Аты аңызға айналған батыр
Райымбек Түкеұлы XVIII ғасырда өмір сүрген қазақ халқынан шыққан әйгілі батырлардың бірі. Оның ата-тегі Ұлы жүз – Үйсін Албан тайпасының құрамындағы Алжан руының Сырымбет атасынан тарайды. 1718 жылы Тәуке хан қайтыс болады, Тәуке ханның орнына оның баласы Болат шығады. Оның ел басқару өнерінің әлсіздігінен үш жүздің арасында алауыздық пайда болады. Бірақ халық жоңғарға қарсы күресті тоқтатпайды. Әне, сол тұстағы үш жүздің шоқтығы биік батырлары Қабанбай, Бөгенбай, Қангелділер еді. Райымбектің бала шағы жоңғарлардың қазақ жерін жаппай шабуыл жасау тұсына тура келді. Елдің аянышты тағдырын өз көзімен көрген Райымбек жауынан халықтың кегін алуды армандап, атасы Қангелдінің батырлық жолын қуады.
Қазақ халқынан шыққан, біртуар ақын Мұқағали Мақатаевтың «Райымбек! Райымбек!» атты тарихи дастанында:
«Қу даладағы құйын ба дейсің ойнаған,
Қыран ба дейсің, қылт еткен құсты қоймаған.
Өз атын өзі ұрандап бала келеді,
Қамшы сабына жейдесін ту ғып байлаған.
Жайына қалып, өлі аруақ пенен тірі аруақ,
Келеді бала, есімін өзі ұрандап.
Тірілер шошып, жағасын ұстап тұр аулақ,
Өлгендер көрде, түскен де болар бір аунап,
Келеді қыршын есімін өзі ұрандап.
Доғара қойып, ойын мен дыру, сауықты,
Бір сәтке қауым ішінен тына қалыпты.
Он үшке толған Түкенің ұлы Райымбек,
Қазаққа алғаш өстіп өзін танытты», –
деп батыр бабасының ерлігі туралы жыр толғайды.
Райымбек батыр Қангелдінің екінші ұлы Түкеден туған. 1723 жылы «Ақтабан шұбырынды» оқиғасы қарсаңында атасы Қангелдінің жаугершілік жорығын немересі Райымбек жалғастырады. Осы тұста Райымбек, Сатай, Бөлек, Қойкелді, Қонақкелді, Қыстық Малай, Есен, Байсейіт т.б батырлармен бірлікте қол ұйымдастырып, жоңғар шеріктеріне үздіксіз соққы береді. Райымбектің осындай ерлігіне сүйінген Жетісу халқы Райымбекке бата беріп, ақжол тілейді.
Озық ойлы, ағартушы ақын Шарғын Алғазыұлының «Райымбек батырға» деген өлеңінде:
«Айтатын сөзді айта алмай,
Жақпағаны жаққа ұрып.
Ортасынан қуылып,
Бекер-ақ, деп ойлаймын,
Қазақ болып туылып.
Біреуімізді мақтаймыз,
Жанымызды бағысқа.
Бір батыр туды Райымбек,
Шабатұғын намысқа», – деп әйгілі батырдың ел үшін еңіреп, жауына қарсы шапқан ерлік рухы мадақталады. 1728 жылы қазақ хандары үш жүздің ішкі ынтымағын күшейтіп, Жоңғар шапқыншылығына төтеп беру үшін Орда басы тауының етегінде (Шымкент маңында) үш жүздің уәкілі Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би қатынасқан кеңес құрады. Кеңес Кіші жүз ханы Әбілқайырды барлық қазақ жасағының қолбасшылығына сайлайды. Осы жолғы қазақ жасақтары Шұбартеңіз көлінің маңында, Бұланты өзенінің бойында жоңғар шапқыншыларына сілейте соққы береді. Атағы бас сардар Әбілқайырдікі болғанымен, бұл жеңіс Қабанбай, Бөгенбай, Райымбек бастаған халық батырларының еңбегі еді.
1729 жылы Қабанбай бастаған қазақ жасақтары Іле өзені бойында және Қаратал өзенінің маңайында жоңғар ақ сүйектерінің қалың қолын ойсырата жеңеді. 24 жастағы Райымбек осы қиян кескі соғыста жекпе-жекке шығып, жау сардарының бірнешеуін жайратып ел көзіне түсіп, Қабанбайдың алғысын алады.
Халық арасына тараған «Қабанбай» қиссасынан:
«Келіпті Қаз дауысты ер Қазыбек.
Үйсіннен іздеп кепті Райымбек», – деген өлең жолдарынан Райымбектің Қабанбай батырға ілесіп, өз ұлты үшін күрес жасағандығын түсінуге болады.
«1750 жылдары жоңғар ақсүйектері іштей қырқысып, хан тағына таласқан кездерінде әр топ өз күшін күшейтпек болып, тағы бір рет қазақ даласына қарай шабуыл жасайды. Олар Қалбадан –Шораға дейінгі және Тарбағатай – Құлыстай өңірін басып алып, мұндағы қазақтарды қырып, мал-мүлкін тонайды. Осы тұста Абылай хан әр тайпаның атақты батырларын кеңеске шақырып, жауды қалай аластауды ақылдасады. Ұлы жүзден Райымбек батыр көп жасағымен кеңеске келіп қатысады. Кеңестен кейін жоба бойынша әр ру, тайпалар жоғарыдағы аталған орындардан жауды қуып шығып, зор жеңістерді қол келтіреді. «Қоңыр әулие үңгірін» бекініс еткен жауды аластау кезінде де Райымбек өз жасақтарымен жаудың бір бүйірінен соққылап қырғын таптырады. Осындай зор жеңістері үшін хан ордасының «Соғыс ақылшыларына» сайланып, билер кеңесіне қатынасып отырады» (Әбдірешит Байболатұлы құрастырған «Қазақ шежірелері», «Іле халық баспасы», 1999 жыл, 225-бет).
Райымбек 1705 жылы туып, 1785 жылы қайтыс болған. Оның Торыайғыр мен Сөгеті тауының аралығындағы кең жазықты (қазіргі Алматы қаласынан 167 киллометр келетін) жоңғарлармен соғысқан жерін жергілікті халық Ойрантөбе деп атайды. Торыайғыр тауының айырлы асуынан 6 киллометр қашықтықта Райымбек бастауы бар.
Райымбек баба:
«Елім – Албан,
Жерім – Жетісу.
Жайлауым – Асы,
Қыстауым – Алматының басы», – деп айтқан екен.
Атақты ақын Жамбыл Жабаев батыр баба туралы:
«Әй, аруағыңнан айналайын, Райымбек,
Келгенім жоқ қасиетіңді сынайын деп.
Бас ием, тағзым етем бір өзіңе,
Тірлікте сыйынатын құдайым деп», –
деген өлең шумағы арқылы батыр тұлғасын тіпті сомдай түседі.
