Жанат Ахмади. Дүрбелең (жалғасы)
Үшінші тарау
1
Керімбек ауылы биыл төр жайлауға көше алмай, баяғы қоныстарында отырып қалды.
Сәске мезгілінде Керімбек өзінің інісі Ахмади екеуі ауылдың бас жағында қарағай түбіндегі қалың көк майсалы кішкене тақия төбешіктің басында оңаша жолығып, екеуара сөйлесіп отыр еді. Бұлар үйге Тайлақбай бастап кеп түскен бір топ үлкендерді көрсе де, орындарынан тапжылмай бөгеліп отыр. Анадағы Мұхабай айтқан қыз осы Ахмади үйінің тұңғышы болатын. Әйел үстіне айттыруға сұратқан қыз он сегіз жасқа биыл толған. Мұхабай мойнына салмақ қып артқан сол сырды Керімбек - інісі Ахмадиге осыдан үш күн бұрын білдірген. Әуелі құлақ қағыс етіп айтқан-ды. Ахмади бұл шаруаны өз ішінен лайықсыздау көрген. Бұрын Керімбектей аға бетіне қарсы келмеген жайы бар-ды. Әнкежанның бәйбішесінен туған бес ұлдың ең үлкені - Керімбек болғанда кенжесі - Ахмади. Сондықтан ол жолы, жасы үлкен аға алдынан үнсіз кетіп, үйімен барып ақылдасуға еріксізденген. Бірақ бұл іс қыз әкесін аяусыз сенделтіп, көңіліне мұздай тиген соққы болып еді... Бұл әңгімені ең әуелі қыздың шешесі естіген жерде от басқандай ыршып түскен.
Үшінші тарау
1
Керімбек ауылы биыл төр жайлауға көше алмай, баяғы қоныстарында отырып қалды.
Сәске мезгілінде Керімбек өзінің інісі Ахмади екеуі ауылдың бас жағында қарағай түбіндегі қалың көк майсалы кішкене тақия төбешіктің басында оңаша жолығып, екеуара сөйлесіп отыр еді. Бұлар үйге Тайлақбай бастап кеп түскен бір топ үлкендерді көрсе де, орындарынан тапжылмай бөгеліп отыр. Анадағы Мұхабай айтқан қыз осы Ахмади үйінің тұңғышы болатын. Әйел үстіне айттыруға сұратқан қыз он сегіз жасқа биыл толған. Мұхабай мойнына салмақ қып артқан сол сырды Керімбек - інісі Ахмадиге осыдан үш күн бұрын білдірген. Әуелі құлақ қағыс етіп айтқан-ды. Ахмади бұл шаруаны өз ішінен лайықсыздау көрген. Бұрын Керімбектей аға бетіне қарсы келмеген жайы бар-ды. Әнкежанның бәйбішесінен туған бес ұлдың ең үлкені - Керімбек болғанда кенжесі - Ахмади. Сондықтан ол жолы, жасы үлкен аға алдынан үнсіз кетіп, үйімен барып ақылдасуға еріксізденген. Бірақ бұл іс қыз әкесін аяусыз сенделтіп, көңіліне мұздай тиген соққы болып еді... Бұл әңгімені ең әуелі қыздың шешесі естіген жерде от басқандай ыршып түскен.
Ерінің бетіне қарап әлі күнге бір ауыз қарсылық сөз айтып көрмеген, от басының ұйытқысы болған бейнетшең әйел Керімбектей жолы үлкен, жақсы қайнағаның алдынан да қия басып өтпеген. Қайта, сыртынан сүйінішпен қадірлеп, жақындығын әрдайым шын кішілікпен мақтаныш тұтып, өз ішінен оны тірек көре сүйеніп жүретін келіні. Мына сөзді естігенде ол өзінің сондай жазықсыз басымен шыр-шыр қағып:
- Құдай маған зарла деген екен ғой! Жақсы боп жүріп бір күнде бір-ақ жыла, сорла деген екен ғой! Алақанға салып әлпештеп өсіріп келіп, енді жалғыз күнде қақ басқа таяқпен ұрғандай біреуге әйел үстіне бар деп айтуға, бұ қу тілінгір бет қайтып шыдайды! Қу ауыз қайтып кәнә барады! Күлкіңнен бір күнде бір-ақ айырыл, қура деп пе еді маған, жаратқан! - деп безектеген.
Соны естігелі алдымен қызға айтудан бұрын ана байқұс, тіпті өз басымен әлек болғандай күйде қалған. Әйел атанып, балаға шеше болған аналық өміріндегі ең қиын тұйыққа қамаған уайымын шеккен. Бұған сүйеніш, ақылдас болып өскен тұңғыш перзенті. Сол қыздың өзі бұл мезетте шешесіне не болғанын біле алмай шұғыл таңырқай бастап еді. Кенет өзгеріп, өз-өзінен күрт түсіп, дамыл алмай күрсіне жылайтын күйге ұшыраған шешесінен бұл сырды қыз өзі де неше қайта сұрап айтқыза алмап еді. Сондай кездің бірінде қыз тағы қадалып:
- Осынша саған не болды, байқұс-ау? Айтсаңшы, тегі! - дегенде де:
- Сорлы, несін сұрайсың, сорлы! - деп қана қойған. Ақыры, кеше үшінші күнге жеткенде, ымырт мезгілінде, оңаша үйде отырып, анасы сол Ақтөре деген қызға бар жайды шарасыздық сабырға жеңдіріп, амалсыз ашқан болатын. Шешесі енді өз ерінің де хал-жағдайын лажсыз ескеріп, қызына оқиғаның арғы түпкі мәнжайынан жағалата ұғындырып сөзін бастаған. Бірақ қыз алғаш естіген жерде қатты үркіп қарап қалды да, сонан ары бастан-аяқ түсі қаша, сілейіп тыңдап, қылп етпей қуарып отырып қалған. Бұл сәтте ол өзін ата-ана емес, бейне ертегілердегі бір жыландар асырап, бағып келгендей аса жатбауыр, ұғымсыз күйде қалған-ды...
