Сенбі, 23 Қараша 2024
Азамат 2468 9 пікір 24 Қаңтар, 2023 сағат 15:40

«Өзім қалай қуансам, жігіттер де солай қуанышқа бөленсін деймін»

Қарапайым құрылыс саласындағы жұмысшыдан білікті кәсіпкерге айналып, жұмыс орындарын ашып, Қазақстанның өркендеуіне үлес қосып жүрген қазақтың Бейсенов Ербол Аманбайұлы атты аймаңдай азаматы бар. "Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын" дегендей, құрылыс саласының майталманы бүгінде Атымтай Жомарт атанған. Қол астындағы жұмысшыларына бауырындай қамқор азамат олардың әрқайсысын үй-жаймен қамтып, көлік те әперген. Қайырымдылықпен айналысудан да құр қалған емес. Ол қазіргі таңда жылдар бойы жинақтаған тәжірибесін жастармен бөлісіп,  жол көрсетіп, еңбекке баулып жүр. Жасаған жақсылығын жарияға жар салмайтын қазақ баласының бойына біткен қарапайымдылық мінезден болар, Ербол Аманбайұлының есімі көпшілікке аса таныс емес. Сондықтан біз кәсіпкердің өмір жолы өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлгі болсын деген мақсатпен, сұхбат алуды жөн көрдік.

– Алдымен өзіңіз туралы айтып өтсеңіз.

– Мен 1962 жылы 28 қыркүйекте қазіргі Жетісу облысы Көксу ауданы Қабылиса ауылында дүниеге келдім. Туған жерімде Шағантау деген тау бар, соның бауырында аунап-қунап өстім. Отбасым, балаларым мен немерелерім бар. Алматы сәулет-құрылыс институтын бітіргенмін. Содан бері осы құрылыс саласында еңбек еткеніме 35 жыл болды. Алғаш рет «Казпищестрой» Трестіне прораб-шебері болып кіріп, сонда жұмыс істедім. Кейін «Межколхозстрой» Тресті МПМК-05 кәсіпорнының бас инженері болдым. Осылайша еңбек өтілім артып, тәжірибелі маман болған сайын, басшылық қызметтерге  тағайындала бастадым.

 

– Ал сіздің құрылыс компанияңыз «Берекет-ТК» қашан құрылды?

– Берекет – ТК-ның негізі 2005 жылы қаланған еді. Алғашқы атауы «РемБУС» болды. 2022 жылы 8 тамызда жұмысшылар күнінде жаңа атауға — «Берекет-ТК-ге» ауыстырдық. Негізгі іс аймағы  Алматы облысы мен Алматы қаласын қамтиды.

– Қазіргі уақытта нақты Алматы қаласында және облыста қанша жоба іске асып жатыр?

– Алты жоба бар. Екі нысан – Жасқанат ықшам ауданы мен Алматы аэропорты жақта екі нысан бой көтеруде. Екеуі де 9 қабатты тұрғын үй. Содан соң №122, №131, №127 мектеп және бұрынғы қазақ-түрік лицейі болған, қазір Білім инновация деп аталатын білім ордасында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған дейін 15-тен астам көпқабатты тұрғын үй құрылысын бітіріп, тапсырдық. 20-дан астам мектеп салдық.  №7 Қалалық клиникалық аурухананың, Шонжы ауылындағы 25000 тонна ет өндіретін құс фабрикасын, «КелунКазфарм» фармацевтикалық зауытын салдық. «Керуен» көпсалалы медициналық орталығының және Алатау аудандық ІІБ-нің ғимараттарын абыроймен аяқтадық. Көпбалалы отбасыларға көмек беру аясында шаһарда «Бақытты отбасы» атты көпбалалы аналарға қызмет көрсету орталығын пайдалануға бердік. Пандемия басталып, елімізде аурухана тапшылығы сезілген кезде №12 қалалық клиникалық аурухананы стационар етіп, жабдықтадық.

– Көптеген құрылыс жұмысын жүргізіп жатырсыздар. Мемлекеттен қандай қолдау бар? Тендерге қатысасыздар ма?

