Сенбі, 23 Қараша 2024
1599 0 пікір 15 Ақпан, 2023 сағат 13:23

Атамбаев: «Мен – мультимиллиардермін»

Қырғыз Республикасының экс-президенті Алмазбек Атамбаев қамаудан босап шыққан соң БАҚ өкілдеріне қазіргі жағдайы мен алға қойған мақсат-міндеті туралы сұраққа жауап берді, деп жазады halyq-uni.

Баспасөз мәслихаты Алмазбек Атамбаевтың Қой-Таш ауылындағы резиденциясында болды. Жиын бастала берісімен ол сұрақ күтпей, ақшасының көп екенін мақтанышпен айтты.

Мен миллиардер емеспін. Мультимиллиардермін. Райдың (зайыбы Раиса Атамбаева, - ред.) есепшотында әлі ақша бар. Бірақ ол бұғаттаулы. Маған сенсеңіз, біздің бұл үйіміз, 90-жылдары сатып алған жеріміміз жақсы ақша тұрады. Оның үстіне, өзім салған мешіт территориямда тұр. Ол – менің жекеменшігім. Кейбіреулер мешітке неге екі гектар жер бергеніме ашуланады. Олар маған қомақты ақша ұсынды. Мен шын мәнісінде бай адаммын, – деп бастады әңгімесін Алмазбек Атамбаев.

Осыдан кейін ол журналистердің қамауда болғанда кімдердің көмектескенін, бостандыққа шыққан соң немен айналысатынын, болашаққа қандай жоба-жоспарлар құрып отырғанын, жалпы алға қойған мақсат-міндеті бар ма екен деген сұрақтар қойып, оларға тұщымды, яғни салмақты жауап алды.

Қырғызстанның бұрынғы президенті өз сөзінде алдымен қамауда отырғанда көмек беріп, қолдау көрсеткен барлық азаматқа алғыс айтты.

Маған алдымен қарапайым халық көп көмектесті. Түрмеге қамалғанда Раиса өзі сауда жасап жүрді. Сол кезде одан жеміс-жидек үшін ешкім ақша алмаған екен. Бізге халық барлық жерде жақсы қарайтынын білдім. Қарапайым халық моральдық жағынан да, материалдық жағынан да көмектесті. Менің әйелімнің ақшадан қысылған кезі болды. Қарапайым адамдар кездесіп, оған 500-1000 сом берген екен. Мен қарапайым отандастарыма алғыс айтамын. Өйткені оларға сенуге болады. Олар кейбір саясаткерлерге ұқсамайды, ешқашан сатпайды, –  деді ол.

Алмазбек Атамбаев емделгеннен кейін немен айналысатынын, алға қойған мақсаты туралы сауалға: «Бәрін уақыт көрсетеді», – деп қысқаша жауап қайырды. Одан кейін сөз арасында журналистердің үстінен арыз жазғанына өкінетінін, сол кезде қатты қателік жасағанын айтып қалды.

Мен президент болған кезімде қателік жасадым. Оны енді түсіндім. Баспасөздің бостандығы болу керек. Президент бола тұра журналстердің үстінен арыз жазып, сотқа бердім. Мемлекет басшысына сотқа беру жараспайды. Өйткені бәрібір сот президенттің көңіліне қарап, оның талабын орындайды. Менің журналистерді сотқа бергенім дұрыс болмады. Соған өкінемін, –  деді ол.

Кеше Қырғыз Республикасының экс-президенті бостандыққа шыққан болатын. Оған Бішкек қаласының Первомай аудандық сотының шешімімен емделу үшін шет елге шығуға рұқсат берілді.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5480