Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
2019 1 пікір 31 Наурыз, 2023 сағат 15:44

«Әкімдік халықты қалқан қылып отыр: "Кублей" зауытының заңгерлері Орал қаласының әкімдігін Жоғарғы сотқа бермек

Орал қаласы әкімдігі мен «Кублей» зауытының арасындағы даулы ісі әлі шешімін таппады. Енді «Кублей» зауыты Орал әкімдігін Жоғары сотқа беруге бекініп отыр.

«Кезекті қадамымыз заң бойынша кассациялық шағым беру. Өйткені қабылданған шешім заңсыз.

Бізде 3 негіз бар. Біріншісі – заң жүзінде егжей-тегжей жоспары Орал қаласының бас жоспарына қайшы келмеуі керек. Бас жоспар бойынша өндірістік аумаққа тұрғын үй салуға болмайды.

Екіншісі – зауыттың санитарлық қорғау аймағы тектен тек белгіленбеген. Сондай-ақ санитарлық қорғау аймағы деп танылған қорытындының күші жойылмаған. Оны да сот ескеріп отырған жоқ.

Үшінші негіз – әкімдік егжей-тегжей жоспарын жайдан жай қабылдай алмайды. Ол арнайы процедурадан өтуі керек. Ал ол процедуралар жасалмаған әрі оны сот процесіне әкеліп дәлелдеген де жоқ. Осыған қарамастан сот осындай заңсыз шешім қабылдап отыр», - дейді «Кублей» ЖШС заңгері Жәнібек Башанов.

Бұрын белгілі болғандай, «Ирменова» жеке кәсіпкерлігі «Кублей» зауытының санитарлық аумағын баса-көктеп, «Циолковский» тұрғын үй кешенін заңсыз салып тастаған. Оған әкімдік рұхсат берген. Бүгінде «Циолковскийдің» тұрғындары пәтер құжаттарын ала алмай жүр.

«Кублей» зауытының заңгері «құрылыс компаниясы мен әкімдік екі оттың ортасында қалған тұрғындарды бізге айдап салып отыр» дейді.

«Біздің бірінші үйге ешқандай наразылығымыз жоқ. Сол үйде 100 пәтердей бар. Үй салынып бітті. Жекеменшік құқықтары бар. Олардың сот процесіне неліктен келіп жатқаны бізге түсініксіз. Олар әдейі қатысып жатыр. Біреудің тапсырмасымен. «Келіңдер, наразылық білдіріңдер» деп отырған адамдар бар. Ал үшінші-төртінші үй салынып біткен жоқ. Ол жерде ешкім тұрмайды. Екінші үйдегі 30 пәтерде тұрып жатқандар бар.

2020 жылы сот шешімі біздің пайдамызға шешілген кезде дәл осы екінші үй салынып бітпеген еді. Олар сол сот шешімі Кублейдің пайдасына шешілсе де, заңсыз екінші үй салды. Ол үйге заңсыз коммуникация қосылды. Кәріз жүйесі, су, жарық, жылу қосылды. 30 пәтеріне адам кіргізілді. Әкімдік осыған әдейі жол берді. Қазіргі күні сол 30 пәтер үшін осындай үлкен дау болып жатыр», - деді «Кублей» ЖШС заңгері Жәнібек Башанов.

Сотта «Ирменова» жеке кәсіпкерлігінің үйді заңсыз салғанын қала құрылысын бақылау басқармасының маманы да растады.

«2020 жылы қаңтарда «Ирменова» жеке кәсіпкерлігіне қатысты тексеру жүргізілді. Оның нәтижесі бойынша жеке кәсіпкер Ирменова Жанар Сапарқызы жіберілген заң бұзушылықтар үшін әкімшілік тарапынан жауапкершілікке тартылды. Мәселен жобалау-сметалық құжаттаманың және сараптаманың оң қорытындысы болған жоқ. Оған қоса, құрылыс-монтаждау жүргізу ісі басталғаны туралы хабарлама да болмаған. Сондай-ақ сәулет, қала құрылысы туралы заңнамада көзделген техникалық және авторлық қадағалаулардың болмағаны анықталды.

