Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 6448 0 пікір 27 Наурыз, 2013 сағат 07:05

Бақытжан Меңлібекұлы. Исламофобия – діни төзімділікке қарсы құбылыс

«Фобия» ұғымы сөздіктерде қандай да бір нәрсеге қатысты шамадан тыс  қорқынышты, негізсіз үрейленушілікті білдіреді. Демек, кез келген фобияның шығу тегі объективті шынайылықтан гөрі, көбіне соқыр түсінікке негізделеді деп түйіндеуге болады.

«Исламофобия» терминін ең алғаш 1922 жылы шығыстанушы Этьен Дине өзінің «Батыстың көзімен қарағандағы Шығыс» эссесінде айқыш жорықтары дәуірінен отаршылдық кезеңге дейін болған еуропалықтар мен мұсылмандар арасындағы қақтығыстан туындаған исламға деген жағымсыз қатынасты белгілеу үшін қолданған еді. Алайда бұл ұғым ондаған жылдар бойы кең қолданыстан тыс болып келген.

«Фобия» ұғымы сөздіктерде қандай да бір нәрсеге қатысты шамадан тыс  қорқынышты, негізсіз үрейленушілікті білдіреді. Демек, кез келген фобияның шығу тегі объективті шынайылықтан гөрі, көбіне соқыр түсінікке негізделеді деп түйіндеуге болады.

«Исламофобия» терминін ең алғаш 1922 жылы шығыстанушы Этьен Дине өзінің «Батыстың көзімен қарағандағы Шығыс» эссесінде айқыш жорықтары дәуірінен отаршылдық кезеңге дейін болған еуропалықтар мен мұсылмандар арасындағы қақтығыстан туындаған исламға деген жағымсыз қатынасты белгілеу үшін қолданған еді. Алайда бұл ұғым ондаған жылдар бойы кең қолданыстан тыс болып келген.

«Runnymede Trust» британ зерттеу орталығының «Исламофобия - баршаға тасталған үндеу» атты баяндамасының 1997 жылғы жариялануынан кейін аталмыш неологизм кең қолданыла бастады. Бұл жобаны басқарған Сассек университеті ректорының орынбасары, профессор Гордон Конуэй (Gordon Conway) оны «барлық деңгейлердегі БАҚ-қа тән және қоғамның барлық қабаттарына таралған ислам мен мұсылмандарға деген жек көрушілік пен үрей» деп анықтады. Конуэйдің пікірінше, исламофобия «ислам Батыс өркениетінен ерекше, артта қалған, мұсылмандық мәдениет көп келбетті және прогрессивті емес, қатып семіп тоқырауда қалған, бөтен ой мен пікірлерге төзімсіз, патриархалды, әйелдерді қанайтын, фундаменталистік және басқа мәдениеттерге әлеуетті түрде қауіп төндіретін мәдениет» деп қарастырылатынын атап өтеді. Қысқаша анықтар болсақ, саяси исламофобия мына формуламен білдіріледі: «ислам - серік болмайды, ол - дұшпан».

Оған дейін, 1996 жылы «исламофобия» тіркесін Ұлыбританияда «Исламофобия және британ мұсылмандарының істері жөніндегі комиссия» қолданған. Тура мағынасында бұл сөз «исламның алдындағы ақталмаған қорқыныш» деген мәнді білдіреді, бірақ ол «исламға қарсы стереотип» (таптауырын) мағынасын да аңғартып, өмірдің барлық қырларына қатысты қолданылатын басқа да 500-ден аса анықталған фобиялардың қатарына кіреді. Айталық, 2004 жылдың желтоқсанында «Исламофобиямен күрес» атты конференция болып өтті, оған БҰҰ бас хатшысы төрағалық етті. Еуропа Кеңесі де исламофобияның көріністерін айыптады.

Исламофобия және діни негіздегі стереотиптер исламның тарала бастауымен байқалғанымен, оның ауқымы тар болатын. Исламофобияның әлемде күрт өсуі 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі терактіден және одан кейінгі АҚШ-тың мұсылман елдерімен жүргізген соғыстарынан кейін, әсіресе, америкалықтар арасында күрт өсті. Мысалы, Құранды өртегісі келген пастор Терри Джонс атышулы танымалдыққа ие болды.