Қоңыр көлеңкелі бейуа қойнында ақ жүзі у жұтқандай оңып, мынау сөздің сұрқынан бар жан-тәнімен шошынғандай үрке түңіліп кеткен. Тегінде, бұл өзі әке-шеше қабағын қаршадай жас күнінен қалт еткізбей бағып, танып сол ата-ана көңілін кішкентайынан аңғарып, аялап өскен бала еді. Әсіресе, шек-перделі әке шырайын өзінің балалық таза, талдай қалпымен ұғып, сезіп ержеткен. Туған ұясында ата-анаға байланысты әр нәрсені өз ішімен өсіре, көркейте ойлап, гүлдендіріп отыратын анық қимас перзенттері болатын. Туылыстағы сезімтал мінезімен ұстамды, ата-ана алдында сөзге үйір болмай, үндемей өсіп келе жатқан.
Ол шешесінен жаңағы сөзді, өте оқыс көрінген хабарды естігенде, бастағы отырған қалпынан өзге қимыл, не басқадай оғаш құбылыс көрсеткен жоқ. Көзге жас келтіріп жыламады да. Тек бір есті қайратпен түсі ақшыл тарта, қуарып, тастай қатып отырып келіп, шеше сөзі аяқтап тоқтаған жерде ғана бейне түс көргендей, қалың, ұзын кірпіктері тізіле қадалып:
- Осы рас па! Мені, шынымен-ақ, біреудің әйелі үстіне бұйыра ала ма екен? Мен онан да әбиір-бағам барында, осы уақытқа дейін жақсы өліммен неге өлмедім! Бәсе, бәсе!.. Құрығыр жүрек... өзі де сезуші еді! - деп іштегі сор назасын осындай ғана бар дүние бір басына құлап түскен қасіретті сөзбен шығара, түсі өзгеріп бара жатты. Түс-елестей бір қиял жарысып, қатып отырып қалды. Бұл тұста өңі көкшіл-сұрғылт тартқан. «Апыр-ай, бұны естігенше өліп-ақ қалсамшы! Көңілімді өз қалпында бұзбай алып кеткен болсамшы! Өзінің бұрынғы қымбат, қасиетті күйімен әкеткен болсамшы, ғаріп басым! Ой, тәуба-ай өмірдің өзі осындай, бір тиынға тұрмас, соншалық нәрсіз нәрсе ме еді? Осыншалық құнсыз, опасыз ба еді! Жүрегімді суық темірдей қарып кетті-ау! Бұзылды-ау, қайран жүрек! Енді қайта осыларды ата-ана деп жақсы көре аламын ба, жоқ па?! Әй, білмеймін, түңіліп тындым-ау деймін! Қия алмай отырып түңілем, бейбақ басым! Бар бойым түршігіп үрей боп кетті ғой! Өзегіме өз қолыммен құрт түсірдіңдер... Сол жеп тынбай, әй, қоймас-ау!» - деген суық қайғылы ойды ойлай, буылып келіп, енді талықсығандай кенет қыстыға егіліп, бүйірінен солқылдап шешесіне қарай құлай берген...
Ахмадидің Керімбектей аға алдында мына кеп отырысы осындай күйден соңғы хал болатын. Соның баршасын естіп, ұғып, әрі оны уайымды көңілмен түсініп, біліп келген келіс Керімбек тегінде бұл інісінің қабағымен көбірек санасушы еді.
Ахмади болса көп сөйлемейтін мінезі ауыр адам. Бар нәрсеге сыртымен үнсіз көнгендей болып жүргенінде, ар жағында талай қабат ойы, сыры жататын жеке жан сияқты кісі еді. Барды ішке сақтап, ұзақ үнсіз әкете беретін.
Осындай екі әкенің қасына жаяу аяңдап Мақсұт келгенде, шағын денелі, салқын отты сары қоңыр көзі болжамды қабақ астынан ойға батып, Ахмади қалпағын еңкейтіп киіп, төмен қарап отыр екен.
Араларына бір-екі адымдай жер салып отырған бойларында:
- ...Қыз сендердікі екен-ау, ә! Соның уайымын сендерден мен кем тартады екем-ау, білулерің ше? - деп кейіген үнмен Керімбек сөйлеп отыр: - Сендерге батып өзгеге тап сондай жан ауыртып батпайтындықтан келіп, айтып отыр демексіңдер ғой. Өз көңілімше мені бұның ешқайсысы шетке қағып, бөле алмас деп айдаладан тояттап жүрсем, сондағы әке-бала сен екеуің болған екенсің ғой! Сенің қамың деп, сенің күнің деп мен жүрмін! Заман қай заман!.. Жау қолында жылап кеткен ана Гүлназым кім сендерге! Ол тұрмақ өз басымыз құрбан боп кетпесіне көзің жетті ме? Кеше туған бір шарана қыз үшін күңіренем деп, жалғыз ауыз сөзімізге зар боларсыңдар, әлі! - деп келгенде інісінің амалсыз екі ойлы болып қалғаны байқалды. Керімбек сөйлей түсті: - Соның бәрін ұғындырып, қатын-бала дегенге айта түседі екен десе, бір жағымызға сүйеу болғанның орнына алдымен өздерің морып күйрейсің... Ол адамды әйелі бар демесін. Тыржық қызға мыржық күйеу толып жатыр. Адамның да адамы бар. Онымен бір күнгі сұхбатың зат танымас жаманмен өткізген мың күнгі бықсық күніңнен артық. «Жаманның жанында жатқанша, жақсының аяғында жат», - деп неге айтқан?
Таңдай сүті кеппеген бала-шаға деген өз басынан артылып, кімнің жай-жағдайын шешіп ойлап білуші еді? Ненің қадірі мен қымбатына жетеді? Олай емес, бар-бар нәрсе амалдасаң, лаждасаң сонда болады. Бала мен қатынның шәйнам-шәйнам ақылына салып қайда бармақсың? Бір баланың көңіліне қарайын десең, қыруар ісің қараң қалғалы тұр. Ертең осы отырған балаларымның да басы «Қалса қазы, өлсе шейіт» деп көнем! Елдіктен ажырағаннан гөрі боздақтан ажыра! Соғысқа бала берем де, бірі өлсе бірі қалады деп көнем. «Жібек киген бөз кимей басылмайды» деген. Қимасыңа да, қымбатыңа да қарай алмайсың. Аспан биік, жер дүлей, зарыңды кім ұғады! Балақтағы уайымға мына күнімдегі мені сатпа! Еркіңе би болып, «ата» орныңмен тіліңді алғыз! Сен аясаң, сені әкем еді деп ол да аясын! Бізді аясын! - дей келіп Керімбек сөзді бітірді. Әкесінің өзі де қайысып отырып сөйлегенін Мақсұт бастан-аяқ байқады. Бірақ айтар сөз қалдырмады. Ағайын ортасының оңайлықпен шешіле қоймас осындай ауыр сөзіне інісінің буынын бекіте түсу үшін сылтау айтар орын қоймай сөйлеген.
