Жексенбі, 10 Қараша 2024
Алашорда 4305 1 пікір 6 Наурыз, 2023 сағат 12:13

«Үш отау» партиясы және Қапас мүфти

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ҚҰРҒАН «ҮШ ОТАУ» ПАРТИЯСЫ ЖӘНЕ АЛАШОРДАНЫҢ ӘЙГІЛІ ҚАПАС МҮФТИІ

Қапас мүфти – Орта Азияның айналасында, анығын айтсақ Қазақстан, Башқұртстан, Татарстан арасындағы саяси байланыстарды нығайтуда үлкен роль ойнаған адам. Башқұрттың сол кездегі көсемі, Башқұрттанның үкімет төрағасы Зәки Уәлиди Тоғанның жанында жүрген, оған шәкірт болған кісі. Зәки Уәлиді Тоған мен Мұстафа Шоқай (1890-1941) етене дос болғандықтан, Мұстафа Шоқай Қапас мүфтиге сенім артып сыр бөліскен. Мұстафа Шоқай мен Зәки Уәлиді Тоғанның ең басты ортақ жоспары Қазақстан мен Башқұртстанды біріктіріп бір қуатты ел етіп құру болған. Башқұртстан үкіметі қызылдардың әскерінің күшімен таратылған соң, Зәки Уәлиді Тоған Мұстафа Шоқайдың көмегімен 1920 жылы Түркістанға қоныс аударады. Осы кісілердің қарым-қатынасында ең сенімді көпір болған Қапас мүфти өзі Арқа төсінің тумасы, Арғын руынан. 20 ғасырдың басында Ататүріктің (1881-1953) Түрікшілдік танымына үлкен күш қосқан Ысмайыл Ғаспыралы (1851-1914), Татар зиялысы Жүсіп Ақшора (1876-1935), Жамал әд-Дин әл-Ауғани қатарлы зиялылардың ортақ ұстанымы негізінде Түркия, Орта Азия, Ауғанстан, Шығыс Түркістан, Ресей жеріндегі түрік халықтарының аймағын біріктірудің күресі жүріп жатты. Ысмайыл Ғаспыралыны Ататүрік «өзінің және жалпы түріктердің рухани ұстазы» деп білген. 1916 жылы Торғай даласындағы көтеріліс жасаған 13 болыс ел Әбдіғаппар Жанбосынұлын хан сайлап, неше мыңдаған жасақ ұстап, шағын мемлекетін құрды. Жетісу өңірінде Алматы, Кеген, Жаркент, Пішпек(Бишкек) аумақтарында 300 мыңдай халық жаппай толқуға шықты. Неше мыңдаған сарбаз бораған оқ астында күресті. Шығыс өңірде Шұбартау көтерілісі, Абыралы көтерілісі қатарлы беріспей шайқасқан көтерілістер болып, ол жерлердегі көтерілген елдің жалпы саны Жетісу, Торғай өңірлерімен қарайлас болған. Қазан төңкерісінен кейін Россия жері Сібірдегі Колчак үкіметі, Дутовтың басқаруындағы Самар құрылтайы үкіметі және болшевиктер үкіметі болып үшке бөлінді. 1917 жылы желтоқсанда Семейде Алашорда үкіметі жариялады. Самар Құрылтайы үкіметі Алашорда үкіметін мойындады. Самар Құрылтайы үкіметі Орта Азия елдері мен Балтық бойы елдерінің дербестігін қолдап, жергілікті ұлттық үкіметтердің жасағына өз әскерін қосып қалған екі үкіметке қарсы жорықтар жүргізді. Ахмет Байтұрсынұлы (1872-1937) Алашорда үкіметі атынан Самар Құрылтайы үкіметімен тығыз байланыс орнатып, олардан құрал-жарақ алды. Әуелде Шығыс өңірде ұйымдастырылған Алаш жасағының қатарын Қостанай, Ақтөбе жерінде жиналған жаңа әскерлер легі толықтырды. Алаш жасағының қолбасшысы болып Хамит деген адам сайланды. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы қатарлы басшылардың алдында жасақ параттан өткізілді. Алашорда жасағы Самар Құрылтайы жасағымен бірге Жетісуді азат етуге аттанды. Алашорда Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулат (1885-1935) бастаған көсемдері өздері өсіп-өнген Торғай даласындағы көтерілген елмен тығыз қарым-қатынас жасап оны Алаш мемлекеттінің қуатты әскери бөлімі ретінде қарастыруға ұмтылғанда, Әліби Жангелдин, Мұхамедияр Тұнғаншин бастаған болшевиктер Торғай даласының басты адамдарын бір-біріне айдап салып, рушылдықты, жеке бас араздықты қоздырды. Алашорда әскерін ұйымдастырудың қарсаңында Қырғызда 30 мың, Башқортта 5 дивизия (20 мың), Қарақалпақта 5 дивизия (20 мың) жасақ болды. Осы мүмкіндіктерді пайдалану, әскери күшті сақтап қалу, дербестікті бекемдеу үшін Алашорда жасағын арттыру, қару-жарақты молайту қажет болды. 