Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 3137 0 пікір 13 Ақпан, 2023 сағат 12:18

«Алтын адам» мен 16 қалашық тапқан ғалым

Бүгінде Зайсан өңірін археологиялық тұрғыдан зерттеп жүрген тарих ғылымдарының докторы, профессор, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері Әбдеш Төлеубаев жайында әңгімелемекпін.

Әбдеш Төлеубаев Шілікті жазығындағы сақ патшасы обаларын зерттеуге 2003 жылы келген еді. Сол кездің өзінде ол этнология-археология саласында танымал профессор болатын. Әбекеңнің өзі айтқандай, оның ғылымдағы жолын ашқан осы Шілікті болды. Шілікті жазығынан алтын адам табылғаннан кейін оның атақ-даңқы кең таралды. Ғалымның өзінің айтуы бойынша, жер астынан алтындарды тауып, ашу - алдағы үлкен зерттеудің басы ғана еді. Әбекең осы қазба жұмыстарында он жылдам астам уақытын сол табылған алтын заттарды зерттеуге, «Алтын адамның» бүкіл киімін, салтанатын қалпына келтіруге жұмсады.

Бүгінде Астанадағы Ұлттық музейде жарқырап тұрған «Шіліктінің алтын адамы» - ғалымның ұзақ жылдардағы зерттеуінің нәтижесі. Профессор Ә.Төлеубаев - еліміз ғана емес, алыс-жақын шет елдерге танымал археолог-этнолог. Өзінің ғылыми мектебі қалыптасқан ғалым. 2003 жылы осы Шіліктіге профессор Ә.Төлеубаевтың шәкірттері Ғани Омаров, Ұлан Үмітқалиев, Ерден Оралбай жеке-жеке экспедиция басқарып келді, Шығыс Қазақстанның түрлі өңірлерінде зерттеу жұмыстарымен айналысуда. Мысалы, Ғани Омаров Марқакөл, Күршім, Үржар аумағын зерттесе, Ерден Оралбай Тарбағатай, Ұлан Үмітқали Абай, Аягөз аудандарындағы көне археологиялық жәдігерлерді зерттеп жүр.

Біздің Зайсан елі үшін Ә.Төлеубаевтың тапқан «Алтын адамының» орны ерекше. Бұл үлкен жаңалықпен кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев танысып, өзінің жоғары бағасын берген. Сол кезде ол кісі былай деген еді: «Қазақстан жерінен үшінші алтын адамды тапқан Әбдеш Тәшкенұлы Төлеубаевтың еңбегін ерекше айтқым келеді. Бұл менің осыдан бес жыл бұрын жарық көрген «Тарих толқынында» атты кітабымда атап өткен, қазақтардың ежелгі сақ, үйсін, қаңлы мәдениетінің мұрагері болып табылатынының айқын дәлелі. Қараңыздаршы, бір шеті Алатау, енді бір қиыры Алтай, тағы бір шеті Атырау сияқты қазақтың үш қиянынан табылған үш «Алтын адам» бір ғана мәдениеттің үлесіне тиеді екен. Бүгінгі жас ұрпақты ұлт мәдениетін ұлықтау рухында тәрбиелеу үшін бұдан басқа қандай дәлел керек...» («Егемен Қазақстан» газеті, 2005 жылғы 8 қаңтар).

Шіліктінің «Бәйге төбе» деп аталатын үлкен обасынан 4000-нан астам алтын әшекей түймешелер табылған. Олар арқар, таутеке, бұғы, бүркіт, мысық тұқымдас жыртқыштың бет бейнесі, қасқыр, аю бейнелерінде жасалған. Сонымен қатар, көне заман өнер туындыларының ішінде бұрын кездеспеген алтын бес жұлдыз шыққан еді. Ұсақ алтын тізбелер өте көп мөлшерде табылды. Олардың сыртқы формасы саңырауқұлаққа, шығыршыққа, ұсақ түтікшелерге ұқсаған. Осы ұсақ әшекейлердің ішінде көлемі жағынан микроскопиялық, яғни, жай көзбен формасы, сұлбасы әрең ажыратылатыны да кездеседі. Мысалы, былай қарағанда тарыдай, тіпті, одан да кіші сары домалақ алтын болып көрінетін тізбелік бұйым үлкейткіш әйнекпен қарағанда саңырауқұлақтың басы сияқты қалпаққа астынан жіп өткізетін шығыршық дәнекерленген әшекей екені белгілі болды. Бұл нені көрсетеді? Осы ескерткішті қалдырған сақтар өз қолданбалы өнерінде микропайканы білген және де асыл әйнекті (лупаны) пайдаланған. Бұл дегеніңіз, өткен көне заман өнерінің шыңы десе де болғандай. Сақ скифтердің кейінгі кезіне жататын алтындар - көбіне шайдың қағазы сияқты жұқа фольга алтындар. Ал Шілікті алтындары, өне бойы құйма алтын әшекейлер. Оның үстіне, Шілікті алтындарының сынамасы өте жоғары. Ғалымның жазуынша, бұрын-соңды Қазақстан жерінен табылған археологиялық алтындардың ішінде мұндай жоғары сынамалы алтын кездеспеген.

