Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3173 0 пікір 24 Қаңтар, 2023 сағат 12:58

Отқа оранған Құран. Ашулы Ердоған...

2022 жылы Ресейдің Украинаға ашық агрессиясынан кейін Швеция мен Финляндия ұзақ жылдық бейтараптық позициясынан бас тартып, НАТО-ға қосылу туралы шешім қабылдады. НАТО-ға кіру үшін ұйымға мүше барлық елдер өз рұқсатын беруі тиіс. Бүгінде Швеция мен Финляндияның НАТО-ға кіру туралы құжатын ұйымға мүше 30 елдің 28 мақұлдады. Венгрия мен Түркия әлі өз келісімін бермеді. 

Венгрия соғыс басталғалы бері Ресейдің Украинаға соғыс ашқанын айыптаса да, НАТО-ның өзге елдеріне қосылып Киевке қару бермеді. Ол ЕО-ның Ресейге салған қатаң санкцияларына да қосылған емес. Түркияның өз талаптары бар. Түркия "Швеция мен Финляндия НАТО-ға мүше болғысы келсе, Түркияда қылмыскер деп танылған күрд жасақтарының өкілдерін кері қайтарсын" дейді. Скандинавия елдеріне саяси баспана сұрап, бас сауғалаған күрдтерді кері қайтаруға қоғам қарсы. Олар бұны "адам құқығының бұзылуы" деп санайды.

Түркия жалпы жиынтығы 110-нан астам қылмыскерді Түркияға депортациялауын талап етуде. Оның ішінде 80-ге жуығы Швециядан депортациялануы тиіс. Бұл талапты Швеция әлі орындаған жоқ, сәйкесінше Түркия да Стокгольмнің НАТО-ға кіру жолына кедергі жасауда.

20-қаңтарда "Рамштайнда" өткен басқосуда Түркия мен Швеция қорғаныс министрлері келіссөз жүргізді. Келіссөз аясында Швеция қорғаныс министрі 27-қаңтарда Түркияға баруы тиіс еді. Алайда 21-қаңтарда Швециядағы Түркия елшілігінің алдында саясаткер, "Қатаң курс" партиясының негізін қалаушы Расмус Палудан Құран кітабын өртеп жіберді. Ол бұл әрекетін Скандинавияға мұсылмандардың топтасуына қарсылық және Түркияның адам құқығы мен сөз бостандығына жасаған қысымына жауап деп атады.

Бұл акция Батыс әлемінде кеңінен талқыға түсті, ал Ислам елдері қарсылықтарын білдіріп жатыр. Түркияда антишведтік акциялар бұрқ ете қалды. Түркия билігі бұл әрекетті қатаң айыптап, "енді Швецияның НАТО-ға кіруі екіталай" дегенді айтуда. Швецияның Түркиядағы елшісі Стаффан Хёррстрем СІМ-не шақыртылып, оған қарсылық нотасы берілді.

АҚШ бұл әрекетті айыптап, арнайы өкілі Карин Жан-Пьер сөз сөйлеп, "Бұл әрекетті құптауға болмайды" деді. Еурокомиссия өкілі Йоханнес Барк болса Швецияға бұл акцияны жіті зерттеп, арнайы шешім шығаруды сұрауда. "Еуропада расизм, ксенофобия, діни және нәсілдік емсітуге жол жоқ. Швеция билігі осыны қаперінде ұстап, тиісті шешім шығаруы қажет", - деді ол.

Бұл акцияның Швецияға кері әсері қазірдің өзінде көрінуде. Түркия Швецияны НАТО-ға қабылдауда қатаңдық танытатынын мәлімдеді. Сарапшылар Анкара енді өзге де талаптар қойып, саяси саудада бәсін арттыра түседі дейді.

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5380