Мақсұт әкесі қозғаған қисынды қанша жөн көрсе де, Ақтөренің басын бұл қолқаға өз ішінен қия алмады. Әкелердің ғана емес, мұның да жанына анық бататын әңгіме шығып отыр. Ақтөре Мақсұттың бар ауылдағы қарындастарының ішінде ең бір жақсы көретін туысы. Оны біреуге әйел үстіне беріледі деген сөз өзгеден бұрын, шынтуайттап келсе, Мақсұтқа батар еді.
Ол Ақтөренің мінезділігімен қоса, әсіресе, өңділігі үшін жазықты боп, әлде кімге қатын үстіне кете баруына әсте, қия алмас бауыры болатын. Үш ұйықтаса ойында жоқ нәрсесі! Ақтөре жайлы елге аңыз болып тараған, оның даңқын дәлелдерлік бір әңгіме бар-ды. Ақтөреге сыртынан ынтық, аты Қызайға мәлім жас сері Абат төренің «Ғашық-нама» деген ұзақ ғазал-жырында:
«Бас білмей арандаттың жау-несібем,
Бір қыздың өлер болдым әуресімен!..
Мерт болмай Ақтөреден неге айырылам,
Ұшқан құс кете алмайтын сәулесінен», -
дейтін Ақтөре осы. Жалпақ елге сол тарап жеткен. Кейде әлгі жырды жастар жағында әсіресе қыз сүйіп, ғашық болушылар қауесет, әңгіме етіп, әнге қосып та айтатын әдет бар-тұғын. Тегін де, жас күнінде жеңгелері «Ақтөре» атандырған Жидегүл қыздың ауызға ілінер өңді екені маңайдағы елге тараған.
Мақсұт бұл әңгімені әнегүні Құлжада естімегеніне өкінді. Қазіргі ойында Ақтөрені тоқалдыққа сұратып отырған сол Мұхабай көзіне көрінсе, одан зор өтінішпен тілер еді. Саналы жігіттен тіпті адамның басына «жәрдем» деп-ақ, жалынышты тілекпен өтінер еді. Ал бұл арада ендігі сөз беті шешілмеуге айналыпты. Өз басы даулы Мақсұт бұл жөнінде әкеге бір ауыз ешнәрсе айта алмақ емес... Және «құрастырып айтса кұлдыкі жөн, біріктіріп айтса бидікі жөн» болып отыр. Қыз да, қыздың анасы да, Керімбек те, оның інісі - Ахмади де, ана жақта Мұхабай да, әрқайсысы өзді-өзіне тән сырларын ағытады. Әрі осылардың қай-қайсысы болмасын, бірінен бірінің айтқаны ұтымды, үстем шығады. Бітімсіз. Ахмади аз отырды да:
- Айтылмай жатқан сөз жоқ. Бәрін де білді. Бірақ, «Аталы бала бір-бір патша» деген осы екен. Зарын тыңдасаң, оның да көңілі бір патша. Арзан жағына өзін қиып, айырбас еткісіз азар басы бар екен, дей отырып: - Барсын! Барсын! Наза-шері болса бәрімізге тең болсын да, кете барсын! Жалғыз-ақ, бауыр еттей туған әке, қу әке мен тұрғанда, іші-бауыры кімге қараюшы еді? - дегенінде көзінің бір-екі тамшы жасы үзіліп жерге түсті.
Бұлар осы бойда бағана кісілер түскен шеткі конақ үйге келіп кірген-ді. Қонақтар әр жайдан әңгіме қозғап азырақ отырған соң, Қарымсақтан Аусынақын жайы сұралғанда, ол қойын қалтасынан қағаз алып, Керімбекке берді, Былтыр «Қыз бейіті» кезеңінен асып барып қайтқан Белектей жайлауындағы Таймас руының «Саппас-Аусынақын» атанған адамына Қарымсақ биыл міне, және бір барып келген-ді. Керімбекпен тіл байланысы бар Аусынақын былтырдан бері Алтайға қатынасып жүрген... Салт атқа айшылық жол келетін «ат жетпес» дейтін алысқа қасына жолдас ертпей, тек қосар атын ғана алып, ел көзінен ұрланып, жеке өзі жөнейтін Аусынақын Бәйтік тауындағы Оспанға қатынасушы еді. Үкіметтің езгісіне қарсы Сары-Керей ішіндегі жауынгер Шақабай руын бастап, Бәйтік тауында көп жылдан бері бекініп жатып соғысушы, атшыулы Оспан батыр бар. Ертеден гоминдаң әскеріне алдырмай соғысып келе жатқан ру.
Мына жақта Әкбар-Сейіт соған құлақтас болып, енді соларға да ат салып, қатынасар мықты адам ізделгенде, өзі батыр, жортуылшы Аусынақынды Керімбек тапқан. Бұл жолы Керімбек Аусынақынға әнеугүні Лүріп-лама үйінде болған жасырын әрекеттен хабар тигізген-ді. Соған арнап Аусынақын жазған хат сөзі қысқа: «Ниеттерің айдың күні аман, және қабыл болсын! Ал өзім арғысынан қайттым... Сендердің ендігі бұл хабарыңды өзіңіз айтқандай, жан ұяда болса күздің қоңыр салқынын төске ала, «бергіні» баса етіп, екеуіне де жеткзермін» депті.
Тайлақбай үні ажарланып:
- Бергісі - Шәуешек, арғысы - Алтай ғой! Апыр-ау, тау жебелеген көк-сүмең берің тақ мұндай болмас!
Сүмеңдеп жортқан көкшуланның сөлкегі десеңші! - дегенде, өзгелерде:
- Жеткені-ақ қой, жер кезіп!
- Жер шаршысын қуырған демейсің бе, мүттем! - десті.