Сондықтан кейбір ғалымдар бұл алтын заттар шеттен келген деген де болжам жасай бастаған. Әбдеш Төлеубаев Қазақстанның Геология институтының түсті металдар бөлімінің меңгерушісі, профессор Т.Жәутіковке осы маңайдағы көне кеніштердің алтынын, өзеннен шығатын шайма алтынды зерттете отырып, «Бәйге төбе» алтындары шикізатының ешбір сырттан әкелінбегенін дәлелдетті. Ғалымдардың бағалауына қарағанда, Ә.Төлеубаевтың Шілікті жәдігерлерін зерттеуінің нәтижесінде сақтардың өнеріндегі аң стилі деп аталатын бағыт осы біздің қазақ жерінен, оның ішінде Шығыс Қазақстан жерінен бастау алады. Соңғы он-он бес жылдардағы Ә.Төлеубаевтың зерттеулерінің нәтижесінде Тарбағатай өңірінен көне үйсіндер мәдениетінің ізі ашылған көрінеді. Келе-келе ғалымның археологиялық материалдар бойынша жасаған болжамдары Қытай жазба деректерімен дәлелденген екен.

2007 жылдан бері профессор Ә.Төлеубаев Алакөл маңындағы орта ғасырларда өмір сүрген қалаларды зерттеумен айналысуда. Үшарал кентінен Көктұмаға дейінгі аралықта 16 қалашық тапты. Оның үшеуін қазып зерттеді. Нәтижесінде бұл қалашықтардың Ұлы жібек жолының Жоңғар қақпасы арқылы Қытайға өтетін желісінде орналасқан керуен сарайлар екендігін, олардың ІХ-ХІ ғасырларда өмір сүргендігі анықталды.

Биыл Әбдеш Төлеубаев өзінің ғылыми өміріндегі 44-ші экспедициясына шыққан екен. Қарап отырсаңыз, Әбекеңнің тек қана экспедициялық өмірі бір адамның саналы ғұмырына тең. Араға 4-5 жыл салып Шілікті жазығындағы сақтардың көне жәдігерлерін әрі қарай зерттеуді бастады. Шілікті жазығындағы тағы бір үлкен обаны зерттеп жатыр. Ол обаның қазбасы да жартылай бітуге жақын. Әбекенің айтуына қарағанда, сақтар Тарбағатай аумағын VI-VII ғасырларда мекендеген. Ал биыл қазып зерттеген бұл жәдігер де сақтардың ең көне ескерткішіне жатады және өзінің ішкі-сыртқы құрылымы жағынан алтын адам шыққан «Бәйге төбе» қорғанына ұқсас келеді. Ғалым тағы бір «Алтын адам» шығуына үмітті екенін жасырмады. Әбекең басқарған экспедиция Тасбастаудың солтүстік тұсынан биыл зерттеген кішірек обадан адаммен бірге жерленген жылқы тапты. Ғалымның айтуына қарағанда, мұндай жағдай Шілікті жазығы ескерткіштерінде алғаш рет кездесіп отыр.

Облыс әкімі Даниал Ахметовтің қаржылық көмегімен және тікелей қадағалауымен жүргізілген бұл экспедиция биылғы маусымда бұрынырақта зерттеліп, «Алтын адам» шыққан «Бәйге төбе» обасын толығымен қайта жауып, қалпына келтірмекші. 2013 жылы «Алтын адамның» сүйегі осы обаға қайта жерленген болатын. Енді оны қайта қалпына келтіру үлкен аруақты іс болар еді деп есептеймін.

Саяш Нәсіретов,

«Зайсан ауданының құрметті азаматы»

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379