Сенбі, 23 Қараша 2024
Анық-қанығы 3494 0 пікір 24 Қаңтар, 2023 сағат 13:37

Ресейді ел еткен - немістер!

Еуропа өркениеті орыс халқы, жалпы орыс мемлекетінің қалыптасуы үшін көп еңбек сіңірді. Мен "орысты орыс қылған Еуропа, батыс өркениеті" деп сенімді түрде айта аламын.

Егер тарихта бұрын Еуропа украинға немесе қазаққа сондай жәрдем қылса, бұл екеуі де тап Ресей секілді империя құрып алатын еді.

1420 жылы Қырым ханы Мұқаммет Керей московиттер еліне жорыққа шықса керек. Оны естіген Мәскеу князі Василий қорқып қаладан қашып шығып, бір ауылдағы мая шөптің астына тығылып жан сақтапты. Мұқаммет Керей орыс қалаларын шетінен қырып, 800 мың орысты құлдыққа айдап әкетіпті.

Сол жорықта Рязань түбіндегі орыстың бір қала жұрты қамалға бекініп тұрып алыпты. Мұқаммет Керейдің көшпенділер әскері қалаға жақындап келгенде қаладағы бір Иоганн деген неміс шығып "я өлдік, я қалдық, басқа амал жоқ" деп оларға қарсы зеңбіректен оқты гүрс еткізгенде, көшпенділердің аты үркіп басын ала қашып, хан әскері тарқап кетіпті. Қалалықтардың сөйтіп жаны қалыпты.

Оны кейін естіген княз Василий шөптің астынан шығып әлгі немісті мақтап, оған бақыр тиын ұстатып, марапаттапты. Бұл оқиғаны мәңгі есінде сақтап қалған московиттер кейін көшпенділердің жанды жерін тауып алып, сол зеңбіректі бізге кезеніп отырып бәрімізді жаулап алғандай болды. Бұл оқиғадан соң московит княздері Еуропадан небір неміс зеңбіректерін аттай қалап алдырып, дауысы жер жаратын зеңбіректер жасататын көрінеді.

Жалпы орыс тарихын қарап отырсам, өте көп неміс көремін. Асты-үсті толған байлық Сібірді орысқа алып берген де қаптаған неміс. Зерттеген де неміс.
Орыс тарихының атасы — Герхард Фридрих Миллер дейді. Ол тарих пен география академиясын орысқа қалап берген адам. Сібірде қандай өсімдік өседі, металы бар, қандай халықтар тұрады, тілі, діні, бәрін хаттап берген.
Және жазғанда бұл пысық немістер бәрін тәптіштеп адамзат баласы үшін көп мағлұмат тастап кетті.

Гмелин, Мессершмидт, Стралленберг, Паллас, Беринг осы қаптаған неміс жата жастана зерттеп Сібірді орысқа игеріп берді десе болады. Шахтасын да салып берді, байлығын да одан тонналап шығарды. Біздегі Риддер қаласы да содан қалған бір із. Ол да Филлип Риддер деген неміс келімсектерінің бірі.
Немістер әскерін де құрып берді. Орыс патшаларының әскербасы, генерал губернаторлары да толған кіл неміс — фон Кауфман, фон Миних, Швабер. Тіпті орысқа біздің Махамбетті де талқандап берген Гекке деген полковник неміс екен.

Екатерина, Елизавета деген орыстың неміс патшайымдары тұсында Ресей әскери канцеляриясы, академия, жалпы ғылыми орындардың бәрінде немістер отырған екен, орыс қоғамы ол кезде қатты немістенген көрінеді. О заман орыс қалаларында тұтас неміс слободалары орналасып, патша шақыртуымен Еуропадан мыңдаған еуропалықтар көшіп келеді екен.
Анау орыстың ұлы ғұламасы делінетін Ломоносовтар ол кезде тек осы Миллердің балағына жармасқан көп күндестің бірі ғана бопты. Орыстың ана бергі Лениндерін де кезінде неміс барлау қызметі қалтасына қаражатын басып, қаруландырып бер жаққа жіберген болатын. Соған орекең жетпіс жыл сиынды.

Иә, кезінде осы орысқа империя құрып берген Еуропа болатын. Сол есікті Путин тарс еткізіп жапқандай болды. Енді батыс елдері қазір Украинаны қолға алуда. Осы уақытқа шейін көлеңкеде жүрген байғұс Украинаға сүйеу болуда.

Не көрмеген Украина еді бұл...Кезінде Лермантов, Толстой сынды орыс классиктеріне дейін украин тілін "малоросский говор, наречие" деп менсінбей жоғарыдан төмен қарай отырып жазған еді кітаптарын. Тұтас ұлт пен оның тілін солай жоққа шығара салатын.

Шын мәнісінде Украин тілі ескі киевтік славян тілдерінің бірі, таза славян мовасы еді. Кезінде осы Украин тіліне тиым салмаған орыс патшасы болмаған екен. Орыс билігі ғасырлар бойы украин тілімен күресіп келіпті, бергі Совет заманына шейін күресті. Бірақ бұл мовасын жаны сірі украин халқы орыспен жағаласа отырып сақтап қалды, бүгінде соның арқасында ұлт боп та сақталып отыр.

Енді бүгін осы Украинаның бағы жанып Еуропаның қолдауына толық ие боп отыр. Орыстың басынан бағы тайды, заман өзгеруде. Ендігі шығыс Еуропаның маңызды, беделді орталығы Киев қаласы болуы мүмкін.

Олжас Әбіл

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377