Тексеру нәтижесі бойынша кәсіпкерге қатысты бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым енгізілді. Атап айтқанда құрылыс монтаждау жұмысын тоқтату және жоғарыда аталған заңбұзушылықтарды түгел жою қажет.

Бірақ құрылыстың тоқтатылғаны туралы хабарлама келген жоқ. Десе де Жанар Сапарқызы 4 үйге арналған 4 жобаны әзірлегенін атап өткім келеді. 4 жобаға сараптама жүргізілді және 2020 және 2021 жылдары құрылыс монтаждау жұмысын жүргізуді бастауға қатысты хабарлама берілді. Алайда бұл хабарламалар 2020 жылдың 28 желтоқсанынан бастап қабылданбады. Оған жерді пайдалану мақсатын өзгерту себеп болды. Бүгінгі таңда сот дауларына байланысты құрылыс-монтаждау жұмысы жүргізілмей тұр», - деді Орал қаласы қала құрылысын бақылау басқармасының маманы Кенжебек Ахметов»,- деді Орал қаласы қала құрылысын бақылау басқармасының маманы Кенжебек Ахметов.

Сондай-ақ сотта санитариялық бақылау басқармасының жетекшісі «Кублей» ЖШС-нің санитарлық қорытындысының бар екенін және оның аумағы кемі 100 метр екенін растады.

«2015 жылы 4 қарашада «Кублей» ЖШС санитарлық қорғау аймағына қатысты ең алғаш біздің санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыны алды. Оған сәйкес қалада тұрған консерві зауыты «Кублей» ЖШС біздің қорытындымыз бойынша төртінші қауіптілік класына жатады. Оның санитарлық қорғау аймағы минималды 100 метрден аспауы керек. 2015 жылы қорытындыны алған уақытта біз арнайы орынға бармай, іште отырып, арнайы жобаға сүйеніп жүргізетінбіз. Жоба бойынша барлық қорғау аймақтары болды. Арнайы қорғау аймағы алдын ала жіктелді, жоба бойынша 100 метрі белгіленді. Жалпы қорытындыны бір рет ала алады. Санитарлық қорғау аумағын белгілеу Бас жоспармен бекітілген норма», - деді Орал қаласы санитариялық бақылау басқармасының жетекшісі Гауһар Дүйсеғалиева.

Заңгер Евгений Прицкердің айтуынша, 2016 жылдан бері үлескерлердің мәселесіне қатысты дауға тікелей жергілікті әкімдік жауапты. Яғни «Циолковский» тұрғын үй кешеніне ақша құйып, оны заңды түрде рәсімдей алмай отырған тұрғындардың мәселесіне тікелей Орал қаласы әкімдігінің жауапты екенін алға тартып, қылмыстық құрамның бар екеніне баса назар аудару қажет екенін айтты.

Осыған дейін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты комитет өндірістік аймақта тұрғын үй салуға тыйым салынған деп нақты көрсеткен болатын. Сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің сотқа «Кублей» зауытының санитарлық қорғау аймағы бар, ол аумақ кемінде 100 метр болуы тиіс және онда тұрғын үйлерді салуға тыйым салынған деген жауап жолдаған.

Бұдан бөлек, Ауыл шаруашылығы министрлігі де зауыттың жабылуы нарыққа соққы беретінін мәлімдеген еді. Министрлік «Кублей» зауытына төнген қауіп елдегі ауыл шаруашылығы саласына тікелей кері әсерін тигізеді, зауыттың проблемасы шешілмесе Қазақстанда қайта өңдеу саласы құлдырап, ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеті төмендейтінін айтқан. Бүгінде аталған зауытқа екі жарым мыңнан астам шаруа қожалығы мал өткізіп отыр.

 

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036