ОЛ! Немесе «Елбасизммен» қалай күресеміз?
- Зауал кімге төніп тұр?
Көпшілік қаңтар оқиғаларының ұйымдастырушылары мен қатысушылары кімдер, олар нені көздеді деген сұрақтардың жауабын іздеп сандалуда. Халық бұқарасы ештеңе түсінбей қалды. Журналистер де әлі долбар айту деңгейінде жүр. Шетелдіктер өздеріндегі заңдылықтарға сәйкес келетін тұжырымдар айтып жатыр.
Ал біздің істеп жүргеніміз – қоғамның даму заңдылықтарының ешқайсысына сай келмейтін, ешбір логикаға сыймайтын, ерекше бір ессіздіктің салдары ретінде көрініс берді. Енді тағы сол баяғыдай, ешбір ақылға сыймайтын шаралармен артын жауып жатырмыз. Қылып жүргеніміздің де ешқандай ұраға көміп, үстінен сабан жауып тастауға келмейтінін мойындағымыз келмейді.
Жұмбақтың сырын ашу қиын емес. Ол үшін қырғынды ұйымдастырушылардың мотивациясын зерттей отырып, пайым жасау керек. Шерлок Холмстың жиі қолданатын әдісі есіңізде ме? Ол былай дейтін: «Алдымен бұл қылмысты жасауға мүдделіні табыңыз – сонда қылмыскердің дәл үстінен түсесіз».
Сіз мына сұрақтардың жауабын іздеп көріңіз:
- Қазақ мемлекетінің ірге тасын қопарып, қабырғасын солқылдататын, ұлттық мүдделердің бәріне қарсы әрекеттерді кімдер жасап отырды?
- Қазақстанның ашық, демократиялық-құқықтық қоғам болып құрылуын кімдер қаламады?
- Егер елде әділеттік орнаса, ұлттық мүдделерге қайшы әрекеттер жасап жүргендер, миллиардтап мемлекет қаржысын шетелдерге тасығандар әділ жазаға тартылатыны анық болса, мұндай жағдай кімге зауал әкелер еді?
Осы сұрақтардың жауабын тапсаңыз – сіз қаңтар қырғынын ұйымдастырушының үстінен түсесіз.
- Ресейшілдік
Компартияның билігі тұсында қазақ кадрлары жоғары лауазымды қызметті Кремльден алды. Орыстарда қазақ және өзге ұлт өкілдерінен кадр таңдаудың құпия шарттылықтары болды. Оны білетін қазақтан шыққан лауазымды қызметтерге ұмтылушылар Ресейдің мүддесін қорғайтын ісімен көрінуге тиіс болатын. Осылай кім қазаққа, оның мемлекеттігіне көбірек кесір келтірсе, сол коммунистік билік иелеріне көбірек жағатын болды. Осы қағидаға сай, қазақтан шыққан бастық атаулы бірінші кезекте қазақты көктетпейтін әрекетімен көзге түсуі тиіс болатын. Кадр таңдаудағы бұл «әдіснама» әлі жалғасын тауып келеді. Бұл бағытты қазақтан шыққан басшылар арасында инерциямен Ресейге бүйір бұрушылар басымдықпен пайдаланады.
Соңғы 30 жыл ішінде қазақтың ұлттығының, мемлекеттігінің діңгектерін солқылдата шайқалтатын әрекеттер жиі көрініс берді. Ресей басшысы нені қаласа, қазақ шенеуніктері соны қолына ұстата салады. «Мәңгілік доспыз», «тарихи тағдырласпыз» деген жалған пафостың құйрығынан ұстап алған Мәскеу қазақ «ұлықтарын арқадан қағып қойып» (Абай), біздің болыстарды «жиылатын жастық, жайылатын төсек» қылды. Түптеп келгенде, Ресей басшылары жағымпаз қазақтарды пайдаланып, елдің дамыту векторларына дейін айқындаушы күшке айналды. Мінеки, соңғы 37 жылда (1984-тен есептегенде) қазақ ордасындағы ойранның авторы қайдан екенін білгіңіз келсе.