– Тендерге қатысамыз. Саладағы тәжірибеміз мол, салықты уақытылы төлеп отырамыз. Құжатымыз түгел. Сондықтан көп жағдайда біз талапқа сай болғандықтан тендерді ұтып аламыз.

– Қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыздар?

– Құрылысшыларды қоса есептегенде 550-ге жуық адам. Оның штатта істейтіндері жүзден асады.

– Түркістан облысы Арыс қаласында жарылыс болған кезде баспанасыз қалған тұрғындарға үй салып бердіңіздер.

– Иә, ол кезде 22 үйді жаңадан салдық. 290-ға жуық үйді жөндеуден өткіздік. Алматы қаласынан екі фирма бардық. Бірін – Сабыржан деген азамат басқарды, екіншісі – мен. Жаңадан салғанымыз бар, жөндеп бергеніміз бар, екеуміз 500-ге жуық үйді мойнымызға алып, ақырына дейін жұмысты орындадық. Апатты оқиға болғаннан кейін, өзіміз де көмек қолын созуға дайындалып жатыр едік. Бір кезде «Көмекке шақырып жатыр» деген хабар келді. Алматының әкімі «Қазақша сөйлейтін, қазақша тәрбие көрген, жергілікті халықтың жағдайын түсінетін жігіттер баруы керек» деген екен. Кейбір ірі компаниялар бармай қалды.

– Естуімше, сіздің компанияңызда ешкім орысша сөйлемейді дейді? Рас па?

– Сөйлемеуге тырысамыз

– Мынадай бір оқиғаны естідім. Жас күніңізде алғаш рет МПМК-ға жұмысқа тұрғанда айналаңыз кіл орыс болыпты. Сол кезде қиналып, «Өзім компания ашсам, бүкіл қазақты қасыма жинаймын» деп серт берген екенсіз.

– Сондай арманым болды. Алғаш жұмысқа тұрған кезде тілден қатты қиналдым.

– Қарамағыңыздағы барлық жұмысшының үйі бар ғой?

– Солай деуге болады. 10 жыл бойы еңбек еткен қызметкерімізге үй береміз. 33 үйді бердік. 4 үйді салып, дайындап қойдық. Тек әзірге суы мен газы тартылмай тұр. Кейбір азаматтарға еңбегіне қарай жүріп-тұруына көмек болсын деп автокөлік бердік. Көлік деген баяғы ата-бабамыздың мінген аты ғой. Жігіттердің балаларына мақтанышпен айтып отыратын артында бір із қалсын деймін. «Мына үйді адал еңбегім үшін тегін алдым, мына көлік еңбегім бағлаланып сыйлыққа берілген» деп ұрпағына айтады ғой.

– Мемлекеттік қолдау мәселесіне келсек. Тендерді ұтып алып, жұмысты жүргізіп отырсыздар. Қайырымдылық ретінде беріліп жатқан үй бар, басқа да нысандар бар. Оның барлығының заң жүзінде қайтарымы бар ғой. Шет-жағасын айта кетіңізші.

– Үкіметтің қаулысы бар. Егер компания басшысы қарамағындағы жұмысшыларға үй беретін болса, оны мемлекет өтейді. Бірақ ол үйлер 80 шаршы метрден аспауы керек. Біздің беріп жатқан үйлеріміз 200-300 шаршы метр аралығында. Сондықтан біз оған кірмейміз.

– Мемлекет ең құрығанда 80 шаршы метрдің ақысын қайтаратын ойы жоқ па?

– Жоқ, үйдің өзі 80 шаршы метрден аспауы керек, сол кезде ғана қайтарады. Яғни, белгіленген нормамен шектелеуің керек. Менде, мысалы, 5-6 балалы жігіттер бар. Оларға қалай 80 шаршы метрді беріп қойып отырамын. Отбасының санына байланысты 300 шаршы метрге дейін береміз. Мемлекетке еш өкпем жоқ. Тиісті марапатымызды да алып жатырмыз.

– Осыншама шаруа бітірсеңіз де мемлекеттен күні бүгінге дейін бір жапырақ қатырма қағаз алмай, қателеспесем, биыл ғана «Ерен еңбегі үшін» деген медаль алдыңыз.

