Арабтар қазақстанда мал өсірмек
Сауд Арабиясының кәсіпкерлері Павлодар өңірінде мал өсіруге мүдделі. Бүгінде олар жергілікті агроөндіріс саласының дамуына 20 млн. АҚШ доллары мөлшерінде инвестиция құюға әзір отыр. Өткен аптада Павлодар қаласындағы Әмірліктің бизнес өкілдері мен отандық ірі шаруа қожалық басшыларының кездесуінде екіжақты серіктестік мәселелерін талқыға салды.

Араб кәсіпкерлердің айтуынша, жергілікті табиғат малдың мол өнім беретін тұқымын көбейтуге өте қолайлы көрінеді. «Хашугрупп» бизнес тобының қаржы директоры Асад Талиб Хусаин Шах: «Таяу Шығыс елдеріне ет тасымалдау 70-75%-ды құрайды. Негізінен біз Австралия мен Еуропа елдерінен ет тасымалдаймыз. Көптеген мұсылмандар еттің сапасына разы болмай жатады. Өйткені оларды дайындауда әртүрлі дәрілер, гормондар пайдаланылады. Біз ет өнімдері анағұрлым сапалы болса дейміз. Сіздердегі табиғат дені сау малды өсіруге мүмкіндік береді», - дейді. Биыл бүкіл әлем бойынша сиыр етін өндіруде деңгейі әлдеқайда жоғары болатын көрінеді. АҚШ ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан берілген мәліметтерде Америка мен Еуропалық Одаққа мүше елдерде өнім өндіру қарқыны 11,3 және 1 пайызға төмендесе де, әлемдік нарықтағы жалпы ет көлемі жоғары болатыны айтылған. Оның себебі, Үндістан, Аргентина мен Бразилияда сиыр етін барынша молынан өндірудің арқасында Жер шары еттен кенде болмайды. Биыл кәрістер жерінде де сиыр аса көп сойылмайды. Ет бағасының күрт төменедуі себепті, ол жақта ет өнімін өндіру 10 пайызға қысқарған. Есесіне, ет экспортында үнділер күшейген. Үстіміздегі жылы 14 пайызға өсетін сиыр етінің экспорты 4,2 млн. тоннаға жетпек. Ал Аргентинаның жөні тіпті бөлек: биылғы экспорт көлемі 9,4 млн. тоннадан асады.
Ет экспортын дамытуға Қазақстан да мүдделі. Былтыр Президент 2015 жылға қарай шекара сыртына ет тасымалын 60 мың тоннаға жеткізуге тапсырма берген болатын.
Нұрахмет ҚУАТ
"Түркістан" газеті