«Шарғын мен Таңжарық әділетсіздікпен күресті»
Спикер: Тілеухан Шарғынұлы. Ұстаз, Райымбек ауданының құрметті азаматы.
– Тілеухан Шарғынұлы, сізді Қытай қазақ оқу-ағартуы мен әдебиетінің қалыптасуы және өркен жаюына, дамуына үлес қосқандардың бірі және бір егейі, ағартушы, дүлділ ақын Шарғын Алғазыұлының туған ұлы екеніңізді естіп, қарашаңырағыңызға арнайы атбасын бұрып келіп жатқан жайымыз бар. Әңгімеңізді алдымен өзіңізді таныстырудан бастасаңыз?
– Шарғын әкемізден екі ұл, төрт қыз бармыз. Ағам Шабден мен екі әпкеміз бақилық болып кетті. Қазір үлкені мен Тілеухан, қарындасым Мейірхан, Гүлнұр бармыз.
Әкеміздің ағартушылық жолын ұстап ағам Шабден екеуіміз оқу-ағарту саласында жұмыс істедік. Мен 1945 жылы 24-сәуірде Шынжаң Текес ауданының Таңбалытөбе деген жерінде дүниеге келіптім. Мектеп табалдырығын Қытай жерінде аттап, қалған оқуымды 1958 жылы Қазақстанға келіп жалғастырдым. 1964-1968-ші жылдары қазіргі Абай атындағы педагогикалық ҰУ (АГУ) университетінің математика факультетін бітіріп, Райымбек ауданының Шалкөде орта мектебінде математика пәнінен сабақ бердім, 2000 жылы Алматыға коныс аударып, Дарынды балалар мектебінде мұғалім болдым. Жалпы 40 жылдай ұстаз болып, жемісті еңбек еттім. Алғашқылардың бірі болып, облыста математиканы тереңдетіп оқытатын сынып аштым. Оны бітірген оқушылардың 80-90 пайызы жоғарғы оқу орындарына түсіп жүрді. Біраз математикадан методикалық кітаптар, электрондық оқулықтар жаздым. Еңбегім бағаланып бүкіл одақтық Н.К.Крупская атындағы сыйлықтың иегері, Қаз КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, Райымбек ауданының құрметті азаматы т.б. марапаттарға ие болдым. Қазір зейнет жасындағы қарялардың бірімін.
– Өзіңізбен жақсылап танысып алдық, енді әкеңіз Шарғын ақынның қай жерде туып-өскені, қай жерде қайтыс болғаны туралы айта кетсеңіз?
– Әкем Шарғын 1903 жылы, 20-мамырда, Алматы облысы Ұйғыр ауданы Тиірмен аулында дүниеге келген. Әкесі Алғазы ауқатты, бай, шаруа адамы болып, ел-жұртына мейірімді жан болған екен. Ол жетім-жесірлерге, тұрмысы нашарларға қарайласып, көмектесіп отырған. Алғазы 72 жасына дейін бала көрмеген, содан үшінші әйелдікке Оңласын деген әжемізі алыпты, одан да бір-екі жылға дейін бала көрмеген соң Райымбек бабамыздың басына келіп түнейді. Сонда Оңласын әжеміз түс көреді, түсінде екі жарық жұлдыз көрінеді, біреуінің құйрығы ұзын, екіншісінің құйрығы қысқа болады. Атаның аруағы қолдап, шапағаты тиген болар, сол жылы әжеміз жүкті болып ұлды болады, ұлының атын Шарғын қояды. Араға екі жыл салып екінші ұлын өмірге әкеледі. Оның атын тұңғышы Шарғынға ұйқастырып Арғын қойыпты. Әжеміздің Райымбек бабаның басына түнеген кездегі түсі айдай келіп, Арғынның өмірі қысқа болады, ол бір қызды болғанан кейін жастай қайтыс болыпты. Ал біздің әкеміз Шарғын 85 жасында 1988 жылы 13-қазанда Нарынқолдың Шалкөдесінде қайтыс болды.
Әкем 1911 жылдан 1917 жылға дейін бастауыш мектепте 4-сыныпқа дейін оқиды. Әкесі Алғазы балам орыс тілін үйренсін, жұрттан қалмасын деген ой меннен бір орыстың отбасын үйінің жанына көшіріп әкеліпті. Әкем осы орыс отбасның балаларымен бірге ойнап, араласып, кітаптарын оқып жүріп орыс тілін біліп алады.
Әкемнің 13 жасында әкесі Алғазы қайтыс болып, отбасының бар ауыртпалығы шешесі Оңласын мен өзіне түседі. Арқа сүйер әкесі қайтыс болғанан кейін кедейліктің, жоқшылықтың тақсыретін әбден тартады. Ол:
«Шаруасын бағып Алғазы,
Ешкімді шетке бөлмепті.
Мал-пұлын елден аямай,
Жамандықты көрмепті.
Одан қалған ұрпағы,
Шарғын шал болып ержетті», – деп өлеңдеткені бар еді.
Әкемнің кейінгі мұғалімі Мақсұт Додабаев болған. Ол кісі әнші-жыршы, білімді, өз өңірінің танымал, құрметті азаматы болған екен. «Мен Мақсұттың жанында көп жүрдім, жақсылардан үлгі, өнеге алып өзімді көп тәрбиеледім. Бала жасымнан кітапқа құмар болдым, Ыбырай, Абай, Шәкәрім, Мыржақып, Әлихан, Ахметтің кітаптары менің рухани азығым болды», – деп айтып отырушы еді.
– Ақынның жаңаша мектепте оқып, өз ортасындағы көкірегі ояу, алға басар тұлғалардан үлгі, өнеге алғанын білдік. Әкеңіз өлеңді қай кезден бастап жазған екен?
– Әкем өлең жазуды 10 жасынан бастапты. Оның ең алғашқы тырнақ алды туындысы – «Қыдырмашы шал» деген өлеңі екен. Арасында әзіл-сықақ өлеңдерді де көп жазыпты. Қазақтың қиса, дастандарын жаттап, той-томалақ, жиын-тойларға барып айтысып, өзінің айтыскерлік қырыммен де елге таныла бастайды. Ол 15-16 жасынан бастап халықтың мектепке барып сауат ашуына, ғылым-білім, өнер үйренуіне көп дәріптейді. Ағартушылық туралы өлеңдерін жаза бастайды. «Оқы, жастар!» деген алғашқы өлеңінде:
«Оқысаң ел боласың ойың байып,
Халқыңа нұр боласың сая жайып.
