Сенбі, 23 Қараша 2024
Сұхбат 3132 0 пікір 14 Ақпан, 2023 сағат 13:35

«Өмір деген не десем, бір түп шеңгел екен ғой...»

Ақын Жәркен Бөдешұлы 1944 жылы 15 тамызда Шығыс Түркістанда туған. 2021 жылы 21 сәуірде 76 жасқа қараған шағында Алматыда дүниеден өтті. 

Оның «Көкше құрақ», «Қос қанат», «Зейін», «Аспан даусы», «Жұлдызға орнын ай бермес», «Емендер түнде бүрлейді» т.б. кітаптары жарық көрген. Халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының иегері және Түркі елдері поэзиясы ІІ фестивалының лауреаты. «Киік патшасы» сахналық қойылымы үшін қазақ балалар әдебиетінің дамуына арналған «Дарабоз» бәйгесінде (2013 ж) жүлде алды. 

– Аға, балалық шағыңыздың қызықты бір оқиғасын әңгімелеп берсеңіз?

– Біздің жақта тентек балалар көп болды.Бала кезім. Екінші ауылға қыдырып барамыз. Сол ауылдың бір баласы тауықты ұстап алды да, қанатына от қойып жіберді.Сонда тауықтың өртенгенін көріп зәрем ұшты.Сол әлі есімнен қалмайды. Балалық шақ дегенде көп айтуға болады. Қозы бағамыз. Қозыны қайырып кел дейді, қайырып келеміз. Ауылдың маңында үлкен көл бар.Содан бір күні қозыларды көлді жағалата қайырмалап келе жатқанмын. Күн жауып тұр. Бір заманда аяғым тайып кетті. Асты жақ тұңғиық көл. Солай қарай құлап барамын, ұстайтын жер жоқ. Өлген осы болар деп ойладым. Құдай оңдағанда қолым бір түп шеңгелге ілінді. Жардан құлағанымды ел көрген ғой. Бәрі жүгіріп құтқаруға келді. Бір заманда арқан тастап зорға дегенде шығарып алды. Сондағы шығарған бір өлеңім бар:

“Ақылыммен кеңесем,

Мақсатыма жетердей.

Өмір деген не десем,

Бір түп шеңгел екен ғой”, – деген. Бір түп шеңгел... Оны кім жақсы көреді. Бірақ өлімнен алып қалған сол. Өлең қайдан туады десең, осындайдан туады екен. Ел жаққа барса ең әуелі сол жерге барамын.Құлаған жеріме!..

– Өлеңді қандай мезгілде, қандай көңіл күй үстінде жазғанды ұнатасыз?

– Мен бір жерде отырып өлең жазбаймын. Ана бөлмеге бір кірем, мына бөлмеге бір кірем. Үй ішінде жортып жүрем. Әне жерде бір шумақ қалады, міне жерде бір шумақ қалады. Содан кейін тәңертең жинап аламын. Поэмаларымды жазғанда таңғы төрке дейін отырамын. Егер осы поэмам жақсы шығатын болса, ең соңғы үш-төрт шумағын жазбай қоя тұрамын. Ертеңге қалдырамын. Егер жақсы шықпаса ештеңесін қалдырмай өртеп жіберемін. Автобус ішінде келе жатып он шумаққа есімде сақтаймын. Әлгілерді жатқа оқып отырамын. Үйге келіп көшіріп аламын. Жазушы Әбіш Кекілбайұлының: “Жәркен ағылып-төгіліп келе жатқан ақындардың бірі..” дейтіні сол.

– Ақындық жолға түсуіңізге кімдердің әсері тиді?