«Райымбек батыр көзінің тірісінде-ақ әулие, көріпкел ретінде де бағаланған. Ел аузында тараған бір әңгімеде Суандар Қорғас өзенінің бойымен жайлауға қарай көш түзейді. Кенеттен қатты жаңбыр болып, жолы тайғақ, таулы жерде түйе жүре алмай, бір кезеңнің басында көліктің қасында топты адам не істерін білмей дағдарып қалыпты. Сонда ақсақалы омырауын жапқан, бір қария ащы айғайға басып:
«Атыңнан айналайын, Райымбек,
Шақырдым аруағыңды сынайын деп.
Жігіттер, аруақты бекер деме,
Келеді жатқан түйе тұрайын деп», – дейді.
Бұл сөзбен жебегенде түйеге аяқ астынан әл бітіп, орнынан тұрады, көш діттеген жеріне барып қонады» (Жақыпжан Нұрғожаев. «Тағдыры тайталаста өткен», «Жетісу» газеті, 13 тамыз, 2005 жыл, 8-бет).
Райымбек бабамыз жөнінде ел ауызында таралып жүрген толып жатқан аңыздар бар. Жаугершілік заманда Райымбек батыр бастаған бірнеше сарбаздар жаудың бір топ серіктерін жайғастырып, жау серіктері көп болғандықтан оларды көз жаздыру үшін кері шегінеді. Жау серіктері соңынан баспалап қуып, Райымбек бастаған батырлар Іле өзеніне келіп тұйықтап қалады. Бұл топтың ішінде бір әйгілі құмалақшы бар екен, ол құмалағын шашып жіберіп, «Жас батыр Райымбек өз есімін өзі ұрандап өзеннен өтсе жолы болады екен», – дейді. Әлгі құмалақшының айтқаны келіп, Райымбек өз атын өзі ұрандап өзенге түскенде өзен қақ жарылып жол беріпті деген аңыз ел арасында кеңінен таралып, айтылып келеді. Албан атаның ұрпақтары той-томалақ, өлім-жітімде «Қарасу жол берген атаның баласы» деп ең алдымен Алжан–Шажа атаның балаларына жол беруі содан қалған. Райымбек бабамыздың қайтыс болуы туралы алуан түрлі әңгімелер айтылады. «Бәйдібек баба – Алып бәйтерек ұрпақтар шежіресі» атты кітапта «Райымбек 1785 жылы дүниеден қайтқан. Сол жылы батыр ата жайлауы Асыға елдің ең соңынан көшеді. Себебі Райымбекұлы Қожағұл би қазақтардың Ресейге қосылғанына 100 жыл толуына Санкт-Петрбургте өтетін салтанатты бас қосуға кетіп, батыр соның келуін күтеді. Сөйтіп, Асыға кеш шығады, сол кезде Қожағұлдың баласы Тілеуқабыл 14 жаста екен. Жайлаудан ерте түседі. Дүйсенбі күні ертеңгі шайын ішіп болған соң Райымбек Қожағұлға:
– Күздеуге көшелік, – дейді.
– Қайсы жерге қонамыз? – депті Қожағұл.
– Ақ түйе қайсы жерге шөгеді, сол жерге түсіріңдер, – дейді, әлде неден секем алды ма, ең кіші анамыз:
– Батыр еншімізді бөлген жоқ-ау, – деп қалыпты сөз арасында.
Батыр ойлана отырып:
– Саған сол қонған жерімізден де бір қазан, ошақ табылар, – деген екен. Ақ түйені желқомдап батырды отырғызып көш жолға шығады (Батыр қазіргі зираты жатқан жерге келіп, дүниеден өткен екен)» (659-, 75 -бет).
Тағы бір әңгімеде Райымбек батыр әрі сыншы, әрі білгір Қабан жыраудан «Менің сүйегім қандай жерге жерленеді екен?» – деп сұрапты. Сонда білгір сыншы Қабан жырау:
– Батыр-еке, сіз көпшіл едіңіз, сіздің сүйегіңіз шуылдың астында қалады, – деп жауап беріпті. Қабан жыраудың айтқаны дәл келіп, батыр бабамыздың зираты қазір Алматы қаласының ортасында бой созып тұр.
Әйгілі ақын Көдек Маралбаевтың «Албан тарихы» атты шежірелік дастанының бір бөлігінде:
«Айтайын тағы теріп атақтыны,
Азырақ, халайығым, сабыр етсең.
Мәмбеттен төмен қарай Алжан тарап,
Жайылып құйрығы мен жалы кеткен.
Атақты Райымбек батыр шығып,
Қақ бөліп Қарасуды жарып өткен.
Атаның айналайын әруағынан,
Ұраны көңілімді жарық еткен», – деген шумақтарында Алжан елінің шежірелік таралуы мен Албан тайпасына ұран болған әйгілі батыр Райымбек Түкеұлының ерлігі жырланады.
Ақылгөй, әруақты батыр Райымбек Түкеұлы Қангелді немересінің 300 жылдық мерейтойын өткізу үшін Қазақстан Үкіметі 2005 жылы 21 маусымда ресми қаулы қабылдады. 2005 жылы тамыздың 4, 6, 13-күндері аралығында әйгілі қолбасы, еліне есімі ұран болған батыр баба Райымбектің 300 жылдық мерейтойын республика деңгейінде жер ұйығы Жетісу өңірінде кең көлемді атап өтті.
Абылай хан және Райымбек батыр
I
Абылай (азан шақырып қойған аты Әбілмансұр) ХVІІІ ғасырда өмір сүрген қазақтың әйгілі хандарының бірі. Ол ел тұтастығы мен жер тұтастығы үшін ерекше еңбек сіңірген мемлекет қайраткері, ұлы қолбасшы және шебер дипломат.
Абылайдың арғы бабалары әлемге даңқы тараған Шыңғыс хан мен Жошы хан. Бергі бабалары қазақ хандығының негізін салған Әз-Жәнібек, одан еңсегей бойлы Ер Есім. Абылай Жәңгір ханның бесінші ұрпағы. Жәңгір ханнан Уәлибақы, Тәуке деген екі ұл туған. Жәңгір хан қайтыс болғаннан кейін Тәуке таққа отырады. Уәлибақы хандыққа өкпелеп, Үргенішті билеген нағашы атасы Қайып ханның қолына барады. Уәлибақының баласы Абылай асқан батыр адам болған. Ұрыстарда жекпе - жекке шыққанда қарсылас жау шақ келмейді екен. Талай сардардың басын кесіп, қанжығасына бөктергендіктен ел оны «Қанішер Абылай» атап кетіпті. Осы Абылай батырдан көркем Уәли туылыпты. Уәлиден туылған бала Әбілмансұр қазаққа аты аңызға айналған хан болыпты.
Аңыз-әңгімелерде айтылуынша Әбілмансұрдің әкесі Уәли соғыста қайтыс болып, жетім қалған бала үйсін Төле бидің қолына барып паналайды. Оның әбден жүдеген өңіне, өсіп кеткен шашына қарап Төле би оған «Сабалақ» деген лақап ат қойып, малын бақтырады. Төле бидің тәлім-тәрбиесінде өскен бала Әбілмансұр ел өміріне ерте араласып, ата жауы жоңғарларды жоюға бел буады.