Әсілінде оқу жауһар қор қылмайды,
Өнерді үйренесің таңғажайып.
Пердесін қараңғының түріп тастап,
Көңілді ағартыңдар жуып-шайып.
Бақытқа оқу, өнер жеткізеді,
Бұл күнде оқымаған үлкен айып,
Қолыңнан оқу сүйреп шығарады,
Ғылыммен елмен қатар сусындасаң», – деп жырлайды.
Ол өзінің тума талантты мен мектепте оқыған білімін ұштастырып, одан ары ізденіп қабілетін шыңдай түседі. Айналасындағы білімді, парасатты, игі жақсылардың жол көрсетуі, қолдауының арқасында ауылдық болыстық атқару комитетінде біраз жыл хатшы болым қызмет істейді. Содан 1928 жылы басталған сталиндік режим, большевектердің таптық қысымы бүкіл қазақ этносының тарагедиясына айналды. Міне осындай асыра сілтеудің кесіріннен әкем Шарғын 1930 жылы амалсыз шекараны асып кетуге мәжбүр болады.
– Ақын Шарғын отбасының Қытайға қалай ауғаны туралы айта кетсеңіз?
– Әкем атпен кетіп бара жатып бір белсенді туысқанымызға кездесіп қалады. Ол әкеме жақындаудан секемденіп, алыстан дауыстап, «Ей, Шарғын! Маған қашан айттың деме, бүгін бе, ертең бе сені ұстайды. Сол үшін бүгіннен бастап қамдана бер», – деп екертіп кетеді. Оны естіген әкем жайлаудағы үйіне асығыс-үсігіс жетіп, Қытайға жедел кетудің қамына кіріседі. Сонда асылған қазан асулы күйінде, мал өрісте, үй тігулі қалып қойған екен. Сол күні түнделетіп Қалжат шекарасына жетіп үлгіреді.
Әкем шекарадан өтерде отбасын екі бөліп өткізіпті, ондағы ойы шекарада абайсызда қырылып қалсақ, артымызда тұяғымыз қалмай қалмасын дегені екен. Мұнда шешесі Оңласын, баласы Шабден және інісі Арғынның қызы Айманды тастайды да, көшті інісі Арғын екеуі шекараның арғы жағындағы Шапшал деген жерге апарып жайғастырады. Онда бір-екі күн аялдап інісін ертіп қайтып келсе, шекараның бержағына қалдырып кеткендер орнында жоқ болып шығады. Інісі екеуі ары-іздеп, бері іздеп бір бастаудың басына келсе, бастауда бір шүпіректің жатқанын көреді. Тас жатқызылған жалғызаяқ жолды қуалап келсе, қарағайдың түбіне жасырынған екен, олар әкемі танып аңырап шыға келеді. Сөйтсе, Оңласын әжеміз артымыздан қуғыншылар келіп тауып алмасын деген оймен орнын ауыстырып, теріскейдегі қарағайдың түбіне жасырыныпты. Ізімізден біліп қоймасын деп жолға тас төсеп, бастаудан су алып жүріпті.
Оларды әкем аман-есен тауып алған соң Қытайға алып кетеді. Әкемнің «Елмен қоштасу» деген өлеңінде:
«Қош болғын, көріскенше туған жұртым,
У мен өрт ішім толған, сыртым бүтін.
Талайы мендей зарлап кеткен шығар,
Кім тұрар дүниенің кілтін ұстап», – деп өкініші мен зар-мұңын арқалап кете барады.
– «Қайда барсаң да қорқыттың көрі» демекші, ақын Қытай жеріне барғанда да жергілікті шонжарлардың, үстеп таптардың, зорлық-зомбылығына бетпе-бет келгені анық қой. Солай ма?
– Иә, Қытайға ілгері-кейін өткен халық көп қиыншылық көреді. Шекарадан өткенде жолдың бойын торуылдаған сібе мен қалмақтың қолына түсіп, бар мал-мүліктерін тартқызып алып зар жылағандар өте көп болыпты. Ол кезде қытайлар жергілікті атқарушы билікті сібе мен қалмаққа беріп қойған кезі екен. «Іле жағасында» деген өлеңінде:
«Қайран ел азып-тозып келгеніңде,
Кетірді қалмақ тонап берекені.
Бар болса бүтін жейде шештіріп алып,
Көз жасын балалардың көл етеді», – деп ақын ащы шындықты сөз етеді.
Жергілікті шонжарлардың, озбырлығына, зұлымдығына шыдамаған ақын Несіпбай болыстың және оның елінің намысына тие отырып, халқына араша түседі. «Бұзақыңды тый, елден тартып алғандарын қайтарып бер!» деп ашық талап қояды.
Қытай қоғамындағы үстем таптардың зорлық-зомбылығын, жиіркенішті қылықтарын әшкерілеп, қарапайым халықтың аянышты тағдырын «Айтайын әңгімемді...» деген өлеңінде:
«Жыл басы он екі айды айналып жүр.
Жалғасып бір-біріне байланып жүр.
Құлақ естіп, көз көріп жүргеннен соң,
Айтайын әңгімені ойдағы бір.
Кейбіреу нан таба алмай зарлап жүрсе,
Аузы кейбіреудің байланып жүр.
Шығынға белшесінен кедей батып,
Таба алмай жаяларға айдалып жүр.
Кедейдің тапқан малын тартып алып,
Кердеңдеп ақылақшы, байларың жүр.
Қалмақтың желкесінде айдары жүр,
Бұның қалай дегенге – «сыбағаң» деп,
Бүйіріңнен шаншады найзаны бір.
Қырық құрақ жиналған халық екен,
Бөлінген бес бөлімге аймағы бір.
Бұл Құлжа Қарасұлтан заманынан
Дейді екен бұзылмаған қаймағы бір.
Кесір менен кесапат, пәле-жала,
Естімегенде естисің қайдағы бір.
Сүт деп сауып береді саудагерлер,
Өсім алып көретін пайданы бір.
Баланың бір жастағы аяғандай,
Тәй-тәй деген бір сұмдық маймағы жүр» (тамыз, 1931 ж.) деп, бұл қоғамның шынайы бет-бейнесін әшкерілейді.