Антимұсылмандық нәсілшілдік немесе исламофобия нәсілшілдіктің, ксенофобияның және жалпы төзімсіздіктің бір түрін, исламға деген, сондай-ақ онымен байланысты барлық қоғамдық құбылыстарға деген жағымсыз реакцияның әртүрлі формаларын жинақтап анықтауды білдіреді. Исламофобия - діни надандықтың белгісі, сондықтан білімнің осы саласында жан-жақты ғылыми зерттеулер жүргізуді қажет-ақ. Бүкіләлемдік ислам экономикалық форумының ашылуында (маусым, 2011 ж.) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев соңғы жылдары ғаламдық БАҚ ислам тәрізді әлемдік бейбіт дін мен терроризмнің арасына теңдік белгісін қойып, исламды құбыжық қылып көрсетіп жатқанына алаңдаушылық білдірді. Осыған орай, оның пікірінше, мұсылман қауымдастығы исламның «бейбітшілік пен ізгілік, төзімділік пен әділдік діні» ретіндегі жағымды бейнесін қалыптастыру үшін күш-жігерін біріктіруі тиіс.

Діни негіздегі стереотиптер мен исламофобия, әсіресе мұсылман әлемі мен еуропалық өркениет арасындағы түсініспеушілік қатынастар өзінің бастауын ерте орта ғасырлардан, мұсылмандардың VIII ғасырда Пиреней түбегін алуынан және XVI ғасырдағы Реконкистадан (испандардың қайта жаулауынан), олардың аралығындағы айқыш (крест) жорықтарынан және османлылардың Византияны басып алуы мен Наполеонның Мысырға жорығынан, еуропалықтардың Азия мен Африка елдерін отарлауынан алады. Дегенмен, орта ғасырлардағы діни таптауырындар мен қазіргі исламофобияның бір-бірінен айтарлықтай айырмашылықтары бар.

Егер орта ғасырларда айқышшылар сарациндерді (грек тілінен аударғанда - «шығыс адамдары», грек ғалымы Птолемей мен ерте римдік тарихшы Аммиан Марцеллин еңбектерінде айтылатын қарақшы тайпалар, бәдәуилер) «Магомет» деген құдайға сыйынатын пұтқа табынушылар ретінде немесе ақиқаттан адасқандар деп санаса, керісінше, өздері сол күйге түскен қазіргі заманғы еуропалық пұтқа табынушылар исламды «ыбырайымдық монотезимнің шектен шыққан көрінісі» деп есептейді. Аскеттік оңаша өмірді ұстанған ортағасырлық монахтар исламды «жыныстық жүгенсіздіктің» діні ретінде қарастырса, әйелдер эмансипациясы мен гедонизм үстемдік етіп отырған қазіргі Еуропа тұрғындарына ислам «толыққанды өмір сүруге» мүмкіндік бермейтін «жыныстық репрессивті» дін болып көрінеді. Қазіргідей «хиджаб» мәселесін талқылау ортағасырлық адамдардың түсіне де кірмейтін, өйткені католиктердің де, православтардың да әйелдері жабық киінетін. Жаңа заман мен Ағартушылық дәуіріндегі (Вольтер фанатик Мұхаммедтің бейнесін сомдады) секуляризация (қоғамда дін рөлінің төмендеп, зайырлылықтың басым болуы) барысында ислам ақыл мен прогрестен алыс сенім деп саналды, ал әр алуан ғылым салалары мен философия, әдебиет пен өнердің көптеген түрлері Еуропаға мұсылмандық Мағрибтегі (Андалусия,Севилья, Кордова, Гранада) өркениеттен келгені ұмыт қалды. (Бұл туралы Монтгомери Уоттың «Ортағасырлық Еуропаға исламның ықпалы» кітабынан оқуға болады).

VIII-XII ғасырларда мәдениеті гүлденген Араб халифатында (оның орталығымен қатар, батысы мен шығысында да) мұсылман дінімен қатар, еркін ойшылдық та болды, диспуттар өткізіліп тұрды. Бағдат, Дамаск, Куфа, Басра, Бұқара, Самарқанд, Каир, Стамбул, Кордова, Севилья және т.б. шаһарларда қазіргі Лондон, Париж, Брюссель, Нью-Иорк және т.б. қалалардағы тәрізді әртүрлі ұлттар мен діндер өкілдері бейбіт қатар өмір сүрді. Тіпті бүгінгі күндері Астана қаласында өткізіліп жүрген Әлемдік діндер съезінің бастапқыда, 1254 жылы буддизм, христиан және ислам өкілдерінің қатысуымен Азия түкпіріндегі Қарақорымда өткізілгенін Рубрук қолжазбаларынан оқуға болады.

