Сәулем-ау, мен осынау аппақ армандай ақша қарды күрейтін күрек сұрай барып, жанарыңа жолықтым ғой...
* * *
1. ҚАҢТАР
Сәулем-ау, мен осынау аппақ армандай ақша қарды күрейтін күрек сұрай барып, жанарыңа жолықтым ғой...
* * *
Қаңтар! Мен сен жайлы жазғым келмеген еді; алғашында аса бір құлшыныспен қалам алғаным рас, бірақ қақаған аязың жан алқымыма жармасып, шымшыпап шыдатпаған соң, қарғып тұрып кеттім; аядай бөлмеде ары-бері аяндап бой жылыту да қиын; бір бұрыштағы аузы қожалақ-қожалақ пештің көмекейіне бес шелек көмір тықсақта, сырты жылыған емес; ал қаңтар болса, сенің мазаң өмірден түртпек көріп жүргендігіңді кәперіне де ілмей, қайта күн өткен сайын, сары шұнақ аязды мазақ қылып ойнайды; мен ғана ма -күні кеше ғана жасыл желек жамылып құлпырып тұрған табиғат мәңгі бұйығы ұйқыға берілгендей, аппақ ақиретке тұмшаланып, өлікше серейеді; ал адамдар - сұмдық айнығыш адамдар, көптен көксеген кәрі құда-қысқа тіпті де оң қабақ, шын пейіл танытпай, өкпелі кеспірде бүрсең қағып, шеменделіп, шелпек болып қасаттанған қарды жас балаша жылатып, сықыр-сықыр басып барады; кеше ғана ақ көбігін аспанға лақтыра сақ-сақ күліп бәлдене ағар тау өзені буын-буынын сарсу алған көрі кемпірдей, шор-шор, бунақ-бунақ мұздан кебін киген: ал өзі ессіз күлкіні күрк-күрк жөтелге, дімкәс сырылға айырбастау сыңайлы; ал ағаштардың басы дүр сілкініп серпіле алмай, бұрынғы тәңірден нұр тілеп жайған жапырағы - (алақаны) күпсе қардың астында қатып жатса, өн бойын суық сорған сайын, сыздап қалтырайды; бұтақтары ап-ауыр қарды көтере алмай морт сынып, аса қатты суық буындырғанда, омыртқасы опырылып, өзегі көрінді; қырдың әлі ізі түспеген ақ шаңқан қарына қарасаң, көз қарықтырады, жанарыңды суырады; ал Күн байғұс аяз буған аспанда тұтылған ақ боз перденің ар жағынан өлімсірей жүз беріп, болар-болмас жетім сәулесін жасқана шашқан болады; осынау алып ұйқыға есе берген аппақ даладағы айқаса жарысып жатқан жолдың үстінде қар сызып, шана жеккен жалғыз атты жолаушы көз ұшында бұлдырайды; ал мынау ысылдап ысқырық бүріккен бел-белес, қырат-қырқалар бет қаратпайды; күннің суықтығы мен адамдардың құқайы мезілеген XX ғасырдың бедеу қасқыры құйрығын бұтына қысып қаңғып барады; шоқайып отыра қалды да, көкке қарап ұлығансымақ болып еді, сілекейі қатып түсті; ал әлдеқайда, аласарып кеткен аспанда, мындаған қарғалар топталып ұшып, азан-қазан шулап жаман ырым бастаса, мамық басқан шыршаның, әйтеуір, бір тұсынан аш шымшықтың шиқылдаған өте әлсіз даусы естіледі, бауырыңа басып аялағың, жылытқың келер, бірақ өзің де аялаған алақанның жылуын аңсап тұрсың; дүниенің өн бойына суық сіңіп, сіреу боп қатқан, өзен көк тайғақ құрсаудың астында жаншылып, қорлана жылап жатыр, түн ортасында сол тұтқындағы өзеннен сарт-сұрт үн естіледі, ол - осыншалық қиямет-қайымға төзе алмай шытынаған мұздың долданғаны; тіпті суырыла соққан жел көрпесін ашып, жалаңаштанған жер жазған да өрмекшінің торындай быт-шыт боп ырсия айрылып кеткен; ал, жаңа, осы әзірде ғана екі шелек су алған анау бөкебайлы қыздың кірпігін қылау шалып, шелектегі судың беті қаймақшып қатып-ақ үлгерді; ал анау бір тон киген шал тым тоңғақ болуы керек, дірдектеп бөксесі бүріскен іші бұраудай омпық қара сиырға бір айыр шөп тастай берді де, қыңсыпап аяғына оралған итке назар аудармастан үйге қашты; әлдеқайдан от алмай быт-быттаған трактор үні естіледі; ал қала адамдары болса, аялдамада тұрған бес-алты минутына шыдай алмай автобустың бас терісін аузына қаптайды, телефонмен бүгін неше градус суық болғанын сұрайды (әттең, неше градус суық болғанын сонау төбенің басында қой жайып тұрған шопаннан сұраса ғой); ал мен болсам үйімді жылыта алмай күйе-күйе болып жүрмін; қаңтар, сені жаза қоятын қылығың жоқ-ақ, кімге болсын жайлы тиіп, жарылқап тұрған жоқсың; ақ көрпеңді айқара жаба салып, бүкіл тамылжыған табиғаттың бар қызығын ұрлап ашқарақ көңіл, қытымыр қызғанышпен бауырыңа басып жатырсың.
