Тұрсын Жұртбай. Заман талқысы (жалғасы)
ЕКІНШІ ТАРАУ: ЗАМАН ТАЛҚЫСЫ
(немесе «Оталған ормандағы аман қалған ағаштар»)
1.
Қандай қиыншылыққа қарамастан азаматтық арын таза ұстау - адам атаулының өмiр бойы мақсат етiп, тiршiлiк кешетiн асыл арманы. Бұл ретте, кез-келген пенденiң ғұмырын үлгi ету, не сол құбылыстың қатпарлы астарын, тарихи қажеттiлiгiн, не қоғамдық құрылыстың мүдде-жүйесiмен сәйкессiздiгiн түсiндiрiп беру қиынның қиыны. Сәуегейлiк бұл арада жүрмейдi. Тарих талғамы мен таразысы тұрғысынан талдау - қоғамтану ғылымының еншiсiне тиесiлi.
Алайда бiр мемлекеттiң даму тарихындағы күрделi де күрмеуi қиын қатерлi кезеңдi басынан кешiрген Мұхтар сияқты дана адам сол кезде өзiн-өзi қалай ұстады, қандай пендешiлiк кештi, қандай көзқараста болды деген сұрақтар ерiксiз алдыңды орайды. Шындығында да назарға ерiксiз iлiгерлiк, орынды қойылған сауал. Бұған бiр сөзбен мәмiле айту ағаттық. Сол бiр аласапыранның қалай басталғанын, қатерлi дауылдың қалай тез күш алып, өртеңге қойған өрттей қаулағанын мемлекеттiң iшкi-сыртқы жағдайынан тыс қарау мүмкiн емес. Троцкийдiң және оны жақтаушылардың толықтай талқандалуы Сталинді жеке дара көсемдiк дәрежесіне көтерді. Қатаң тәртiпке негiзделген әкiмшiлiк қалыптасты. Сондай салтанатты кезде «халық жауы» деген сөз бұлтты күнгi найзағайдай әсер еттi. Француз қайраткері Бенжамен Констанның:
ЕКІНШІ ТАРАУ: ЗАМАН ТАЛҚЫСЫ
(немесе «Оталған ормандағы аман қалған ағаштар»)
1.
Қандай қиыншылыққа қарамастан азаматтық арын таза ұстау - адам атаулының өмiр бойы мақсат етiп, тiршiлiк кешетiн асыл арманы. Бұл ретте, кез-келген пенденiң ғұмырын үлгi ету, не сол құбылыстың қатпарлы астарын, тарихи қажеттiлiгiн, не қоғамдық құрылыстың мүдде-жүйесiмен сәйкессiздiгiн түсiндiрiп беру қиынның қиыны. Сәуегейлiк бұл арада жүрмейдi. Тарих талғамы мен таразысы тұрғысынан талдау - қоғамтану ғылымының еншiсiне тиесiлi.
Алайда бiр мемлекеттiң даму тарихындағы күрделi де күрмеуi қиын қатерлi кезеңдi басынан кешiрген Мұхтар сияқты дана адам сол кезде өзiн-өзi қалай ұстады, қандай пендешiлiк кештi, қандай көзқараста болды деген сұрақтар ерiксiз алдыңды орайды. Шындығында да назарға ерiксiз iлiгерлiк, орынды қойылған сауал. Бұған бiр сөзбен мәмiле айту ағаттық. Сол бiр аласапыранның қалай басталғанын, қатерлi дауылдың қалай тез күш алып, өртеңге қойған өрттей қаулағанын мемлекеттiң iшкi-сыртқы жағдайынан тыс қарау мүмкiн емес. Троцкийдiң және оны жақтаушылардың толықтай талқандалуы Сталинді жеке дара көсемдiк дәрежесіне көтерді. Қатаң тәртiпке негiзделген әкiмшiлiк қалыптасты. Сондай салтанатты кезде «халық жауы» деген сөз бұлтты күнгi найзағайдай әсер еттi. Француз қайраткері Бенжамен Констанның:
«Тек бір ғана адамның батырлығымен жеңіске жеткен мемлекеттің бақыты ұзақ болмайды, тіпті, сол адамның көмегімен де алысқа бара алмайды; оған бас июдің өзі ағаттыққа соқтырады»,- деген сөзінің кері келді.
