Сенбі, 12 Қазан 2024
Ақмылтық 2970 1 пікір 6 Ақпан, 2023 сағат 13:00

Украина соғысы: Ердоғанның ықпалы күшейіп келеді

Түркия президенті отпен ойнап отыр. Режеп Тайып Ердоған Украина соғысын өз пайдасына шешкісі келеді, бірақ одан опа таппасы анық. Бұл туралы BBC жазыпты.

Басылымның жазуынша, түрік басшысы Мәскеумен де, Киевпен де жақсы қарым-қатынас ұстап отыр. Екі елдің соғысы арқылы әлемдік аренадағы өз беделін көтеруді көздейді. Түркия бір жағынан Мәскеумен тығыз қарым-қатынасын жалғастырып, әуе жолын жаппай, Батыс салған санкцияны салмай отыр, екінші жағынан Украинаға дрондарын жіберіп, Владимир Путинді астық келісіміне көндіріп отыр. Бірақ Түркияның өз ішінде күшейген қиындықтар оны құлатып тынуы мүмкін.

Ердоған әрқашан өз елін өңірдегі ықпалды саяси ойыншыға айналдыруды көздеді. Ол Қырымнан айырылған Киевке жаны ашитын, өйткені Қырым татарларымен түріктер жақын дос болды. Режеп Ердоған Қырымды Украинаға қайтару керек деп айтып жүрді. Дөңгелек үстелдер, форумдар ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Тек сөзбен болса да, үнемі көтеріп отырғанының арқасында, Қырым жағдайы әлем назарында болды. Ресей Украинаға толық масштабты соғысын бастағанда, Түркия өз ықпалын күшейтетін мүмкіндік көрді де, оқиғадан шет қалмады. Түркия Украинаға «Байрақтарын» жіберіп отырды. Ал дрондар шығаратын Baykar компаниясы қан майданға қарамастан Киевте зауыт сала бастады. Қазан айында Түркия Украина теңіз күштеріне арнап Milgem атты әскери кемесін теңізге түсірді. Зеленскийдің өзі түріктер өндірген бронежилетті киіп жүр. Егер бұрын Түркия елдің есінде тек демалыс орны ретінде қалған болса, қазір Ердоған мемлекетін аймақтағы саяси ықпалды елге айналдырғысы келіп, соғысып жатқан екі елге медиатор болуға тырысып келеді. Бұған Ресей де, Украина да «қой» деген жоқ. Зеленскийдің баспасөз хатшылығы Ердоғанды «Украинаның серіктесі» деп атады, бірақ түрік көшбасшысының әс-әркекеті сенім туғызбайды.

Соғыс созылған сайын Украина мен Батыстың Түркияның ұстанымына күмәні күшейді. Ердоған Ресейдің Украинаға басқыншылығын сынап, басып алынған жерлерді, Қырымды да Украинаға қайтарылсын дейді, дей тұрғанмен, Түркия Ресейге санкция салмаған жалғыз НАТО-лық ел. Түркия Еуропа сияқты әуе жолын жапқан жоқ. Ресейлік ұшақтар емін-еркін түрік әуежайына қонып жүр. Түріктер «Мир» картасын қабылдап, ресейліктерге жергілікті банк картасын ашуға рұқсат беріп қойды. Еуропа Ресей газынан бас тартты, бірақ Түркияға газ келіп тұр. Еуропа елдері мен АҚШ Ердоғанның әрекетін сынады. Украинаның Түркиядағы елшісі Ресейдің Украинадан ұрлаған астығын сатып алғаны үшін Ердоғанды кінәлады.

Карнеги қорының сарапшысы Илья Кустың айтуынша, Украина Түркиямен қарым-қатынасын үзбейді, бірақ екі қарап, бір шоқитын болады.

Анкара өзінің Мәскеумен тығыз қарым-қатынасын ресейлік газға тәуелділігімен әрі Запорожский АЭС-не төнген қауіппен түсіндіреді. Егер АЭС-те апат болса, бұл Түркияға тікелей әсер етер еді.

Батыс елдері Түркияға Ресеймен қарым-қатынасы үшін қысым көрсете алмайды. Өйткені Ердоған әлем көшбасшыларының ішіндегі Ресеймен жылы сөйлесіп отырған жалғыз басшы. Батыс мұның аз болса да, Украина мәселесін реттеуге көмегі тиеді деп ойлайды.

Ресей мен Түркияның қарым-қатынасы үнемі жақсы болған емес. 2015 жылдан кейін екі елдің арасынан қара мысық өтті. Көптеген келіспеушіліктер болғанына қарамастан екі елдің авторитарлы басшылары бір-бірінің амбициясын сыйлады. Ресей Түркияның газ саласындағы басты әріптесі, бірақ Ердоған Мәскеудің газ өткізу нарығының қысқарып келе жатқанын біледі. Сондықтан Ресейдің керісінше Түркияға тәуелділігі күшейе түспек. Мұны Путин де түсініп отыр. Сондықтан ол Ердоғанға барлық негізгі жеткізілімдер өтетін газ тарату орталығы – «газ хабын» құруды ұсынды.