1918 жылдың сәуір айының басында осы мақсатпен Ахмет Байтұрсынұлы, Садық Аманжолов (1885-1941), Райымжан Мәрсеков (1877-1937) қатарлы Алашорда үкіметінің төрт өкілі Қытай жаққа асып, Тарбағатай аймағының орталығы болған Шәуешекте сол жақтағы қазақтар арасында жиналыс ашып, үгіт жүргізіп бір ай тұрды. Көшпелі шаруашылықтағы елдің бас-аяғының жиналуына бір мұнша уақыт кететіндіктен осылай асықпай жұмыс істелді. Олардың ең басты мақсаты сол жақтағы қазақтардан жасақ жәрдемін алу еді. Ахмет Байтұрсынұлы өзі бас болып сол жақтағы қазақтар ішінде «Үш ортау» партиясын құрды. Бұл Үш отау дегеніміз Орыс, Қытай, Моңғол үкіметтері қарауындағы үш қазақ өлкесінің басын біріктіру, үлкен империяға айналу ұғымынан туындаған. Ахмет Байтұрсынұлы маңызды сөз сөйлеп «Құбы құмынан Томбыға дейін, батыста Каспий теңізінің жағалауларына дейін бір тұтас байырғы қазақ жері, бұл жерлер сөзсіз біріктірілуі, болашақ үлкен империяның негізіне айналуы керек» деп қадап айтты. Ахмет Байтұрсынұлының тобы Қытайдағы Үш Отау партиясының төңкеріс ошағы ретінде Өр-Алтай өңірін талдады. Осы араға Алашорда үкіметінің білікті мамандарын жіберіп отыруды көздеді. Себебі, Алтай өңірі 1790-1920 жыл аралығына дейін дербес мемлекет есебінде тұрды. Өйткені, Қытай үкіметі де, Орыс үкіметі де Алтайдың ішкі ісіне араласпаған. Алтай үкіметі Пекинге Қобда арқылы жылына «сары ноқтаның аты» деген атпен 81 ат сыйға тартып отырған. Алтай елін Әбілпейіз сұлтанның ұрпақтары мен жергілікті рулардан сайланған төрт төбе би бірігіп демократиялық жолмен басқарды. Билікті хан ұрпағына толық бермей, маңызды мәселелер төрт төбе бидің шешімінен өткеннен кейін барып хан тұқымының бекітуіне жіберілетін. Алтай тағындағы төрелер мен төрт төбе бидің өздерінің жеке жасағы болды. Мұндағы әрбір ру басылардың жеке жасағы да болды. Мұндағы елдің идеясы берік,бағыты айқын,көтерілістік дайындығы жоғары,дербестік ұстанымы биік еді. Бұған дейін де бірталай ерлік оқиғалардың отаны болып аты шығып түрған еді. Ахмет Байтұрсынұлы Үрімжіге барып, сол жерде Шығыс Түркістанды 1912-1928 жылдар арасында билеген Яң Зыңшинмен келісіп, одан көптеген бесатар қаруын алды. Алынбай қалған қарулар тобы да болды. Себебі, Қазақстан жағында қызылдардың күші күн санап артып, соғыс жағдайы қиындағандықтан, Алашорда үкіметі Ахмет Байтұрсынұлының тобын тез арада қайтып келуге шақырды. Сол жақтың әр аймағындағы қазақтардан 5 мың атты әскер жиналып, олар Алашорда жасағы ретінде Қазақстан жеріне аттанды. Көп өтпей, Торғай өңірінде Амангелді Иманов Әлібидің сөзіне азып қыпшақшылдыққа салынып, арғын руларына теріс көзқарас танытып өзінің батырлық салауатын ұмытты. Кейкі мерген мен Амангелдінің арасындағы ерлік, батырлық сипаттарына от тастап, екеуінің қатынасына сызат салуға ұмытылғандар да өз ойын іске асырды. 