Қазақ хандығы тұсында жоңғарлар мен қазақтар арасында үнемі қанды қырғын соғыстар жалғасып тұрды. Әбілмансұр 20 жасқа келгенде ата жаумен үлкен шайқас болады. Сол реткі ұрыста Әбілмансұр жоңғардың бас батыры Шарышпен жекпе-жекке шығып, қан майданда «Абылайлап!» ұран салады. Шешуші шайқаста қалмақ батыры Шарыштың (кейбір деректе Қалдан Сереннің күйеу баласы деп те айтылады) басын алады. Содан бастап ел Әбілмансұрдың атын атамай «Абылай» деп атап кетеді. Осыдан кейін Абылай Орта жүздің сұлтандарының бірі болып, Қазақ даласындағы ең беделді әмірші ретінде тарих сахнасынан бой көтерді.
Абылай туралы орыстың белгілі тарихшысы А.Левшин: «1739 жылы Орта жүзде Сәмеке (Орта жүздің батысындағы аз санды руларды биледі) ханның орнына хан сайлаудан бұрын Әбілмәмбет пен Абылай екеуі бірдей хандыққа билік жүргізген», - деп айтқан дерегінен Абылайдың Орта жүздің хан болғанын дәлелдейді.
Абылай хан 1738-1741 жылдары қазақ батырларының басын қосып, жоңғар қалмақтарының ханы Қалдан Серен (1727-1745 жж.) бастаған қалың қосынға бірнеше мәрте соққы беріп, ата жауының бетін қайтарады. Абылай хан 1742 жылы Қалдан Серен қосынының қазақ даласына жасаған шабуылында жау қолына түсіп, тұтқын болады. Осындай қиын-қыстау мезгілде қазақтың Ұлы жүзінен Төле би, Қангелді батыр бастаған 90 адам елші болып Жоңғар ханы Қалдан Серенге барып, келіссөз жүргізіп, 1743 жылы 5 қыркүйекте Абылай ханды тұтқынынан шығарып алады.
Тарихи деректерде жазылуынша 1744 жылы Әбілмәмбет хан Түркістанға көшіп кеткеннен кейін Абылайдың билігі тіпті күшейе түскен. 1749 жылы тамыз айында Неплюевпен кездесуінде Жәнібек тархан «бұрын Орта жүзде Әбілмәмбет хан болған, бірақ ол біраздан бері Ташкентте тұрып жатыр, ел басқарудан қалған. Барақ сұлтан зұлымдық ісі үшін қашып жүр. Онда жалғыз Абылай сұлтан ғана билік жүргізіп отыр», - деп өте анық жазған.
1771 жылы Әбілмәмбет хан қайтыс болып, қазақ хандығы ішінде тақ таласы басталып, берекесі кете бастады. Дәл осындай аумалы-төкпелі кезеңде үш жүздің өкілдері Түркістанда бас қосып, құрылтай ашып, Абылайды қазақ ханы етіп сайлайды. Көп жылдар Абылай ханмен бірге жүріп, оның оң тізесін басып отырып, ақыл-кеңес берген әйгілі жырау Бұқар Қалқаманұлының:
«Алтын тақтың үстінде,
Үш жүздің басын құрадың.
Жетім менен жесірге,
Ешбір жаман қылмадың.
Әділетпен жүрдіңіз,
Әдепті іске кірдіңіз...», - деген өлең шумағын тектен-текке айтпаған.
Абылай үш жүздің ханы (1771-1781 жж.) болғаннан кейін Қытай, Ресей сияқты мемлекеттермен өте шеберлікпен дипломатиялық қатынас орнатып, Қазақ хандығының билігін нығайту, көкрейту үшін аянбай еңбек етіп, қазақ тарихында өшпес із қалдырды.
ІІ
Абылай хан Қазақ хандығының тұтастығын сақтап, ел іргесін бекемдеуге аты аңызға айналған тарихи тұлға. Ол қазақ жерін, елін қорғау жолында өмір бойы күрес жасап, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Албан Райымбек, Керей Жәнібек, Шапырашты Наурызбай, Шақшақұлы Жәнібек, Есенгелді, Әбілқайыр хан және Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би сынды қанды көйлек жолдастарымен тізе қоса отырып сырттан төнген қауіп-қатерге қарсы үздіксіз күрес жүргізді.
Ғұлама ғалым Шоқан «Қазақтардың аңыз-әңгімелерінде Абылай айрықша қасиеті бар киелі, керемет құдірет иесі болып саналады. Абылай дәуірі қазақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры. Оның жорықтары және батырларының көзсіз ерлігі мен қаһармандығы жыр-дастандардың арқауына айналған», - деп айтқанында терең сыр жатыр.
Абылай ханның айналасына топтасып, елін, жерін қорғау жолында аты аңызға айналған батырлар ХVІІІ ғасырдағы тарихи жазбаларда молдап кездеседі. Көзі тірісінде еліне ұранға айналған әулие батырлардың бірі – Райымбек Түкеұлы Қангелді немересі.
Абылай хан мен Райымбек батыр көп жыл үзеңгілес жолдас болған. Аты әйгілі ұлт қаһармандарын Албан жұртында «Абылай ханның сыны, Райымбек батырдың жауабы» атты аңыз-әңгіме ел ішінде кеңінен таралған. Ел ішіндегі айтылып жүрген аңыз былай баяндалады.
«Жоңғарлардан туған жерін азат ету үшін үш жүздің басын біріктіріп, бәріне басшылық жасаған Абылай хан қолбасшыларды өзі таңдайтын көрінеді.
Бірде қолбасы боламын деген ондаған батырды Абылай алдына шақырыпты. Бұлардың ішінде Райымбек те бар еді.
Қатар-қатар сапқа түзілген өңшең алпауыт ерлердің өзін, көлігін, қару-жарағын, көбе-сауытын сын көзден өткізіп келе жатқан Абылай Райымбектің қасына келгенде ерекше тоқтаса керек. Астындағы құнанның ер-тұрманы өте әшекейлі екен. Алдынан қараса, жылқының арқасы, артынан қараса, шоқтығы, жалы көрінетін құранды ердің үстіндегі жігіт өте жас көрінеді. Абылай сынай қарап тұрып:
— Мына баланың астындағы ер-тұрман менікі, — дейді. Сол сәт Райымбек:
— Ханның екі айтқаны — өлгені! — деп шаңқ ете қалады. Хан әрі қарай басқа батырларды аралап кете барады. Райымбек тапжылмай тұра береді. Бір сиыр сауым уақыттан кейін Абылай қайта оралады. Оралады да манағы сөзін тағы айтады. Сонда Райымбек тізгінін тартып, тақымын қысып қалғанда астындағы құнаны көкке қарғып, кісінеп жібереді. Абылайдың алдына құнанын ойнақтатып барған Райымбек:
«— Уа, ханым, төресің,
Ер-тоқымға төнесің.
