Роальд Даль. Апаттың тууы

Роальд Даль - британдық жазушы, ақын және сценарист, көптеген романдардың авторы.
- Міне, енді бәрі жақсы болды, - деді дәрігер. - Оның дауысы әрең шықты, алыстан бір жерден сөйлеп тұрғандай естілді. – Уайымдамаңыз, демалыңыз. Сіз ұл таптыңыз.
- Не дейсіз?
- Сіздің ұлыңыз ғажап. Сіз түсінесіз бе? Ғажап ұл. Естисіз бе, оның жылағанын?
- Дәрігер, оның қалы қалай, жақсы ма?
- Әрине, жақсы.
- Өтінемін, маған ұлымды көрсетіңізші.
- Қазір ұлыңызды көресіз.
- Сіз бәрі жақсы екеніне сенімдісіз бе?
- Әбден сенімдімін.
- Ол әлі жылап жатыр.
- Демалуға тырысыңыз.Сізге мүлде алаңдауға болмайды..
- Дәрігер, мен оны көргім келеді. Көрсетіңізші.
- Қымбаттым, - деді дәрігер босанған әйелдің қолын сипап, - Сіз әдемі, мықты, дені сау ұл таптыңыз. Сіз менің айтқаныма не сенбейсіз бе?
- Анау әйел оған не істеп жатыр?
- Ұлыңызды сізге ұнайтындай етіп құндақтап жатыр, - деп жауап берді дәрігер. - Біз оны аздап жуамыз. Сондықтанда сіз бізге бір - екі минут уақыт беріңіз.
- Онымен бәрі жақсы деп маған ант етіңіз.
- Ант етемін. Енді жатып, демалыңыз. Көзіңізді жұмыңыз. Кәне, көзіңізді жұмыңыз. Иә, солай. Міне, жақсы. Ақылды қыз…
- Мен баламның аман қалғаны үшін үнемі жалбарынып күн сайын дұға оқыдым, дәрігер.
- Әрине, ол өмір сүреді, алаңдамаңыз.
- Ал қалғандары аман қалмады.
- Не дедіңіз?
- Дәрігер, менің балаларымның біреуі де аман қалмады.
Төсектің артында тұрған дәрігер жас әйелдің бозғылт, шаршаған жүзіне қарады. Ол оны бұрын-соңды көрмеген еді. Олар күйеуімен қалаға жақында келген. Босандыру кезінде көмектесуге келген қонақ үйі иесінің әйелі оның күйеуі шекарадағы жергілікті кеденде жұмыс істегенін, үш ай бұрын күйеуі екеуі күтпеген жерден осында келгенін айтты. Олардың заттардан тек бір қол сандық пен чемодандары болған. Күйеуі - тәкаппар, қиянқы, бұзық, кішкентай ішкіш маскүнем, бірақ оның жас әйелі жұмсақ әрі тақуалы адам көрінді, - дейді қонақ үйі иесінің әйелі. Әйел ешқашанда күлген емес. Олар қонақ үйінде тұрған бірнеше апта ішінде қонақ үй иесі әйелдің жүзінен күлімсірегенін бір көрмепті. Маскүнемнің бұл үшінші некесі көрінеді, бірінші әйелі қайтыс болыпты, екіншісі оны тастап кетті деген қауесет жүр. Неліктен? Себебі, олар өте ерекше болды дейді. Бірақ бұл өсек қана.
Дәрігер керуетке еңкейіп, босанған әйелдің кеудесіндегі көрпені түзеді.
-Сізге уайымдауға болмайды, - деп сыбырлады. – Балаңыз бір қалыпта.
-Соңғы он сегіз айда мен үш баламнан да айырылдым, сондықтан мені шамадан тыс уайымдағаным үшін кінәламаңыз.
-Үшеуінен?
-Бұл менің соңғы төрт жылдағы.... төртінші сәбиім.
Дәрігер байқатпай аяғының ұшымен қозғалды.