1919 жылы Әбдіғаппар Кеңес үкіметіне қарсы болғандықтан улап өлтірілді. Амангелді өзінің рушылдық пиғылын тым әсірелеп жібергендіктен Алашорда жасағының қолында мерт болды. Кейкі батыр қызылдармен шайқасып мерт болды. Кеңес үкіметі жеңістік алғаннан кейін Ленин тәуелсіздікке ұмтылған халықтарды алдау үшін ұлттар теңдігін дәріптеп, орыс ұлтшылдығын аяусыз сынап көлемді шығармалар жазды. Ұлттардың автономиялы республикалар құруын қолдап, ол үшін арнайы заң да қабылдады. Алашорда көсемдері Лениннің бұл әрекетіне сенбеді. Сенбесе де, белгілі деңгейде пайдаланып қалуға тырысты. Сол кездері Кеңес әскерімен қарсыласа соғысқан Башқұрт үкіметі күшпен таратылып кетті де, Алашордашылар Кеңес үкіметі жеңістік ала бастаған сәттен бастап олармен ымыраға келіп байсалды қадамдар жасады. Алашорда үкіметінің үздік дипломаты Әлімхан Ермек 1920 жылы Кеңес үкіметі өкілдері алдында тыңғылықты баяндама мен дәлелдеулер жасап, дүрбелең жылдарда қолдан шығып кеткен Ертістің сол жағалауы мен Каспий жағалауындағы қазақ жерлерін оқ шығындамай қайтарып алды. Осы келіссөзден сәл бұрын Қазақ төңкерістік уақытша үкіметі құрылғанда, Ахмет Байтұрсынұлы осы үкіметтің үш маңызды мүшесінің бірі әрі оқу-ағарту министірі болды. Әлімхан Ермектің келіссөзі негізінде бекітілген аумақта Қырғыз (Қазақ) Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы құрылып, астанасы – Орынбор болды. 1925 жылы Қазақ атауы қайтарылып, Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы болып қайта құрылып, Республика жеріне 1924 жылы күшінен қалдырылған Түркістан Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы жерінің басым бөлегі қосылды. Сонымен бірге, Хорезм Халықтық Кеңес Республикасының орнында пайда болған Қарақалпақ автономиялы облысы Қазақ Республикасына қосылды. Қазақ Республикасының жалпы жер көлемі 3 миллион шаршы километрден асты. Қырғыз (Қазақ) АКСР мен Түркістан АКСР алғаш құрылған жылдары Алашорда үкіметінің арыстары мен Мұстафа Шоқай бастаған Түркістан арыстары жақсы сақталып қалған жүз мыңдаған жасақ күшін ұйыстырып, осы жасақтың күшімен болшевиктер қарамағындағы күллі түркі елдерін азат етуге кірісті. Бұған Түркия жағынан сенімді, қарпулы қолбасылардың көмегі қажет еді. Дүние жүзілік бірінші соғыс кезінде Ататүрік орыс әскерімен соғысқанымен, қазан төңкерісінен кейін құрылған Кеңес үкіметі Ататүріктің Кавказ жорығы, Сынай түбегі мен Пәлестинаға жорығы кезінде оған әскери қару-жарақ, заттық жағынан көмек берді. Осы арқылы болшевиктер әлемге өздерін жаңаша қырымен танытуға алдау әрекеттерін жасап, ұлт-азаттық қозғалыстар коммунистік социалитік қозғалыстың маңызды бөлегі» деп ұрандады. Кеңес одағы үстемдігі орнаған соң Түркістанның тәуелсіздігін қалпына келтіруге тырысқан Басмашылар қозғалысы сәтсіздікке ұшырап, Түркістандағы барша ұлттың ұлтшыл, түрікшіл тұлғалары Әнуар пашаны, Жамал пашаны өздеріне шақырды. Әнуар паша Балқан, Кавказ жерлеріндегі шайқаста үлкен жеңістерге жеткен абыройлы қолбасы еді, сол кезде түркі әлеміне атағы мәшһүр. Қапас мүфти осы кісілердің Түркістанға жасаған қадамында, олармен тығыз байланыста болып отырған. 1921 жылы Әнуар паша (1881-1922), Жамал әд-Дин әл-Ауғани паша Түркістанға келіп халық қозғалысына басшылық етіп айтарлықтай сәтті жеңістерді қолға келтіріп жатты. Қол астына 50 мыңнан астам жасақ жиылды. 