Дүние көріп тұрмысың,
Алтындаған шегесін!
Жала жауып тұрсың-ау,
Жаладан түбі өлесің.
Айтқаныма сенесің,
Айтқаныма сенбесең,
Абыройыңды төгесің!
«Бала» деп мені басынба,
Батырлығымды көресің.
Арғы атамды сұрасаң:
Өтірік айтпас өр Албан,
Өр Албаннан — ер Алжан,
Алжанның аты — дүр Мәмбет.
Мәмбеттен туған Сырымбет,
Сырымбеттен — Қангелді.
Қангелді бабам туғанда,
Уысында қан келді.
Айналайын қазағым,
Қалмақ шауып, бақ ауып,
Судан аққан қан көрді.
Аққан қанды тыймаққа,
Алаштың басын жимаққа,
Абылайдай хан берді.
Атам менің Қангелді,
Қазақ үшін қан берді.
Жаратқаным жар берді,
Жеті бірдей ұл берді.
Үлкені — батыр Тілеуке,
Екіншісі — ер Түке,
Үшіншісі — Мөңке екен,
Төртіншісі — Дөңке екен,
Бесіншісі — Тұрсын ер,
Тұрсындай болып тусын ер.
Тұрсыннан кейін Айбас-ты,
Айбастан кейін Қойбас-ты.
Жеті ұлы біріксе,
Жер қуырмай қоймас-ты.
Ер Түкеден мен тудым
Ер болуға бел будым.
Уа, алдияр, төресің,
Ер-тоқымға төнесің.
Дүние көріп тұрмысың,
Алтындаған шегесін!
Жалған айтты демесін,
Өңшең жасық бұл тобыр
Хан айтқан соң не десін?
Айналайын Хан - бабам
Немересіне арнаған.
Астымдағы құнан кер,
Құнан керде құранды ер.
Әубәкір ұста жасаған,
Менің ғана бәсірем,
Шыныменен хан болсаң,
Бәсіремді сұрап көр», —деп тоқтайды. Абылай хан жас жігітке сүйсіне қарап тұрып:
— Қарағым, алтынмен аптаған, күміспен күптеген ертоқымға, ойнақшыған кер құнанға мастанып келген қуыс кеуде, даңғой мақтаншақ біреу ме деп сынай айтып едім. Сөзімді қайтып алдым. Қолбасы сен боласың, — деген екен» (Ел аузынан жазып алған С.Сабырбеков.Жамбыл аудандық «Атамекен» газеті, 28 сәуір, 1993 жылғы санынан алынды).
Әлмерек абыз және Райымбек батыр
І
Қазақ ұлты қилы-қилы ауыр тағдырды, сан санақсыз ұрыстарды бастан кешірген Орталық Азияда жасаған байырғы тұрғын халықтардың бірі. Ұлтымыз Евразияның кең байтақ даласында мыңдаған жылдар бойы үстемдік еткен көшпенділер өркениетінің қалыптасуы мен өркендеуіне ерекше ат салысқан тарихы тереңде жатқан халық екенін көне жазба құжаттардың өзі дәлелдейді.
Қазақ халқының тарихына зер сала қарасақ, бірнеше ғасырда пайда болған жоқ. Сонау ежелгі Дешті-Қыпшақ даласын мекендеген көптеген этностар мен этно бірлестіктердің өзара тығыз араласуының нәтижесінде қалыптасқан ұлт. Ұлы далада жасаған қазақтардың тарих сахнасынан бой көрсетіп әлемге танылуы Қазақ хандығының құрылуы мен өсіп-өркендеуіне байланысты.
Әсіресе, Қазақ-жоңғар соғысы (1643-1759 жылдар аралығында) басталғаннан кейін бейбіт жатқан еліміздің берекесін кетіріп, қалаларымызды қанға бояп, шаңырағымызды шайқалтты. Ел басына осындай ауыр күн туған заманда елі мен жерін қорғайтын хас батырларымыз дүниеге келді. Ұлтымыздың басына күн туған алмағайып заманда қазақтың атақты үш биінің бірі Қаз дауысты Қазыбек Келдібекұлы: «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елміз; ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл болайын деп тумайды, анадан қыз туса, күң болайын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз...» (Тасболатов Абай Бөлекбайұлы, Мұсаев Талғат Қостайұлы. «Қазақтың һас батырлары», Алматы, «Ел шежіре» баспасы, 2020 жыл, 4-бет), - деп Қазақ хандығы тұсындағы елдің ерлігі мен елдігін әйгілеген екен.
Білікті ғалым, жазушы Ақселеу Сейдімбеков: «Қазақ хандығының тарихын тану үшін ру шежіресін терең зерттеп білмей тұрып, белгілі бір ой түйіндеу мүмкін емес», - деп өте дұрыс айтқан еді. Қазақ хандығы кезінде елінің қамын ойлап, елдіктің мәртебесін биікке көтерген, ел қайғысына ортақтасқан, елдің азаттығы үшін күрескен аты аңызға айналған тұлғалар көп шыққан. Қазақ-жоңғар соғысында ерлігі елге жыр болған тұлғалардың бірі – Әлмерек абыз.
Әлмерек Жаншықұлы (1658-1756) – Ұлы жүз Үйсін ұлысының Албан тайпасынан шыққан абыз, би, қол бастаған батыр. Қазақ шежіресі бойынша таратсақ, Албаннан – Сары, Шыбыл, Сарыдан – Сүйерқұл (Тауасар), Сүйменді (Таубұзар). Сүйерқұлдан – Шоған, Досалы, Қожбанбет, Жарты, Алжан, Шажа, Сүймендіден – Айт, Бозым. Бозымнан – Сары, Жаншық, Таз (Шобал), Қыстық. Жаншықтан – Әлмерек, Олжай. Тұтас Сүйменді ұрпақтарын «Айт-Бозым» деп атайды. Шежірелік деректерге қарағанда, Албанның Бозым рулар бірлестігінде ең жан саны көбі Әлмерек абыз ұрпақтары екен. Әлмерек абыздан – Жәнібек, Баба, Құрман, Тоқан, Қаракісі, Еділ, Жайық, Жұмық секілді сегіз ұл тараған.
Әлмерек есімі өз дәуірінде тұтас Бозым бірлестігіне елдік ұранға айналған тұлға. Төкпе жырдың дауылы Көдек Маралбаев Әлмерек абыздың бабалары туралы:
«Өркені тамырлаған бүрлі ағаштай,
Бозымнан Сары, Жаншық анық өткен.
Сары би заманында билік құрып,
Жаншықты қызыр ата шалып өткен.
Жаншықтан Әлмерек пен Олжай туып,
Әлмерек батыр екен бағы өктем», - деп толғауы көп тарихтан дерек береді.