Жаңа қоғамның экономикалық-саяси жетiстіктерi тек Сталиннiң есiмiмен байланыстырылды. Жеке басқа табынушылық асқындап барып жазықсыз жандарды құзға құлатты. Шындығында да бiр адамның «қатал еркiне» бағынған ұлы мемлекеттiң iшкi өмiрiне қауiп төндi. Ал, көсемнің өзінің оны көруге құлқы болмады. Мүмкiн, әдейi көргiсi келмеген болуы да ғажап емес.
Бұл «науқанның» фашизмнiң бас көтеруiне байланысты қырағылық пен сақтықты, патриоттық сезiмдi оятуға психологиялық жағынан септiгi тигенiмен, сүйiнiшiнен гөрi күйiнiшi басып кеттi. 1936 жылдың аяғында орталық газеттерде, завод-фабрикаларда, транспорт саласында, жауапты қызметкерлер мен әскери бөлiмдер арасында «бүлдiрушiлiк, арандатушылық, шпиондық» әрекеттер жүргiзген бiр топ адамдардың үстiнен жүргiзiлген сот iсi, сұрақ-жауаптары күн сайын жарияланып жатты. Социализмнiң қас жаулары ретiнде халықтың делебесiн қоздырды. Кәсiпорындарда, колхоз - совхоздарда, артельдерде оларды айыптаған мәжiлiстер өттi. Үкiм айтты. Бiрте-бiрте екпiн алып, өрiсiн кеңейтiп, жалпы жұртшылықтың арасына үрей, сенiмсiздiк туғызды. Ендi, сол халық жауларының тегi қайдан шықты, олар кiмдер және мақсаты не едi деген сұрақтар туды. Сталин оған:
«Совет мемлекетiнiң қуат-күшiнiң өсуi өлiп бара жатқан таптың қалдықтарының қарсылығын өршiте түсетiндiгiн есте ұстау керек. Олар өлiп бара жатқандықтан да соңғы күндерiнде жанталасып бағады, олар бiр бұлтақтан екiншi бұлтаққа көшiп, жұртшылықтың артта қалған қауымын үгiттеп, оларды совет өкiметiне қарсы қоюға ұмтылып, бұрынғыдан да батыл азғыруға кiрiседi. Бұрынғы адам деген атынан айырылғандардың Совет өкiметiне жасамаған қастандығы, жаппаған жаласы жоқ және керітартпашыл элементтердi бiрiктiрiп қарсы қоймаған әрекетi жоқ. Бұрынғы контрреволюциялық оппозициялық элементтердiң де тiрiлiп, жан бiте бастауы мүмкiн. Бұл, әрине, қорқынышты емес. Бiрақ егер бiз осы элементтерден тез әрi үлкен шығынсыз құтылғымыз келсе, онда осының барлығын естен шығармауымыз керек»,- деп жауап бердi.
Бұл сөз сол кезде тілдің тиегіне айналды.
Аса қиын әрi күрделi iшкi-сыртқы саясаттың психологиялық шиеленiсi шегіне жетті. «Фашизм» батыстан бас көтерiп келе жатты. Ол «жалмауыз» Еуропа мен Африкадағы мемлекеттердiң бiрiнен соң бiрiн жұтып, сонау Америка құрлығына да аранын ашты. Ал оның, ерте ме кеш пе, бетiн берi бұратыны - еш күдiк тудырмайтын. Алапат апаттың алдындағы қарбалас - үлкендi-кiшiлi аласапыран, арандатулар туғызатындығы шындық. Сондай психологиялық шиеленiстi мұқым ел, барша адам, Сталиннiң өзi де басынан кешiрдi. Троцкийдiң платформасының талқандалуы сенiмдi күшейттi. Фашистiк барлау орындары да қарап қалған жоқ. Барын салып, оқиғаны ушықтыра түстi. Бұл адамдардың бiр-бiрiне күдiкпен қарауын тудырды. Жаудың - «шын халық жауы» екендiгiн мойындатты. Қанымен, жан-тәнiмен берiле орнатып жатқан қоғамға деген шексiз сүйiспеншiлiк, кiршiксiз сенiм - заңды ашу-ыза қоздырды. Жеккөру, шындыққа күмәнсiз илану, фашизмнiң дұшпандық қимылының түпкi жауыздық жоспарын алдын ала бiлу - халықтың белгiлi бiр мөлшерде жүйкесiне әсер еттi және ақыл-ой парасатын тұмандандырды. Әуелiде белгiлi бiр мақсатпен жүзеге асырылған арандату әрекетi бiрте-бiрте қатерлi «жалмауызға» айналды. Қызған темiр суығанша талай тағдыр жазықсыз жазаланып үлгердi.
