Ашық ақпараттық кеңістік қалыптаспақ
Жақын арада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақпараттық доктринасын бекітті. Сөзсіз маңызды құжат. Доктринаның мақсаты – ақпараттық кеңістікті қорғау, отандық медианы қолдау және ақпаратқа қолжетімділікті арттыру. Сонымен бірге, ашық ақпараттық кеңістігі жөнінде айырықша айтылыпты.
Президент тапсырмасына орай дайындалған доктринанада: «Елдің бірыңғай ақпараттық кеңістігінің орнықты жұмыс істеуін дамыту мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың базалық басымдықтарының бірі. Осы бағыт шеңберінде ашық ақпараттық кеңістікті, сұранысқа ие және мықты медианы қалыптастыруға, Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдік берілген сөз бостандығын, әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алу және тарату құқығын қамтамасыз етуге байланысты міндеттер кешені шешіледі», делінген.
Сонымен қатар, ақпараттық саладағы қауіпсіздік пен қатерлері ақпараттық саясатты жүргізу тәсілдерін қайта қарастыру, ақпараттық салада мемлекеттік институттар мен басқа да қоғамдық қатынастар субъектілерінің арасындағы өзара қарым-қатынастардың жалпы парадигмасын өзгерту мәселесі қозғалған.
Доктринаның ақпарат саласын алға жылжытуда алатын орыны ерекше екені түсінікті жайт. Өйткені бұл доктрина іс-әрекет жасауға бағыт беретін нақтылы нұсқаулар принциптерінің жиынтығы.
Мемлекет басшысы қол қойған айтулы доктринада жалған ақпаратқа қарсы іс-қимылдың мемлекеттік тетігін жетілдіруге, ақпараттық процестің барлық қатысушылары арасында тиімді коммуникациялар жүйесін құруға мүмкіндік беретіні және Әділетті Қазақстанды құру бағыты аясында ақпараттық саланың міндеттерін шешуге ықпал ететіні айтылған. Талас тудырмайтын тұғырнама! Барша БАҚ өкілдерінің бағдар тұтатын темірқазығы осы болу керек деген ойдамыз.
Abai.kz