегілерге шелпек пісіртпейтін, әруақтарға иіс шығартып, құран бағыттаттпайтын, әке-шешесіне музыка тыңдатпайтын, теледидар көрсеткізбейтін жас балалар шынайы мұсылман болып шыға келгені ме?

Айтпақшы, сол аталарымыздың көзі тірісінде біздің бойжеткен әпкелеріміз басына үкілі тақия, үстіне қынама бел қамзол киюші еді. Тамағы мен қолы білезігінен жоғары жарқырап ашық жүретін. Неге? Өйткені, ол қыз бала, жігіттердің көзі оның ителгінің тамағындай бүлкілдеген әппақ тамағына, («Аққу мойын, ақ тамақ, қара қасты, көріп ең ондай сұлу бұдан бұрын!?» Абай), «жұп-жұмыр жас баланың білегіндей әппақ» (Ақын Сара) қолына, құмырсқа беліне, аршын төсіне түсуі тиіс, қыз қызықтыруы, келбетімен болмаса да сымдай сымбатымен, солқылдаған шыбықтай бәденімен бозбаланы өзіне тартуы тиіс.

Дегенмен, дана қазақ, жаны нағыз туабітті демократ қазақ бәрін ойластырған -  тұрмысқа шыққан қыздың киімі күрт өзгеретін. Енді қамзол қынама бел болмайды, тіке түседі. Қыздың басына желек салынады. Сөйтіп, әппақ тамақ, қыпша бел сырт көзден жасырылады. Не үшін бұның бәрі? Себебі, ол енді біреудің басыбайлы әйелі, өзге жігіттерді бұрынғыдай өзіне тартуға болмайды, олай ету әдепсіздік, көргенсіздік, арандатушылық болып шығады. Сәбилі болғаннан кейін желектің орнына кимешек киіледі. («Желегі түспеген жас келіншек» деген сөз содан айтылған). Кимешек оның мәртебесі жоғарылағанын, жай әйелден ана қатарына көтерілгенін білдіреді. Әрі кимешек баланы емізуге ыңғайлы, келіншектің көкірегін жауып тұрады. (Бұдан 15 жылдай бұрынғы бір көрініс әлі көз алдымда. Ауылдағы молданың үйіне мінәйі себеппен бара қалдым. Келін шай әкелді. Бір кезде кішкентай баласы жылап еді, орыстың ішінде өскен келін  баласын алдына алып, торсықтай әппақ емшегін шығарды да, бізге қарама-қарсы отырған күйі, түк болмағандай шәй құюын жалғастыра берді. Елуден енді асқан молдекең шәй жиналғанша басын жерден көтере алған жоқ... «Тәрбие көрмеген!» деп қазақ осындайларды айтады).

Біздің мүфтиіміз осының бәріне бәтуа шығара алатын, қамырдан қыл суырғандай етіп, елдің басын біріктіре алатын тұлға болуы керек деп ойлаймыз біз. Әрине, ең алдымен, сол діннің, діни басқарманың айналасындағы әртүрлі бағыттағы топтардың өзінің басын бір арнаға тоғыстара алмаса, біздің болашағымыз бұлыңғыр.  Жалпы, дін адам үшін бе, адам дін үшін бе? Біздіңше, біріншісі. Себебі, Алла-Тааланың жаратқан он сегіз мың ғаламының ішіндегі ең абзалы - адам баласы. Дін, оның ішінде ислам діні адам баласын біріктіруге жұмыс істейді. Ол сонда ғана - дін. Ірітуге жұмыс істеу - әзәзілдің жолы. Біз, әсіресе бүгінгі таңда, қай нәрсе қазақтың басын құрауға, сүттей ұйытуға жұмыс істейді, сол нәрсеге ғана қызмет етуіміз керек. «Зачем нам дорога, если она не ведет к храму?» деген ұлағатты сөз бар.