Қазақстан баспасөзiндегi «халық жауларын» әшкерелеу қақындағы алғашқы теориялық мақаланың авторы Т.Жүргенов те өзiнiң «Казахстанская правда» газетiнiң 1937 жылғы 11 қаңтардағы «Мәдениет майданын талқандалған ұлтшылдықтың қалдықтары мен сарқыншақтарынан тазартайық!» деген мақаласына Сталиннiң жоғарыдағы сөзiн тілге тиек етiп алды. Ойлы, елiне шын жаны ашыған, қазақ өнерiн дамытуға жанкештiлiкпен еңбек еткен азаматты жаманшылыққа қию - қиянат. Оның өзi де сол жылы сол науқанның алғашқы құрбанының бiрi болды. Барынша әдiл пiкiр айтуға ұмтылған автор ұлтшылдықты әшкерелей келiп:
«Қазақ халқының «болашағы жоқ» деген «идеяның» негiзiн қалаушы Шоқан Уәлихановтың бiрiншi рет патша шпионы ретiнде Батыс Қытайға барып келгендiгiн ескерте кетемiн»,- деп те «сiлтеуге» мәжбүр болды.
Өнер, оқу ағарту, мектеп саласындағы «ұлтшыл адамдарды» сынай келiп:
«Өткендi, қазақ халқының тарихын бағалауда ұлтшыл көзқарастарды өткiзiп жiберу тәсiлi соңғы кезге дейiн орын алып келдi. Қазақ театрының сахнасынан «Хан Кене» пьесасын алып тастау туралы сөз қозғағанда, дәл осы мәселе жөнiнде әңгiмелендi»,- деп астарлы түрде Мұхтарды ишара еттi.
Iле идеология, өнер саласындағы қайраткерлер «халық жаулары» мен «ұлтшылдарды» әшкерелеуге көштi. Алғашқы үш-төрт айда жалпылама, сипай қамшылады. БК(б)П Қазақстан өлкелiк комитетiнiң бюро мүшесi, Қазақ ССР-нiң халық ағарту комисары Темiрбек Жүргеновтің мақаласындағы «Хан Кене» және басқа да оқу ағарту, әдебиеттану, театр мәселелерiне байланысты айтылған сында Мұхтардың аты аталмаса да, белгiлi бiр дәрежеде астыртын айып тағылды. Оған Мұхтар өзара сын ретiнде ресми түрде жауап беруге мiндеттi едi. «Казахстанская правда» газетiнiң 28 қаңтар күнгi санында жарияланған Мұхтар Әуезовтің «Жалмауыз сөзсiз жаншылады!» деген репликасы «Қазақ әдебиетi» газетiнiң 5 ақпан күнгi санында «Сақтық күшейiп, көрегендiк артсын» деген атпен аударылып басылды. Онда ешкiмнiң атын атап, түсiн түстемейдi. Газеттердегі «халық жауын» әшкерелеген хабарларға сүйенiп, жалпылай тiл қатады. Бұл екi репликадан оның «тарихи жағдайдың» ырқына көнгендiгi, мойынсұнғандығын танылады және сол кездегi көңiл күйiнен, елегiзуiнен хабар да бередi.
Әлқисса, бұл арада сәл түсiнiк бере кету қажет. Екi газет те «халық жауларының» әшкереленгенiне, олардың қылмыстарын «мойындағанына» орай арнайы қос бет ұйымдастырып, реплика орыс және қазақ тiлдерiнде басылды. Солармен бiрге он үш адамды атуға, қалғандарын бас еркiнен айыруға бұйырылған үкiм де орын алды. «Халық жауларына» қарсы «халықтың наразылығын бiлдiрген» үн қосулардан Жазушылар одағы да тыс қалмады. Қаламгерлердiң «үндеуiне» Сейфуллин, Мұқанов, Жансүгiров, Әуезов, Өтепов, Қаратаев, Орманов, Тәжiбаев, Жароков қол қойды. Iлияс, Жақан, Өтебай, Қалмақан, Тайыр мақала жазды. «Сақтық күшейiп, көрегендiк артсын!» деген Мұхтардың репликасы да сонда басылды. Мазмұны мынадай:
«Сақтық күшейiп, көрегендiк артсын!