- Сіз олардың бәрін, үшеуін, бірінен соң бірін жоғалту дегеннің не екенін білесіз бе? Олар қазірде менің көзі алдымда тұрады. Мен күнде Густавтың жүзін көремін, ұлым менің жанымда төсекте жатқандай. Густав өте әдемі бала еді, дәрігер. Бірақ ол үнемі ауыратын. Балалар жиі ауырып балаңа көмектесе алмасаң, одан жаман нәрсе жоқ екен.
- Мен түсінемін.
Әйел көзін ашып, дәрігерге қарап, басын басқа жаққа бұрды.
-Менің кішкентай қызымның есімі Ида еді. Ол Рождество қарсаңында қайтыс болды. Осыдан төрт ай бұрын. Сіз менің Идамды көрсеңіз ғой, дәрігер.
-Сіздің енді жаңа нәрестеңіз бар.
-Бірақ Ида өте көрікті болатын.
-Иә, мен білемін, - деді дәрігер.
-Сіз оны қайдан білесіз?! - деп әйел жекіріп жіберді.
- Мен оның керемет бала болғанына күмәнім жоқ. Бірақ мынау бала да жаман емес. - Дәрігер төсектен бұрылып, бөлмені аралап, терезенің жанына келіп тұрды. Көшеге қарады. Жолдың артында ол үйлердің қызыл шатырларына, төбе тақтайшаларына соғылған үлкен жаңбыр тамшыларын көрді. Сәуір айының бұлтты жаңбырлы күні еді.
- Доктор, Ида екі жаста, өте көрікті болатын, мен оған таңертең киім кигізгеннен кейін, кешке дейін, қайтадан бесігіне жатқызғанға дейін қызымнан көз алмайтынмын. Мен үнемі балама бірдеңе болмасын деп үнемі қорқыныш сезімде жүретінмін. Густав қайтыс болды, менің кішкентай Отто да қайтыс болды, Ида болса тірі еді. Кейде мен түн ортасында оянып, бесікке ақырын жақындап, қызымның тыныс алып жатқанына көз жеткізу үшін оның кеудесіне құлағымды тосатынмын.
- Демалуға тырысыңыз, - деді дәрігер әйел төсегіне оралғанда, - демалуға тырысыңыз.
- Ида қайтыс болғанда... мен қайтадан жүкті болдым, дәрігер. Ида қайтыс болғаннан төрт айдан кейін, оны жерлеп келген соң «Мен енді бала таппаймын! Мен енді туғым келмейді! Мен қазірдің өзінде қанша баламды жерге көмдім» - дедім. Ал менің күйеуім қонақтармен бірге сырағы тойып тұрып, маған жалт бұрылып: «Клара, саған менің жақсы жаңалығым бар» - дейді. Сіз елестете аласыз ба, дәрігер? Біз үшінші баламызды жерлеп келгенде, ол сыраны кружкасын сімере ішіп, оның жақсы жаңалығы бар екенін айтады. «Бүгін мені Брноға жіберді, сондықтан, кәне, жинал. Саған тұрған жеріңді ауыстыру керек, Клара, сонда сенің жаңа дәрігерің болады» - дейді маған ол.
- Өтінемін, енді сөйлемеңізші.
- Айтыңызшы, сіз сол жаңа дәрігерсіз бе?
- Иә.
- Дәрігер, мен қорқамын.
- Уайымдамауға тырысыңыз.
- Енді осы, төртінші баламның мүмкіндігі бар ма?
- Сіз бұл туралы ойлауды тоқтатуыңыз керек.
- Мен мұны ойламай тұра алмаймын. Тұқым қуалаушылық құртатынын болды балаларымды, мен мұны білемін. Міндетті түрде бұған қарсы нәрсе болуы керек қой.
- Бос сөзді тоқтатыңыз!
- Дәрігер, Отто көрінгенен кейін күйеуім маған не айтқанын білесіз бе? Ол бөлмеге кіріп, Отто жатқан бесікке үңіліп: «Неге менің барлық балаларым соншалықты кішкентай, әлсіз болуы керек?» деді.
- Ол мұны айтпағанына сенімдімін.