– «Көшкен елдің бұқасын, тұрғылықты елдің танасы қорқытады» демекші, жан сауғалап барған дәрменсіз қазақты сібесі мен қалмағы тонағаны, әрине өкінішті! Осының бәрін өз көзімен көрген ақын қаламын қару қып, өткір тілмен сын тезіне алып отырған екен ғой.
– Әкем Шарғын трагедияға толы жағдайлардың куәгері ретінде, сол кездегі босып өткен халықтың тағдырын, мұң-зарын өте аянышты етіп былай ашына жазады:
«Ел тозып, үзілмесе шын үміті,
Бұл жаққа жосып халық неге өтеді.
Анадан бала айырылып екі жақта,
Көл қылып көздің жасын сел етеді...».
1934 жылы Албанның бір топ атқамінер азаматтары жазықсыз қамалып, қиын-қыстау кезеңге тап болғанда, оларды шығарып алу үшін әрекет жасайды. Бірақ құлқыны арандай ашылған Гоминдаң ұлықтары пара сұрайды. Арып-шаршап, тозып жүрген, босқын халықтың оларға пара беретіндей жағдайы қайдан болсын. Ақын осындай ауыр жағдайды «Ақсұңқар қолға түскенде» деген өлеңімен былай сын тезіне алады.
«Әлемді кезсең дағы шыр айналып,
Аңсұңқар қолға түсіп тұр байланып.
Айта алмай айтарыңды жақ қарысып,
Қаншалық ұмытылсаң да ыңғайланып.
Алтын заттың бағасы арзан болып,
Күбілерге қойған кез сырмай жағып.
Іші алтын, сырты күміс ақ пейіңлдің,
Іштері шерлі болып кір байланып.
Бұл күндері бара жатыр азаматтың,
Жігері жаси түсіп құмға айналып.
Алғаның ақсұңқардың аяғынан,
Бас-көз жоқ алған заман құмай барып.
Табылмай басқа пана, жанға сая,
Көргені елдің кетті мұңға айналып.
Әр жерде қоқиланып қулар шықты,
Жаратқан өз алдына Құдай қалып.
Нәпсі үшін дүниеге алданып жүр,
Құдайға осы қылық ұнай ма анық.
Сылдырап таудан аққан мөлдір бұлақ,
Ішуге келмей қалды лайланып.
Ішнәрсені білмеген қожа, молда,
Құзғын болып өлексені жүр айналып.
Еңбегі еш болып жүр сор байланып,
Жағымпаздың заманы болғаны ма.
Дей алмай тапқан малың өзімдікі,
Жағынып шауып жүрген борбай қағып.
Өз елін өзі тонап жүргендердің,
Жаны ашып ел-жұрттың қорғай ма анық.
Бұларға бір жақсылық бола ма екен,
Жатқанда кісенденіп қол байланып.
Алтын, күміс қолына апармасаң,
Құлағына ешбір сөз қонбайды анық.
Кеңестен бір жақсылық келер ме екен,
Жұлдызы халқымыздың үш айналып» (1934 ж. Іле бойы).
– Шарғын ақынның Қытайға барғанан кейін оқу-ағарту саласына бел шеше араласқаны белгілі, сол туралы айта кетсеңіз?
– Әкем Шарғын шекарадан ары-бері өтіп жүрген жол бастаушылардың көмегімен отбасын екі бөліп өткізгеннен кейін, жергілікті ел-жұртпен танысып, тірлігін ақырындап бастайды. Шешеші Оңласын кейін керек болып қалар деген оймен жерге көміп, сақтап жүрген алтын-күмісін баласына тапсырып бере алмай, аяқ астынан миына қан құйылып, қол-аяғы сал болып, тілі байланып қалады. Әжем иегігін қағып белгі берсе де, алтын-күмісті қайда тыққанын әкеме түсіндіріп бере алмайды. Әкем шешесінің не айпақшы болғанын іштей сезгенімен, бірақ оны сырттан іздеп таба алмайды. Одан осылай айырылып, қызығын көре алмайды. Қиыншылықты көп көреді.
Жергілікті атқамінерлерінің көмегімен 1934 жылы Шапшалда мектеп ашып, бала оқытып, халықты сауаттандыра бастайды. Кейін Нақысбек ақылақшының арнайы шақыртуымен Қызылкүреге (қазіргі Текес ауданының орталығы. Ол кезде Текес пен өр Текес (Мұңғұлкүренің) бір аудан болып, орталығы Қызылкүре болатын. Ә.Ә) қоныс аударады.
Ол жерге барғаннан кейін малды-жанды болып, етек-жеңін жия бастайды. Уақыт өте келе ондағы беделді адамдардың қатарына қосыла бастайды. Ауқатты, бардам елден мал жинап Шилыөзек пен Бақалыққа мектеп салдырады, бала оқытады. Кейін өзі Шилыөзек мектебінің директоры болады. Алдыңғы қатарлы жастарды оқуға жіберіп, мұғалімдер дайындайды.
Үш аймақ үкіметінің қолдап, қуаттауымен әкем Құлжаға барып білімін толықтырып келгеннен кейін, 1944 жылы Текес ауданнының орталығы Қызылкүреге барып, Оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі болып, ағартушылық жұмыстарын одан әрі жандандырады. Аудан орталығынан қазақ орта мектебін ашады. Ақын өзімен тең-тұстар және өзінен кейінгі жастарға адам болуға, ізгілікке, бауырмашылққа, сыйластыққа шақырады және болашаққа талпындырады. «Жас ұрпаққа» деген өлеңі былай өріледі:
«Шатпағын сөз екен деп жоқтың бәрін,
Байқағын алдыңда құз, оттың барын.
Сыйласып, сыр шертісіп отырғанда,
Кетірме шалыс сөйлеп топтың бәрін».
«Білім, ғылым, өнер үйренгенде ғана басқа елмен теңесе аламыз, олармен бәсекеге түсе аламыз» деп ағартушылық пен ақындықты құстың қанатындай қатар алып жүреді. Әкемнің Қытайда жазған өлеңдерінің көбі ағартушылыққа арналған. Ол:
«Тұратын бір қалыпта нәрсе бар ма,
Кейде ысып, кейде жүрек салқындарсың.