Халық фольклоры, адам ұрпағына жау болған жауызды жетi басты жалмауыз деген бейнемен суреттеп едi. Ертедегi ескiлiктiң заманындағы адамға қарсы тұрған қараңғы әлемнiң барлық сұм, сорақы белгiсiн бiр араға жиған жиынтық-кескiн осы болатын. Бұл ең жыртқыш, жауыз, ең нас-сұрқия. Осыған ұқсаған екiншi бiр кескiн бар. Ол, шын дүние туындысы. Мұны тапқан зоология ғылымы. Бұл сұмырай «құбыжықты» теңiз кезген кемешiлер көрiп, атын сегiз аяқ - спрут деп қойыпты. Оның өзi адамға ұмтылғанда қайыс аяқтарын бiрiнiң артынан бiрiн жұмсап кеп орап алмақ болады. Сол кезде ылай судан, батпақты шыңыраудан сұм жайынның басы шығып, ұстаған затын жемекке ұмтылады.
Мiне, осындай лас сұмырайлардың арты әлi күнге арылмаған екен. Бiрақ ендiгi кескiнi ертегi дүниесiнде емес, адам ортасында боп отыр. Олар, мына бүгiн тарих сотының үкiмiмен қара таңба басылып шыққан сұрқия жаулар. Бұлар да жаңа тарих адамына, герой адамға қарсы тұруға ойлаған спрут туыстас, кейiптестерi секiлдi көп басты дұшпан.
Фашистiк лас-жауыз, обыр қарынмен астасқан әлденеше құзғын бастың аттары: Троцкий, Пятаковтар, неше түрлi «оң» мен «солдар», диверсант контрреволюцияшыл ұлтшылдар. Осы жауыздардың қайыс аяқтары, герой адамның тұтасып бiте қайнасқан бiр денесiн, сом денесiн шырмамақ болған, ол қара жүздi сұмырай жыртқыштар, әдiл соттан үкiм алып қырқыла-қырқыла ұрылды. Жалмауыздардың қалып қойған әр басындағы осындай қыр табандарын ұрып, тапжылдырмай қиып түсiрiп, құртып отыру үшiн әлде де мықты сақтық күшейiп, көрегендiк арта түссiн».
Бұл жолдарды Мұхтар өз еркiмен жазды ма, жоқ па, мәселе онда емес. Себебi: «сенiмсiз адамның» төрт жарым жыл бұрын ғана дәл осындай «жалмауыздың» бiреуiне саналған «халық жауының» айып сөз алуы - жауапқа тартылғандардың қылмысының шындығына көз жеткiзетiнiн, күдiкке орын қалдырмайтынын баспасөз де, басқа орындар да бiлдi. Ұсыныстан бас тартса, сол өзі айтқан «қыр табаннан ұрып, тапжылдырмай қиып түсiрілуге» тиісті «жалмауыздың қалып қойған бір басы» өзінің басы екенін Мұхтар анық аңғарды. Ол үшiн асқан көреген болудың қажетi шамалы едi. Мәселе «жалмауызды жаншуға» бағытталған қара дауылдың сұрапыл күшiн, орасан зор зардабын iштей сездi ме жоқ па, сол «жалмауыздың» аузынан өзiнiң де жұтылып бара жатып, «дер кезiнде қимылдап, сақтық пен қырағылық көрсеткен» адал да батыл жандардың арқасында аман қалатынын болжай алды ма, жоқ па - гәп осында.
Өзi тауып айтқан теңеуiнiң астарын, кейiнгi зардабын Мұхтардың бiлуi мүмкiн бе едi? Бiле тұрып, өзiнiң басына төнген қауiптi ысырып тастау үшiн алдын ала қамданған әрекетi ме едi?