- Отто жатқан бесікте кішкентай жәндікке қарап тұрғандай: «Олар неге ірі емес» дейді. Міне, солай. Осыдан үш күн өткен соң Отто қайтыс болды. Біз оны шомылдыру рәсімін өткіздік, ол сол күні кеште өлді. Содан кейін Густав өлді. Содан кейін Ида.... Балаларымның бәрі өлді, дәрігер, үйіміз бірден бос қалды….
- Бұл туралы енді ойламаңыз.
- Бұл да өте кішкентай ма?
- Ол қалыпты бала.
- Бірақ кішкентай?
- Мүмкін сәл кішкентай шығар. Бірақ бұл сәбилер көбінесе үлкендерге қарағанда күшті. Фрау Гитлер, елестетіп көріңізші, бір жылдан кейін ол жүруге үйренеді. Мұның қаншалықты ғажап екенін ойлап көріңізші!
Әйел үндемеді.
- Ал екі жылдан кейін ұлыңыз шүлдірлеп сөйлей бастайды, сізді өзінің әртүрлі бос әңгімелерімен шаршатады. Сіз оның есімін кім қоятын болдыңыз?
- Есімін?
- Иә, есімін.
- Білмеймін. Мен бұған сенімді емеспін, күйеуім егер ұл бала болса, біз оны Адольфус деп атаймыз деген болатын.
- Яғни, оның аты Адольф деңіз?
- Иә. Күйеуім Адольф есімін жақсы көреді, өйткені ол Алоиске ұқсас. Менің күйеуімнің аты- Алоис.
- Тамаша.
- Жоқ, жоқ! — ол кенеттен төсекке отыра салып, жылап жіберді. - Отто дүниеге келгенде маған дәл осындай сұрақ қойған! Бұл оның да өлетінін білдіреді! Оны дереу шомылдыру рәсімін өткізу керек!
- Иә, иә, - деді дәрігер алақанын әйелдің иығына ақырын қойып, - мұның бәрі бос сөз. Мен сізге айтайын: мұның бәрі бос сөз. Мен жай ғана қызығушылық таныттым, бар болғаны сол. Мен есімдер туралы сөйлескенді ұнатамын. Менің ойымша, Адольфус өте жақсы есім. Менің сүйікті есімдерімнің бірі. Иә, міне, ол келді!
Қонақ үй иесі төсекке қарай ақырын өтіп, нәрестені зор кеудесінде қысып, мұқият алып жүріп.
- Міне, қандай, әдемі сәби, - деп айқайлап жіберді, жадырап. - Оны ұстағыңыз келе ме, жаным? Оны сіздің жаныңызға қою керек пе?
- Ол жақсы оралған ба? - деп сұрады дәрігер. - Мұнда өте суық.
- Әрине, жақсы оралған.
Бала үлкен жүн орамалға мықтап құндақталып, кішкентай басы ғана құндақтан шығып тұрды. Үй иесі баланы анасының қасына төсекке апарып, ақырын жатқызды.
- Міне, - деді ол, - енді жатып, оған қалағаныңызша таңданыңыз.
Менің ойымша, Сізге ұнайды, — деді дәрігер күлімсіреп. - Әдемі бала.
-Оның қолдары қандай әдемі, — деп саңқ ете қалды үй иесі. - Асыл саусақтары қандай десеңші!
Анасы қозғалмай жатты. Тіпті басын бұрған емес.
- Кәне! - деп үй иесі айқайлап, - Сізді ол тістеп алмайды!
- Мен қарауға қорқамын. Менің тағы бір балам бар екеніне, оның аман сау екеніне сенуге батылым бармайды.
- Кәне, балаңызды алыңыз, осынша қыңыр болмаңызшы.
Анасы басын ақырын бұрып, оның алдында жастықта жатқан таңқаларлық тыныш жатқан кішкене сәбидің ала жүзіне қарады.
- Мынау менің балам ба?
- Әрине.
- Бірақ.... ол өте әдемі ..…
Дәрігер бұрылып, үстелге қарай жылжып, жолсандығын жинай бастады. Анасы баланы сүйсініп төсекте жатты; бауырына қысып күлімдеп жатты. Әйел бақытты еді.
