Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Пікір 2895 5 пікір 30 Наурыз, 2023 сағат 12:54

Сот жүйесін сыбайлас жемқорлық жайлап алған...

Кеше Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы заңға өзгертулер мен түзетулер енгізу туралы заңға қол қойғаны белгілі.

Қолданыстағы заңды өзгерту туралы бастама депутаттар тарабынан көтерілген. Заң жобасының авторлары жасалатын жаңа өзгерістер сот қателігін азайтып, сот үкімдерінің сапасын арттырады деп есептейді. Апелляциялық инстанция қылмыстық және азаматтық істерді бірінші инстанцияға қайтармай, оларды өзі түзете алады. Біз сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы заңға енгізілген өзгерістердің нақты ролы туралы Қазақстан заңгерлер одағы Алматы филалының бастығы, «Әділдік жолы» қоғамдық ұйымының жетекшісі Бауыржан Мақұлбаев мырзаның пікірін білдік.

Бауыржан Мақұлбаев:

- Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы заңға енгізіліп отырған өзгертулер мен толықтырулар, жалпы судьялардың тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған деп есептейміз, өйткені аталған заң, соттардың жұмысын жақсартып, судьялардың нақты тәуелсіздігін одан әрі арттырады.

Атап айтқанда, заң жобасына, аудандық сот төрағаларын сайлау арқылы тағайындауды көздейтін нормалар енгізіліп отыр. Аталған сайланбалы жүйені енгізу, жағдайды түзеуге септігін тигізеді және ол бойынша судьялардың өздері төрағалық лауазымға өз қоғамы арасынан кандидатты ұсына алады. Бұл ретте, айқындық пен ашықтық қамтамасыз етіледі.

Мемлекет басшысы тарапынан 2021 жылы 1 қыркүйекте «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты жаңа Жолдауы жария етілген болатын.

Сол себепті, билік тарапынан заң аясындағы жасалынып жатқан реформаларды ары қарай заңнамаларды жетілдіру мақсатында жалғастыру керек деп ойлаймын, өйткені ол ағымдағы заманымыздың талабы. Бұл өз кезегінде, Қазақстанның одан әрі демократиялық дамуына себепші болмақ.

Алайда, билік тарапынан жасалып жатқан саяси реформалар халықтың көңілінен толықтай шығады деп айта алмаймын, өйткені енгізіп жатқан өзгертулер мен толықтырулар, сот жүйесіндегі болып жатқан сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдері мен сот өкілдері тарапынан заңсыз сот шешімдерін шығаруға әкеліп соқтырған іс-әрекеттердің алдын алады деп толық сеніммен айта алмаймыз.

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052