Түрік мұрасы – әлемдік аренада!

Бакуде Түрік мәдениеті мен мұрасы қорының штаб-пәтерінде «Түрік мұрасы – әлемдік аренада» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелді Қор Әзербайжан Ұлттық Консерваториясымен бірлесіп ұйымдастырды.
«Әдебиет және өнер» порталы хабарлағандай, іс-шарада 1925 жылы Парижде өткен Бүкіләлемдік заманауи декоративтік және өнеркәсіптік өнер көрмесінде түркі мәдениетінің көрнекті өкілдерінің салтанатты өнер көрсетуінің 100 жылдығы аталып өтті.
Бұл көрме ХХ ғасырдың бірінші жартысында декоративтік өнердегі «арт-деко» ағымына атау беріп қана қоймай, түркі халықтарының мәдени жетістіктерінің танылуына да маңызды платформа болған еді. Дәл сол жерде Түркі дүниесінің бірегей мәдени мұрасы алғаш рет әлемдік аренада таныстырылды. Көрмеде түркі халықтарының өнер қайраткерлерінен құралған делегация, соның ішінде көрнекті мәдениет өкілдері 11 концерт өткізді: аңызға айналған әзербайжан әншісі Шөвкет Мамедова, өзбек әншісі Қари-Якубов Мұхитдин, жарқын биші Тамара ханым, қазақ әншісі Әміре Қашаубаев және Башқұртстаннан келген қурай орындаушысы Юмабай Исәнбаев сахнаға шыққан.
Іс-шараны кіріспе сөзімен Түрік мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова ашты. Өз сөзінде ол мәдени мұраны сақтау және оны жас ұрпаққа жеткізудің, заманауи түркі дүниетанымын қалыптастыру арқылы ортақ түркі санасының дамуы мен эволюциясының Қордың негізгі миссиясы екенін атап өтті.
Ол мәдениет пен рухани құндылықтардың түркі халықтарын біріктіретін, өзара түсіністікті күшейтетін және оларды жарқын болашаққа бастайтын көпір екенін ерекше айтты.
Ақтоты Рахметоллақызы рухани құндылықтарды дамыту мен байыту үшін ағартушылық жобаларды жүзеге асырудың, бірлескен күш-жігер танытудың аса маңызды екенін атап өтті. Мұндай бастамалар мәдени дәстүрлер мен өзіндік болмысты сақтауға үлес қосып қана қоймай, ғылым, білім және шығармашылық салаларында ынтымақтастық үшін кең мүмкіндіктер ашады.
Одан кейін Әзербайжан Ұлттық Консерваториясының ректоры, профессор Камилә Дадашзаде сөз сөйлеп, ортақ жобаның маңызын ерекше атап өтті. Ол Қордың қызмет еткен уақытында Түркі әлемінің дамуына елеулі үлес қосқанын, мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған ауқымды жобаларды жүзеге асырғанын жеткізді.
Дөңгелек үстелдің мақсаты – осы оқиғаның тарихи маңызын айқындау, түркі мәдениетінің және түркі халықтарының кәсіби орындаушылық мектептерінің ұлылығын паш ету болды.
Қатысушылар Париж көрмесінің ХХ ғасырдағы өнердің дамуына әсерін және оның бүгінгі өзектілігін талқылады. Ұлы ұстаздардың есімін мәңгі есте қалдыруға, олардың шығармашылығын насихаттауға, осы дәстүрлерді жалғастырып, Түркі әлемінің әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерін сақтап, дамытуға атсалысып жүрген жас орындаушыларды қолдауға ерекше назар аударылды.
Іс-шарада сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Хореография академиясының ректоры Бибігүл Нүсіпжанова, Өзбекстанның Мәдениеттану және Материалдық емес мәдени мұра ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Ирада Дадажанова, Башқұртстан мемлекеттік өнер институтының кафедра меңгерушісі, Мемлекеттік Қурайшылар одағының төрағасы Артур Қайсаров және басқа да қатысушылар сөз сөйледі.
Түрік мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова шарадан кейін журналистерге берген сұхбатында биылғы жылдың бүкіл Түркі әлемі үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Дәл жүз жыл бұрын, 1925 жылы ұлы Париж көрмесінде көрнекті мәдениет қайраткерлерінің салтанатты өнер көрсетуі өтіп, тарихта ұмытылмас парақ ашылды. Бүгін, бір ғасыр өткен соң, Әзербайжан, Қазақстан, Өзбекстан, Башқұртстан музыка зерттеушілері мен ғалымдары қайта бас қосып, ата-бабаларының дәстүрлері әлі де шабытпен жаңғырып, ұрпақтарды әрі бүкіл Түркі дүниесін біріктіріп отырғанын дәлелдеп отыр.
Abai.kz