Қаңтар! Мен сен жайлы жазбасам, сенің өзіндік қызық, өзіндік ғажап келбетінді өзің іспетті аппақ қағазға түсірмесем, несіне пенде болып, несіне қар басып жүрейін; айналаң хас арудың күн шалмаған етіндей, немесе саф бір тазалықтың бетінде шарбы жүзген ақ толқынды дариясындай - бар күнәдан, бар уайым-қайғыдан, кеще қылықтардан арылу үшін, рахаттана шомылғың келеді; талмауыр тартқан жаныңа ұлы рухқа, ұлы жасампаздыққа, ұлы салтанатты киеге толы сұрапыл күш дарыту үшін, кір шалып, дақ түспеген жас баланың санасындай ақша қарға жата қалып аунағың келер; аузынды ашсаң, бұрқырап бу шығып, өзегінді өртеген харам иіс-қоңысты айдап қаңтардың қара суығына лақтырып жатқандайсың; ал артыңда жасқана басқан сенің һәм ақтышқанның ізі жосылып қалар; ал алдыңда әлі тапталмаған кіршіксіз сайын дала көсіле сұлап, ақ адырдан ақ адырға, сонан әрмен көкжиекке шылбыр тастар; аязды шыңылтыр ауада кәперсіз қалқыған қылау бар; қолшанасын сүйретіп, ит ерткен бір топ бала улап-шулап тауға беттеді; нән шана шөпті мықашта басып алып, ылдиға құлдаған шаруаның мұрты мен текіректей аяңдаған аттың танауына сүңгі тұрған; көгілжім тартып көлбеген су бетіндегі кіреуке мұз күн нұрымен шағылысып, айнадай жарқырайды, ал сол мөп-мөлдір мұзға үңілсең - астыңдағы емін-еркін жүзген ақ шабақтарды көресің; өткел басы абыр-сабыр: мал суарып, су алған ауыл адамдары хал-ахуалдарын сұрасып "қыстың басы қатты, аяғы тәтті болар" деп, жетіседі; азаннан аяз ішіп қызып алған жігіт-желең, қыз-келіншектер бір-біріне қар лақтырысып назданады; әр үйдің терезелері бықыған ғажап ою-өрнекке толы, әйнекке қатқан қырауды тілімен тесіп, кішкентай күн жасап ойнаған бала, сол сығырайған тесіктен қысқы далада ұлы-жіңгір тіршілікке аңтарыла көз тастайды; анау ақшанамен ағызып баратқан - бәлкім, алдағы асау арманына асыққан осы елдің ерке жігіті шығар; ауылдың қайқы құйрық иттері соғымның қанын жанасалаған сұмпайы сауысқандармен ала көз боп қызғанысады; батуға ыңғайланған күннің алтын алауы шырша-шыршаның ара-арасынан сығалап, ақ көбік қарды қанды көбікке айналдырады; ал ай туа, табиғат қайта түлеп ұлпа мамыққа шомылған мейірімді таупиықпен - қашардың осыншалық мол қуанышты сұлулығына масайып, маужырап, таза суықтан бой ширатар жарылқаушы қуат алады; бұл қуатты түннің ептеп күнге ойысқан жұқалтаң сәулесі де аңғартқандай; қаңтардың сары шұнақ аязының бұлыңғыр арасынан жаңа жылдың шуақсыз күні қылт етіп бой көрсетіп, ептеп жылыған хабаршы бергендей ме; ие, қаңтар, сен осылайша тіршілік куған мәңгі қанағатсыз, бақи мазасыз адамдардың көңіл-күйі, ой-санасына қарай сан құбылып, бірде жақсы, бірде жаман кейіпте жаңа шежіренің - Жаңа жылдың бетін ашып, көрімдігін алдың.