Әлмерек Жаншықұлы өзі жасаған дәуірде ел ішінде аса жоғары беделге ие әділ би, жау жүрек батыр, көріпкелдігі бар әулие адам болған. 1998 жылы Алматы қаласында басылым көрген «Қазақстан ұлттық энциклопедиясының» 1-томында «Әлмерек абыз батыр, шешен, көріпкел әулие. Ат жалын тартып мінген кезінен бастап қазақ жастарынан жоңғарға қарсы жасақ ұйымдастырды. Сарбаздарының қатарын көбейтіп, соғыстың әдіс-айласын меңгергеннен кейін жоңғарға соққы берген. Қазақ халқының жадында Әлмерек есімі көбірек сақталған» деген дерек айтылады. Әлмеректен тараған ұрпақтар бүгінгі күні өркендеп өсіп, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан секілді мемлекеттерге дейін ірге тепкен.
Қазақ жұртына аты мәлім абыз, әулие Әлмерек ұрпақтарынан Жәнібек, Қаракісі, Бекбау, Мұсылманбай, Тазабек, Саурық, Жақыпберді, Әубәкір, Ұзақ батырлар, елге сыйлы би, шешен, ақын-жыраулардан Қаба, Түменбай, Қашаған, Шалтабай, Әуесқан, Адыр, күллі қазаққа аты әйгілі күйші Қожеке, ірі классик жазушы Бердібек Соқпақбаев т.б. атақты тұлғалар көп шыққан.
Әлмерек би жөнінде халық ішінде алуан түрлі әңгіме айтылады. Қытай жерінде тұрған марқұм шежіреші Жұматай Болысбайұлы 87 жасқа келген шағында Әлмерек баба туралы мынандай аңыз-әңгіме айтқан екен. «Әлмерек абыз қайтыс болар кезінде бес баласын түгел шақырып алады да, Олжай да келсін, айтатын өсиетім бар сендерге депті. Інісі Олжай келген соң: бірінші, Құрман сен Олжайға көзқұлақ бол, еншілерің бөлінбесін дейді. Екінші сөзім, Жәнібек сен Бабаға көзқұлақ бол, үшінші, Тоқан сен Қаракісінің қармағында бол, барлығың бір-біріңді сыйлап, ынтымақты болыңдар! Сендерді түгел ағаларың Жәнібек басқарсын, тілін алыңдар. Бүгін еншілес болмай мал бөлінсе, ертең жер бөлінеді. Кейінгі ұрпақ жат болып танымасқа айналады. Береке-бірліктерің бұзылса, жатқан жерімде тыныш жата қоймаспын деген өсиетін айтыпты. Көп ұзамай абыз Қаракісінің қолында қайтыс болып, сол үйден сүйегі шығыпты. Әлмеректің қасиетті қара қазан, қара ошағы қазірге дейін Қаракісінің бір тұқымы болып келетін Әмір Тоқмолда деген кісінің үйінде сақтаулы тұр» («Албан шежіресі», Құлжа, сәуір, 2007 жыл, 856-бет).
Әлмерек батыр ел іргесі сөгілген зарлы заманда Қазақ хандығының төңірегіне тығыз топтасып, Тәуке ханмен қарым-қатынасты күшейтіп, «Жеті жарғының» ел ішінде атқарылуына белсенді атсалысып, елі мен жерін қорғау жолында ерекше еңбек сіңірген қазақ даласының ірі қоғам қайраткері ретінде жұртқа есімі танылған атақты тарихи тұлға.
Әулие, абыз, батыр баба Әлмерек Жаншықұлы 1756 жылы дүниеден өткен. Сүйегі Алматы қаласының маңындағы Әлмерек ауылының (бұрынғы Гагарин ауылы) іргесіне жерленген. Ұрпақтары абыз баба басына көзтартарлық көк кесене тұрғызған. Содан бері әр елдің түкпір-түкпірінен келіп әулие бабаның басына зиярат етушілер барған сайын көбейіп келеді.
ІІ
Қазақтың жер жанаты Жетісу өлкесі бір мезгіл жоңғарлардың қол астында қалып, бұл жердің тұрғындары бодандықта өмір сүрді. Дәл осындай қиын-қыстау кездерде ілгері-кейінді Қангелді, Әлмерек, Төлес, Наурызбай, Найманбай, Сатай, Бақай, Райымбек, Байсейіт, Өтеген, Малай, Қарақұл т.б. батырлар көкірек керіп алға шығып, ел азаттығы үшін аянбай күрес жасаған.
Ел арасына айтылған әңгімелерде аты аңызға айналған Әлмерек абыз Бақай, Райымбек, Малай сияқты ел көзіне түскен әйгілі батырларға бата берген. Ел қорғаны болған Әлмерек би ұзақ жыл жорық жылында жұріп, неше жүздеген таңдаулы сарбаз тәрбиелеген үздік қолбасшы әрі соғыста ақыл, айласы арқылы қазаққа танылған әскери ұстаз.
1723 жылғы ел басына күн туған аса қайғылы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасы болды. Сол жылы көктемде бейғам жатқан қазақ еліне Жоңғар қалмақтары әрқайсысында 10 мың жауынгері бар жеті қолмен жеті бағытта (70 мың жасақ) шабуыл жасап, қазақ даласын басып алуға ұрынды. Қауқарсыз жерінен айрылған қазақ халқы ұлт ретінде жойылу қаупіне ұшырады. Ұлт басын қара бұлт үйірілген зарлы заманда үш жүздің қазағының басы бірігіп Қангелді, Әлмерек, Қабанбай, Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Керей Жәнібек, Тама Есет т.б. батырлар қол ұйымдастырып, жоңғарлармен шешуші шайқастар жасады.
1723 жылғы аумалы-төкпелі кезеңде жоңғарлармен болған қанды шайқаста 18 жасқа енді келген Райымбек Түкеұлы батырлығымен ел көзіне түсті. Райымбектің жекпе-жекке шығып жаудың атақты қолбасыларынан бірнешеуін жайратқан хас батырлығын өз көзімен көрген аузы дуалы Әлмерек абыз:
«Ал, балам, жауға барып кел,
Жайрата найза салып кел.
Жоңғарға кеткен ел кегін,
Келістіре отырып алып бер.
Аллалап жауға шауып кел,
Еліңнің кегін алып кел!
Жортқанда жолың болсын,
Жолдасың Қыдыр ата болсын!
Ақсақалым төгілді, ет жүрегім сөгілді,
Атаң қазаққа ардақты Қангелді.
Тартып туған атаңа қасиетті бәрекелді», - деп ағынан ақтарылып бата беріп, жас батырға ақ жол тілепті.
Атақты Бұхар жырау:
«Жаурыншы, көріпкел,
Албаннан асқан Қанкелді», - деп тектен-текке жырламаған. Атасы Қангелді батырдың жорығын немересі Райымбек жалғастырған. Отыз неше жыл жоңғарға қарсы соғыс жасаған атақты Райымбек батыр ел құрметіне бөленіп, абыройы асқақтап, мәртебесі биіктеп тұтас Албан тайпасының жауынгерлік ұранына айналды.