Ердоған, әрине, келісті. Егер мұндай жоба жүзеге асырылса, Түркия газ сатуда басты делдалға айналады, сонымен қатар қажетті инфрақұрылымға ие болады. Путин мұндай схема газды Еуропаға сатуға мүмкіндік береді деп есептейді, оған санкцияға түскен банктердегі рубльмен есеп айырысудың қажеті болмайды.

Бұл айтқанға оңай болғанымен, іске асыру қиын. Қазіргі «Түрік ағыны» газ құбыры екі бөліктен тұрады, олардың бірі түріктерге, екіншісі Оңтүстік — Шығыс Еуропа елдеріне газ жеткізеді. Оңтүстік Еуропа техникалық жағынан үлкен көлемді газды қабылдай алмайды. Яғни, тағы да құбырлар салынуы керек. Бірақ басты мәселе тіпті құбыр салуда да емес. Еуропа аты түрік, заты ресейлік газды сатып ала ма? Еуропа оған ұмтылып отырған жоқ. Еуропалық комиссияның басшысы Урсула фон дер Лейен «Еуропа ресейлік газдың үштен екісін сегіз айдың ішінде басқаға алмастыра алатынын» айтқан.

Әзірге Ердоған екі елдің соғысынан пайда көріп отыр. Бірақ соғыс ұзарған сайын Түркияға қиын бола бастайды. Түркияның басты жетістігі – астық келісімін аяғына дейін жеткізгені болды.

Жаздың ортасына дейін Ресей әскерлері украин порттарын жауып тастады, миллиондаған тонна астық тұрып қалды. Кедей елдерге аштық қаупі төнді, әлемдік нарықтағы бағалар өсті. Ердоған мен БҰҰ-ның сөзімен алынған блокада ұзаққа бармады.

Күзде Ресей Украинаны «қауіпсіздік дәлізіне шабуыл жасады» деп айыптап, астық келісімінен біржақты шығатын болды. Бірақ Ердоған Путинмен сөйлесіп, Ресей президенті 72 сағаттың ішінде райынан қайтты. Түрік басшысының Путинге не айтқаны белгісіз. Батыстың жасырын агенттіктері берген ақпарат бойынша, Ердоған Путинге НАТО-мен қысым көрсеткен болуы мүмкін.

Түркия Ресей Украинамен әуре болып жатқанда, Еуразияда өз күшін көрсетіп, ықпалын арттырып алғысы келеді. Бірақ оның бір қорқынышы бар. Ол жазда өтетін президент сайлауы. Ердоған сыртқы саясатта мықтылығын дәлелдегісі келетін шығар, алайда түріктерге ел ішіндегі мәселелердің шешілгені маңыздырақ.

Түркияның экономикасы ауыр дағдарысқа ұшырады. Тек ресми дерек бойынша инфляция 85% - дан асады. Бұл соңғы 24 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Бүкіл маңызды салаларда баға өсті, әсіресе азық-түлік пен транспортта қатты байқалады.

Мұндай инфляцияның себебі – лираның құлдырауы. Бұл 2021 жылғы күзде Түркияның Орталық Банкі коммерциялық банктерге несие беретін пайыз мөлшерлемесін төмендеткен кезде басталды.

Негізінен бүкіл әлем бойынша орталық банктер инфляцияны ұстап тұру үшін мөлшерлемені көтеруге тырысады. Бірақ Режеп Ердоғанның Орталық банк ақша-несие саясатына өзіндік көзқарасы бар. Қазіргі дағдарыс Ердоған үшін күрделі мәселе. 1998 жылы елдегі экономикалық дағдарыстан кейін билікке келген ол «экономиканы тұрақтандырамын» деген уәде берген. 2023 жылы жазда Түркияда президент сайлауы болады. Бірақ оппозиция кандидатын әлі көрсетпей отыр. Дегенмен әкімшілік «кандидат болып қалар» дегендердің көзін жоюға кірісіп кетті. Ыстамбұл әкімі Экрем Имамоғлыға Орталық сайлау комиссиясының мүшелерін қорлады деген айып тағылуда. Егер дәлелденсе, ол 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, басшылық лауазымға сайлануына тыйым салынады.

Имамоғлының республикалық халықтық партиядағы серіктестері бұл істі сайлаумен байланыстырады, «Ердоған оппозициядағы өзіне тең келер кандидаттан құтылу үшін істеп отыр» деп болжайды.

Ердоған сыртқы саясаттағы беделін Түркияда пайдаланғысы келеді. Бірақ ел тұрғындары газет пен теледидардан түспейтін Ердоғанның бейнесіне еті үйреніп кеткен. Бұл сайлауда бәрібір Ердоғанның ұту мүмкіндігі көп. Қазір Үкімет қысқа мерзімді субсидия беру бағдарламасын бастады. Оның үстіне сайлау комиссиясы, елдегі бұқаралық ақпарат құралдары Ердоғанның жұдырығында.

Ердоғанның сайлауда ұту мүмкіндігіне қарамастан, ол Украина, Ресей және Батыс арасын жалғастырушы болы қала береді. Одан басқа ешкім қалған жоқ.

Abai.kz

1 пікір