Ол көрімдік - Адамдардың ақша қардай аппақ көңілі болғай!
2. НАУРЫЗ
Неге екенін білмеймін, елге қайтқым келді... неге екенін білмеймін, елге қайтпағым да келді; бұйығы тірліктің құшағында маужырап тұяқ серіппей жата берсем; мейлі, басқа жұрт қағанағы қарқ ғұмыр кеше берсін, мейлі, басқа жұрт уайым-қайғысыз бір күнгі желіктің жетегінде кете берсін; маған бақыттың да, базардың да құны бес тиын; мені еш нәрсе қызықтыра алмайды енді; маған бірде бар, бірде жоқ сусыған махаббаттың, не болмаса шаттыққа толы секілді, бірақ адамдар шаршатқан шалқар даланың, сол даланы тұмшалап жатқан ақ кебін қардың, сонау ақ сұр аспандағы күміс қанатты самолеттің - тіпті өзімнің де қажетім жоқ; өйткені мен уақыт деген жалмауыз кемпірдің құлымын; тәңірім-ау, осыншалық сай-сүйегінді сырқыратқан сырқат, жалт-жұлт жастығымды, ертеңге ғашық іңкәр сезімім мен мәңгі сөнбейтін жан жолдас сенімімді мерт еткен еді ғой; кірпігім қыбырлап жатыр демесе - өлгенмін; мен жоқпын, менің тұла бойым тұтасқан мұз: қариды, қажытады, сыздатады, ыңырсытады; түн баласында көз ілмеймін; жаратқан, түн қандай ұзақ дейсің... бүгін күн мен түн теңеседі, сонсоң... сонсоң күн озады дейді; бүгін қазақтың жаңа жылы, мүмкін.
Иә, бәрі мүмкін...
Мен бүгін түс көрдім: кең жазиралы жайсаң жайлау екен деймін; іргедегі алып таудың ұшар басында тоқымдай қар бар; иық тіресе тігілген ақ отаулар, сол отаулардан қолында күн нұрымен шағылысқан күміс құманы бар ақсақал шалдар шығады да, қырға беттейді екен деймін; сол ақ отаулардан шолпысы жалт-жұлт еткен еркетотай қыздар шығады екен деймін; сосын сонау жасыл дөңді асып сылқ-сылқ күліп, былқ-былқ басып маңып барады; аппақ биені қап-қара құлын қақтап еміп тұр екен деймін; екі иығына екі кісі мінгендей нар жігіт асау аттың жалына жармасты; ақ отаудан бес биенің сабасындай кербез кемпір шықты да, маған күле қарайды екен деймін; маған қарайды да өзіне ымдап шақырады, шақырып алып қолымнан жетелеп киіз үйге кіргізеді, киіз үйдің дәл ортасындағы жер ошақта буы бұрқырап тайқазан көже қайнап жатыр; "Бұл, - дейді ақ бөйбіше, бұл - наурыз көже, бүгін ұлыстың күні, бүгін қазақтардың жаңа жылы"; сонсоң бір шара көже құйып маған ұсынды да: "Іш, айналайын, атаңның асы ғой, іш, сырқатыңнан айығасың"; мен жоян шара наурыз көжені ішкім келмей біраз кергідім; "Мен ішпеймін, мен физикпін", - дедім, бөйбіше тақымдап қоймады, тақымдап қоймаған соң, тартып жібердім де, уһ деп қатты дем алып, сосын бойым балқып, буын-буыным босап құлап түстім; ұйқтап кетіппін; мен ұйқтап жатып тағы түс көрдім; мүмкін, түс көрмеген де шығармын...
Иә, бәрі мүмкін...
Мен ақотаудың оң жақ іргесіндегі болскей төсекте ұйқтап жатып, түсімдегі түсті көрдім: дыбыстан да шапшаң ұшатын самолет басқа планетаға апарып тастаған екен деймін; сұп-сұр бетоннан қалаған сұп-суық үйге кіргізді; төр алдында өне бойы саудыраған темір Робот адам отыр; бүкіл үй күркіреп шыңылдап, қызылды-жасылды жарықтар түсе бастады; дәл ортада электр тоғына балқып жатқан қорғасынды көрсетті де, маған іш деп ымдады; іше алмадым, іш деді - іше алмадым; Робот адам алдындағы көп-көп кнопкалардың бірін басып қалғаңда, мен ескерткіш боп қатып қалған екенмін деймін.