Райымбек батырды танудың асыл арнасы
І
Ел тағдыры қыл үстінде тұрған алмағайып заманда қазақтың елі мен жерінің тұтастығын сақтап қалуда ерекше атсалысып, қарсылас жауының көзін жойып, тарихта аты қалған һас батырлардың қиян-кескі шайқастары, ерен ерліктері көбінесе аңыз-әңгіме, өлең-жырлар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ауызша тарих айту дәстүр ретінде жатталып, ел есінде сақталып қалған.
Әсіресе, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасы сынды аса сұмдық қасіретті кезеңнің алды-артында Абылай, Қангелді, Қабанбай, Бөгенбай, Райымбек, Ер Жәнібек, Қожаберген, Батыр Баян, Наурызбай, Аралбай, Өтеген, Есенгелді, Байсейіт, Әжібай, Қарақұл, Малай, Бақай т.б. батырлар бас біріктіріп, ел мен жерді ата жаудан аман сақтап қалған.
Ғұлама ғалым Шоқан Уәлиханов ел намысы үшін атқа қонған батырлар көп шыққан ХVІІІ ғасырды «батырлық ғасыры» деп атауында терең мән жатыр.
Халық басына қара бұлт үйірілген зар заманда жоңғарға қарсы қол бастаған аты шулы батырлардың бірі – Райымбек Түкеұлы болды. Ол 15-16 жасында-ақ жоңғарларға қарсы жорыққа аттанып, ерлігімен аты аңызға айналды.
Баһадүр батыр Райымбектің жауынгерлік ғұмыры таңғажайып аңыз-әңгіме, өлең-жыр, батырлық жырдың арқауы болған. Райымбек батырдың ерен ерлігі кейінгі ұрпақтарға тәрбие беретін, ұлттық рухын шыңдайтын даңқты өмір.
Аумалы-төкпелі аса ауыр, күрделі заманда жасаған аты мәшһүр Бұқар жырау (1693-1787):
«Қалданменен ұрысып,
Жеті күндей сүрісіп.
Сондағы жолдас адамдар:
Қаракерей Қабанбай,
Шақшақұлы Жәнібек,
Сіргелі қара Тілеуке,
Қарақалпақ Қылышбек,
Тігеден шыққан Естенбек,
Үйсіннен жүр Райымбек,
Шапырашты Наурызбай,
Құдаменді Жібекбай,
Секербай мен Шүйкебай,
Жауды қуды түйдектей»
(«Райымбек», «Елорда» баспасы, Астана, 2005 жыл, 5-бет), - деп Райымбек батырдың да атын атайды.
Тірлігінде «әулие, көріпкел» аталған, өз дәуірінің алтын шежіресінде аты жазылған, халық ішінде атақ-абыройы дүркіреген қолбасшы Райымбек батыр туралы шоқтығы биік жыр дүлдүлдерінен Бұқар, Кәрібай, Қабай, Тілеміс, Жамбыл, Кенен, Көдек, Шарғын, т.б. жыраулар өз жырларында батыр баба есімін ерекше ілтипатпен ауызға алған.
Райымбек Түкеұлы жайлы Мұхтар Әуезовтың еңбегінде («Алма бағында», 1937 жыл, «Әдебиет майданы» журналы, 2, 3 саны) айтылады. Содан кейін «Қазақ совет энциклопедиясы» (1976 жыл, 9-том) атты үлкен томға да батырдың аты енгізіледі. Осыдан кейін тағы да осы энциклопедияда (1977 жыл, ІІ том) аты айтылады. Батыр баба жайлы және бір құнды тарихи дерек («Қазақ қолжазбаларының сипаттамасы». «Ғылым» баспасы, 1981 жыл, ІІІ том) жарық көрді. «Райымбек батырдың шайқастары» атты көлемді шежірені жинап беруші Қабылбек Сауранбаев (1899-1980 жж.) Ол кісінің бұдан басқа «Албан-Бұғы», «1916 жыл» атты дастандары да бар. Қабылбек Алжан руының Аламан тармағынан тарайды.
Жоғарыдағы шежіреге ұқсас материалды Алжан руының Сырымбет тармағынан шыққан ақын, фольклорист Мөкен Болысұлы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтына тапсырған. 1991 жылы Мөкен Болысұлының атынан «Райымбек батыр» атты кітап болып баспадан шыққан. Мұқағали Мақатаевтың «Райымбек! Райымбек!» атты ірі дастаны ақын қайтыс болған соң бес жылдан кейін, яғни 1981 жылы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің қараша айының 26, 27, 28-ші күндеріндегі үш санында жарияланды. Көпті көріп, көп жасаған қарт қаламгер Әлнұр Мейірбековтың (1921-2011) «Аспан тау» («Жалын» баспасы, Алматы, 1985 жыл) атты кітабында Райымбек батыр және оның атасы Қангелді Сырымбетұлы жөнінде бірталай аңыз-деректер жазылған. Одан кейін жазушы Жолдасбай Тұрлыбайұлы (1932-2017) ілгері-кейінді «Жазушы» баспасынан «Тамыз таңы» (1987 жыл, 1-кітап), «Райымбек батыр» (1991 жыл, 2-кітап) атты екі томдық тарихи романын баспадан шығарды. 2005 жылы Төлен Қаупынбаевтың (1938-2018) «Ұран баба Райымбек» (2005 жыл, «Тоғанай Т» баспасы, Алматы), Шәкен Күмісбайұлының «Райымбек батыр» (2006 жыл, «Аруна »баспасы) атты кітаптары жарық көрді.
Батыр бабаның туғанына 300 жыл толу мерейтойына орай 2005 жылы «Елорда» баспасы арқылы ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы Кеңес Нұрпейісовтың жетекшілігімен басылым көрген «Райымбек» атты сүбелі ұжымдық жинақты ерекше атап өткен жөн. Аталған жинақ «Жыраулар даңқын асырған», «Ғасырлардан жеткен жаңғырық», «Ерлігіңе мәңгілік – тағзым» атты үш бөлімнен құралған. Кітаптың алғашқы беташарында «Райымбек – қазақ халқының даңқты ұлы. Жоңғар шапқыншыларынан елді азат етуде, жерді босатуда сіңірген ерлік істері аңызға айналған. Өмірде болған тұлға. Алты Алаштың айбыны асқан Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Шақшақұлы Жәнібек сынды қол бастаған қаһармандары қатарында Албан Райымбек есімі де ғасырлар бойы құрметпен аталып келеді
Райымбек батыр әрі әулие адам. Батырдың батыры. Мың сан сарбазды соңынан ерткен, қаһармандықтың жеке үлгісін талай рет жекпе-жекте танытқан қолбасшы. Халқын іргесі сөгілмейтіндей, бірлігі бұзылмайтындай етіп берік топтастырған данагөй басшы. Жауына қатал, досына адал. Қазағы үшін өзін құрбан етер отаншыл» (3-бет), - деп баяндайды.