Аталмыш кезеңде Шығыста орнығып, антикалық мәдени және ғылыми-философиялық мұраны игеріп қана қоймай, оны одан ары жетілдіріп, өздері көркем әдебиет пен филология, тарих пен география, математика мен астрономия, медицина мен музыка, логика мен философия салаларында, сондай-ақ сәулет өнері мен көркем қолөнерде аса ірі табыстарға жеткен бұл өркениетті медиевист-зерттеушілер «мұсылман ренессансы» деп атайды.

Мұсылман өркениеті өзге мәдениеттерге төзімділігі мен сұхбатқа ашықтығының арқасында Алдыңғы Азиядағы иудейлер мен сириялық арамейлердің, Солтүстік Африка халықтары мен мысырлықтардың,  батыстағы андалусиялықтар мен шығыстағы үнділіктердің, сонымен қатар Хорасан мен Орталық Азиядағы түркілер мен парсылардың жергілікті мәдениеттерін бірегей исламдық арнада тоғыстырды. «Араб-парсы-түркі» мәдени синтезі орын алған бұл кезеңде қазақ топырағынан әл-Фараби, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Яссауи тәрізді ғұламалардың жұлдызды шоғырлары шықты.

Алайда еуропалық христиандардың мұсылман әлеміне деген қатынасы жаппай «жау бейнесіне» теңгерілді деп айтуға болмайды. Еуропада еуропацентризм дертіне ұшырамай, мұсылман мәдениетіне деген қызығушылығы мен құштарлығын жасырмаған адамдар (көбіне алдыңғы қатарлы, озық ойшылдар мен қайраткерлер) да болды, мысалы: Раймонд Луллий, Роджер Бэкон, Эразм Роттердамский, Фридрих II Гогенштауфен, Альфонс Кастильский, Лессинг, Гете, Пушкин, Толстой және т.б. Яғни, исламофобиямен қатар, исламофилияның болғандығын атап өту керек. Немістің атақты ойшылы Фридрих Ницше өзінің «Антихрист» еңбегінде Испанияның керемет мавритандық мәдени әлемін дәріптей отырып, Реконкиста кезінде «христандардың бір Кордованың өзіндегі 300 қоғамдық моншаны «мұсылмандықтың көзі» деп құртып, «тән тазалығына да қарсы шыққанын» уытты тілмен жазады.

Бүгінгі біздің заманымызда исламофияның таралуы екінші дүниежүзілік соғыстан кейін мұсылмандардың Еуропаға миграциясымен байланыстырылады. Қазіргі кезде Еуроодақ елдерінде 15 миллиондай мұсылман, орта есеппен алғанда, Нидерландыда - 10%, Францияда - 6-7%, Германия мен Швейцария - 5%-дан, Ұлыбританияда - 3% ислам дінін ұстанушылар тұрады. Еуропалықтардың мұсылмандарға деген негізгі наразылықтары: жұмысқа деген жалқаулығы мен жатыпішерлігі, жергілікті дәстүр мен мәдениетті сіңірмеуі, тілді үйренбеуі, мешіттердің көбеюі, азанның айтылуы, көшелерде жұма және айт намаздарын өтеу, хиджаб немесе паранжа киюі және т.б. Ал мұсылмандардың еуропалықтарға артатын айыптары: білім алудағы, жұмысқа тұрудағы кемсітушіліктер, қоғамдық орындардағы дискриминация және т.б. Рим папасы Бенедикта XVI 2006 жылғы Регенсбурк қаласында исламға қатысты айтқан сыни сөздері, Франциядағы «хиджаб» киюге тыйым салу, Швейцарияда мешіт мұнараларын салуға тыйым салу, Даниядағы каррикатуралық даңғаза, Норвегиядағы Брейвиктің жасаған теракты исламофобияның шоғын қоздатты.