Иә, ескерткіш боп қатып мың жыл тұрған екенмін деймін; баяғыдағы ақ бәйбіше ақ боз биеге мініп келе жатады; қанжығасында жанторсығы бар; қанжығасындағы жанторсықты шешеді де, қойнына тыға келген баяғыдағы шараға құйып маған наурыз көже ұсынады; мен мелшиіп тұра бердім; сосын боз биеден асықпай түсіп жаныма келді, басымнан сипап, бетімнен сүйді; алақаны қандай аялы еді! Менің бойыма қан жүгіріп, жан бітеді, ақ бәйбіше берген наурыз көжені сыңғытып ұзақ ішемін; таусылсашы, іше беремін, іше беремін... көзімді ашсам, ақотауда жатырмын; тағы да көзімді аштым, өз үйімде жатырмын; далаға шыққым келді...
Қар кетіп, күн жылынып, жер жіпсіп жатыр екен; тау жақтан майда самал еседі, әлдеқайда атының құйрығын шарт түйіп алған жолаушы құйғытып барады; аспан ашық, қарға қарқылдап, сауысқан қара сиырдың мүйізіне қонып отыр, шуаққа балқып жалмаң-жалмаң күйсеп жатқан қара сиырдың жүні түлеп, әр жерінен ойдымдалып терісі ырсияды; өзенде әлі де еріп таусылмай жатқан мұз қара ала-торы ала кір; ал өзенге асығыс құлаған бұлақтарда ес жоқ, түсі сап-сары; шалдар күпібін әлі тастамаған, тек жастар ғана тоңазығанына қарамай жеңілтек желігеді; көктемнен хабар бар; бірақ әлде де қара қатқағы мен қара суығы ерінді жарып, бетті қағады; неге екенін білмеймін, үйге кіргім жоқ; көктемнен көрімдік сұрап, сылбыраң жолға түсіп қырға шыққым келді; қырға шығып жауқазын тергім келді, жауқазын теріп жүріп: "Ей, әлем, мен сауықтым сырқатымнан!" деп жер салғым келді; жас талды ат қылып мініп, жас балаша шапқылағым келді; бұртиып бүр аша бастаған қайынды аймалап, жер көкті зырлата шыр айналғым келді; бәрінен де бұрын көктем құсын құттықтап, жаман үйіме қонақ еткім келді; мен бағанағы күйреуік сезім, жалған ойдың бәр-бәрінен құлантаза айықтым; заманша тазардым, жасардым...
- Уа, халайық! Ұлы істің ұлы күні - мен сіздердің бәр-бәріңізді шақырып, қонақ етіп, ат шаптырып, алты алашты дүрліктіріп той жасасам да артық емес, әттең, қол қысқа.
- Уа, халайық! Ұлы істің ұлы күнінде мен бір жас қызға ғашық болуым һәм оны мәңгі-бақи аялап өтуім де артық емес еді - әттең, рұқсат жоқ...
- Уа, халайық! Ұлы істің ұлы күнінде наурыз көжені көксегенім рас еді - әттең, қайнатып берер анам алыста...
- Уа, халайық! Менің қолымнан бір-ақ нәрсе келіп тұр, риза бол - Ұлы істің ұлы күні құтты болсын. Ақ көп, уайым жоқ болсын! Мұны айтып отырған тіпті де осынау жолдардың иесі емес, жо-жоқ, бұл ақ тілектің авторы он алты мен жиырма бестің арасындағы қыз-жігіттер, ал түсті көрген -жиырма бестен асқан мен.