Қазақ басшылары Кеңес Одағын сақтап қалу үшін барын салды. Бұл олардың шын ниеті болатын. «Беловежье үштігі» шақырғанда бармай /Назарбаев – ред./, Мәскеуге бұрылып кеткен болатын. Тіпті тәуелсіз мемлекеттің президенттігіне сайланып алғаннан кейін де, Қазақстанның дүниежүзілік қауымдастықтың толыққанды субъектісі болатынына Ол сенген жоқ. Бұрынғы Кеңес Одағының қарамағында болған елдерді қайта жинамақ болған Кремльдің идеясын жүзеге асырыспақ болып, «ТМД», «ЕврАзЭС», «ОДКБ»-лердің белсенді ұйымдастырушысы, идея бергіші болды.
Ол Қазақстанды елім деп, қазақтарды халқым деп санаған жоқ. Ең бастысы – қазақты ұлт ретінде дамуға құқықты халық деп таныған емес. Қазақты алдай салуға болатын, қайда айдасаң – көнетін, өтірікті қалай соқсаң да нанатын, етінен ет кесіп алсаң да, мыңқ етпейтін, құртып жіберуге болатын тобыр деп түсінді. Сол түсінігіне сай, басынған әрекеттер жасады.
Ол өзін халықтан да, заңнан да жоғары қойып отырғанына именбеді. Барлық мемлекеттік ресурстарды отбасы мүшелері мен саясаттағы сүйіктілеріне таратып беруден қорықпады. Өйткені Ол прагматикалық жоспарда ойына не келсе, соны істеуді, отансатумен еркін айналысуды, гипотетикада – Қазақстанды Ресей жұтып қойғанда, Кремльдің есіктерін теуіп кіремін деген үмітпен әрекет етті.
Мәселенің бастысы оның миллиардтарында, сарайларында, ішкі-сыртқы саясаттағы, демографиядағы.., өзге салалардағы кесірлерінде ғана емес. Ол рухани аяларда олардан өткен орасан кесір келтірді. Ол әрекеттерінің көбі ашылған жоқ. Жіті қарай алатын адамдар ғана аңғара алатын, алакеуім ақшамда немесе түн қараңғысын жамылып жасаған аяр әрекеттері әлі әшкереленген жоқ.
- Зауалдан құтылу жолдары
Бір ескерерлігі – Ол өзінің отаны мен ұлтына жасаған опасыздығын, барлық салаларда ұлттың ұлы істеріне тосқауыл қойып, мемлекеттің іргетасын шайқалтатын қастандықтардың алуан түрін жасап келгенін және онысының аса ауыр қылмыс екенін біледі. Онысы үшін бір зауалдың болатынын да түсінді. Соңғы жылдардағы дүниежүзілік финанс жүйесіндегі өзгерістер, банктердің құпия сақтаудан бас тартуы, оффшордағы қаражаттардың шыққан тегін тексерулер... Оның көзін ашты. Дүние тар болып қалды. Сол кезде зауалдан құтылудың жолдарын қарастыра бастады. Бірінші нұсқадағы «доллар қапшықты арқалап, шетелге зытып кету» идеясы жарамайтыны анықталды.
Екінші нұсқа – Қазақстанды Ресейге қосып кету. Беларусь тәжірибесі бұл жолдың ұзақ уақытты қажет ететінін және үдерістің кез келген кезеңінде тас талқаны шығуы мүмкін, қауіпті жол екенін көрсетіп берді.
Үшінші нұсқа – биліктен мәңгі айырылмау. Ол үшін билікті отбасынан шыққан сенімді қолға тапсырып, сол арқылы тарихта сүйкімді бейнеде қалуды қамтамасыз ету керек болды. Алайда билікке үміткерлердің бәрінің қылмыспен көрінуі, халық арасында беделінің болмауы, саясаткерлер арасында жеккөрінішті болуының салдарынан Ол билікті отбасы мүшелерінің біріне заңдандырып беру ниетін жүзеге асыра алмады.
