Сенбі, 23 Қараша 2024
Айқай 2867 7 пікір 15 Наурыз, 2023 сағат 14:03

АҚШ пен Ресей: Қара теңіз аспанындағы айқас

14 наурызда Ресейлік Су-27 жойғыш ұшағы АҚШ-тың MQ-9 дронымен Қара теңіз үстінде соқтығысты.  

Еуропадағы АҚШ Әскери-әуе күштері қолбасшылығының мәліметі бойынша, Су-27 америкалық MQ-9 дронының винтін зақымдаған. Нәтижесінде АҚШ дронын атып түсіріп, ол халықаралық суға құлаған. Болған оқиғаға байланысты Ресей Федерациясының Вашингтондағы елшісі АҚШ Мемлекеттік департаментіне шақырылған.

«Қара теңіз үстіндегі халықаралық әуе кеңістігінде тапсырма орындап жүрген АҚШ Әскери-әуе күштерінің MQ - 9 ұшқышсыз барлау ұшағын Ресейдің екі Су-27 ұшағы қауіпті жағдайда қалдырып, кәсіби емес түрде ұстады», - делінген командалық хабарламада.

АҚШ әуе күштерінің Еуропа мен Африкадағы қолбасшысы Джеймс Хеккер: «Біздің MQ-9 аппаратымыз халықаралық әуе кеңістігінде әдеттегі операцияларды жүргізген, оны Ресейлік ұшақ ұстап алып, атып түсірді. Соның кесірінен MQ-9 жойылды. Шындығында, кәсібиліктен мақұрым Ресейліктердің әрекеті өздерінің ұшағын да опат қыла жаздады», - деді.

Ақ үйдің мәліметі бойынша, бұл жағдай Мәскеумен талқыланатын болады.

АҚШ Президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан: «Мемлекеттік департамент Ресейлік әріптестерімен осы қауіпті әрі кәсіби емес қимылы туралы тікелей сөйлеседі», - деді.

Ал Ресей жағы болған оқиғаға АҚШ-тың өзі кінәлі деді.

Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, Су-27 америкалық дронға жақындамаған, ешқандай шабуыл жасамаған.

«АҚШ-тың дроны сигналға жауап ретінде сигнал жіберетін қабылдағыш құрылғысын өшіріп, арнайы әскери операцияны жүргізу үшін белгіленген әуе кеңістігінің шекарасын бұза отырып ұшқан. MQ-9 басқару қабілетін жоғалтып, суға барып құлады», - дейді Ресей Қорғаныс министрлігі.

CNN мәліметі бойынша, бұл – соғыс басталғалы Ресей мен АҚШ әскери ұшақтарының алғашқы соқтығысуы.

Ашық дереккөздерде, MQ-9 дроны шамамен 10,5 миллион доллар тұрады.

Айжан Темірхан

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1481
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475