Аталған кітаптың алғашқы бөлімінде Сабдалы жыраудың «Райымбегім, асылым», Мөкен Болысұлының «Райымбек батыр» (дастаннан үзінді), Мұқағали Мақатаевтың «Райымбек! Райымбек!» атты дастандары енгізілген.
Кітаптың екінші бөлімінде Қабылбек Сауранбаевтың «Райымбек батырдың шайқастары» атты қолжазбасы, ғалым, зерттеуші, жазушылардан Мәмбет Қойгелдиев, Ғарифолла Есім, Рысбек Сәрсенбайұлы, Бақдәулет Берлібаев, Жолдасбай Тұрлыбайұлы, Сәрсенбі Дәуітов, Жақыпжан Нұрғожаев, Марат Тоқашбаев, Жанболат Аупбаев, Ақпанбет Әліш, Саясат Бейсенбай, Әбдірахман Асылбек, Молдан Әлдербаев сынды авторлардың зерттеу еңбектері мен мақалаларына орын берілді.
Кітаптың үшінші бөлімінде ақындардан Еркін Ібітанов, Оразақын Асқар, Жолдасбай Тұрлыбайұлы, Шаймерген Әлдибеков, Естеу Нүсіпбеков, Өтепберген Ақыпбекұлы, Асанқадыр Исабек, Дубек Мұсанов, Тоқтасын Сүгірбеков, Жұманұр Мұхаметнұрұлы, Нұрлан Қалқа, Ахмет Кендірбекұлы, Ерқожа Тілепбердиев, Мұса Жанәділов, Серікбай Тұрлан, Бақыткерей Ысқақ секілді авторлардың өлең-толғаулары берілді.
«Райымбек» атты бұл кітап жоңғарға қарсы қол бастаған Райымбек Түкеұлының жорық жолындағы қилы-қилы бастан кешкен ауыр тағдыры мен оның соңына ерген қанды көйлек серіктерінің Отан қорғаудағы ерліктері жан-жақты баяндалған сүбелі еңбек деп бағалауға болады.
Аты алты Алашқа аңызға айналған ардақты батыр Райымбекті танудағы кесек еңбектердің бірі – «Киелі жолдың иесі – Райымбек...» («ASPAN» баспасы, Алматы, 2021 жыл) атты академиялық жинақ. Бұл жинақтың баспадан шығуына үлес қосқан редакция алқасының төрағасы Ә.Үмбеталиев, алқаларынан Б.Беделхан, Е.Алаштуған, Ж.Тоқтарқызы, М.Исабек, Қ.Тарбай, А.Ақан және құрастырушы редактор Ержан Тоқтардың еңбегін ерекше атауға болады.
Аталған кітап туралы «Ақиқат» журналының бас редакторы, белгілі зерттеуші, журналист Дәуіржан Төлебаев «Баспадан енді ғана жарық көрген «Киелі жолдың иесі – Райымбек...» атты кітап ұрпақтарға ұран болған атақты Райымбек батырдың өмірі мен ерлік істерінен, дарыны мен даралығынан, қасиеті мен кемеңгерлігінен сыр шертетін шоқтығы биік туынды.
Атап айтқанда, Қангелді немересі Райымбек туралы деректер, Көкойнаққа берген тапсырмасы, ақиық ақын М.Мақатевтың «Райымбек! Райымбек!» поэмасы, Н.Оразалиннің «Рухқа тағзым», М.Қойгелиевтің «Отан қорғау ісіндегі батырлардың орны және оның ғылыми тарихнамада баяндалуы», Ж.Нұрқожаевтың «Ұлыдан – ұлағат, ұрпаққа - аманат», Б.Нұржекеевтің «Райымбек батырдың серіктері» атты шығармалары мен жазушы-этнограф Нұрлан Сәрсенбаевтың «Райымбек батыр» атты қиссаны кім жазған?» атты еңбегі, Сабдалы жыраудың «Райымбек батыр» дастаны, Е.Ібітановтың «Ұран – баба!», Ж.Өтеевтің «Батыр баба, аруағыңа сыйындым» т.б. маңызы терең, мазмұны ерен шығармалары, туындылары ұсынылған» («Ақиқат» журналы, 2021 жыл, №12, 78-82- беттер), - дейді.
Жинақтап айтқанда, «Киелі жолдың иесі – Райымбек...» атты кітап кемелділігі мен тереңдігі арқылы оқырмандар жүрегінен жол тапқан, батыр бабаны танудың асыл арнасын қалыптастырған шоқтығы биік еңбек, әрі соңғы жас буын ұрпақтарымыздың өнегелі тәрбие алатын құнды оқулығы деп бағалауға болады.
ІІ
Қытай қазақтары да Райымбекті халық қормалы, ержүрек батыр, әулие, көріпкел ретінде танып, бастарына ауыр күн туғанда, қысылған қиын кездерде аруағына сыйынып, медет тілеп, пір тұтқан.
Сонау 1970 жылдардың орта шенінде бала кезімде ел ішінде шешен, шежіреші аталған атам Сәрсенбайдың сенің әкең–Тоқтасын, оның әкесі–Сәрсенбай, Сәрсенбайдың әкесі–Байсал, оның әкесі–Әбдішүкір, одан ары – Малқара, Малқараның әкесі– Әжі, ол кісі қазаққа аты әйгілі Райымбек батырдың баласы деп шұбырта айтқан ататек шежіренің бір үзігі есімде мықтап қалған еді. Енді ойласам, атамның маған айтқаны әрбір қазақ жеті атасының атын білу тәрбиесі екен. Шежіренің ең қысқа бөлігі «Жеті ата» деп аталған. Менің бала кезімдегі шежірелік сауатым осыдан басталған. Содан кейін бірталай жыл өтті, ат жалын тартып мініп, азамат болып қатарға қосылғаннан кейін ел ішінде айтылған, даңқы күллі қазаққа тараған Райымбек батыр туралы таңғажайып аңыздар, шежірелік әңгімелер, тарихи деректерді құмарта тыңдайтын болдым.
Ел ішінде құймақұлақ шежіреші қарттардан Райымбек батыр туралы мынандай аңыз-әңгіме естігенім әлі есімде қалыпты.