Осыдан бір жарым ай бұрын мамырды аяқтата Әкбар-Сейіттің биылғы хабарынан Оспан дыбыссыз жатпасын деп, Асуынақын Алтайға жөнелтілген-ді. Содан айналып жеткен екен. Енді аз тынығып, күз басынан тағы жортатын болса, сонда жаздың алты айын үрдіс ат үстінде сенделісте өткізген болады. Қос аттың кезек-кезек қанды-бұрауын шығарып, жер шарлағанда бір талмайтын анық сары тоқым жортпаш деп осыны айтса болатын. Және сондай жүрісін өз руынан не ауылынан бірде-бір жан сезбейді. Ел ішінде жоқ екенін аңдағанмен қайда кетіп, қайда тұрғанын тіпті өз қатын-баласынан бастап сезуші, білуші болмаушы еді. Ендігі сөз осы жайдан біраз өрбіп басылғанда Тайлақбай бұл отырғандарға бір ақыл айтты.
Таймас Шеруге шендес жатқанмен бұл екі ру арасы осы уақытқа шейін көп аралас болмаған. Сондықтан қиын-қыстау, ер сынарлық күн туса, бұрыннан білістіктері жоқтығын жасауға кәдік. Қауіпті іс үшін бірден ұрынбақ оңай емес. Сөз қашса, енді Шерудің түбіне сол жетеді. Тайлақбайдың соны қолайлап айтқан ақылы:
- Аспан ашық, жер жарықта, осы бастан Таймастың бір-екі жерімен құда болып қойыңдар... ұл бар, қыз бар, екшеп-екшеп тездетіп құда түсіңдер! - деу болды. Бұл Тайлақбайдан Керімбек маңындағы жақын-жуықтың үнсіз қабылдайтын сөзі.
Мұнан бұрын Шерудің осы отырған тобы батыста Қорғас бойын және Қалжатты мекендеп, жазда Әтікей шоқысы мен Кемпір жайлауын жайлайтын Албан, Суанмен ат салысып, ұштасып жүрген. Шеру үшін оншақты болыс Албан мен Суанның өзгеден гөрі оңтайлау жері бар. Шеру іші ол екі румен ерте күннен «бұттан бұт, қолдан қол өтіп», «қалың» алысып, қыз беріскен, аралас, құда-тамыр, жекжат елдер. Ағайынды Әміре, Дәуіт, Сүлеймен деген Суанның ұйтқы кісілері Керімбек ауылының өзімен құда. Албаннан: Болатбай ауылы дейтін ауыл ескі сар-сүйек, жекжат.
Осындай әңгімелер тұсында бұл үйдегі қонақтардың үстіне қасында атқосшысы бар Молтан қажы келіп түскен-ді. Ол Керімбектердің Гүлназымды алып қайта алмай оралғанын естіп, соған келіп отыр. Аз уақытта Молтан сөз сарынын солай ауыстырды. Тақымындағы жастықты сіңірі көрінген кәрі қолымен қалтылдап тиянақтай түсіп:
- О, мен бір жұмбақ айтайын, жарандар:
«Екі қасқыр қой жейді-ау, қан шығармай,
Қуып салар малшы мен жалшы қалмай.
Шырылдап арадағы, даулы сорлы, -
Екі дәу дау-даулайды мал шығармай»
- Бұ не? Осыны табыңдаршы! - деді. Тайлақбай алғашында тоқсандағы қарттың бұл мінезін қызық көргендей ожырая бұрылып аңтарылып қалды да, артынша қалтыраған шалдың мына нұсқасын әзілге айналдырды. Құлағы ауырлау Молтанның өзіне естіртпей:
- Мына кәрің баяғыдағы әлгі «Ай мыжырағына» қайта басқалы отыр ма? - деп отырғандарды тегіс ду күлдірді.
Молтанның Тайлақбай қозғаған сөзге байланысты бір ісіне Шеру іші түгел күлуші еді. Жасында сауықшыл болған Молтекең ертелеу күнде өлең-тойда қыз-келіншекпен айтысса «Ай мыжырық-ай, ай мыжырық» деген елден ерекше, оғаш бір қайырмасы бар әуенге салады екен. Сонда оның өкшесін басқан Тайлақбай сияқты кісілер бұған талай айтып:
- Осы қиямпұрысыңнан өзге сөз таппай қалдың ба, қойсаңшы! - деп Молтанға әлгі ән қайырмасын қойғыза алмайды екен. Қазір Тайлақбай сол мінезін ойнақы сөзбен еске салғанда, мынау тәсбі тартып мінәжтта отырған мүләйім шал бұл үйде кімнің де болса күлкісімен ойынын шақырардай болатын. Үй іші әр нәрсе айта дуылдап біраз күліп өткенде, Молтан әр кімнің бетіне бір үңіліп, жалтақтаған. Жұрт енді Молтанның жаңағы айтқан сөзінің мағынасын ойлап, іштерінен шешкендей қарияға қарап, аңырайысып қалғанда, қарт өзі қайта сөйледі. Қалт-қалт етіп, Керімбектен бастап ұрысқандай тіл қата:
- Бір қойдың қанын ағызбай-тамызбай жеп кететін екі қасқырың - бұрын жан алғыш әзірейлі мен сұрапыл делінетін. Қуып салған малшы-жалшың - өлікті суыт апарып көрге тығып қайтатын ел болатұғын. Мал шығармай дау даулайтын екі дәу - «Мүңкір-Нәңкір» дейтін. Бүгінгі екі қасқыр - ана Ма шяньгон, Мамозыларың! Арт жағынан қуып салып, тыпа-тыныш қайтып кеп отырған малшы-жалшы осы мына сендерсің! Мал шығармай егеспенен дау даулаймын дейтін екі дәу - Абдолла мен Керімбегің! Екі ортада әнебір сорлы қызымның бір күнін мың еттіңдер ғой, түге! Үкімет деген тілеуің бергір, пәре жейді дегені қайда осы? Құрғақ даумен даукестіктеріңді салғастырып болғанша, ұрпағы отқа күйіп, кешегі ер аруағы күңіреніп болмады ма! Рухын жерге таптатпай, жау қолында жатқан нәсілін бүкіл Шеру жиылып, мал төксең де босатсаңдар болмай ма! Жоқ, азбысың?! - деп, отырғандарға жағалай қарап шықты.