– Мен Жайырдың Жан деген жерінде туыппын. Әкем Қызыр деген кісі. Мен туғанда ағасы Бөдеш бауырына салып алған екен. Сол кісінің қолында өстім. Ол оқыған білімді адам болатын. Жазушы Бейімбет Майлин мен Арасанбай Мұқышовтың қысқа-қысқа әңгімелерін ауылдың шалдарына оқып беріп отыратын. Мағжанның өлеңдерін жатқа оқитын. Сондағы Мағжанның «Батыр баян» туралы поэмасы есімде қалыпты. Ол жақтағы ел бұл жазуды білмейтін. Әкем Бөдештің ғана осы жазудан сауаты бар еді. Көбінде осы жақтан кітап алдыратын. Сонда алғаш рет әдебиеттің не екенін білдім. Менің әдебиетке келуім осылай басталды. Әкемнің әсері болды.

– Сіздің «Туған жер» атты өлеңіңізде: “Туған жердің жыланы, Шырылдатып шақ мені... Туған жердің қасқыры, Кемір ақын сүйегі...” деген жолдар бар. Сол өлеңіңіздің мәнісін әңгімелеп берсеңіз?

– Бұл өлеңді әсіресе жастар тұтас біледі. Осы өлеңім шыққанда біреулер айтты: «Туған жеріңізді» жек көресіз бе, қалай? Туған жердің қасқыры сүйегімді кемір, өлтір деп жатырсыз... «Туған жердің қар-мұзы, аязыңмен жуындыр» деп жатырсыз... Бұныңыз қалай...” – деп. «Неге жек көрейін, жақсы көремін!» – дедім. Бұл сағыныштан туған өлең. Мен елден кеткеннен кейін 20 жыл дегенде қайтып бардым. 20 жыл екі ел арасында хат-хабар болмады. Әке-шешем: “Баламыз Қазақстанға оқимын деп кетіп еді, әлі күнге хабар жоқ...” – деп тиісті органдарға іздеу салса керек. Сонда әлгі мекемеден: “Балаңыз шекарада әлде қашан атылып кеткен” деген жауап алыпты. Міне, осылайша менің жаназамды да шығарып, асымды да беріп қойған екен... Содан 20 жылдан кейін бардым. Ол кезде әке-шешем қайтыс болып кетіпті. 20 жылдық сағынышта адам не айтпайды?  Cағыныш деген нәрсе – Құдай-ау, ол да құдірет! Туған жеріңнің жыбырлаған құмырысқасына дейін сағынады екенсің. Қасқыр деген адамды жеп қоятын нәрсе ғой! Туған жердің қар-мұзының өзі неге тұрады? Әлемдік поэзиядан да хабарым бар. Оқимын. Олардың бәрі де сыпыра мақтайды. Содан ой туды: шын сағынсам шын өлең туатын шығар? Біреуге ұқсамасам деген ой болған жоқ. Жазылып болған соң біреулер айтты: “Мынауың сұмдық өлең екен”, – деп. Өлең кейде солай сәтті туады. Мен өзімді замандас жігіттерден немесе басқалардан артықпын демеймін. Бірақ тағдырым артық шығар?!  Баяғыды «Егемен Қазақстан» газетінің төрағасы Сауытбек Әбдірахманов менің өлеңдеріме талдау жасады.“Мен ақын емеспін, тағдырым ақын” деген жолдарым бар еді. Сонда Сауытбек : “Жәркен! Сен ақынсың, тағдырың да ақын”, – деп жазды.

– Сонау 70-жылдары Қытайдан қашып өткеніңзді білеміз. Басыңызды ажалға тігіп жүріп Атамекенге жеттіңіз... Сонда бұл жақтағылардың сізге деген сенімі қалай болды?

– Жабақ дейтін шалдың артына мінгесіп келдім. Ол осы Талдықорған жақтың адамы екен. Соның ұзын аты болды. Атажұртымызға сөйтіп келдік! Бірақ көп тергелдім.Көп адамдар қытай, қытайдан келген деп тәлкек етті. Соған да бой бермей өлең жазғанмын.

– Өз өміріңізді арқау еткен «Жайырдың жалғызы» деген роман жазып жүргеніңізді өзіңізден естіп едім. Сол шығармаңыз оқырманға қашан жол тартпақ?

