Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 3216 12 пікір 28 Ақпан, 2023 сағат 14:49

30 жылда 15 министр ауысқан Қазақстан

Данышпан Вольтер айтыпты дейтін аса қатал өкімдей мына сөздерді оқып отырғанда менің көзалдыма өзім куә болған Назарбаев билігі дәуіріндегі кадрлық алмасулар, оның ішіндегі ең сорақысы – Білім, ғылым саласын бақаруға тағайындалған министрлердің кімдер болғаны еді.

1988-1991 жылдары «Халық ағарту министірі болған Шәйсұлтан Шаяхметовты қоса есептегенде 2023 жылдың қаңтарына дейінгі 30 жылда 15 министр келіп-кеткелі, оның ең көп отырғаны 3 жылдан аспағандығы мені қайран қалдырды Назарбаевтың тоталитарлық дара билігі тұсында ең ауыр күндерді басынан өткерген сол 30 жылда бұл салаға кімдер келіп, кімдер кетпеді? Олар мүлде басқа саладан келе сала өздерінің надан «реформаларын» тықпалап ғылым-білім саласын әбден былықтырып алып, қалай тосын келсе, солай аяқ астынан басқа салаға ауысып кете барды. Сөйтіп данышпан Вольтер бүгінгі біздің аянышты жағдайымызды көріп-біліп тұрған адамдай былай депті: «Адамдардан өз пікірлерінен бас тартуды және өзгелердің пікіріне бойсұнуды талап ету, ғылым немесе көркемөнер саласына мүлдем надан адамдарды тағайындау, не болмаса ғалымдарға білімсіз адамдарды төреші етіп қою – мемлекетті қиратушы және апатқа ұшыратушы адамдар міне осылар»  әсіресе ғалымдарға деген сөзін қайталап оқығанда көзіме еріксіз жас келді.

Әулие Ахмет Яссауи бабамыз айтқандай: «Ақырзаманның ғалымы залым болады, залымды қолдағандар ғалым болатынына көзіміз анық жетіп отырғаны қандай өкінішті еді.»

Мұстафа Шоқай: «Батыс тәрбиесін алған зиялыларымыздың аянышты жері – рухани жақтан өз халқына өгей болып қалуы еді. Батыс тәрбиесі көптеген туыстарымызды халқымыздың жан дүниесіне сіңген, ұлттық тарихымыцздың өн бойында жатқан шығыс зердесінен айырды. Олар, яғни, батыс тәрбиесін алған туыстарымыз басқа жақтан жинаған білімдерін өз халқының өмірі мен  «шығыс зердесімен»  бірлестіре алмады. Біз, әрине, бұларда «шығыс рухы» дегеннің ғылыми, философиялық мағынасына тоқталып жатпаймыз. Біздің бүгінгі күресіміз үшін осы «шығыс рухымыз» «ұлттық рухымыз» болуын және біз қызметін атқарып, тілеуін тілеп жүрген халқымыздың тұла бойын осы шығыс рухы кернеп тұрғанын білуіміз жеткілікті.»

Осыларды оқып, көріп-біліп отырған отандастарыма әсіресе билік басында отырған үлкенді-кішілі басшыларға бір уәжім, тілегім бар: Қоғамдық ғылымдар саласында қызмет етіп жүрген қазақ зиялыларын, онда сол салада ғылыми—зерттеу жасап жүрген ғалымдардың тағдырын, ғылыми шама-шарқын айқындаудың бірден бір өлшемі, таразы талқысы Еуропада орналасқан азғантай оқымыстысымақтар басқарып отырған  Скопус журналында мақаласының жариялану-жарияланбауына барып тірелетін болғанына да әлденеше жылдар өтіпті. Сонда қазақ тілі, қазақ әдебиеті, қазақ тарихы қазақ этнографиясы мен философиясы мазмұн етілген 10-15 беттік ғылыми мақаланың тағдырын олардың қай маманы шешіп тастайды? Онысымен де қоймай 10-15 беттік мақалаға 4-5 талапкер автор болып тіркеле береді екен. Ғылыми еңбек асармен жасалатын қара жұмыс емес еді ғой, бірақ еуропалық редакторларға керегі қомақты ақылы төлемді бір адам көтере алмайтынын біліп оны бес адам бөліп төлесе болғаны екен.