1922 жылы сатқындардың кесірінен қапияда жараланып көз жұмды. Өлер алдында ол мынадай әйгілі сөз айтқан: «Азаттық жолында құрбан болған денем, сүйегім Түркістанда қалсыншы. Қаным атажұртқа тамды, осы қаным тамған топырақтан төңкерісшілер өніп шықсын» деген. Бұл сөз желдей есіп түкпір-түкпірдегі түркі қауымының тарады. Жамал әд-Дин әл-Ауғани паша Кеңес одағының алдауына сеніп, кейінгі уақытта солардың қолынан мерт болды. Ататүрікке Кеңес одағының жәрдемдескен кездеріне көрген, интернационалға сенген Жамал пашаның алдануына себеп болатын жағдайлар көп еді. Ендігі төңкерістік үміт тек қана Қытай жағындағы қазақтар мен ұйғырларда қалды. 1918 жылы Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен құрылған Үш Отау партиясының жоспарлары негізінде Алтай мен Баркөлдегі қазақтар қатты белсенділік танытып, сол кезде Қытай үстемдігіне хаупі бар делінген Қобда жақтағы бетке ұстар қазақтың бірі Қылаңның басы 1928 жылы алынды. Алтайда құралды жасақ ұстап жергілікті қытай билігінің озбырлығына шектеу қойған, Бакич бастаған ақтардың әскеріне бөгет болған Зуқа батырдың үйінде құралды әскерлері жоқ жағдайда асыраған дүңген баланың сатқындығының кесірінен 1929 жылы басы алынды. Ауылы қырғынға ұшырады.  Зуқаның өліміне оның «Үш отау» жоспарын іске асыру үшін үлкен күреске дайындалып жатқаны себеп болған. 1931 жылы Жантайлақ, Әкім батыр қатарлы ел беделділері Алтайда қапыда өлтірілсе, 1932 жылы Әліп ауылы Баркөлде қырғынға ұшырады. Әліп ауылы содан бір жыл бұрын Құмыл-Баркөлдегі ұйғыр-қазақ көтерілісіне қатысқан болатын. Осы көтеріліс кездерінде соғыс көрген тәжірибелі бір бөлім ауылдар Өр-Алтайға қайтып келіп қоныстанып алдағы көтерілістердің тірегі болуға дайындалды. Баркөлдегі көптеген ел Әйембет қатарлы көптеген ел басыларының бастауында ру-ру болып шығысқа қарай ауып дүңген әскерлерімен бірігіп, өз республикаларының негізін қалауға ұмтылды. Шығыс Түркістанның шығысына ауған елдің саны 150 мыңнан асып кетті. Әліп Жамысбайұлының ұлы Елісқан батыр әке кегі мен ел кегін қуып, жергілікті Қытай үкіметіне қарсы соғысып, 21 мың адамды соңына ертіп, 1938 жылы соғысып отырып Үндістанға қарай тартты. 1941 жылы Гималай тауынан асып Кашмир жеріне табан тіреп, 1942 жылы сол жерде қайтыс болды. 1940 жылы 31 қаңтарда Өр-Алтайда Есімқан батыр бастаған көтеріліс бұрқ ете түсті. Көп өтпей бұл көтеріліске Көктоғай-Шіңгіл аудандарының қазақтары жаппай қосылды. Шіңгіл өңіріндегі Ырысқан Ноғайбайұлы, оның әкесі Ноғайбай Баркөлдегі көтерілістерде болған адам болғандықтан соғыс тәжірибелерін осы кездерде іске асырды. Міне, осы кезеңдерде Алашордашылар көптеген өкілдерін саяси жетекші ретінде олардың араларына жіберді. Алашордаөкілдері Алтай,Баркөл қазақтары арасында білімділігімен,тақуалығымен оң әсерін қалдырып, айтарлықтай құрметке ие болды.Көтерілісті қолдаған өкілдердің ең шоқтығы - биігі, дін мен ғылымға қатар жүйрік Қапас мүфти болды. Ол басында Төменгі Алтайдағы Мәми бидің ауылына келіп тұрды. Екі қызының бірін сол жақтағы руы тасбике Шөкей деген тілмашқа ұзатты. Қапас мүфтидің Алтайға баруына Зәки Уәлиді Тоған да, Мұстафа Шоқай да қатты қолдады. Өр-Алтай көтерілісінің әуелгі қолбасылары Есімқан батыр, Ырысқан батыр, Ақтеке би, Мұса мергендер қаза тапқан соң, ендігі ел тізгінін Оспан батыр ұстады. Оспан батырдың Сұлубай батыр, Сүлеймен мерген, Бүркітбай батыр, Қапас батыр қатарлы сенімді сардарлары болды. Қапас мүфти Оспан батырдың кеңесшісі болды. Қапас мүфти өткір кесімдерімен, ақиқатшылдығымен, батылдығымен танылды. Оның дәлеліндей бір оқиға мынау еді:

