Bloomberg агенттігі таратқан ақпаратты Қазақстан экология және табиғи ресурстар министрлігі растады. Бірақ айыппұл мөлшерін сот белгілейтінін мәлімдеді.
Bloomberg агенттігі таратқан ақпаратта министрлік North Caspian Operating Company (NCOC) кәсіпорнын қоршаған ортаны ластады деп айыптаған.
"Қоймада сақталған күкірт мөлшері рұқсат етілген шамадан екі есе асып кеткен" деп жазылған хабарламада.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі NCOC кәсіпорны үстінен Атырау қаласының әкімшілік сотына шағым түсіргенін растады. Министрлік өкілі айыппұл мөлшерін сот белгілейтінін айтты.
"Атырау облысы бойынша экология департаменті North Caspian Operating Company компаниясының қызметіне тексеріс жүргізді. Қорытындысында экологиялық заңнама бірнеше рет бұзылғаны анықталды. Соның ішінде "Болашақ" қоймасында күкірт мөлшері нормадан (1 млн тоннадан астам) асып кеткен. Компания күкірт қышқылын сақтауға уақытша рұқсат құжатын алмаған, қоршаған ортаны қорғауға арналған іс-шараны, мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысында көзделген талаптарды орындамады, экологиялық рұқсат алмастан, тазартылмаған шикі газды жаққан" делінген экология комитеті таратқан хабарламада.
NCOC компаниясы осы жағдайға қатысты Bloomberg-ке түсініктеме берген.
"Күкірт өндіру және сақтау талаптары Қазақстан заңнамаларына, экология стандарттарына сай орындалып жатыр" делінген компанияның жауабында.
Былтыр жазда Қашаған кен орны аумағындағы аралда 3 мыңға жуық шағала жаппай қырылған. Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы "құстар АН5 тұмауынан өлгенін" анықтаған.
Қашаған – Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде орналасқан әлемдегі ірі мұнай және газ кен орны. Ол Атыраудан 80 шақырым жерде. NCOC құрамына Eni, Total, ExxonMobil, Shell, CNPC, Inpex және "ҚазМұнайГаз" компаниялары кіреді.
Былтыр қарашаның аяғында Ақтөбе облысының экология департаменті "СНПС Ақтөбемұнайгаз" компаниясына айыппұл салған. Департамент мұнай ұңғымасынан беймәлім сұйықтық ағып, айналаны ластағанын анықтаған.
Abai.kz