3. ҚАЗАН
...Ертеңінде қар жауып қалған екен. Кеше ғана Алтайдың бөктерінде жатқан қар күні ертең келетін азынаңқы қыстың хабаршысындай, орман-тоғайды көміп тастапты. Азанда ғана жауған ақша қар кәмелетке жаңа толған қыздың арындай таза еді. Сен тазалықты содан да сезесің. Мезгілсіз жауған қар өз әбестігіне өзі ұялғандай, тіпті ғұмырының күрмеуге келмейтін қысқалығын сезеді білем, өзгеше жуас күйде. Төтенше көрініске таң-тамаша боп, жас балаша мәз қараған ауыл адамдары биылғы қыстың мына қоқан-лоқысынан шындап тіксініп те қалып еді. Жұқалаң жауған қарды тек ересек адамдар мен ерте тұратындар ғана көре алады. Күннің көзі шыға, еріп кетті. Сонсоң, қазан айының саржағал күзі қайта үстемдік алып, дүниені мәңгі жуастықка бөлеген маужыр мезгіл басталды. Маужыр мезгіл. Алтай өңіріңде бөлекше ғой. Білесіз бе, күз мұнда әлдеқайда ерте түседі де, созалаңдап ұзақ жатып алады. Шіркін, күзі қандай керемет десеңізші! Сіз ондай таңғажайып салтанатты әрі сабырлы күзді еш жерден таба алмайсыз. Өйткені мұнда әсте де қоңыр, не болмаса сары күз болған емес. Мұндағы күздің бояуы әлі табылған жоқ. Білесіз бе, әлгі бір азаңда жауған ақша қар ери-ери бұрынғы орны - тау бөктеріне ысырылды да, тау мен дала арасын шекаралап жатты. Егер сіз тоңазығандай боп, өз-өзіңізден тітіреніп, салқын лепті сезгендей болсаңыз ол - анау жатқан қардың ашуы - қысқа ғұмырына шыдай алмаған өкпе-назы. Таңертең жалғыз аяқ жолға түсіп алып, тау бөктеріне қарай өрмелеңіз. Қар суы әлі дегдіп те болмаған ағаш үйлер бусанып, бірте-бірте алыстай береді. Бірақ неғұрлым биіктеген сайын, аяқ астында қалып бара жатқан қоңыр ауыл солғұрлым жақындай түсетіндей. Ауылдың өр жағында Көктерек деп аталатын қалың тоғай бар. Сол тоғайды қақ жарып тау бұлағы ағады. Тау бұлағы құлдыраң қағып асығыс ағушы еді. Тау бұлағының ернеуін сан түрлі өрнек жасаған қабыршақ мұз жырымдайтын. Мұз соншалық ғажап ою-өрнек жасап, біресе сувенирге, біресе гауһар моншақтарға ұқсайтын. Сол мөлдіреп тұрған мұз сіздің көз алдыңызға күміс алқаны немесе жақұт өңірді елестетер. Егер сол мұз моншақтың бірін сырт еткізіп үзіп алып, аузыңызға салып таусаңызшы - сонда ғұмыры шөліркемейтіндей әсер аласыз. Сосын сіз сол бұлақтың сылдыр-сылдыр үніне құлақ түріп, шалқаңыздан жатсаңыз, қаяусыз төңкеріліп тұрған көк күмбезіне көзіңіз түседі. Аспан дүние мүңлы арманға, анау бір тізбектеле ұшып бара жатқан құстай ұшқыр ойға итермелейді. Сіз қоңыр салқын таза ауаны жұтып, қай-қай-дағы қиялға шомып ұзақ жатар едіңіз, тіпті арқаңыздан шым-шымдап сыз өткенін де сезбей қаларсыз.
Айтпақшы, сіздің дәл тұсыңыздан анау ауылдың қыз-келіншектері су алатын болар. Сіздің ес-түссіз сұлай жатуыңыз оларға төтенше қылық болып көрінеді де, көпке дейін тосырқай қарап, артына жалтақ-жалтақ бұрылып барады... Иә, сіз келіншектерді танып сәлем бересіз, ал анау жас қыз өзіңізге есендеседі. Қандай әдемі! Бұл ауылда мұндай тамаша қыз жоқ еді-ау. Қайдан келді екен?
"Кешіріңіз, сіз кім боласыз?" "Танымайсыз ба, аға, біз төртінші класта оқып жүргенде, аға пионер вожатый болып едіңіз ғой". Иә, құдай ұрып алжастыңыз. Артта алты жыл қалды ғой...