Ұмтылып мәдениетке қол созыңдар,
Бұрынғы ескіліктің салты қалсын...
Өткенде оқымаған адамдар көп,
Зорлаған көне қоғам қарғыс атсын.
Өнер-білім, оқусыз бекер қалсаң,
Ойлашы, қанша нәрсе жапырасың», – десе, тағы бір өлеңінде:
«Білімді ел өрге басып дамып кетті,
Ортасында әлі жүр бұл қазағым.
Әлем ортақ адамға десе-дағы,
Біреуі де тиген жоқ сыбағаның.
Жатып-тұрып ойлаймын дүниені,
Уайымшыл мен жүрген бір адаммын.
Бұл қазақ осы күйде кетер ме екен,
Басына бір шықпастан мұнараның», – деп, қазақ халқының өркениетке бет бұрып, соған қол жеткізіп, дамыған елдің қатарында тұрғанын көруді армандайды.
Одан кейін аудандық Мәдениет бөлімін басқарады. Әнші, жыршы, күйші, ақындарды ел арасынан іздеп тауып, оларды тәрбиелеп, өнерлерін халқына жеткізеді. Жаз айларында жайлауда барып қарағай түбін сахна етіп, концерт беріп, спектакльдер қойып елдің көңілін көтереді. Рухани санасын оятады және байытады. Кәтіп Айтуаров деген шәкірті болушы еді, өзі әнші, күйші болатын. Ол аттың үстінде домбырамен ән шырқап келе жатқанда бүкіл жайлаудағы ел-жұрт «Кәтіп келе жатыр!», – деп алдынан қарсы алып шығады екен. Оның бізге жеткен бір-екі күйінен басқа күйлері сақталмай қалыпты.
Іле өңіріндегі қазақ ұлтынан шыққан Құрманәлі Оспанұлы, Халық Оспанұлы, Тоққожа Әбділдаұлы, Бұқара Тышқанбаев, Дәулеткелді Байболатов, Таңжарық Жолдыұлы, Мәлік Бірімжанұлы т.б. зиялыларымен дәм-тұздас, сырлас, идиалас болады.
– Шарығын ақын мен ақын Таңжарық жақсы дос болып, жақын араласқан дейді ғой?
– Шынжаңдағы қазақтар арасынан шыққан дүлділ ақын Таңжарық Жолдыұлымен қатарласа жүріп, қазақ әдебиетінің өркендеуіне, дамуына ерекше көңіл бөледі. Әкем Таңжарық ақынмен түйдей құрдас, өте жақсы дос болып араласқан екен. Екі ақын да қазақ халқының намысын қоздырып, ұлт азаттық үшін табанды әрекет етуге жігерлендіреді. Өнер-білімге құлаш ұруына, береке-бірлігін нығайтуға шақырады.
Әкем Шарғын өзінің қоғамдық жұмыстарына белсенді араласа жүріп, жалынды өлеңдерін жазып жүреді. «Тәңірге табын» деген өлеңінде:
«Тәңірім, жоқтан бар қып жер жараттың,
Үстіне жер бетінің ел жараттың.
Әлемде бәрін бірдей тең жартпай,
Қалайша біз қазақты кем жарттың?!», – деп жазады.
Ол кез жергілікті билеушілердің халықты сүліктей сорып жатқан мезгілі еді. Шарғын мен Таңжарық олардың осы озбырлықтарын әшкерілеп, халықтың азаттығы мен бас бостандығы үшін күресіп, отты жырларын бұрқыратады. Екі ақын тізе қоса отырып, азаттық жолындағы қиыншылықтармен бірге күреседі. Халықтың қиын халіне қанатымен су сепкендей өлең-жырларымен қол ұшын беріп, тынысын кеңейтіп, демеп отырды.
Демек, қос ақынның арманы, мақсаты, ұлттық мұраты ортақ болғандықтан, Тәңірім оларды ет пен терідей біріктіріп жіберген секілді. Әкем мен Тәкеңнің Құлжада жүргенде бірін-бірі қағытып айтысқан айтысы да бар. 1940 жылдың ақпанында Таңжарық жаламен ұсталып, тамыз айында Үрімжі түрмесіне жөнелтіледі. Сол кездің өзінде екеуі бірін-бірі қатты сағынып, арнау өлеңдерін жазып жүрген. Әкем Таңжарық қайтыс болғаннан кейін ол туралы естелігіне былай деп жазыпты:
«Жан күйер жақының, жан сүйенер азамат, асыл дос, аяулы адамдар қайтыс болса оның жарқын бейнесі еш қашан шықпай көз алдыңнан көшкен елдей тізбектеліп өтеді. Мысалы, кешегі Абай, бүгінгі Жамбыл, Мұхтар, Сәбиттердің асыл мұрасы, үлгі-өнегесі, өздері өлсе де сөздері бізбен бірге. Қазақта ақын-жазушылар баршылық. Небір жүйрік шешен майталмандар, аузынан бал, қолынан май тамған ғылым иелері көп. Олардың үлгілері де ұрпақтарымызға мұра.
«Ақын-жазушы адам жанының инженері» дейді, бұл білімдінің дана сөзі. Менің айтайын дегенім: Таңжарық Жолдыұлы туралы оның тарихын айтпай-ақ мен Таңжарықтың тың, жарқын бейнесі, ақындық дарыны жөнінде айтайын. Ол көңілі көктем, көркі жаз, сөзі өктем, жасынан жайнап шыққан асыл сөздің қазынасы еді. Тәкең еш адамды жатсынбайтын ақ пейілді адал жан еді.
Ол жасынан кедейшіліктің кедергісіне қарамай жауыз жауларына өзінің отты сөздерімен жауап берген, батыр ақын.