Биліктен айырылу Оған апат алып келеді. Егер Қазақстанда ашық, демократиялық, әділетті қоғам құрылып, заңның үстемдігі орнаса, заң алдындағы теңдік ұстанымдары жүзеге асырылатын болса, бұған дейін жемқорлықпен күнелтіп жүргендердің істері ашылып, жаза тартатын болады. Оның арты Өзін және отбасы мүшелері мен сыбайластарын түгел шарпиды. Сонда мұның Өзіне кешірім бола ма? Әрине, жоқ. Енді не істеу керек?
Ахуалды терең түсінген сайын, Ол қаттырақ қалтырап, көбірек дірілдейтін болды. Соңғы онжылдықтарда Ол тек өзін қорғаумен айналысуға көшіп алды. Тізіммен жасақтаған жағымпаз парламентке арнайы заң қабылдаттырып, күштік құрылымдардың басын біріктіріп, президенттен жоғары құзіреттілігі бар Қауіпсіздік кеңесін өлгенше басқару құқығын заңдастырып алды. Осыдан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Оның өзін ұлттан қорғайтын комитетке айналды деген сөз таралды. Шынайы сурет расында да солай болатын.
- Мемлекет – қауіп төндіруші фактор
Ол үшін бірегей ахуал қалыптасты. Өзі 37 жыл басында болған еліне Өзі жау болу перспективасына жолықты. Қазақ мемлекетінің қауіпсіздігі – Оның өзіне қауіп төндіретін факторға айналды.
Бұл жолғы арандату Оның өзіне бағынышты Қауіпсіздік кеңесінің құзіреті мен күшін пайдаланып, демократиялық бағытты ұстап отырған мемлекетті төңкеріп тастап, орнына қатаң тоталитарлық-полицейлік құрылым орната саламын деген ындынының «жемісі» болып шықты.
Бір депутат «осының бәріне демократия деген ұранмен көшеге шыққан белсенділер кінәлі» деген екен. Сырттай қарағанда, бір кертартпа пақырдың былжырай салғанына ұқсайды. Бірақ осы лебізде жан түршігерлік, қаяр ой жатқанын аңғару маңызды деп ойлаймын. Гәп мынада: осы сөздерімен депутат қаңтар оқиғаларын ұйымдастырушылардың төңкеріс жасап, билікті басып алып, елде толық тоталитарлық-полицейлік мемлекет орнатпақ болғанынан хабардар болғаны және сол бағытты жақтап тұрғаны көрінеді.
Билікті күшпен басып алғаннан кейін, олар демократиядан ашық түрде бас тартып, елді күштік құрылымдар арқылы алақанда ұстап отыруды көздеген деген жорамалдың қисыны бар. Толыққанды жабық, террорлық режим жағдайында бұқараға бұрынғы биліктің жан түршігерлік қылмыстарын әшкерелеуге мүмкіндік қалмайды. Осылай бұрынғы биліктің зауалдан құтылуы қамтамасыз етіледі.
Ол билікке келгеннен бері осы трендпен айналысып келеді. Бірақ мемлекет әлі тірі. Ашық қоғам құрып кету «қаупінен» арылған жоқ. Демек, зауал қаупі сейілген жоқ. Сондықтан, Оның логикасы бойынша, мемлекеттің іргесін шайқалтып, мүлдем жаңа, полицейлік-тоталитарлық мемлекет құрып алу керек. Сонда мемлекет басшысының орнына келген Оның адамы демократиялық таңдаудан ашық бас тартатынын жариялайды. Ал Өзі болса, «мен демократияға біртіндеп алып келе жатыр едім, бәрін мыналар бүлдірген» деп, ақталар сөздерін айтып, мүсәпір бола салады.
- Путиннің тұрғысы
Путин бұрынғы президентке қатысты екіжақты тұрғы ұстанды. Ессіз арандатуымен дүние жүзінің алдында масқара болып отырған қазақ диктаторын ашық қолдау – Путиннің шатқаяқтап тұрған беделіне нұқсан келтіретін болды. Ол Біздікін биліктен аластатуды жақтады, бірақ басына әңгіртаяқ ойнатуға асықпады.
Өйткені енді Оның барар жер, басар тауы жоқ, ал артына қалдырған үлкен мұрасы бар. Путин Оның тағдырын кейін, реті келгенде кофе ішіп отырып-ақ шеше салатын мәселе деп қарады. Қазіргі таңда ол Тоқаевтың маңына Бұрынғының сумақайларын топтастырып беріп отыр.