Сіз қатты ойланасыз, қатты ойланып тұрып ала бөтен жуас сезімге беріліп, ағыл-тегіл жылағыңыз келер, бәлкім. Сонсоң әлгі бір тоғай аралап кеткен жалғыз аяқ сүрлеуге түсіп, өкпеңізді қолға ала жүгіріңіз. Екі бетіңізді әлі толық түсе қоймаған жапырақ сабалап, аяғыңызды бұтақ шалады. Шіріңкіреп қалған томардың үстіне отырып, ентігіңізді басыңыз, төңірекке тағы да көз салыңыз. Ауыл жоқ, көзден таса болған. Орман іші дымқыл. Әне, бір топ ешкі жүр. Итмұрынға қарғып, басын иіп алады да, кіртілдетіп жей бастайды. Итмұрында "С" витаминінің аса мол екені есіңізге түсіп, сіз де жейсіз. Орман іші сарғыш жапыраққа төселген. Қалбалақтай ұшып-түсіп тұрған жапырақ кеудеңізге орден болып тағылады. Оны әлгінде ғана басталған күзгі жел тағар. Байқайсыз ба, жел тұрғанда, орман ішінде отыру қандай қорқынышты. Ағаштардың ұшар басы теңселіп, сендей соғылысқанда, сол ағаштардың ұшар басында қонып отырған қарғалар азан-қазан қарқылдап, әлі де түспей ілініп тұрған жапырақтар сыңсыған әлсіз үн шығарып - барлық дүние сықыр-сықыр қозғалғандай, енді бір мәуріттен кейін астан-кестен аунап кетердей зәре-құтыңды атар болар. Ағаш неғұрлым биік болса, теңселісі күшейіп, мойыл-долана секілді жертаған жеміс ағаштары ептеп қана қозғалар еді. Орман топырағы аса дымқыл, аттаған сайын табаныңа жапырақ жабысып, жас баланың еңбегіндей былқылдаған жер ойылып кетердей әсер қалдырмақ. Осы алай-дүлей орман ішін аралап жүріп, бұта-қарағанның түбінде киіз үй болып, тұтасып жатқан мүкті болжайсыз. Ол да су, кілемнің түгіндей үлпілдек, бассаң табанның ізі қалады. Ал енді осы бұта-қарағанның ара-арасына шындап үңілсең, күз сұрқына ырық бермей қасқайып тұрар ақ гүлді көресің. Ол - күз гүлі. Сіз бүл қар жауғанша солмай, не түсін бермей жайнап тұратын ақ гүлдің атын білмейсіз, әрине. Айтыңызшы, сол күз гүлін теріп көрдіңіз бе? Егер терсеңіз, хош иісі барын сезгенсіз. Бұдан әрі мынау қорқынышты саяхаттан мезі болғандай кері ораласыз. Артыңыздан салт аттылар қуып жетеді. Сәлемдесіңіз, міндетті түрде, "ассалаумағалейкум" деп бас иіңіз, өйткені олар сіздің жарылқаушыңыз, өйткені олар түн ұйқысын төрт бөліп, мал бағып жүрген ауылдастарыңыз. Үсті-басы су-су, артындағы бөктергені салп-салп етіп желіп өте береді жаныңыздан. Сіз білесіз бе, олар сонау аппақ қар басып, тым-тырыс ұйқтап жатқан Алтайдың ар жағынан келеді. Қар жамылып, мұз төсеніп келеді. Алтай күзінің түнгі мезеттегі көрінісі тіпті керемет! Күндізгі ызың-ызың соққан жел сап болып, ұйқылы-ояу жататыны бар. Ұйқылы-ояу қалғып жатқан шағында қыстаққа пішен тасып арқыраған трактор үні беймазалайды. Трактор тым алыста екенін, әйтсе де түн қойнын тілгілегеи даусы жақсы естілетінін байқайсыз. Түнде жаңғырық тез естіледі. Байқайсыз ба, анау қап-қара боп шөгіп жатқан таудың дәл ортасынан от жылтырайды. Алыстан қарағанда мынау алып ұйқыдағы Алтайдың шырағдандай жанған көзі іспетті. Бірақ ол трактордың шамы. Сіз ендігі сәтте әлгінде ғана мәре-сөре боп қуақылана көз қысқан жұлдыздардың бірте-бірте азайып, азайып емес-ау, қоп-қошқыл бұлттың астында қалып бара жатқанын байқайсыз. Сіз мынаны байқайсыз: қара көк аспанды тұтастырып бұлт торлайды. Түстіктен жел тұрады. Таңға жуық тырсылдап тамшы тама бастайды. Нөсер үнсіз ұрланып жауады. Демек, бір апта бас көтертпейтін ақжауынға ұласады. Ақжауын ұзақ жауады. Халық айтады "жұмаға жауды, жұмаға ашылады". Жұмаға айығар нөсер маядағы шөпті борсытып, жиылмай қалған дән болса шірітеді. Тіпті жаңа ғана орып алған астық көктеп кетер. Мол табысқа кенелтетін - күз, салдыр-салақ шаруашылықты сан соқтырар да - күз. Осы күзде агрономдар мұртынан жымияды. "Екі жоспар орындадық. Үш жоспар орындадық, төрт жоспар орындадық..." дейді. Сіз әзіл айтасыз: "Құлағынан тартып шығарған жоқсың. Былтыр неге бермедің осы жоспарды. Әуселенді келер жылы көрерміз, бәрі де айналайын табиғаттың сыйы", - дейсіз. Осы күзде мал семіріп, шаруашылық бір орайланады да, көп жігіттер үйленіп, сонша қыздар тұрмысқа шықпақ. Сіз естисіз: кеше Жұмабайдың жалғыз қызын алып қашып кетіпті, Құрымбайдың үлкен қызы күйеуіненн бөлініп кетіпті. Сіз екеуін де есіңізге түсіре алмай дал боласыз. Өйткені сіз мына ауылда бұдан алты жыл бұрын болғансыз. Ол шақта олар алтыншы оқитын. Сіз ойланасыз, қатты ойланасыз.