Жалпы төзімсіздік пен ксенофобия құбылыстары ең табысты әрі игілікті деген қоғамдардың өзінде де кездесетін, әртүрлі трансформацияларға түсе отырып, бір мемлекеттің ауқымынан тысқа шығып, әлемдік үрдіске де айналатын құбылыстардың бірі болып отыр. Ортағасырлардан дәстүр болып қалған исламофобия либералды Батыстан асып, отаршылдық пен сыртқы мәдени экспансия барысында бұрынғы дәстүрлі мұсылман қоғамдарды да, оның ішінде, Қазақстанды қамтып келеді.

Ксенобия мен этнофобия туралы, оған қарсы әрекет туралы көп айтылғанымен, ол жойылып кете қойған жоқ, керісінше, өсе түскен тәрізді. Интолеранттылықтың мысалдарын БАҚ-ты оқысақ немесе тыңдасақ та жеткілікті, ұлттық және діни негіздегі қылмыстық шиеленістер, скинхедтер мен неофашистер әрекеттері, терактілер және т.б. Төзімсіздік пен экстремизмнің әлеуметтік-экономикалық, саяси және заңнамалық себептерінен өзге, қоғамда қалыптасқан әлеуметтік стереотиптердің тигізетін әсері бар екені сөзсіз.

Әрбір халыққа да әлеуметтік стереотиптермен қатар, белгілі бір деңгейде этноцентризм тән екенін аңғаруға болады. Мысалы, грек ойшылы «дүниеде үш нәрсеге қуанамын: құл болмай ерікті болғаныма, әйел болмай еркек болғаныма және варвар болмай грек болғаныма» десе, француз ойшылы «мен қажеттілікте байланысты адаммын, ал тек бақытты кездейсоқтықтың арқасында ғана французбын» дейді. «Мың өліп мың тірілген» қазақтың этноцентризмін Абай «Қара сөздерінде» орыстарды, сарттарды, ноғайларды кемсітуінен көрсетіп береді. Мұндай этноцентризмнің астарынан эгоцентризм бой көрсететіні белгілі, өз ұлтына деген бұл құштарлықтың арты кейде «этнонарциссизмге» (өз-өзіне ғашықтық) немесе фашизмге ұласады. Әр халықтың өз өмір қамының, жүріс-тұрыс нормаларының және т.б. «дұрыс» формасы туралы сәйкес көзқарастары бар және оны «өзіміздікі» деп иеленеді де, басқаларынан «өзгелердің» жау бейнесі қалыптасады. Әлеуметтік нысандар мен жағдайлардың мұндай негізсіз қарапайым бейнесі біршама тұрақтылыққа ие болады, мысалы: ақымақ чукчалар, зұлым кавказдықтар, сараң жөйттер, топас американдықтар және т.б. тіркестердің пайда болуына әкеліп соқтырады.  Көп жағдайда мұны бұқаралық ақпарат құралдары мен кино-, бейнеоиндустрия қоздыра түседі.

Қазіргі жағдайларда БАҚ қоғамдық пікір қалыптастыруға ықпал етіп қана қоймай, қарым-қатынастың тілі мен қалыбын, әлеуметтік қондырғылар мен өзара әрекет стратегияларын (үйлесу, бәсекелесу, жатсыну) да орнықтырады. Қоғамдағы ксенофобияның немесе толеранттылықтың жалпы деңгейіне әсер етеді. Қоғамға дайын құндылықтық-мағыналық және жүріс-тұрыс үлгілерін ұсына отырып, қалың бұқараның санасын басқару құралына айналады. Ол әлеуметтік шиеленіс пен стресстік психологиялық ауыртпалықты бәсеңдету барысында қоғамды топтастырып қана қоймай, бұқараға жау бейнесін сіңіру арқылы, көрермендердің, тыңдармандардың және оқырмандардың сана-сезімін агрессиялық көңіл-күйге дейін жеткізіп, әлеуметтің психологиялық орнықтылығын бұзуы да мүмкін. Тікелей саяси немесе қаржылық тапсырыстың негізінде БАҚ «өзіміз және өзгелер» ажыратушылық ұстынына сүйеніп, тенденциялық бұра тартушылық арқылы, нәсілдік, ұлттық, мәдени және діни қарым-қатынастарда айыптаушы, қорқытып-үркітуші, кекесінді және кемсітуші сөздер мен сөз тіркестерін қолдану арқылы деструктивті ықпал етуі де мүмкін.