– «Ерен еңбегі үшін», «Құрметті құрылысшы», «Даңқты құрылысшы» деген медальдарым бар. Қоғамдық ұйымдардан алған марапаттарым бар. Үкіметтен орден алған жоқпын. Бұйырса алатын да шығармыз.

Біреуден мақтау есту үшін өмір сүрмеймін. Кейбір азаматтар болады: жұртқа аз-маз қол ұшын берсе, тележурналистерді шақырып, жарнамасын жасап жатады. Мен ондайды аса жақтырмаймын. Бойыма ата-анамның тәрбиесі сіңген. Апам айтатын: «Оң қолың жасаған жақсылықты, сол қолың көрмесін» деп. Сондықтан жақсылық жасасам, біреуге бергенімді бұлдап, содан пайда көрейін демеймін. Дүниені Алла нәсіп етеді. Менде Алланың пендесімін ғой. Менің қолым арқылы беріп отырған шығар, мүмкін. Осы азаматтардың бала-шағасының несібесіне себепкер шығармын деп ойлаймын.

Менің тіреп тұрған ешкімім жоқ. Өзім білетін осы құрылыстың маңайында ғана еңбек етем. Табыс тапсам, жігіттермен бөлісемін. Менің отбасым көрген қуанышты олардың да отбасы көрсе екен, жақсы үйде тұрса екен деген ниет қана бар.

– Қазір жаңа Қазақстан дейміз ғой. Жаңа Қазақстанда өмір сүрген ыңғайлырақ па екен, әлде ескі Қазақстан ба?

– Өзім үшін Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақыты қолайлы болды. Адал еңбек етем деген адамға толық мүмкіндік ашылды. Тек қатып қалған қағидамен емес, өз еркіңмен жұмыс істейтін кезең келді. Кеңес өкіметі кезінде олай емес еді ғой.

– Дегенмен біздің егде буын өкілдерінде кеңестік иллюзия әлі де кездеседі.

– Кеңес кезеңіне бір риза болатыным тегін білім берді. Жемқорлық болмады. Білім беру саласы, медицина, жоғары білім беру жүйесінде темірдей тәртіп болатын. Ал бірақ, өз еркіңмен көсіліп жұмыс істеуге мүмкіндік берген жоқ. Ой еркіндігі болмады. Тек жазылып қойған ережеге бағынып, жоспар бойынша қимылдайсың. Қазір жаңа технология жетерлік. Қалай қолданам десең, өз еркің. Осындай еркін замандағы менің бір арманым, әр басшы қарамағында 5-10 адам болса да, соған қамқор болса екен. Солардың жағдайын көре білсе, қара басының ғана қамын ойламай, жұмысшыларының қамын ойласа деймін. Сараң болмау керек.

Осындай дәрежеге кімнің арқасында жеттің? Осы жігіттердің еңбегінің арқасында. Өзім қолымнан келгенше жастарды іске баулып келемін. «Ертең біз де кетеміз, біз барда үйреніп алыңдар» дейміз.

– Жастар демекші, оларды шетелге шығарып, оқытады екенсіздер.

– Жоқ, оқыту деген басқа. Шетелдің технологиясы Қазақстанға әлі жеткен жоқ. Ол үшін бізде заң өзгеру керек. Сонау Кеңес өкіметінің заңдары әлі өзгерген жоқ. Айтылатын көп шаруа бар. Оның бәрін мамандар шешуі керек.

– Сіз сияқты жетістікке жеткен азаматтар жоғары жақтан орын іздестіре бастайды. Алда Парламент сайлауы келе жатыр. Сізде қызығушылық бар ма?

– Қызығушылығым жоқ. Әр азамат өзінің дәрежесін білуі керек деп ойлаймын. Көрінгенге еліге кетуге болмайды. Сенің ол жерге пайдаң тие ме? Соны әуелі ойлану керек. Мәжіліске барып алып, қалғып-мүлгіп отыратындар бар. Не өзіне, не ұрпағына пайдасы жоқ. Әр іске өз пайдаң үшін емес, сенім артып отырған адамдардың алдындағы жауапкершілігіңді ойлап қадам басу керек. Қалғанын Алланың бұйрығымен алдағы уақыт көрсете жатар.

 

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5381