Сіз білесіз бе, биылғы күз аса жомарт болды. Пішен аттың таңбалығынан өсті. Қара жер деп аталатын сартап бөктерде ат жарып жүре алмайтын ақ селеу өсті. Ақселеу мен бидайықтың арасын ашып қалсаңыз, түбіттей түтіліп жатқан жоңышқаны көресіз. Қараңызшы, анау бір Ділке бұлағындағы қораға салт атты әлдекім беттеп барады. Ол осы ауылдың басқарушысы Берікбол ақсақал ғой. Бекең алпысқа толды. Бірақ аттан әлі түскен жоқ. Ертең жайлаудан көшіп келер отардың қыстақтары жайлы, бүтін, әрі жылы ма, соны тексеріп жүр. Жайлау демекші, ол жаққа қар жауып қалды ғой. Шопандардың күні не болды екен. Жас баласы барлар қоста қалай отыр... Егер тау өмірінен хабарыңыз жоқ болса, бұл сұрақтардың байыбына бара алмай аттанасыз. Білесіз бе, тау өңірінің күзі, тау өңірінде мекендейтін адамдар бір түрлі жұмбақ-ты, бір түрлі еркін әрі еңселі келетіндей. Тау өңіріне бір рет барып қайтсаңыз, өне бойы арылмайтын Алтайдың өзіндей бір асқар арман арқалап қайтасыз. Ол жаққа қазір, мүмкін, қар жауып қалған да шығар, мүмкін, таудағы жауған қар күн көтеріле еріп кеткен шығар. Жайлаудағы отарлар қыстаққа әлдеқашан көшіп келіп қонған шығар. Шіркін-ай, Алтай күзінің шын сырын, Алтай күзінің нағыз бояуын қашан ұғып, қашан табар екенбіз...
Адам үйден шықты да, көк зеңгір аспанға қарады. Өзгеше жуас күйде екен. Оның ойына бір кездегі пенделік істері түсті. Ол сонау көктемде, жадыраған жазда - жас шағында не істемеді. Қазір күз. Оның қолынан - құдіреті күшті қолынан туындаған мың-миллион жойқын істерді таразылап беру мүмкін емес. Бірақ соның бәр-бәрі өз зердесінде сайрап тұр. Кең дүниенің, кемтар дүниенің ыстығына күйіп, суығына тоңған мәңгі жас адам табиғат ием бере салған асқан ақыл, сұрапыл қуатпен жұмыр жерді алшаң-алшаң таптап, өз құдіретіне масаттанған кейіпте. Әлемдегі әлқиссаның мен-мен иесі - Адам. Шыр етіп тіршілік есігін ашқандағы ұққаны - шыр көбелек айнала беретін жылдың төрт мезгілі: қысы, көктемі, жазы, күзі болатынын бағамдады. Байқаса, осының қайсыбірі де бір-біріне кереғар, әсте ұқсамайтын құбылыс. Әйтсе де қоян-қолтық байланыста сабақтас. Адам өз ғұмыры осы жылдың төрт уағына телулі екенін ұқса керек-көктемде тұрып, күзді сағынатын, күзде тұрып, көктемді сағынатын.