Тайлақбай Молтанды «Әнкежанмен құрбы еді, қимайды-ау», - деп отырды. Молтан сөз соңын баяулатып:
- Әкеле алмай келіпті, түге, дегенді естігенде, жамбасыма жер батып жата алмадым! Өзгеңе керек болмаса маған керек! Құдай-аруақ алдына қайтып барам! Соған арнап келген бір қысырақ үйір жылқы бар. Әлімсақтан бергі «Абыл-Қабылдың» кәпір-мұсылман болып тараған екі баласы бергеніңді алмай тастаған жері жоқ. Тесік жер болса тобымен айдап өткізіп, баланы құтқарып әкеліңдер! Тыныш ұйықтайын! - деді.
Молтанның бұл айтып отырған жылқысы ауылында емес, өзімен бірге қудырып қасындағы жас жолдасына айдатып әкелген. Дөнежін биеден салынған, ірікті он бес торылы тоқпақ жал торы сәуірік үйірін желіге жақындатпай айғырмен айғыр таласады деп, бір белдің астына тастап келген-ді. Шерудің ең жылқылы байы Молтан Керімбектің артық дәулет иесі еместігін осындайда еске алып, ағайынының қапалы күніне жарау үшін келген.
Ма шяньгон өзіне ана жолы Құлжадан екі бірдей байланыс, «алаха» қағаз келген болса да, Гүлназым тағдырын шешпеген. Керімбекке дәл өз қызы Гүлназым қолымен жазылған «ырзалық» қағазын да Ма шяньгон заңды дәлел - «пәй-пәй зы»* ғып, өз қолына ұстатып, көлденең тартып көрсетіп отыр. Қолхаттағы үш-төрт ауыз сөзі: «Күре полиция мекемесінің сұрақшысы - Юнцы-фанға өз ризалығыммен ерге шықтым» дейді. Қол қойып, үстінен жіңішке өз саусағын да басқан. Көк сиялы жазудың бір жерін бүлдіріңкіреп шашырай тамып кеткен бір-екі тамшы су ізі бар... Бұнымен қоса Керімбек енді бүкіл үйездік үкіметінің үстінен жалған арыз көтеріп, аймақтық орындарға қаралап барушы болғаны анық еді. Оның аты: «арызқой-бүлікші» болады.
1 Пәй-пәй зы - документ қағаз.
Лүріп-ламаның үйінде бас қосқаннан кейін Керімбек Фуже, Мұхабайлармен ақылдасқанда, Мұхабай бұл жұмысты енді Құлжадағы гүберниялық штаб арқылы қозғап көруді айтқан. Керімбек Мұхабаймен болған сол келісім бойынша. Мақсұттарды елге жеткен соң, Құлжаға қайта жіберетін болып аттанған-ды.
3
Күн түс ауа бұл үйге тағы бір үш кісі келіп түсті. Киім үлгілерімен ер тұрмандары Қызай, Шеруден басқа адамдар еді.
Қызайдың жазда киетін бас киімі маржандап шашақ таққан түбіттен басқан ақ қалпақ болса, бұлар тықырлау қара елтірі, қоңыр елтіріден жеңіл шошақ тұмақтар киген кісілер. Және бұл маңайдан үлгі-санаты басқа, аттарында «Қоқан ерлер» шекшиеді. Бұлар Шеруге көшіп келген Матай адамдары еді. Бастап жүрген - төрдегі мынау, қиықша біткен, ақ-қызыл жүзді, бас бітісі ірі, тарбақ мұрынды, салқын түсті Қапалбай. Аумақты үлкен сақалы кесек жүзіне салауат береді.
Керімбек сонада алғаш өз еліне шақырғанда Қапалбай оның жақсы лебізіне бірден ентелеп құламаған. Кісіге онша іш бермей, тоқталып отыратын адам көрінді. Матайды сыйғызып алғысы келмеген Қызайдың Таймас, Торғай руларына деген айдай анық өкпесін де Керімбекке айтқысы келмеген. Ата - жөн білер, жол білер адамының болмағаны үшін жабық өкпемен түйіліп қалғаны аңдалған. Тіпті өзі бейіл берген Керімбекке жалпылдауды да алғашында намыс, ар санағандай өз басына сын көрген.
Керімбек Қапалбайдың талай жыл бойы қоныстана алмай, қатарға іліне алмай келе жатса да өзгеге ірге бермейтін, өрелі адам екенін ұққанда, ішінен сол мінезіне анық сүйсініп еді. Өмір таразысына қанық, кеудесін бастырмайтын кісі екенін аңғарған. Соны ойлай келгенде, Керімбек Таймас, Торғай үшін Қапалбайдан іштей өзі ұялған болатын. Мұндағы ел атына намыс қып ұялған. Ол қазаққа елдік сын боларлық тұрғы еді. Матайлар Қалжат бойында, Албан ішінде отырғанда үкіметтің алым-салығын ауырлап: «Ел ауып, жер ауып жүрген жұртпыз, бізге салатын салықты өзге қазақтан гөрі азайтпаса, біз көтере алмаймыз» деймін деп, осы Қапалбай Күреде дүре жеген.
Қапалбайға сыйлы мейман деп Молтан мен Тайлақбайдың ортасынан орын берілген. Бұ келіп отырған үшеудің бәрі де келбетті кісілер еді. Бір-бірімен өң жағынан бәсеке таласқандай адамдар.