– Романда өз басымнан өткен оқиғаларды жаздым. Бір тарауына келісе алмай-ақ жүргенім. Сол жері бітпей тұр. Әбден пісіп, иі қансын деп отырмын. Анда-санда екі-үш бетін оқып қоямын. Ол ойым қай уақытта орындалады, қандай пісумен шығады қазірше айта алмаймын.

– Мемлекеттік сыйлыққа өзіңізді бір емес,  екі мәрте ұсындыңыз! Өкініштісі екеуінде де бәсекелестеріңіздің аты озды... Енді әлі де бір бағымды сынасам ойыңыз жоқ па?

– Енді осыны қояйын деп отымын. Өйткені  жетпіске де келіп қалдым. Менен де жастар бар, талаттар бар. Солар алсын. Мен жолымды бердім деп отырғам жоқ. Көңілім қалды! Әділдік жоқ екен!.. Мемлекеттік сыйлық аламын деп жүріп, талай өлеңді жазудан қалдым. Алаңдап жүреді екенсің. Шығармашылыққа зиянды нәрсе екен. Өйткенше өлеңімді жазып, алаңсыз жүре бергенім бейіш сияқты. Мемлекеттік сыйлық жақсы-ақ ! Шынымды айтсам: Оған қызыққаным – ақша керек болды. Төрт түлігім толып тұрған адам емеспін. Ашып тұрған дүкенім, сатып тұрған саудам жоқ? Бала-шаға, немерелерім бар. Соларға көмегім тисін деп мемлекеттік сыйлыққа қатысқан едім. Қайталап айтайын, атақ үшін қатысқан жоқпын. Оны кім қалай түсінсе өзі білсін. Былайда менің өлеңдерімді жатқа білетіндер көп. Сол да жетеді. Елдің құрметіне деген махаббатым шексіз. Қазақ бар жерде поэзия бар, поэзия бар жерде Жәркен бар.

– Жетпіске де жетіп қалдыңыз! Осы өмір жолыңызда біреуге қиянат жасаған немесе әлде кімдерден қиянат көрген кездеріңіз болды ма?

– Мен бір адамның алдын кесіп өткен жан емеспін. Осы күнге дейін біреудің үстінен арыз айтып көрмеппін. Жұмысқа алыңыз деген өтінішім бар екен, басқа ешқандай өтініш-арыз жазбаппын. Біреудің алдына түсіп, ешкімді жамандамадым. Адал өттім. Құдай бұйырса келер жылы жетпіске келемін. Соған осы күйімде жетсем құдай да риза, мен де риза, інілерім де риза. Ал  маған қиянат жасағандар болды. Оны айтпаймын. Көш өтті, кетті! Өтіп кеткен дүние...

– Бүгінгі көзі тірі ақындардан кімдерді жоғары бағалайсыз?

– Темірхан мықты ақын. «Көк түріктер сарынында» ол керемет ізденді.Оның да қарапайым кетіп қалатын жерлері бар. Бірақ ол шынымен  мықты ақын. Мен осы ақынды жақсы көремін. Бір ақын бір ақынды айтса да жетеді.Жақсы ақындар да бар.

– Алғашқы оқыған кітабыңыз есіңізде ме?

– Жаңа айттым ғой, Бейімбет Майлиннің кітаптары. Содан кейін Арасанбай Мұқыштың кітабы. Аты есіме түспей тұр.

– Ақындықтан басқа қандай өнеріңіз бар?

– Қытайда велосипет айдамайтын кісі жоқ қой. Құдай-ау, соны да үйренбей келіппін. Жалпы мен өлең боп тудым, өлең боп кетемін. Осы күнге дейін пәленбай кітап жаздым. Соған өрем жеткенде, жаңағы велосипет мінуге көңіл бөлмеппін. Құрдастарым: “Жабайы адамсың” деп әзілдейді. Сол жабайы күйімде қалайын. Бірақ поэзиям жабайы болмайды.