Ол қайнап жатқан феодальдық дәуірде өзінің ақындық дарынын отты жүрегімен «Таңжарық» деген атқа ие болған. Таңжарық аты елге кең таралған Таңжарық өлеңдері халық сүйіп оқитын халықтың қалаулысы десек асыра айтқандық емес. Мен Таңжарықпен жасымнан жолдас болып, тату-тәтті өмір сүргенбіз. Оның көп өлеңі ел аузында, кітабына жазылмағы көп. Тәкеңде такапарлық, менмендік жоқ. Қарапайым жылы сөзді адам еді. Отырған үйінде өлеңін жазып беріп кететін еді. Ол сықақ сөзге де шебер еді. Мысалы, «Молда мен бақсының төбелесі», «Айттырған әйелін айтқаны» тағы көптеген өлеңдері бар. Тәкеңде «Нүктібектің ат жарысы», «Елмен амандасу», «Кілітшіге», «Қойдыммен айтыс», «Қытайдың қинауы» деген өлеңдері елге мәлім. Тәкең Шынжаңдағы қазақтардың бостандық жолындағы жалынды күрескер табанды ақын еді. Қытай қарақшыларының сойқанды содырларының қылмысынан көп қорлық көрді. Түрмеге жатқанында да қаламын тастамай жалынды өлеңдерін жазып жүрген.
Таңжарық ауыр жағдайда да өзінің шығармасын жазып, халыққа түсінікті етіп, озық үлгісімен халыққа жағымды еді. Ой-пікірін, үміт-арманын, ел үшін арнаған. Қанаушы таптың жиіркенішті істерін әшкерілей отырып көрсетті. Мысалы, жас кезінде Алпысбай деген ақылақшының үйіне барады. Өзінің жақын ағасының жалғыз атын ұстатып алған екен. Соны атын сұрайын деп барса, Алпысбай: «Әкелші айбалтамды басын шабайын», – депті. Сонда Тәкең ұшып тұрып былай деген екен:
«Ұмтылма ақылақшы балтаңды алып,
Орныңнан ұшып тұрдың балтаңды алып.
Көрінгенді балтаңмен соққыласаң,
Қаласың ауыр бір күн арқандалып.
Қаңғыртып Еркін байды еңіреттің,
Айттырған қалыңдығы Шолпанды алып.
Жалғыз атын кедейдің тартып жесең,
Ақыретте тастайды итке қолқаңды алып».
– Кезінде Құлжада жарық көрген «Төңкеріс таңы», «Білім арнасы», «Одақ» журналдарында Шарғын ақынның өлеңдері жиі жарияланып тұрған екен.
– Тәңір сыйлаған ақындық дарыны шығар, қараңғы түнекте қалған қазақ даласына білім шырағын жақты. Өлеңдері Қытайдың баспасөздеріне үнемі жариялынып тұрды. 1944 жылы желтоқсанда Құлжа қаласындағы Гоминдаң ракциондары Айранбаққа тығылып қалады, ұлт азаттық үшін күресіп жатқан жауынгерлер олармен үш ай бойы соғысады. Сол кезде ақын: «Өмір күрес ендігі» деген өлеңін жазып, халықты жұдырықтай жұмылып, алдыңғы шепке аттануға шақырады. Қан майданда шайқасып жатқан жауынгерлердің ерлігін, батырлығын жырлап, рухын асқақтатады.
«Таң нұры келді бізге атып енді,
Сайлап мін, азаматтар, атыңды енді.
Халықтың көп заманнан қанын сорған.
Тығылып ұлы айдаһар жатыр енді.
Атылып арыстандай шық майданға,
Суырып ал төбесінен тартып енді.
Жауынан атам қазақ қайтқан емес,
Қашқаннан өлім бізге артық енді.
Найза сұқ, қылышпен шап, кес мойнын,
Мергендер, тура көздеп атып енді.
Өлімнің өмірменен күресі бұл,
Ұлы сын жасық пенен батыр енді.
Езілген еңбекшілер ал есеңді,
Алмаңдар тыныш ұйықтап жатып енді.
Езілген ұлттарға қолын созған,
Кеңестің алтын арқау батыр елі.
Күн нұры шұғыласын шашты халқым,
Іркіп аттың басын тартып енді.
Еркек – құл, әйел – күң болып азап шегіп,
Қорлықтың көразабын тартып еді.
Біріне-бірін қоспай қират жауды,
Тосып ап Ашалы мен Талқыны енді.
Сарып ет бар күшіңді азаттыққа,
Жас қайрат үлкен-кіші, қартың енді.
Алға бас қаһарманша қайратпенен,
Бір қадам бұрылмағын артынына енді.
Етекпен шыққан күнді ешкім тоспас.
Болуы, өлке азат жақын енді.
Талқанда темір торды тегеурінмен,
Аяздай арқамызға батып еді.
Алдыңғы сапта тұрған жауынгерлер,
Қатарға теңдесіңді шақыр енді.
Ар-намыс адал ұлдың жан-жүйесі,
Сілесін дұшпанның қатыр енді.
Ата-ана күндіз-түні тілегіңді,
Қорқауды шөптей шауып жапыр енді.
Дұшпанға оқ, досқа өлеңім алғысымдай,
Халқыма арнап жазған тарту енді».
– Талай боздақтарымыздың ұлт азаттық үшін күрескен ерлігі мен төккен қанының бодауы өтелмей кеткен жоқ па?
– Иә, дұрыс айтасың. Сол кезде Іле аймағындағы бір топ бетке шығарлар ұсталып, түрмеге қамалғанда жазған әкемнің «Сарын» деген өлеңі бар.
«Отырмын бір әңгіме дегелі бір,
Нөсерін өлең-жырдан төгелі бір.
Өзінің бабымен бапталмастан,
Жүгірмей жүйріктер де бөгеліп жүр.
Көтерген аянбастан аруаналар,
Тұқыртып басын жерге шөгеріп жүр.
Тұлпардың түгі түсіп тұлабойдан,
Сыпырған құйрық-жалды бөгені жүр.
Ел жинаған ежелден қасиетті,
Болмады әтуері төбенің бір.
Суға батты ауырлап көтере алмай.
Желкені желкілдеген кеменің бір.
Ақсұңқарлар көрінбей ғайып болды,
Білмейсің қайда кеткен дерегін бір.
Жүгіртіп неше саққа жердің бетін.
Қарасаң жаратқанның шебері бір.
Бұғыны жатағынан атамыз деп,
Аңдыған әрбір сайда мергенің жүр.
Жемтік іздеп қаңқылдап шықты бәрі,
Салуға құзғын, қарға шеңгелін бір.
Жан сауғалап жүрмесе қиын болды-ау,
Болмаған соң сүйенер сенгенің бір.
Тұмшалап жан-жағынан азаппенен,
Ашылар күні бар ма перденің бір.