-Сәлеметсің бе, Адольфус, - деп сыбырлады. - Сәлеметсің бе, менің кішкентай Адольфым.
-Тшш! Қараңызшы, сіздің күйеуіңіз келе жатырған секілді, - деді үй иесі.
Дәрігер есікке жақындап, есікті ашып, дәлізге қарады.
- Герр Гитлер!
- Соның өзімін.
- Кіріңізші, өтінемін.
Ұзын бойлы, қою жасыл түсті формадағы адам бөлмеге сақ кіріп, жан-жағына қарады.
- Құттықтаймын, - деді дәрігер. – Сіз ұлды болдыңыз.
Кірген адамның мұрты император Франц-Иосифтің мәнеріне қарай мұқият қиылған еді, одан сыраның иісі қатты мүңкіп тұрды.
- Ұл?
- Дәл солай.
- Ал, ол қандай екен?
- Өте жақсы. Сіздің әйеліңіз секілді өте жақсы!.
- Жарайды, - деп бұрылған еркек аяғын ыңғайсыз басып, әйелі жатқан төсекке қарай жүрді.
- Ал, Клара, қалайсың? - деді ол мұртынан күліп.
Ол балаға қарап, содан кейін төмен қарай иілді. Содан, жылдам қозғалып оның беті нәрестеге жақындағанша төмен қарай иілді. Әйелі оның жанында жатып, оған ішінен қорқынышпен, жалбарынып қарады.
- Оның керемет өкпесі бар, сіз оның келмей жатып шыңғырған дауысын естісеңіз ғой – деп хабарлады қонақ үй иесі.
- Құдайым- ау, Клара…
- Не, қымбаттым, не болды?
- Мынау Оттодан да кішкентай ғой, өзі!
Дәрігер жылдам бірнеше қадам жасады.
- Баламен бәрі жақсы ма, - деді ол.
Ер адам баяу түзеліп, артына қарады. Еркек абдырап, ұялған болды.
-Алдаған дұрыс емес, дәрігер, — деді ол, мен бұл нені білдіретінін білемін. Бәрі қайтадан қайталанады.
- Ал, мені тыңда, - деп бастады дәрігер.
- Ал сіз басқа балалармен не болғанын білесіз бе?
- Олар туралы ұмытыңыз, герр Гитлер. Мынау сәбиге өмір сүру керек, оған мүмкіндік беріңіз.
- Мына кішкентай әлсізге ме?!
- Ол жаңа ғана дүниеге келді емес пе.
- Тіпті солай болса да…
- Сіз оған не істегіңіз келеді? –деп қонақ үй иесі оған дауысын көтерді . - Не мынау нәрестені мерзімінен бұрын жерлегің келе ме?!
- Жақсы, доғарыңыз ! - деді дәрігер оларға ұрысып.
Осы уақытта анасы еңіреп жіберді. Оның денесінен қатты сыңсыған дауыс шықты.
Дәрігер әйелдің күйеуінің қасына барып, қолын иығына қойды.
- Оған мейірімді болыңыз, - деп сыбырлады. - Өтінемін. Бұл өте маңызды.
Содан кейін ол оның иығын қатты қысып, кереуеттің шетіне қарай ақырын ығыстырды. Ол тартынды. Дәрігер оның иығын одан да қатты қысып, барлық саусақтарымен батырып ескерткендей болды. Ақыры күйеуі еңкейіп, әйелінің бетінен құлықсыз сүйгісі келді.
- Жарайды, Клара, - деді күйеуі. - Жылағанды доғар.
- Алоис, мен оның аман сау, тірі қалғаны үшін жалбарындым, білесің бе?
- Иә.
- Күн сайын, осы күнге дейін күнде шіркеуге барып, ұлым аман қалсын деп, тізерлеп отырып күнде дұға оқыдым.
- Иә, мен білемін, Клара.
- Үш өлім - төртіншісін мен көтере алмаймын, сен мені түсінесің бе?
- Әрине, түсінемін.
- Алоис, Адольф өмір сүруі керек, Жаратқан ием, мейірімді бол…. Адольф өмір сүруі керек....
Тәржімалаған Салауат Кәрім
Abai.kz