Біздің ғылым-білім министрлері осыларды көріп-біліп отырып қазақ ғалымдарын тәлкек заңға тізерлетіп бағындырып отыр. Қазақ ғылымы қазақ еліне керек, қазақтың сұранысы бойынша жасалуы керек. Қазақ ғылымдарының төбесіне надан чиновниктерді шығарып қойып еуропалықтардың қалтасын толтыру үшін сорлатуды тоқтату керек. Әділетті Қазақстан, әділетті заңдар салтанат құрғанда ғана салтанатқа иек арта алады.

Министрлікті басқарғандар:

(Есімі, бақарған және басқаруын аяқтаған уақыты)

  1. Ғалым Әбілсейітов    30 маусым 1992 – қазан 1994
  2. Владимир Школьник тамыз 1994 – қазан 1999
  3. Қырымбек Көшербаев қазан 1999 – 18 желтоқсан 2000
  4. Нұралы Бектұрғанов   18 желтоқсан 2000 – қаңтар 2002
  5. Шәмшә Беркімбаева  қаңтар 2002 – 14 маусым 2003
  6. Жақсыбек Күлекеев 14 маусым 2003 – 14 желтоқсан 2004
  7. Бірғаным Әйтімова 14 желтоқсан 2004 – 19 қаңтар 2007
  8. Жансейіт Түймебаев  19 қаңтар 2007 – 22 қыркүйек 2010
  9. Бақытжан Жұмағұлов 22 қыркүйек 2010 – 2 қыркүйек 2013
  10. Аслан Сәрінжіпов 2 қыркүйек 2013 – 10 ақпан 2016
  11. Ерлан Сағадиев 10 ақпан 2016 – 2019
  12. Күләш Шәмшидинова         25 ақпан 2019 -  13 маусым 2019
  13. Асхат Аймағамбетов 2019 – 10 маусым 2022
  14. Саясат Нұрбек 11 маусым 2022

Жоғарыда аттары аталған 14 министрлердің ішінен аттары көрнекілендіріп жазылғандарының, әсіресе Бірғаным Әйтімова мен Ерлан Сағадиевтің ғылым-білім саласына салып кеткен ойрандарын аса  жиіркенішпен атап өтуге мәжбүрмін, шын мәнінде ғалымдарға осындай залымдарды басшы қылып тайраңдатқан Назарбаев режиміне лағнет айтпай тұра алмаймыз.  Осыдай да Мұқағали Мақатаевтың:

Армандаймыз, аңсаймыз, қиялдаймыз,
Мына думан өмірге сия алмаймыз.
Бос қиялмен өтпесек жарар еді,
Көктемеген егінді жия алмай біз.
Өзімізді себебі жиі алдаймыз,

Өзімізден өзіміз ұялмаймыз, -  деген өлең жолдары еске түседі екен. Шынында біз өзімізден өзіміз ұялмайтын ол үшін қымсынып ыңғайсызданбайтын  ұятсыздыққа  қашанға дейін төзуге болады?!

Шығыстың бір ойшылы айтқан екен: «Алла бұйыртып, бір азамат бүкіл әлемнің үніне, бүкіл әлемнің азаматына айналса, ол бұл абырой-атаққа әуелі өз ұлтының үні, өз ұлтының тілі, ең әуелі өз ұлтының азаматы болу арқылы ғана жете алады.»

Ал біздің жоғарғы билікте отырғандардың қиялына, ойына бұндай ақылды ойлар ешуақытта келген емес, өйткені олардың осы 30 жылда  ғылым-білім саласында жасаған реформасымақтары  қазақ елі үшін емес, шетелдіктерге жағыну үшін және  әлемдік аренаға шығу жолындағы әрекет деп ойлайтын сияқты. Бүгінгі біздің көріп отырған нақтылы өмір шындығы қазақ ғылымы мен білімінің аянышты халі осылай деуге мәжбүр етеді

Әлімғазы Дәулетхан

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1524
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3301
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5918