Екі қолын артына ұстап, басын төмен салбыратып марғау жүріп келе жатқан Адам өткен күндерін ойлап, мынау саржағал жомарт күзді іштей алқауда. Бірақ, осының бәрі де айналайын көктемнің жемісі емес пе, жадыраған жаздың тамаша күндері болмаса, осыншалық мол ырзық топырлап кеп, күзде тоғысар ма, ал күз бар байлықты бауырына басып иемденіп жатыр.
- Дегенмен, - деді Адам, сау-сау түсіп тұрған жапырақтың бірін қақшып алып, - біз де осынау жапырақ секілді сарғайып барып құлап түсеміз. Келесі көктемде жаңасы келеді дүниеге. Ол жаңа тағы да сарғаяды, тағы да... тағы да жаңасы... Жер бетіндегі иен байлық менің иелігімде, ендеше, күз де менің тәңіріме тәуба жасауы ләзім. Күз... күз... күз. Әйтсе де осы мезгіл маған өзгеше ыстық. Көктемде лепіріп ала-қайладық, жазда далбақтап ес-түссіз шаба бердік, көп кешікпей қыс түседі - кек құрсауға көміле бастаймыз, ал қазір ойлымын, ес кірген секілді. Жүрегімді бір жұқалаң мұз қабыздаған, ию-қию шаруадан бойым босап, ес жиғаңдаймын. Биыл мен көп нәрсе тындырдым. Биыл мен үшін қуаныш жылы, ал келер жыл қалай басталады, қалай аяқталады, бал ашып білер әулие қайда...
Күз - менің есіме: бұдан елу жыл бұрынғы қазақтың елін түсірді, тайғақ тағдырдың таяғынан тұралаған халық қорғасындай шөгіп жатқан ауыр тұманның арасынан жылт еткен күннің көзін іздеді. Жылт еткен күн көзінен жалт еткен бақыт отын іздеді. Сұрғылт тұманның арасында адасып жүрсе де талантты ұлдар тудырып, содан үміт күтетін. "Күзгі бұлт түсі суық қаптайды аспан", "Мен ояу, ел ұйқыда, оттар сөнген" таяғына сүйеніп бүрсиіп отырған қазақ -мәңгі ояу қазақ сазарып жатқан қайғылы даладан қаншама жәбір көрсе де, жеріген жоқ. Арайлы ақтаңын асыға күтетін еді ол. Ал қазіргі күз басқаша, мүлдем басқаша... Күз де өзгереді екен-ау...
Адам ойлы күйде аяндап барады. Ол күздің тағы да қаншалықты тың дүние тудырып, жер бетіне қандай жаңалықтар әкелетінін, қаншалықты адамды бақыт құндағына бөлеп, қаншалықты адамды жетім-жесір тастайтынын болжағысы келеді. Бірақ ертеңді еске алу мүмкін емес. Ол тағы да өткенін - ұлан-ғайыр жақсыда, жаман да іс тындырғанын ойлады. "Табиғат жаратқанның құпия сырын ашуға тырысамыз-ау, бірақ бәрібір сол табиғаттың ұлымыз, ырқынан шығып қайда барамыз.
Мен - Адаммын. Бірақ бәрібір табиғаттың құлымын. Мен өз анама - өз табиғатыма қол жұмсаған күндерім болды. Қандай кесірлік. Күз - тұман, ызғар, боз қырау, сарғаю, ойлану, күйек, күзем алу, астық ору, қора қамдау, жаңа оқу жылын бастау, соғым сою ғана емес. Күз - Адам, жасарады, масайрайды, сосын... сосын сола бастайды", - деп түйді Адам. Адам, әне, орындықтағы жап-жас қыз бен жігітке қарады. Қауыша жабысып мәз болып күліседі. Күздің келіп қалғанын сезбейтін секілді. Сол орындықтың бергі шетінде пальтосының жағасын түріп, қол шатырын таянып, бүрісіп отырған егделеу қыз көзінде мұң, қаяу бар. Ешкімге қарағысы келмей, бір нүктеге қадалып, ой түбіне сүңгіп кеткен. Сосын күрсінді. Күздің келіп қалғанын тек өзі ғана сезгендей... Ептеп жел тұрып еді, жапырақ жауып, сол жапырақтың бірін әлгі қыздың омырауына қадады. Оның күзден алған бар сыйы осы еді.