БАҚ өкілдері сөз бостандығына деген құқын толығымен пайдалана отырып, деструктивті сипат алатын «өшпенділік тілінен» бойын аулақ ұстауы керек. Жекелеген этностарға немесе конфессияларға қатысты балағатпен, төмендетумен, кемсітумен, зіл тастаумен, келемеждеумен және т.б. сипатталатын өшпенділік тілі ақпараттық-коммуникативтік кеңістікте дискриминациялық алшақтық белгілерін қойып, жарияланымның интонациясынан, баяндаудың стилінен, кескіндемелерді таңдаудан және т.б. көрінуі мүмкін. Сондықтан экстремистік риторикаға деген құқықтық және идеологиялық қатынас мейлінше күрделі. Өйткені бұл тілдің градацияларын ажырату мүмкін емес, ашықтан ашық ксенофобия мен экстремизм болмаса, интолеранттылық көріністің көптеген формалары сүзгіден еркін өтіп, нәсілдік, ұлттық және діни кемсітушілік үшін жауапкершілікке тартылу жазасынан құтылып кетеді. Тіпті БАҚ (сондай-ақ кино-индустрия, әдебиет пен өнер немесе қарапайым халық арасында таптауырындар мен түсініктер арқылы) арқасында бұқаралық менталитет құрылымына еніп те кетеді.

Бұл таптауырындарды заңнамалық-құқықтық игеру мүмкін емес, ол тек осы ақпараттық-коммуникативтік кеңістікті қалыптастырушы субъектілердің, яғни журналистердің тәрбиесімен, ішкі ар-ұятымен, адамгершілік және интеллектуалдық мәдениетімен игеріледі. Дін мен діни қатынастарға қатысты сөз болғанда мәселенің нәзіктігін ескеріп, оны түсіндіру мен таратудағы өзінің рөлі мен қоғам алдындағы азаматтық жауапкершілігін терең сезінуі тиіс.

Өкінішке қарай, Құран аяттарының «дүиетанымдық» және «ахуалдық» деп жіктелуін, олардың түсу себептері мен салдарын білмеу исламның бейбіт болмысын жоққа шығаруға алып келуде. Бұл таяздықты дәстүр мен кез келген басқа пікірді теріске шығаратын радикалдар, экстремистік ағымдар мен терроршылардың «ұстаздары» мен серкелері өздерінің зұлым идеяларын қасиетті жазбаларға таңа отырып шебер пайдаланады. Сол сияқты, Сүннетті де дұрыс ұғынбаудың салдарынан хадистерді қате тәпсірлеп, оның арты үлкен қауіптерге ұласып жатады. Исламның бастау бұлақтары - Құран мен Суннаны дұрыс түсіну діннің рухына сай кәсіби біліктілікті қажет етеді, яғни, ислам тарихының санғасырлық әдіснамасына (дәстүріне) негізделген іліммен қарулану керек. Ислами қайнаркөздерді түсінудегі (тәпсірлеудегі) әдіснама дұрыстығы лаңкестікті де, исламофобияны да женуде ең маңызды фактор болып табылады.

Егер осы әдіснамаға сүйене отырып, суннилік бағыттағы ислам қайнарларын, ислам тарихына қатысты қайнарларды талдай отырып және мұсылман елдері мен қауымдастықтарына қатысты деректерге сүйене отырып, ислам мен терроризмнің абсолюттік сыйымсыздығын дәлелдеуге әбден болады. Суннилік бағдардағы ислам ілімінің негіздерін, төрт заңды мазхабтың ортақ ақидасымен қатар, Әбу Ханифа мазхабының фыкһын  талдау барысында исламның өзге конфессияларға төзімсіз қатынастары туралы «стереотиптер мен штаммдардың» орынсыз екендігін көрсетуге болады. Сондай-ақ, «ислам зайырлы тәртіпті теріске шығарып, халифат пен имаматқа негізделген ерекше исламдық мемлекетті орнатуға шақырады» деген тұжырымдардың, исламның тоталитарлық болмысы туралы таптауырындардың да негізсіздігі, оның исламның ізгі рухына мүлдем жат екені қисық-қыңыр неохариджиттік ағымдар өкілдерінен басқалар үшін айдан анық.