Қалайда «ел аман, жұрт тынышта» жазылған «жалмауыз сөзсiз жаншылады!», «Сақтық күшейiп, көрегендiк артсын» атты шағын сөздер мәжбүрлікпен жазылғаны анық. Себебi: 1936 жылдың желтоқсанынан бастап Л.Сперинскийдi, В.Вегердi, В.Высоцкийдi, П.Зридовскийді, Б.Лаврентьевтi, М.Резенковты, Г.Федоровты халық жаулары деп таныған, бүлiншiлiк әрекетерiмен шұғылданып, қылмыс үстiнде ұсталынды деп жарияланған Радектiң, Пятаковтың, Сокольниковтың, Мураловтың, Дробинстiң үстiнен жүргiзiлген сот iсiнiң барысы, сұрақ-жауаптары, олардың шахтада, транспорт орындарында, әскери қызметте жүрiп iстеген өз қылмысын мойындаған сөздерi барлық баспасөз атаулыда күнделiктi басылып тұрды. Бара-бара бүкiл халықтық науқан алды. «Қылмыстылардың» да қатары көбейе бердi. Мұхтардың «Жалмауыз сөзсіз жаншылады!» деген репликасы жарияланған беттегi мына хат халықтың тобырлық санасын жеткiздi. Онда:
«Бiз, Алматы облысы Кеген ауданындағы Киров атындағы артельдiң коллективi ұлы социалистiк Отанымыздың сатқындары - Герман фашизмi мен жапон империализмiнiң агенттерi Радектiң, Сокольниковтың, Серебряковтың, Мураловтың, Дробинстың капитализм мен кулактардың құлдығын қайта орнатуға тырысқан арам ойлы пиғылдарын қарғыспен, жеккөрiнiшпен қабылдаймыз. Олардың тағылық, пасықтық қылмыстары туралы оқығанымызда жүрегiмiз айтып жеткiзгiсiз ашу-ызаға толды. Бұл қаскүнемдер сондай қиыншылықпен қол жеткiзген бiздiң барлық қазынамызды, туған жерiмiздi, байлығымызды тартып алмақ болды, адам ретiнде бақытқа кенелткен колхозымызды тарқатпақ болды... Мұндай опасыздар мен сатқындарға тек өлiм жазасы лайықты. Бiздiң советтiк сотымыз миллиондаған совет халқының, оянған Қазақстанның еңбекшiлерiнiң барлық сұрқия сатқындарды ату жазасына кесу туралы тiлегiн ескередi деп сенемiз. Бiз өзiмiздiң үкiметiмiзден шет ел итаршылары жiберiп отырған агенттер мен шпиондарға қатты соққы беру үшiн, сондай-ақ алдағы уақыттарда бiздiң елiмiзге олардың тiмiскiлеген мұрнын сұққызбауын өтiнемiз. Егер Отанымызды қорғау қажет болса, бiздiң бәрiмiз де қолымызға қару алып, жауға қарсы тасыған селдей екпiнмен аттануға дайынбыз!»,- деп жазылған.
Бұл хаттың мазмұнынан халықтың «айыптыларға» деген жеккөрiнiшінiң қандай патриоттық сезiммен астасып жатқанын, ең қасиеттi ұғымды - Отанды арандату құралы ретiнде пайдаланғаны аңғарылады. Қалай дегенменде, «жетi басты жалмауызға» жұртшылықты күмәнсiз сендiру үшiн адамның, оның iшiнде жаңа қоғам үшiн күресушiлердiң нәзiк те осал тұсын дәл басқан. Үкiмдi халықтың өзiне шығартқан.