Зарланып қолға алынған азаппенен,
Зардамы өтіп кісен, шегенің бір.
Неше түрлі қинаумен ұрып жығар,
Айтқызам деп өзінің дегенін бір.
Көзіменен көргендер зар жылайды,
Тірідей жерді қазып көмгенін бір» (1944 ж.).
– Үш аймақ үкіметінің ғұмыры қысқа болды ғой, тұтас билік Қытай коммунистік партиясына бейбіт жолмен өткерілгеннен кейін Шарғын ақынның өмірі қалай өрілді?
– Гоминдаң билігі Тайуанға қашып кетіп, Қытай Халық Республикасы құрылғаннан кейін, «ұлтшылдарға», «солшылдарға» қарсы күрес науқаны басталып кетеді. 1950-ші жылы болса керек, әкем Текес аудандық партия комитетінде қызмет істейтін. Бір күні әкемнің қол-аяғын кісендеп, екі сақшының дедектетіп алып бара жатқанын көрдім. Бет-аузы қызарып кетіпті, мені байқап қалып, иегін қаға берді, «үйге бар» дегені болса керек. Қытайдың түрмесінде еркектің үрпісіне ши жүгіртіп, тырнағына ине шаншып қинайды дегенді естігенбіз. Зәрем ұшып кетті. Үйге жүгіріп барып, шешеме көшеден көргенімді еңіреп тұрып айтып бердім.
Содан біздің үйді бір сайдағы қыстауға көшіріп тастады. Жаз кезі, киіз үйде отырмыз, бір адам келмейді. Шешем күнде жаяулатып жиналысқа барып-келеді. Қызылкүреде ашық сот болып, өлім жазасына үкім етілгендерді жұрттың көзінше атыпты. Машина, арбамен атуға алып келгендердің арқасынан сақшылар мылтықпен аямай ұрып тұрыпты. Сонда денсаулығы нашаар, әлсіздері таяққа шыдамай сол жерде жан тапсырыпты. Арасындағы кейбір батырлар: «Әділетсіз үшін күресейік! Коммунистік билікті жоғалтайық!», – деп ұрандатып тұрыпты, Олардың бет-аузын сақшылар мылтықпен ұрып қан-жоса жасапты. Бұл оқиғаны өз көзімен көріп келген шешем, «Қалада сұмдық болып жатыр, әкелерің аман-есен түрмеден шықса екен!», – деп көзінің жасын көл қылып еді.
Беделхан деген інім (ағамның баласы, әкеме тән) екеуіміз күні бойы бір сары итпен алысып ойнайтынбыз. Туысқандардың өзі безіп кеті, ешкім бізге жолымай қойды. Кейбір жаны ашығандары түнделетіп келіп, қалымызды біліп кетіп жүрді. Соның өзі бізге көп демеу болды. Бір күні шешем бізді ертіп түрмеге барды, қақпадағы сақшылар әкемізге жолықтырмай қойды. «Ана қоршаудың сыртынан қараңдар», – деді, қоршауды айналып барып, бір дөңестеу жерге көтеріліп қарасақ, әкем жанында екі-үш адам бар, жалаңаяқ лай басып айналып жүр. Қолында мылтығы бар екі сақшы сыртынан бақылап, қарап тұр.
Екінші рет тағы барсақ, сыртқа шөп шабуға алып кетіпті. Мен алып алған екі-үш летр қымызды ары бұлғаттатып, бері бұлғақтатып әрең жеткіздім. Әкем мені бас салып құшақтап маңдайымнан сүйіп, қарнымнан, аяғымнан сүйіп мауқын басқандай болды. Аяғында кісен, қолында шалғы. Тұтқында жүрсе де бір-бірі қағытып, әзіл-қалжыңын айтып, өлеңдерін жазып жүріпті. Кейін кеңшілік саясат келіп, әкем ақталып, абақтыдан босап шықты.
– Сонда Шарғын ақынды түрмеге қамайтындай не істеп қойған екен?
– Бірінші кінәсі – Кеңестер Одағынан шекара бұзып қашып келгені болар, екінші кінәсі – ағарту саласымен айналысып, белсенді қызмет істегені болса керек. Одан басқа әкемнің аса бүлдіріп кеткен еш кінәсі жоқ еді. Содан ары, бері тергеп пәлендей қылмыс таба алмағандықтан босатып жіберді. Одан кейін бір-екі жылдай ойда, қырда, жайлауда жүріп шығармашылығымен айналысты.
1953 жылы Үрімжі қаласында өткізілген әдебиет көркемөнершілердің өлкелік жиынына аброймен қатысса, ал 1957 жылы Шынжаң жазушылар құрылтайына қатысып, оның ең беделді мүшелерінің бірі атанады. Сол кезде Қаз КСР Жазушылар одағынан келген академик, жазушы Ғабит Мүсіреповпен танысып, әңгіме дүкен құрады. 1954 жылы Іле қазақ автономиялы облысы құрылады, 1955 жылы әкем қызметін Құлжаға ауыстырып келеді. 1958 жылға дейін облыстық саяси мәслихат кеңесінде басшылық қызметте болады. Түрлі саяси себептерден сол жылы қараша айында Қазақстанға қоныс аударады.
Әкемнің өлеңдері сол кездің өзіне мектеп оқулықтарына кізгізілген болатын. «Шынжаң малшылары» (қазіргі «Шынаң газеті»), «Іле жастары», «Шұғыла» журналдарында жиі жарияланып тұрды.
– Ақын Шарғын атамекеніне оралғанда ел-жұрты қалай қарсы алды?
– Шекарадан өткеннен кейін Шонжыға келіп екі-үш күн аялдадық. Әкем Мырзыгүл Насиров деген адаммен бала кезінде дос болған ғой. Сол адам біз келгенде Диірмен калхозының директоры екен. Әскерде болыпты, Құжаға әскер бастап барып үш аймақ төңкерісіне көмектескен көрінеді. Біз жатқан үйдің керегесіне екі сақшы қойып қойды. Сол калхоз директоры Мырзыгүл әкемді іздеп келіп, «Тиірменге алып кетемін, үй беремін, балаңды, өзіңді жұмысқа орналастырамын», – деп қатты жабысты. Бірақ Нарынқолдан бізді көшіріп алып келеміз деп екі жүк машинамен туысқандарымыз келді. «Саған ұйғыр керек пе, туысқан керек пе?» деген секілді біраз әңгіме болды. Содан туысқандар жағы басым келіп, бізді көшіріп алып кетті.