Керімбек ішінен: «Самалалы салқын белдің түлектері-ау, сондай жерде туып-өскен-ау» деп отырды. Алдыдағы сапырыла түсіп құйылған салқын қымызбен шөл басын аз отырғанда, Тайлақбай сөз бастады. Ішіне терең дем тарта келіп:
- Е-е, кәдір-дос, ағайын! Күдері ерің күйтік болған, күлік атың күдіс болған бір заман ғой бұл... Бір шөкім аралда сияқтысың. Айналаң анталаған абжылан ордасы. Жыланның үлкен-кішісі жоқ, бәрі шағады. Қазекең «жоғарыдан келген - Ақ сүгір, төменгіден келген - Қара сүгір, ойдан-қырдан басымызды қосқан құдайға шүкір» деген екен. Сол айтқандай, бәрімізді әкеліп қосқан құдайға шүкір! Ортамызға келіп қалған мейман екенсіңдер. Мейман күткен қазақтың баласымыз. Шамамыз келсе бар мәзір, құрметіміз сіздердікі, туысқан! Үй - үйге сыймағанмен, ел - елге сыяды. Алдымен берекең болса, дос есебі көңілде, кейінгісі өз аужайына жарай бола жатады ғой. Ат майы, атан қомы болса ауыса жүрер, аямаймыз. Дүниенің арзан-қымбатын шетте жүріп тарыққан біледі. Қапа кешіп, жапа шегіп зарыққан біледі. Ел мен жерін сағынған, көкірегі қарс айырылып, кеудесіне шер толған біледі. Қош кепсің, құшақ жайық, қойын ашық, алаш ұлы! - деді. Сұлу сөзге барлық жан ұйып қалды. Адам сөз құдіреті арқылы бір-бірімен теңелгендей. Қапалбайдың қасындағы екеу Керімбектің үйіне мұнан бұрын да бір келген адамдар. «Көшіп баратын болдық» деп Қапалбай анада Керімбекке осы екеуі арқылы сәлем жолдаған. Керімбек онда өзі ауылда жоқ-ты.
Қаніке бұл екеуін қондырып отырып, өзінің Қанапия деген баласына мал сойғызбақ болғанда, қазіргі мына Қарымсақтың жоғарғы жағында, Абдолдамен екі ортада отырған: қара сақал, аққұба кісі есіктен келтірілген асау қызыл кебеге бата жасамай:
- Бәйбіше, бейіліңізге ризамыз! Еркек жоқта біз үшін қысылып, әуре болмай-ақ қойыңыз, мал сойғанда қанын ішпеспіз, бізге анау керегінің басындағы еттен ассаңыз болады, - деп іркіліп тартынғанда, Қаніке:
- Жоқ, олай болмайды... Шын қонақ сіздер екенсіздер! Мейман жемеген қайырсыз мал адал өлсе бір қазан ет, арам өлсе бір тулақ емес пе. Оған қабақ бақпай-ақ, сыйымызға ортақ болыңыздар! - деп, бас жегізіп аттандырған.
Тайлақбайдан кейін Қапалбай да жөн білдіріп сөйлей отырды.
- Иә, «табысу - айырылысудың басы» депті. Есіңде табысқаның тұрмай, түбі бір айырылысатының тұрсын деп, тұңғиықты меңзейді. Адаммен адам бір-біріңнің бағаңды сонда ғана білесің демекші. Бізге соны өз жүрісіміз үйретті. «Қайда жүрсіз, естілер. Ығыр қылды, ессіздер» дегендей жерден ауған осы жүрісімізде ығыр қылғандардың да бәрі есте!..- деп шешіліңкіреп келеді.
Сөзге мұхит адам екені бірден байқалғандай. Айтарының аяғында осы отырған аңғарлы топқа базынасын шаққандай болып:
- Біз де дәл осы өздеріңіздей ел едік. Бүгін енді туған топырағымыздан тұмар тағардай боп жүрміз! Сырғалы қыз, сіргелі өгіз бізде де болған. Тұмарлы дүлдүл, тұлымды ұл бізде де болған. Көрген көз, ұстаған мына қол куә! - деп екі алақанын жайып көрсетіп: - Жүрек іштен жыласа, ақыл іштен жұбатады. Кім екеніңді кім білді! - деген.
Мақсұт Қапалбайдың алыстан шолғыштығына қызыққандай көз алмай біраз қарап отырып қалды. Одан Тайлақбайға, өз әкесіне де көз салып өтті... «Осы адамдар осындай бітіс, туыстарын қандай нәрсеге жұмсап жатыр», - деп шалғай бір ой ойлады. Осындай қабілеттерімен Гоминдаң өкіметі алдында адам санатына алынбайтындарын ойлап намысы тұтанды да, «қасық қаны қалғанша соғысып өлем демей не десін» деді ішінен.
Абдолла Қапалбайдан:
- Мейман! Арғы бетте жерлеріңіз немене деген жер? Қай жер болады? - деп сұрады.
- Біздің Матай Ақсу-Қапал деген жерде. Мынау тау өзі тұтасқан алыс қатпар, қалың тау, соның ту анау арғы астында, Жетісу төрінде боламыз...
- Матай тегі, қанша болыстай ел? - деді Керімбек.
- Біздің жердегісі сіздің Қызайыңның жарымындай ғана. Он екі болыс. Ал арғы Семей жағында тағы да ошарылып жатыр.
Өз білгісі келгендерін үш қонақтан Қарымсақ, Молтандар да әр жайдан кезек сұрасып, таудың арғы астында нендей қызық сыр барын білгілері келіп құлақ түре, жұмбақты жүзбен тақайырлап сұрасады. Үндемей тыңдаған тек Ахмади ғана болды. Сұрап білгендері ондағы қазақтың салт-тұрмысы, мұндағы елден айырмашылығы. Қайсысының қандай артық, жақсы дәстүрлері бары.
Бір сәтте Қапалбайларға сәлем бере, есіктен Көбек дейтін жігіт келіп кірді... Жасы отыздың мол ішіне келген, бір көзі шешектен кем болған, әрі бетінің қорасан дағы бар шұбар - Көбек бұ қонақтармен көрген жерден шұрқырасып амандасты. Бір-бірлерін көргеніне әуелгі сәттен-ақ өздері де таңғалысып екі жағы айрықша ұшырасты. Есік жақта бұлардың осы кездесуін әдейілеп келіп көрген Қаніке мен бір-екі кемпір үнсіз бастарын изесіп, таңырқасып тұр.
Төрде үлкендер жағы:
- Малды - үйірімен айдасын. Адамды - ұйымымен қинасын!..
- «Бірге өскенді қолдан көм» деген.
- Туғаныңда көрмеген өлгеніңде жыламайды, - десіп жатты.