Ұлы қолбасшы Райымбек қосыны жоңғарлармен өліспей беріспейтін сұрапыл соғыс жасапты. Жау әскерлерінің саны көп болғандықтан олар қазақ қосынының жан-жағын қаумалап, Райымбекті тірідей қолға түсірмек болады. Қолбасшы Райымбек амалсыз қосынын соғыс майданынан шегіндіреді. Алдыңғы жағынан жоңғардың самсаған қолы келе жатыр, арт жағында күркіреп ағып жатқан тілсіз Іле дариясы тұр. Дәл осындай қиын-қыстау кезде ақылды да парасатты батыр астындағы Көкойнағына қамшы басып, «Райымбек! Райымбек!» деп өз атын өзі ұрандап тасып жатқан Іле дариясына түседі. Сонда арнасынан асып жатқан Іле дариясы қақ жарылып, батырға жол беріпті. Қазақ қосыны дариядан аман-есен өтіпті. Соңынан келген жоңғар қуғыншылары дариядан өтемін деп түгелдей суға ағып өліпті. Албан жұртында той-томалақ, өлім-жітімде «Қара су жол берген атаның ұрпағы» деп ең алдымен Алжан-Шажа елінің әулеттеріне жол беретін дәстүр содан қалған. Мен бала кезімде Райымбек батыр туралы қызықты аңыз-әңгімелерді, өлең-жырларды үлкендердің ауызынан көп естідім.
Қытай қазақтары арасында кеңірек таралған Райымбек туралы екі сүбелі батырлық жыры зерттеушілердің назарын қатты аударған еді. Батырлар жыры ескі заманнан келе жатқан халықтық мұра. Бұл жырларды ең алғашқы шығарушысы халық ақындары болса, уақыттың өтуіне байланысты кей жырлардың авторы ұмытылып, халық жырлары болып кеткен. Сондай ел есінде қалған жырдың бірі – Албан елінің Жарты руынан шыққан жорық жыршысы Сабдалының «Райымбегім, асылым» атты кесек дастаны. Бұл туралы көрнекті жазушы, зерттеуші Сейдәлім Тәнекеев «Бұл қиссаны ХХ ғасырдың бас кезінде Қытай жерінде өмір сүрген, аты сол өңірдің еліне танымал Сабдалы жыраудың ұрпақтары жазып алып, қолжазбаны біреуден біреу көшіріп алып таратыпты.
Сабдалы жырау жырлаған «Райымбек батырдың» нұсқасын көшіріп, біздің қолымызға ұстатқан Алматы облысы, Ұйғыр ауданында тұратын Дәнеш Ахметұлы» («Райымбек», «Елорда» баспасы, Астана, 2005 жыл, 12-бет), - деп қысқалай түсінік жазыпты.
Енді бірі – мен 2009 жылы тамыз айының соңында арғы беттегі Текес ауданы, Шиліөзек ауылының тұрғыны, Айт руының Сады тармағынан тараған көрнекті жыршы Бекдайыр Сыдықұлының аузынан жазып алған «Райымбек батыр» атты қисса. Жыршы ақсақал сол кезде 83 жасқа келген екен. Бұл қиссаның авторы уақыт өте келе ұмыт болып, халық мұрасына айналып кеткен.
Қытай қазақтарынан шыққан қаламгерлер Райымбек батырды тану жайлы тың ізденістер жасады. Мысалы, Нұрболат Әбдіқадырдың «Райымбек батырдың өлең шығарғаны жайлы» («Іле газеті», 9 сәуір, 2003 жыл), Мұратәлі Мәшірепұлының «Райымбек бабаның хакімдігі-әулиелігі» («Іле газеті», 10 қазан, 2006 жыл), «Райымбек баба рухына тағзым» («Іле айдыны» журналы, 2008 жыл, 2-сан), «Райымбек батыр» («Ұлттар баспасы», жинақ, маусым, 2000 жыл), Жұмәділ Маманның «Ер бабаның ерен тойы» («Шұғыла» журналы, 2014 жыл, 10-сан), т.б. зерттеулер жарияланып, Райымбек батырды танудың әр қырынан бой көрсетті.
Жоғарыдағы қаламгер саптастарым қатарында менде «Райымбек туралы аз аял» («Іле жастары» журналы, 1994 жыл, 4-сан), «Қангелді және Райымбек» («Іле кеші» газеті, 23 қазан, 1996 жыл), «Райымбек батыр» («Тарландар» журналы, 2007 жыл, 4-сан), «Таңба мен ұран» («Тарландар» журналы, 2009 жыл, 3-сан), «Текестен табылған «Райымбек батыр» қиссасы» («Іле газеті», 7 шілде, 2012 жыл), «Іледе Райымбек батырдың ұрпақтары бар ма?» («Тарландар» журналы, 2013 жыл, 1-сан), «Райымбек батыр» атты қиссаны кім жазған?» («Іле кеші» газеті, 25 наурыз, 2013 жыл), «Өлеңмен орнатылған алтын ескерткіш» («Іле жастары» журналы, 2015 жыл, 8-сан) сияқты зерттеу мақалалар жаздым. Мұнан сырт менің «Ататек жалғаған – Алтын шынжыр» (2010 жыл, Қытай), «Ғасырлар суыртпағы» (2013 жыл, Қытай), «Мұқағали керуені» («Ұлттар баспасы», Бейжің, маусым, 2016 жыл) атты кітаптарымда батыр баба жайлы көптеген құнды зерттеу мақалалар енгізілген.
Жинақтап айтқанда, Райымбек Түкеұлы Қангелді немересі – атақ-даңқы алты Алашқа кеткен әулие, көріпкел, батыр атанған қазақ тарихындағы қайталанбас заңғар тұлға.
Нұрлан Сәрсенбаев,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
жазушы, этнограф
Abai.kz

«— Уа, ханым, төресің, Ер-тоқымға төнесің. Дүние көріп тұрмысың, Алтындаған шегесін! Жала жауып тұрсың-ау, Жаладан түбі өлесің. Айтқаныма сенесің, Айтқаныма сенбесең, Абыройыңды төгесің! «Бала» деп мені басынба, Батырлығымды көресің. Арғы атамды сұрасаң: Өтірік айтпас өр Албан, Өр Албаннан — ер Алжан, Алжанның аты — дүр Мәмбет. Мәмбеттен туған Сырымбет, Сырымбеттен — Қангелді. Қангелді бабам туғанда, Уысында қан келді. Айналайын қазағым, Қалмақ шауып, бақ ауып, Судан аққан қан көрді. Аққан қанды тыймаққа, Алаштың басын жимаққа, Абылайдай хан берді. Атам менің Қангелді, Қазақ үшін қан берді. Жаратқаным жар берді, Жеті бірдей ұл берді. Үлкені — батыр Тілеуке, Екіншісі — ер Түке, Үшіншісі — Мөңке екен, Төртіншісі — Дөңке екен, Бесіншісі — Тұрсын ер, Тұрсындай болып тусын ер. Тұрсыннан кейін Айбас-ты, Айбастан кейін Қойбас-ты. Жеті ұлы біріксе, Жер қуырмай қоймас-ты. Ер Түкеден мен тудым Ер болуға бел будым.
Уа, алдияр, төресің, Ер-тоқымға төнесің. Дүние көріп тұрмысың, Алтындаған шегесін! Жалған айтты демесін, Өңшең жасық бұл тобыр Хан айтқан соң не десін? Айналайын Хан - бабам Немересіне арнаған. Астымдағы құнан кер, Құнан керде құранды ер. Әубәкір ұста жасаған, Менің ғана бәсірем, Шыныменен хан болсаң,