Ислам ілімінің экстремистік түсіндірмесінің таралуына тосқауыл қоя білу керек. Өйткені исламофобия «өзіміз - өзгелер» кешенінің қалыптасуына, мұсылмандардың, исламның мұсылман қауымдастықтарының бөлектенуіне әкеледі, ал жатсыну үдерісі өз кезегінде мұсылман әлемі мен мұсылман қауымдастықтарында радикалды және деструктивті ағымдардың күшеюіне алып келеді.Тұтастай алғанда, исламофобия елімізде шынайы құқықтық және азаматтық қоғам қалыптастыруға, толеранттылыққа, төзімділікке және тұтастыққа қауіп төндіретін құбылыс болып табылады.

Соңғы онжылдықтарда еліміздің қоғамдық өмірінде діннің, оның ішінде ислам дінінің (өйткені республика тұрғындарының 70 пайызы ислам дінін ұстанады) рөлі өсе түсті: дәстүрлі діни институттардың әлеуметтік функциялары кеңеюімен қатар, жаңа діни ағымдардың да пайда болуы, олардың арақатынасының шиеленісуі, дінтанулық, оның ішінде исламтанулық білімді дамытуды қажет етеді. Бүгінгі күні діни сананың жаңғыруы бүкіл әлемді қамтып отырған факт қана емес, қоғамдық дамудың кескін-келбетін айқындаушы факторға да айналуда.

Бұл қалыптасқан діни ахуал ғылыми зерттеулерді тарихи ретроспективадан қазіргі заман мен перспективаға көшіріп, дінді жүйелі әрі кешенді зерттеудің жаңа концептуалдық, методологиялық және дүниетанымдық тәсілдерін қолдануды қажет етеді. Себебі адам өмірінің сан алуан қырлары әлеуметтік кеңістіктің виртуалдануы мен компьютерленуі, жаһандануы мен жаңартылуы, миграция мен интеграция салдарынан трансформацияланып, діни институттар мен діндарлықтың сипаттары да өзгеруде. Қазіргі әлемде діни плюрализм саясаты ар-ождан еркіндігі мен діни толеранттылықты алдыңғы орынға қойып, қоғамдық сананың ерекше рухани формасы ретіндегі дінге деген қатынасты түбегейлі өзгертті. Қазақстанда жүргізіліп келе жатқан рухани келісім мен конфессияаралық татулық саясаты, сондай-ақ, әлемдегі ислам факторы жаңарған диалогиялық (сұхбаттық) ойлаудың жаңа парадигмасын қалыптастыруға үндейді.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауында да:  «Экстремизммен күрес әйтеуір жазықтыны іздеп табуға айналып кетпеуге және дінмен күреске жалғасып кетпеуге тиіс. Дін мәселелерінде ойластырылған қадам және өте мұқияттылық қажет. Мемлекет діни бірлестіктердің ішкі ісіне араласпауға тиіс. Біз ұят, толеранттылық және төзімділік еркіндігі принциптерін қастер тұтуымыз керек», - деп атап өткен болатын. Яғни, бұдан шығатын қорытынды сол, біз діни фобияның қандай да болмасын көрінісіне тосқауыл қоя білуіміз керек.

Бұл ретте Мемлекет басшысының толеранттық сана мен дінаралық қарым-қатынастың жаңа формаларын қалыптастыру жөнінде алға қойған міндеттері Қазақстанның әралуан діндері мен әртүрлі аймақтарындағы діни қарым-қатынастың мазмұны мен бағыттары жөнінде ғылыми зерттеулерді күшейтуді күн тәртібіне қоятынын атап өткен жөн. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетіне қарасты Философия, саясаттану және дінтану институтында осы мақсатқа сәйкес ғылыми-зерттеу жобалары жүзеге асырылуда. Ал бұл кешендік-идеалогиялық көп жұмыстың бір тармағы ғана болып табылады. Яғни, мемлекеттік конфессиялық саясаттың бұл бағыттағы сындарлы іс-әрекеттері жалғасын таба береді.

Сатершинов Бақытжан Меңлібекұлы,

философия ғылымдарының докторы, доцент

ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты,

Дінтану бөлімінің меңгерушісі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1457
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3225
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279