– Нарынқолдың қай ауылына бардыңыздар?
– Шалкөде ауылына бардық. Ол жерге барған соң әкем мен ағама тіршілік ету қиын болды. Әкем Қытайда шенеунік болғаны белгілі, ал ағам Текес ауандық орта мектептің директоры болған, мамандығы биология еді. Қара жұмыс істеуге екеуінің де икемі жоқ болатын. Ұнжырғылары күрт түсіп кетті, ағам арба айдады, ал әкем сиыр бақты. Кейін келе ағам арбадан босап өз мамандығы бойынша Шалкөде мектебінде биология пәнінен мұғалім болды.
1959 жылы әкем Қаз КСР Жазушылар одағына барып беделді жазушылардың біразымен кездесіп қайтты. Олардың бәрі жиналып, ақылдаса келе Дихан Әбіловты әкеме хатшылыққа тағайындапты. «Өлеңдеріңізді жаза беріңіз, бір-екі жылға дейін Алматыға сізді әкеле алмаймыз», – деп жіберіпті. Әкемнің қуанышы көпке бармады, су сепкендей басылды, өйткені оның аты-жөні КГБ-нің тіркеуінде бар екен. Содан өлеңіне де, аузына да тиым салынды. Өлеңдерінің бірен, сараны жарық көргені болмаса, оған да жол қойылмады. Ал жаңа жазған өлеңдерін жастығының астына тастай берді...
– Ақынның шығармалары ары-бері көші-қонның немесе саясаттың салқыны тиіп жоғалып, өртеніп кеткендері болып па?
–1960 жылы жаз айы болатын, М.Әуезов атындағы әдебиет институтының ғылыми қызметкері Зылиман деген бір әйел адам әкемді іздеп келіп, бір-екі күн қонай-түней жатып ең таңдаулы деген өлеңдерін алып кетеді. Сол жоғалып кетті, бір кітаптан асатын өлең еді. Өзі көп іздеді, кезінде Іле қазақ автономиялы облысының әкімі болған Жағда Бабалыловқа хат жазыпты, «Сен Алматыда жүрсің ғой, соны іздеп тауып берші!» деп өтініш айтыпты. Сөйтсек, ол адам да «үш әріптің» бақылауында, аңдуында жүріпті ғой.
Қытайда «Ақ сұлу» деген ұзын дастаны жоғалып кетті, күні бүгінге дейін табылмады. Ел қолында кеткен өлеңдері баршылық, біразын сұрастырып таптым. «Райымбек» деген поэмасын сұрастырып дерегін тауып едім, ол кісі әне-міне беремін деп жүргенде бақилық болып кетті.
– Өзі Алматыға іздеп келе алмаған екен ғой?
– Өзі келейін десе, таныс-білісі жоқ. Оның үстіне аңдушылардан секемденген болар. Кейін өзім М.Әуезов атындағы әдебиет институтынан, орталық архивтен іздестірдім, «ондай дүние тапсырылған жоқ» деп қайтарды. Қазақстан тәуелсіздік алғанан кейін КГБ-нің архивінен де таныстар арқылы іздетіп көріп едім, онда да болмай шықты.
– Сол Зылиман деген әйелдің өзін неге іздемедіңіздер?
– Ол туралы кейін әкемнің Жағда Бабалықовқа жазған хатынан оқып отырмын ғой. Оның памиласын да, үйін де білмейміз, қайдан іздейміз. Ол адам қазір бар ма, жоқ па ол жағы да белгісіз.
КГБ-нің адамдары анда-санда әкеме келіп, «не істеп жатырсыз, не жазып жүрсіз» деп сұрап кететін. Күн көру керек, отбасын асырау керек, сиыр бақты, күзетші болды, сөйтіп жүріп зейнеткерлікке шықты. Қысқасы, бұл жақтағы өмірі – үй тұтқынында өтті. Оның үстіне мұндағы елдің әкеме болған көзқарасы дұрыс болмады. «Байдың баласының түрін қара, қытайлық шенеуніктің, ақынның сиқын қара» деген секілді кекесін сөздерді айтып жүрді. Мүмкін олардың осылай айтуына «үш әріптің» салқыны тиген шығар, ол жағын қайдан білейін?!
– Шарғын ақынның өлеңдер жинағы кезінде Үрімжідегі бір баспаға берілген екен, бұл жинақ жарық көрмей қалыпты. Мұның себебі не деп ойлайсыз?
– Сол кітаптың шықпай қалуына әкемнің Қытай коммунистік партиясының парт билетін тапсырып беруі болды ма деп ойладым. Ол кітаптың неге шықпай қалған себебін әкемнен сұрамадым, ол кісі де маған айтқан жоқ. Ал қазақстанда 1992 жылы «Көш керуен» атты жинағы шыққан болатын.
– Ақынның шығармалары өз бағасын алды ма?
– Әкемнің шығармалары толық зерттеліп, өз бағасын ала қойған жоқ. Көп зертеуді қажет етеді. Шынжаң қазақ әдебиетін зерттеп жүрген ақын інісі Тілеужан Сақалов әкемнің шығармаларын енді қолға алып, зерттеймін деп жүрген кезінде өзі бақилық болып кетті. Жазбаларын енді М.Әуезов атындағы ғылыми зерттеу институты сұрап отыр.
Әкем қайтыс болардың сәл алдында Тілеужан Сақалов әкемді іздеп келді. Екеуі өткен-кеткенді еске алып, оны біраз әңгіме жасады. Әңгіме арасында әкем:
«Баласы сен Сақалдың,
Жасыңнан жақсы атандың.
Әрқашан жолың болсын!
Атаңның халін сұрасаң,
Көр аузына тақалдым», – деп еді.
Бұл жақта іш-құста болып, ішінен тынып 30 жыл жүрді ғой. «Көк атпен айтыс» деген көлемді айтысын жазды. Бұл айтыс арқылы көп жыл айта алмай келген ойларын астарлап жеткізді, запыранын төкті. Айтыстағы «Көк ат» өзінің мініп жүрген аты ғой. Әкемнің ертеректе жазған «Өмір» деген өлеңі бар, осыдан да біраз нәрсені аңғаруға болады.