Демек, басымыз бірікпей жатса, оған дін-ислам кінәлі емес, оның ішіндегі «храмға» апаратын өз жолымызды, ұлтымызға тән өз орнымызды таба алмай жүрген өзіміз кінәліміз. Ақындар айтқандай: «Кінәміз таудан үлкен, кішкене емес». Ең бірінші кінәміз - 1992 жылы 15 қаңтардағы (ойпырмай, қайда асықтық, қандай жау қуды бізді десеңізші!) діни сенім жайлы қабылдаған алғашқы заңымыз. Оның обал-саубын сол кезде барлық шайтани секта, ағымдарға есік-тереземізді айқара ашып тастаған дүмбілез заңды қабылдаған жандар көтерер... Бірақ, бүгінгі заңымыз да жетісіп тұрған жоқ - бұнда да «миссионерлік қызмет» деген 7 тармақтан тұратын тұтас бап бар. Ал, дәл қасымыздағы алып Ресейдің заңында ондай бап тұрмақ «миссионер» деген сөз жоқ. Миссионер деген кім? Біріншіден - дін таратушы. Ал, біз дін тарататындай дінсіз халық па едік? Жоқ, керісінше, ислам жерімізге жетерден жүздеген жылдар бұрын-ақ көкте Жаратушының біреу ғана екенін түйсінген, соған ғана табынған халықпыз ғой. Екіншіден, миссионер, басты мағынасы да осы  - «үстем шіркеу басқа діндегілер арасында өз дінін наихаттау үшін жіберетін адам». (http://sozdik.kz/ru/hash/73b036dbf/). Демек, ертеңгі болашағымыздың тамырына балта шабатын бұндай шала заңның қабылдануы бүгінгі жүрген бәріміздің кінәміз. Біріміздің кінәміз үлкендеу, екіншіміздікі - кішілеу... Енді бәріміз болып жабылып, сол сияқты қателерді жөндеуіміз, етек-жеңімізді жиюымыз, жыртық-тесігімізді бүтіндеуіміз қажет. Бірінші кезекте Діни басқарманың, оның тізгінін ұстаған бас мүфтидің белсенділігі қажет.

Шешімін күтер істің көптігі сондай, бәрін бірдей тізіп шығудың өзі оңай емес. Бір саясаттанушы баурымыз бүкіл түркі әлемінің басын біріктірер «Алашия жамағатын» құруымыз қажет» десе, бір дінтанушымыз «бәрінен бұрын жамағатшылдықпен күресу қажет!» дейді. Бірінші азаматты айыптау қиын, өйткені біз үйде отырып әлемнің қамын жейтін көпшіл халықпыз, ол әдет біздің қанымызда бар. Дегенмен, ең алдымен дін мәселесінде өз үйімізді жөнге салып алайықшы. Соны ретке келтіріп алмай тұрып, «әлемдік діндердің басын біріктеріміз» деген сияқты сырт жұрт күліп жүрген жалған атақ, арзон абыройға қызығушылық деген жаман дағдыдан арылайықшы. Өз елімізде темірдей берік, бірі бәрі үшін, бәрі бірі үшін отқа түсуге дайын тату жамағат құрып алайық, әне, сонда қалған жұрт үлгі-өнегемізді үйрену үшін бізге өздері-ақ келеді. Өзіміз дуанамыз, кімге пір болғандаймыз?..

Ал, бұндай нәтижеге біз қай уақытта жетеміз? Имам атаулыларымыз пенделешілікке салынатын  біздерге жаны да, ары да, қолы да тазалықтың үлгісі болудан жарты сүйем таймайтын кезде. Олар тек терең білімді ғана емес, білімін орнымен қолдана алатын, айтыста - от тілді, орақ ауызды шешен, істе - алмас қылыштай өткір көсем болған кезде. Ондай имамдарды қайдан табамыз? Имамдар адал бәсеке, ашық байқау-сайыстарда шыңдалып, шынайы сайлау арқылы іріктелген кезде.  Осындай кіл сайдың тасындай, «сен тұр, мен атайын», ойлағаны өзінің мансабы емес ұлтының болашағы, әр қайсысы жүзге, мыңға татитын имамдарды айналасына жиюға мүфтилеріміз «ертең орнымды алып қояды» деп қорықпайтын, керісінше соған құштар, құмбыл болған кезде. Құрдымға кеткелі тұрған Американы кезінде құтқарып қалған Франклин Рузвельт айтқандай: «Мен елдегі ең ақылды жігіт емеспін, бірақ, елдің ең ақылды, іскер, білімді деген жігіттерін жаныма жинауға менің ақыл, жігерім жетеді» дейтін дәрежедегі Тұлға болған кезде.

Және. «Мемлекет ісінде ұсақ-түйек болмайды» депті Ленин деген бір данышпан. Дінде оның маңызы тіпті жоғары. Ең ақыры, таңертең азан шақыратын азаншының даусы мұсылман тұрмақ дінсіз кәпірдің өзін, мұсылманның ата жауының өзін әсем әуезді үнімен еріксіз құлақ қойып тыңдаттыратын, оның жан-дүниесін баурап алатын, «ұйқысы құрсын, мына дауысты тыңдай түсейінші!» дейтіндей болған кезде...

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5420