– Мақтаншақ емессіз бе?

– Жоқ. Бізде ақындық мінез деген бар. Ол әртүрлі болады. Бейімбет қойдан да жуас адам болған. Қасымдар да, Мұқағалилар да мінез болған шығар. Мінез әрқилы. Мендегі мінез біреуге ақынмын деп мақтана бермеймін. Кейде замандастарым мен өзің секілді інілеріме айтам: Мен де тәуір ақын секілдімін деп. Соған қанағат қыламын.

– Нені жек көресіз?

– Менің ешкімге өкпем жоқ. Ешкімді жек көрмеймін. Сол мінезіммен әлі келе жатырмын. Ақынмын деп айғайлап шыққан жоқпын. Сахнаны жек көрдім.Біреулер сахнаға таласып өлең оқып жатады. Өзім ондайға қызықпадым. Құдайдың берген дарынын өз қадірімен жазып жүрсем болғаны. Поэзияға, өнерге адалдық болмаған жерде шын поэзия да, шын өнер де болмайды. Қазір сахнаға шығып тайраңдап өлең айтатын, билейтіндер көбейіп кетті. Өлеңі өлең емес, биі би емес, әуені әуен емес. Міне, осылар көрерменді дұрыс тәрбиелеп жатқан жоқ. Сахна деген киелі нәрсе, ондағыны бүкіл  ел көреді. Оған шыққанда керемет өнерің болмаса, онда елді мазақ қылма.  Шіркін, бұрынғы әндер қандай еді, билер қандай еді?!..

– Өзіңіз қандай бала болдыңыз?

– Ешкімге араласпайтын, қаңғыбас бала болдым. Топ құрып, балалармен ойнаған жоқпын. Біреумен ұрсысып, төбелескен емеспін. Жалғыз жүретінмін, ешкімге жоламайтынмын. Соныма қарап ел мені Қоңқа деп атайтын. Қоңқа дейтін қазақтың сөзі ғой.Мынау Қоңқа бала дейтін.Ешкімге жоламайтынмын. Біреудің жағасынан алмаған бала болып өстім.

– Қазіргі балалар туралы ой-піріңіз қандай?

– Бүгінгінің балалары өте мықты. Санасы жоғары. Тапқыр. Мен есік алдындағы саябақта  балалармен бірге отырамын. Өзім балаларды жақсы көремін.Үйіміздің үстімен самолёт ұшады. Бұрын балалар:

Ей, самолёт, самолёт,

Біздің үйге қона кет! – деп айтушы еді ғой. Қазіргі балалар өйтіп айтпайды екен. Олар:

Ей, Самолёт, самолёт ,

Біздің үйден ары кет, – дейтін болыпты. Өйткені талай ұшақ құлады ғой... Міне, заманның әсері. Абай айтқан:“Адамды заман илейді” деп. Сол келді-ау?!

– Қандай арманыңыз бар?

– Шіркін-ай, бір арманым бар. Қазақтың жыраулық поэзиясы әлемдік тілге тегіс өз алдына аударылса ғой!  Әлемдік поэзиядан тағы ешкімге жеткізбес биікке көтерілер едік. Осы жоқ.

– Жас қаламгерлеріне айтарыңыз...

– Жалпы шығармашылықпен айналысып жүрген талапкерлерге айтарым: Ең бірінші оқу керек. Содан кейін жаз, жаза бер! Оқу болмаған жерде жазбай-ақ  қой. Өйткені заман басқа. Кереметтей нәрселер жазылып жатыр. Содан хабарың болмаса, өтірік бірдеме жазба. Мен кереметпін деп тасыма. Оқы, біл, жаз!

– Әңгімеңізге рақмет!

(Сұқбат 2013 жылы жазып алынды)

 

Еркін Нұрбайұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5511