- Мао Цзэдун феномені
«Билік толығымен Қ.-Ж. Тоқаевтың қолына өтті». «Елбасы барлық құзіреттігінен айырылды, енді бәрін екінші президент шешеді» деген пікірлер белең алуда.
Өз басым мұндайды көріп тұрған жоқпын. Бұлай түсінік беруге әлі ерте. Қ.-Ж. Тоқаевқа жеке-дара билеуге жол әлі ашылған жоқ. Екінші – әлі өз жақтастарын саяси күш ретінде көрінетін клан ретінде топтастыра алған жоқ. Ол әлі Бұрынғының жасағының ортасындағы «арпа ішіндегі бір бидай» күйінде қалып отыр. Тұңғыштың өзі құзіреттерінен айырылғанымен, оның кланы әлі күшінде. Меніңше, ешкім ешқайда қашпайды. Басында қашайын дегендері орта жолдан кері айналып келіп жатыр. Тіпті қабақтарында кірбің жоқ. Біз Мао Цзэдун феномені үлгісіндегі қоғамға өтіп жатырмыз.
Қытайдың «ұлы асыраушысы» халқына не істеп еді? Мәдениетті жоқ қылды, зиялы атаулыны қаладан қуып, ауылдарға «еңбекпен тәрбиелеуге» – тышқан қуып, торғай атуға жіберді. Шаруаның пешімен металл қорытам деп, кеніш атаулыны қоқысқа толтырды. Әлеуметтік бағыттардағы жоспарларының бірі де орындалмады. Елді аштық жайлады, гуманитарлық апат қаупі төнді. Өткен ғасырдың 70-жылдарына қараған шақта Қытай ең кедей, сорлы елге айналған болатын.
Бұған қатысты гәптің үлкені мынада: Мао қаншалықты ессіз трендтерімен елдің басын қатырса да, идеяларының бәрі топыраққа көміліп тасталған жоқ. Оның 1949 жылы Қытай Халық республикасының іргетасын қалаушылардың бірі болғаны рас. Ол құрған компартия әлі өмір сүріп жатыр, бейнесі валютаның бетінде жарқырап тұр.
Неге олай? Өйткені Мао өлгенімен, оның кланы өлген жоқ. Оның заңды және заңсыз өмірге келген шаталарының ұрпақтары аталарының идеясына қорған болып жүр. Олар қазіргі Қытай элитасында маңыз аларлық деңгейде ықпалын сақтап қалды.
Солар сияқты Біздікінің де өзі құзіреттерінен ада болса да, кланы оның салған ізімен идеяларын жалғастыруды қолға алып отыр. «Бір адамды жаппай қаралап, бар кемшілікті оның мойнына арта беруге болмайды» деп, шырылдап жүргендер – солар. Олардың арасында кезінде қазақтың ырысын Оның өзімен, отбасы мүшелерімен ымыраласып, бірігіп тонағандар аз емес. Қазіргі президенттің айналасына жиналып жатқандардың, солардың ішінде жоғары лауазымға ие болып алғандардың арасында Тұңғыштың жақтастары толып жүр. Олар өздерінің саясаттағы бағытын ұстауға, оны іс жүзіне асыруға тырыспай қоймайды. Демек, елбасизм де, онымен күрес те әлі жалғасын табады.
Ендігі Қазақстанның тағдыры қаңтар алып келген біраз жариялылықты пайдаланып, зиялы қауымның белсенділік таныта алуына немесе алмауына тәуелді. Біздің алдымызда рухани салалардағы көң астында көміліп қалған қазыналарды қопарып, бұқаралық сананы ояту, оны саяси белсенділікке бағыттау міндеті тұр. Қазақ зиялылары осыны түсініп, кейбір артық сөздері мен қателіктеріне қарамастан, қазіргі президентпен ынтымақтастықта консенсус форматына сыятын мәселелерді шешуге кірісуі – оңды болар деп ойлаймын. Дәл қазір одан басқа тиімді нұсқаны көріп отырған жоқпын.
«DAT». 10.02.2022.
Қанағат Жүкешев
Abai.kz