«Қазақтың көрдім шешен, сан жүйрігін,
Кең дала асқақтаған тау биігін.
Өмірдің өтіп талай өткелінен,
Қуанып сағатында сан күйіндім.
Құмар боп Алатаудың асқарына,
Қуалап кездім қанша тау биігін.
Түлкідей қызыл Алтай сұлу сусар,
Жатқандай бүлкілдетіп тау бүйірін.
Арлыға, арсызға да болдым жолдас,
Арсыздар алғаны жоқ ар биігін.
Парасат, ақыл, білім арға тоқтар,
Алмайтын ақыл бар ма, ар бұйрығын.
Ұсынбай махаббатың ақиқатын,
Қарасаң тартқан аз ба жар күйігін.
Мейірімсіз қатал жандар қан уыстап,
Суалтқан аналардың ақ биірін.
Өлкенің көрдім талай би мен бегін.
Сұраған зорлықпенен билеп елін.
Елде ерік желде көрік береке жоқ.
Улатып у жыландай тиген жерін.
Мойныңды қылыш кесіп қиясынан,
Отына озбырлардың күйген жерін,
Өлтіріп асып дара жазасына,
Бүйірден найза келіп түйрегенін.
Тарихтың таразысын өлшегенде,
Отына кімнің халық күймеп едің?!
Өнерсіз тау мен таста тозып жүріп,
Кімдердің еншісіне тимеп едің?!
Жарлыны езіп-жаншып, табанға сап,
Қолынан қанды ауыздың иленгенің.
Мен емес көрген жанның бәріне аян,
Көрсетіп бұқамойын шүйдедерін».
– Әкеңізбен ара-тұра әңгіме-дүкен құрушы ма едіңіз?
– Әңгімелесіп тұратынмын, кейде екеуіміз қалжыңдасатынбыз. Әкем жаратылысынан қалжыңбас адам ғой. Бір күні әкеме барсам, «Үйде отын жоқ, анау жоқ, мынау жоқ. Сендер әйелдеріңнің тілінен шықпайсыңдар», – деп ренішін айта бастады. Сонда мен: «Әке, сізден бастап дұрыс әйелге жарымаптық қой», – деп едім, ішек-сілесі қатқанша күлді. Әкем: «Сен де қай-қайдағыны айтасың-ау» – деп, менің сол сөзіме бір ай бойы күліп жүрді. Әкем екі әйел алған адам ғой, менің шешем бәйбүшесі болатын. Шешем мінезді, шатақтау адам еді, байдың ерке қызы болған ғой.
– Сіздің шешеңіз қай жылы қайтыс болды?
– Менің шешем әкем қайтыс болардан бір жыл бұрын (1987 ж.) қайтыс болды. Ал екінші шешем қайтқалы төрт жылдай болып қалды.
– Әкеңіз қайтыс болғанда жанында болдыңыз ба?
– Мен сол күні түске қарай әкеме бардым, «Сен жақсы келдің, арқамды ұқалап жіберші», – деді. Құры сүйегі қалыпты, бұрын арқасын ұқалап жүрмегеннен кейін қайдан білесің. Содан үйге барып, басымды жуып жатсам, «әкең нашарлап қалды» деген хабар келді. Апыл-құпыл киініп барсам, әкем алдыңғысынан болмай қалыпты, бірақ сөйлеп жатыр. Сүйегіне түсетіндердің аты-жөнін айтты. «Насыр мен Әбділда молданың баласын шақыр, жан үзер кезімде қасымда болсын», – деді. Кіші шешем бар, бәріміздің есіміз шығып, енді не істейміз деп абыр-сабыр болып жатқанда бір топ адам сау етіп кіріп келді. Әкемнің көңілін сұрауға келген ауылдастар ғой баяғы. Әкем маған ала көзбен бір қарады, «мыналар неге келді» дегендей жақтырмай. Не керек, сол күні кешке қарай өзін-өзі бойын ұсынып жүре берді. Бізге ешбір ауыртпалық салмай, жаны қиналмай кетті жарықтық. Соның сәл алдында, «дүние деген осы екен!» деп, санын шапалағымен бір салғаны әлі есімде.
– Өнер қанмен келеді дейді ғой. Шарғын ақынның ұрпақтарында аталарына тартып ақын болғандар бар ма?
– Қазірге жоқ, бұдан кейін болмаса. Ал әкеміздің ақындығы емес, ағартушылығы ағам Шабден екеуімізге жұққан секілді.
– Ақынның туғанына биыл 120 жыл болады екен, осы датаға байланысты қандай мәдени шаралар өткелі жатырсыздар?
– Әкем Шарғынның туғанына 120 жыл толу қарсаңында Алматы облысы Ұйғыр ауданы орталығындағы ән, жыр, ақындар орталығына аты беріледі. Ұйғыр ауданы әкімшілігі Тиірмен орта мектебіне әкемнің атын беруге әрекет етіп жатыр. Одан кейін ақынның 120 жылдық мерей тойы респубика көлемінде болмаса да, облыс көлемінде дабыралы аталып өтеді деген үмітіміз бар. Өлеңдерін бір кітап, ал естеліктер мен зерттеу мақалаларды бір кітап қып шығарсақ деп жоспарлап отырмыз.
– Аға, сұхбатымыздың соңын ақынның өмірінің соңғы кездерінде жазған «Арманның биігі» атты толғауымен түйіндесек қайтеді.
– Жарайды, онда сөйтсек, сөйтелік:
«Қалды талай көп жырым,
Баспа жаққа берілмей.
Алтындайын жарқырап,
Ел көзіне көрінбей,
Қадірін білген кезіксе,
Жинап алар ерінбей.
Кей сөзімнің мәні бар,
Алатаудың өріндей.
Сусаған менің сан жырым,
Шекараның шебіндей,
Екшеп алған тазалап,
Ақ тарының сөгіндей.
Күлімдеген көктемнің,
Жайқалып тұрған көгінде.
Жетер ме екен жырларым,
Шашылып жерге төгілмей».
– Шарғын ақынның арманы орындалып, өзі айтқандай жырлары «шашылып жерге төгілмей» оқырмандарына аман-есен жетсін, әрі өз бағасын алатын болсын!
Сұхбатты жүргізген Әлімжан Әшімұлы
Abai.kz