Совет одағы қаруландырған Дәделқан Сүгірбаевтің әскері мен Оспан батырдың әскері Үліңгір өзені бойында шайқасқанда, Қапырыш, Рақым, Рашат батырлардың бастауындағы Оспан жасақтары басым түсіп, Дәлелқан әскерімен өзенді құлдап қашады. Осы кезде қашқан әскердің соңындағы бір әскер аттан қарғып түсіп Оспан жасақтарына оқ жаудырады. Рашат батырдың тобы оны кеудесінен атып-атып жібергенде, ол мылтығына сүйенген күйі иман айтады. Ол дауыстап: «менің сендерге айтар арызым бар» дейді. Сонда ол жігіт: «Қазақты қазаққа аттырған бұл соғыста қанымыз кімнің мойынында? Дәлелқанның ба? Оспанның ба?» дейді. Рашат батырлар оған ештеңе дей алмайды, жаназасын шығарып арулап жерлейді. Қайтып келген соң осы сұрақты Оспан батырға жеткізеді. Батыр назаланып: «бұл ауыр сұрақ екен. Қапас мүфти шешсін» дегенде, Қапас мүфти батырдан еш жасқанбай: «Олардың қаны Дәлелқан екеуіңнің мойындарыңда. Дәделқан қызылға сенбесе, екеуің бірігіп бір күш болғандарыңда мына қан төгілмейтін еді» дегенде, Оспан батыр «мүфтидің айтқаны жөн» дей береді. 1949 жылы коммунистік қытай үкіметі құтылғаннан кейін екі жыл өткен уақытта да Оспан батыр жасағы қытаймен жалғасты соғысып берілген жоқ. Қапас мүфти оған «құрал тастама. Соңына дейін күрес» деді. Коммунистердің бал тіліне алданбауға, олардың Советтік Қазақстанда жүргізген озбырлықтарын жеріне жете отырып түсіндірді. 1951 жылы Қытайдағы қарулы қазақ көсемдерінің дені Гималай асып Кашмирға өтіп кетті. Олар 1941 жылы өткен Елісқан батырдың елімен тоғысты. Әрі қарай Түркияға бармақ болған. Олардың бірге кету ұсынысын Оспан батыр қабылдамады. Себебі, АҚШ-тан жәрдем алып соғысты жалғастыруға бекінді. Әйтпесе, мыңдаған әскерімен кез-келген шепті бұзып шетке оңай асып кетер еді. АҚШ консулы Дуглас Маккернан сол кезде Бәйтік тауындағы Оспан батырдың ауылында он неше күн жатты. Домбай Орсақ зәңгі ұлы деген адам аудармашы болып тұрған. Дуглас Маккернан Тибет арқылы еліне қайтпақ болғанда, Оспан батыр төрт мықты сарбаз беріп, төрт сарбаз оны серіктерімен бірге Тибет шекарасына жеткізіп кері қайтқан. Тибет шекара күзеті қазақ тымақ киген Маккернанды қазақ барымташылары екен деп қате танып атып тастаған. Оспан батыр да, Қапас мүфти де өмірінің соңғы сағатына дейін ұлт азаттық жолында талықпай күресіп, өзін толықтай арнады. Олардың рухы мәңгі бақи биікте тұр!

Ахмет Байтұрсынұлы құрған «Үш Отау» ұйымының рухы 1970 жылдарға дейін жалғасқан. Оған куә болар бір ашынышты оқиға бар. Алтай өңірінде 1968 жылы «Үш отау» ұйымының жаңа ұйымдастырушылары деген атпен Қызырбек Сақариұлы Орал, Сейтқан Әбілқасым қатарлы жаңа ұйымның жас көсемдеріне қузау түседі. Қызырбек Орал тұтқындалып, 2 жылдан соң өлім жазасына кесіледі, Сейтқан Әбілқасым болса Моңғолияға қашып құтылады.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. «Саяси түсіндірме сөздік»

2. «Отырар. Энциклопедия»

3. «Алаштың ардағы» Е.Е.Тілешов, Г.П.Әріпбек.

4. «20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті», Талас Омарбеков

5. «Қазақстан(Ұлттық энцклопедия)»

6. «Алаш қозғалысы»

7. «Қазақ энциклопедиясы», 4 том

8. Алтай қарттарының аузынан.

Көкбөрі Мүбарак Қизатұлы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1156
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2628
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2662