«Қазақ әдебиетiнiң» 1937 жылғы 18-қаңтар күнгi санында жарияланған қазақ көркем әдебиет баспасының бастығы Рахымжан Жаманқұловтың «Қырағылықты күшейтейiк» атты үн қосуында автордың дұшпанды жасырып қалғанын бетiне басқан сын шықты. Онда:
«Қазақстан совет жазушыларының органы «Қазақ әдебиетi» газетiнiң бетiнен кейде шын мәнiнде түсiнiксiз құбылыстарды байқайсың. Бұл жолғы мәселе өзара сын мен жапон империализмiнiң агентi - контрреволюциялық қазақ ұлтшылдығымен күресу жолдарына байланысты»,- делiнедi де Р.Жаманқұловтың «Әдебиет энциклопедиясындағы» алашордашыл халық жауларының творчествосы туралы мақалаларды сынағаны келтiрiлiп: «Бiздiң бiр жолдас - жазушымыз (?!) ұлтшылдар қазақ халқының мүддесiн қорғайды деп айтуы арқылы контрреволюциялық пiкiр таратты» - деген жерiне шүйiле тоқталады. Жақша iшiндегi леп және сұрақ белгiсiнiң қатар қойылуы және «Бұдан әрi автор әдеби жаттығу ретiнде: «бiздiң бiр жолдас - жазушымыздың» ұлтшылдардың қазақ халқы алдындағы еңбегiн дәлелдеуге арналған сөзiнен үзiндi келтiредi»,- деген қайталауы арқылы Р.Жаманқұловты «жолдас-жазушының» атын атамағаны үшiн «халық жауын жасырды» деп айыптайды.
Бұл тегiн кеткен жоқ. Ең алғашқы «халық жауының» легiнiң iшiнде баспа директоры Р.Жаманқұловтың есiмi жүрдi. Шындығында да әлгі емеуірін етілген жазушы кiм едi?
Әрине, нақты көрсетiлмегендiктен де атын сенiмдi түрде атай алмаймыз. Бiрақ, емеурiнiнен тануға болады. Сол кезде әдебиет саласында «ескiден қалған ескiшiл» екi-үш қана жазушы еңбек ететiн. Оның бiрi - Мұхтар. Одан өзге Мағжан сияқты «ескiшiл жазушыларға» өз пiкiрiн ашық айтатындай еркiндiк әлi берiле қойған жоқ болатын. Демек, ақылға жүгiнсек «жолдас жазушының» орнына жазылуға тиiстi жалғыз фамилия қалады. Ол - Әуезов!.. Ал газет редакторының ашықтан ашық мұны мегзей отырып, сол бетке Мұхтардың өз мақаласын беруi қалай? Мұның астары не? Түсiнiктi де, түсiнiксiз де.
Мүмкiн, Мұхтардың өзiне де жұмбақ күйiнде қалуы ғажап емес.
Түсiнiктi дейтiн себебiмiз, содан төрт ай бұрын, яғни, Ғаббас Тоғжановтың «Абай» атты монографиялық кiтабына «Казправданың» 1936 жылдың 22-қазан күнгі санында Сәбит Мұқановтың «Абайды алашордашылар қатарына қосуға тырысып баққан» атты мақаласы басылған. Онда жазушы өзiн-өзi сынай келiп:
«Ұлы пролетарлық социалистiк революциясынан кейiнгi совет өкiметiнiң қамқорлығының арқасында қазақ халқының ұлт болып қалыптасқаны белгiлi. Осы жолдардың авторының өзi де «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетi» деген кiтабына Сталин жолдастың ұлт туралы анықтамасын революцияға дейiнгi қазақ өмiрiнiң шындығына жалаң түрде орайластырып көптеген қателiктер жiбердi. Ол алашорда көсемдерiнiң ұлт-азаттық күрестегi алатын орындарын асыра бағалап, революциялық қозғалысқа дейiнгi қазақ өмiрiнде олардың маңызы болды - деп есептедi. Тек Октябрь революциясынан кейiн ғана қазақ ұлтының қалыптасқанын ол кезде түсiнбедi»,- деп жазды.
Демек, жоғарыдағы жат пiкiрлi «жаулардың» қатарына Ғаббас Тоғжанов пен Сәбит Мұқановтың да қосылуы мүмкiн.
Мұхтар аталмыш екi репликаның түпкi мақсаты мен зардабын бiле тұрып жазған тұста қандайда бiр топшылауларды санаға салып, екшегені анық. Оған Iлияс, Сәкен, Бейiмбеттердің ұсталғанын естiгенде: «Мүмкiн емес. Олар ақталады. Өйткенi олардың өмiрi маған қарағанда таза, жарқын емес пе»,- деп Темiрғали Нұртазинге мұңын шағуы куә. Шын тебiренген көңiл-күйiне қарап Мұхтар арына кiр келтiрмедi, бетiне шiркеу түсiрмедi деп сенемiз.
Ол өзiн осындай аласапыран кезiнде қалай ұстапты?
(Жалғасы бар)
Abai.kz