Қазіргі кезде Керімбек аулының бір адамы болып кеткен Көбек осы Қапалбайлармен жерлес еді. Бұл мыналардан бұрынырақ жеке өтіп келген. Қапалбайлар қарап отырмай дәл осы жерде Көбектің бір өтірігін шығарып қойды. «Көміп кеттім деген өтірік соңынан қырық жыл қуады» деген осы екен-ау, деп Керімбек өз ішінен таңғалып отыр. Сол айтқандай, Көбектің көңілге тоқ санап жүрген бір өтірігі араға неше жылды сала өкше ізінен қуалай жеткендей. Қапалбай Көбектен:
- Баяғы өзіңмен әкеткен әйелің бе? Сол келін бе? Бала-шағалы болдың ба? - деп сұраған. Кебек бұл елге «үйленбеген, бойдақ жігітпін» деп келген-ді. Керімбек өз ауылына келген бұған жал-кұйрықсыз, жалғыздығын ескеріп, осы елден өзіне лайықтап қыз әперіп, бас қусыртып қойған.
Алғашында мынау отырған бұның өзі үшін дүниедегі ең сыйлы адамдар - Керімбек пен Тайлақбайдың алдында қатты қызарып, терлеп кеткен Көбек, енді бар шынын неде болса осы арада айтқысы келді.
Елінен жас әйелі екеуі емшектегі баласымен шығады екен. Қалың тауға жеткенде жолдан адасып, азықтары таусылады. Бір жерде әйелі жүруге жарамай қалады. Баласын бауырына қысып құлап жатып қалған келіншегімен Көбек уақытша қоштасып, маңайдан аңшы, құсшы, не болмаса, басқадай бір жүрген жан иесі, жолаушы кездесіп қалмас па екен деп сандалып, жылжып, олай-бұлай жүре береді. «Аш адам жатып өлмей, жүріп өледі» дегеннің өзі болады.
Бірақ, көп ұзамай енді әйеліне қайта жетуге бұның өзінің де халы болмай, қалжырап құлайды. Биік бір зәулім жартас түбінде сүйеніп отырып қалады. Енді көңілінде «қашан өлем», «қайтып өлем» деген келте сұрақтан өзге еш үміт те қалмайды.
«Сондайдағы жалғыз зар, иә Алла, енді осымен шын алғаның ба?! - деу ғана болып, әлің келсе кемсеңдеп жылай береді екенсің», деп Көбек әңгімесін дәмдендіріп қояды. Арада қанша мезгіл өткенін шамалай алмапты. Бір кезде мұның есін шығара төбе жағынан дәл қасына бір нәрсе гүрс ете құлап түседі. Қапелімде үрейі қалмай жалғыз көзбен бажайлап қарап жіберсе, биіктен сонша ауыр салмақпен кеп дәл алдына құлап түскен аң екен!.. Мүйізі арбайып тыпырлап жатады... Таңы аппақ сұр-бөрте құлжаны көргенде өз көзіне өзі сенер-сенбес болады. Нанар-нанбасын білмегендей, есі шығады.
Көбек үстіңгі жаққа көз салып қарайын дегенше, тік, биік жартастың есіліп түскен жырқайымен арсалақтап, құйрығын бұлғай төрттағандап түсіп келе жатқан қасқырды көреді... Орнынан қалай ұшып тұрғанын аңғармаған бойда «а-айт» деп қалады. Бөрі қайта тайқып өрге салады. Көбек жаңқалтадан бәкісін суырып алып, әлі тірі жатқан құлжаны тақыр шаптан осып жібереді. Жеңді ысырып тастап, сыбанған қолды ақтарылған ып-ыстық, іші-қарынға сүңгітіп, әне-міне дегенше «бырт» еткізіп буы шыққан бауырды суырып алады. Қанжылым қара бауырды қарбытып асап, қылғи бастайды. Қанды бауырдың жарымын оп-оңай тауысып, аузы-басы боялып, аз отырғанда көзі шырадай жанып, аужал ала бастапты. Құлжаның арбайған мүйізіне көз тоқтатуға осы кезде ғана шамасы келеді.
- Апыр-ай, енді аз болмаса, көк желкемді үзіп кете жаздапты-ау деп ойладым. «Ғайып-Еренім» бар-ау дейім, - деп Көбек сөзін әрлеп, үй ішін күлдіре түсті. Сондағы өз жайына өзі сенер-сенбес халге келіп отыр. Күні бүгінгідей танырқай, жағасын ұстайды.
- Сонан не керек, бауырдың қалғанын қолыма алып жылжып әйелге жетсем, баласы алдақашан өліп қолтығына тығылған бойы түсі көгеріп кетіпті де, өзі қылжиып жатқан екен. Бауырды сығып, аузына қанын тамыза-тамыза отырып тірілтіп алдым! - Көбек оны сол бойда аман алып келген кісідей желпініп қойды. Содан қарағай түбінің бір үңгірін тауып жаңағы құлжаны кескілеп сонда тасып алады. Бірер күн қозғалмай жатып әлденіп, екеуі тағы алға жылжиды. Мезгіл көкек айының орта шені болса да, бір биік таудың бері қарай құлап түсер бетін жұмыртқадай жылмитып, сіреуленген мұзарт қар алып жатады. Одан тек көзді жұмып сырғанап жөнелмесе, өзге амал жоқ, бұдырсыз қия болады. Әрі өзі алыс, терең. Жоңғар Алатауының биік жоны. Енді әйеліне:
«Ақыр алдыңғы бір өлімнен олжа ғып қалған сірі жанымыз екен. Алдымен тәуекел ғып сен кет, сырғана!» десе ол жылап көнбейді. Соңына тастайын десе жапандағы таудың қиян басында қатынының қалып қоятыны көңілінде анық болжанып тұрады.
- Оның әуенін әуектетіп отыратын заман жоқ, ендеше міне! деп өзіне байқатпай отырған жерінде еңіске қарай желкесінен итеріп кеп қалдым. Немене, зыр етіп айдап жөнелді. Тау тағаны мұндай алыс болар ма, көз ұшында торғайдай боп зымырап кетіп барады. Бір-екі тұста бүктеліп ортқып-ортқып та кеткендей болды пақыр! Бір кезде барар жеріне барып тоқтады-ау әйтеуір! Әй, бірақ жазған байқұс орнынан тұрмай қалды!.. Отқа пісіріп алған дорбадағы етті белге байлап, «сәт, Алла» деп өзім де жөнелдім. Әр-беріден соң, денеңді басың алып кетеді екен, бірдемеге қағылып еңіске бір қарап кетіп едім. Содан оңшалмадым. Жүрек су-сулап ұшып отырып, сай табанына бір-ақ жеттім. Өзім де оңбай сокқы жеп қалыппын. Әлгі сорлыдан жүз қадамдай аулақ түскен екенмін, қойны-қонышымның қарын қағып, қасына барсам денесі қимылсыз көзі алаңдап тоқтамай жатыр. Кеудесінен көтеріңкіреп, басын жерден алайын десем, бишараның мойны үзіліп кеткен екен. Тілге келе алмады. Басыма жалғыздық түсіп, қамығып кеттім. Жұлдыз шыға жан да тапсырды, рахматлік! Бала екеуінен бірдей ажырағанымда «оһо... һо...һо-о!» деп үнім боздап шығып кеткенін өзім де білмей қалдым. Жапандағы сонша жалғыздықтан бойыңды билеп тұра алмайды екенсің. Құдай неғып осынша сорға жаратып ең! деп, екі қолым жайыла құлап түсіп, қарға аунап жыладым. Оныңнан не шығады. Қарызы көп еді, ең болмаса көзін қарға-құзғын шұқымасын деп бетін қармен жасырдым да жылай-жылай жүріп кеттім, - деп келгенде әйелдер жағы Қанікеден тартып еріксіз көздерін сүрте бастаған. - Содан түнімен тынбай жылжып, бір тәуірі, етім бар, таңертеңінде Ақбайтал-Әгімнің тұсынан шыққан екенмін. Сол кезде енді шын өлер жердің анық өзіне жеткенмін. Үсіп-жаурап жалғандағы бар жалғыздық бір басыма түсіп келе жаттым. Адамның көзінің жасы оңайлықпен таусылмайды екен!... Құдай сол жасты көрмесін бе? Жолдағы арқарды берген ием неге өлтірсін... Дәл сол жерде Базанның әкесі, жаның жәннәттің төрінде болғырым, Сағат деген жарықтық кездесе кеткені! Жайшылықта өлген әкем тіріліп келсе ондай қуанбаспын. Танымайтын қазаққа анадайдан «ағатай-ай, өлдім ғой, ағатай» деп еңіреп жылап көрістім! Адам халы кеткенде өзіне-өзі ие бола алмай қалады екен. Сағат қария белбеуінің ұшымен сорасы ағып кеткен мұрнымды қайта-қайта сүрткілеп үстіме сары тонын жауып, бір тастың ығына, күншуаққа отырғызып қойды да, қарағайдың қу бұтағынан дүрілдетіп от жағып, жанымды кіргізіп алды ғой!» деп Көбек әңгімесін тәмамдай берді.
Сағат Шерудің белгілі жортуылшы, жау-жүрек адамы еді. Қыс күнінде өзіне серік мықты атпен құс ұшып, құлан жортпас Ақбайтал-Әгім жайлауларынан, Қиятас, Шұбырты сияқты қиын-асулардан әрлі-берлі жалғыз асып, Бұратала, Сайрамның өштескен қалмақтарынан қос-қосар жылқы алып келетін. Со жолы жалдас күрең айғырмен бері қайтқан сапарында иен тауда жалғыз жаяу Көбекке кезіккен. Көбекті анық өлімнен құтқарып, екі жетек атының біріне мінгізіп, Керімбекке әкеліп тапсырған-ды. Бірақ «жортуылшының басы жолда қалады» дегендей Шерудің сол Сағат деген кісісі ақыры бір жылы қыстыгүні Қиятас асуында қалып, сүйегі жазда бірақ табылған.
Заманнан бергі қоймадай сырын енді ғана ашқан Көбектің бұл әңгімесіне бар қонақ аса қызықтап, таңырқасып, таңдасып еді.
Отырғанның барлығын бір өзіне жамырата қаратқан хикаяны алғаш естушілер кейде амалсыз күлісе, құлшына тыңдап, оқиға аяқтап келгенде Қарымсақ:
- Е, қу Көбек! Сөйтіп жерді құртып келіп, монтаны болып отырған, көнектің түбін тескен Көбекпін десеңші! Бұл түріңде сен әлі біздің қызды да бір жерге құлата тастап қашарсың! - деп, үйдегі мынау үлкендерді еріксіз күлдірді. Көбек өз ісіне бұнсыз да ұялып отырған еді. Қарымсақ оны күйеусініп әлі де қажай түсіп:
- Апырай, өзінің тұтылған қуықтай берігін қарашы! Ертегідегі қара дәудің жанын қырық жыл сақтап беретін, мекен-жайын адам білмес сиқырлы зәндемінің өзі ғой мынау! - дегенде жұрт Көбекке көз тастасып тағы күліскен. Абдолла Тайлақбайға көзін қысып қойып, қыза сөйлеп:
- Не боса о босын, қыз алып көрмеп ем деп бір қызымызды иек қақтырмай түсіріпті-ау, мына су пері! Кекеңді сөйтіп жүріп-ақ, жерге бір отырғызуға жараған сұм мен десеңші! - деп жұртты тағы күлдіріп жатыр.
Тайлақбай бұл қалжыңдармен ісі болмай, төменгі жақта жүгініп отырған Көбекті таяғымен көзеп көрсетіп бір сын айтты. Босағадағы мына сырлы жігітке түксірейе, барлай қарап, оны бүгін көргендей таңырқап:
- Ақыл тап осыдан шығады... Қиын күнде сыр шашпас адам керек еткенің сондай жалғыздықта қасыңа осыны алыңдар... Әшейіндегі мардымсыған мырзасүрейден қиындықта ақыл таппайсың, бұ жүрген талайымыздан осы отырған көзелің опалы болмаса маған кел! - деп бағалады.
Бағанағы реңді келген қара сақал Матай Көбекке:
- Енең байғұс қызын айтып омырауын жас жуып отырушы еді. Опасы жоқ дүние деген со-дағы! - деп қойды.
Керімбек Көбектің бағанадан әлі ішілмеген үлкен сапты аяқтағы қымызын өзі сапырып:
- Ал, сусын ал! «Соңынан сор ергеннің бір бақыты, болады» деген. Қайғысы жоқ жүректен қалағандай сыр шықпайды. Бір қыз емес, екі қыз қатар алсаң татырлықтай бейнет тартыпсың, балам! - деді. Үй іші Тайлақбай мен Керімбектің осы сөзінен кейін Көбек тағдырын ақылға салғандай, ойланып қалды.
(Жалғасы бар)
Abai.kz