Қызылмияны «Қызыл кітапқа» енгізбей тыныштық жоқ
Тал-дарақты кестік, қыр мен тауды тестік. Егісті шаптық, сексеуіл біткенді саттық. Құстарды аттық, сөйтіп, пайдаға баттық. Құнды отынды құрттық, аңдарды шекарадан асырып тықтық. Енді, міне, дәрілік шөптің тамырына шықтық. Сатпағанымыз қалмады. Ақбөкеннің мүйізін алады екен дедік. Қыруар ақшаға. Табиғатқа зиян келеді дегенді ойламағандар қынадай қырып берді деңіз. Тек мүйізін ғана алатын болғандықтан атқанын атып, сатқанын сатып, мүйізін ғана кесіп әкеткендер де болды. Нәтижесінде теңкиіп-теңкиіп тау болып үйілген өлекселері қалды. Бүгінде ақбөкеннің санаулы ғана үрім-бұтағы қалды әупірімдеп. Одан қара темір қабылдайды екен қытай десті. Алдымен мыстан бастап, артынан қара темірімізге дейін Қытай асырып тындық. Енді қытайлықтар қызылмия деген дәрілік шөптің тамырын сатып алады екен дегенді естіп дала кезіп кеткендер көп. Тіпті жұмысшы жалдап, жердің астын үстіне келтіріп қопарып, тонналап өткізіп жатқандар баршылық. Қазып, құртқан оңай, әрине. Ал тамырымен жұлынған соң оның орнына келмесі кәдік.
Тал-дарақты кестік, қыр мен тауды тестік. Егісті шаптық, сексеуіл біткенді саттық. Құстарды аттық, сөйтіп, пайдаға баттық. Құнды отынды құрттық, аңдарды шекарадан асырып тықтық. Енді, міне, дәрілік шөптің тамырына шықтық. Сатпағанымыз қалмады. Ақбөкеннің мүйізін алады екен дедік. Қыруар ақшаға. Табиғатқа зиян келеді дегенді ойламағандар қынадай қырып берді деңіз. Тек мүйізін ғана алатын болғандықтан атқанын атып, сатқанын сатып, мүйізін ғана кесіп әкеткендер де болды. Нәтижесінде теңкиіп-теңкиіп тау болып үйілген өлекселері қалды. Бүгінде ақбөкеннің санаулы ғана үрім-бұтағы қалды әупірімдеп. Одан қара темір қабылдайды екен қытай десті. Алдымен мыстан бастап, артынан қара темірімізге дейін Қытай асырып тындық. Енді қытайлықтар қызылмия деген дәрілік шөптің тамырын сатып алады екен дегенді естіп дала кезіп кеткендер көп. Тіпті жұмысшы жалдап, жердің астын үстіне келтіріп қопарып, тонналап өткізіп жатқандар баршылық. Қазып, құртқан оңай, әрине. Ал тамырымен жұлынған соң оның орнына келмесі кәдік.
Биологиялық тұрғыдан алып қарағанда, ол өсімдіктің қайта өсіп шығуы үшін жүздеген жыл қажет болуы да мүмкін. Қолмен қазбай-ақ, алып тракторлармен жердің астын үстіне келтіріп қопарып жатыр. Яғни тамырынан түк қалмаған соң ол қайта өсіп шықпайтыны айқын. Шекарадан шелектеп емес, тонналап өткізіп жатқан дәрілік шөпке деген қызығушылық оны тамырымен құртуға құмбылдардың көбеюіне әкеп соқтырып отыр. Тіпті осы шөп өсетін аймақта қос тігіп, қожайын болып, іздеуі жоқ, сұрауы жоқ болған соң беймарал жинап жатыр. Әрине, сұраныс жоғары. Сатып алушы болмаса, дала кезіп, үйден безіп кеткендер болмасы анық. Демек, мұнда сатушы, сатып алушылық жүйе жақсы жолға қойылған деген сөз. Дала шөбінің тамырына аңсардың аууы тектен-текке емес. Қызылмия ең алдымен иммунитетті көтеруге арналған дәрілерге таптырмайтын қоспа болады екен. Оның тамыры ағзаға өте қажетті дәрумендерге толы. Бағасы да аспанға атылып тұр. Тоннасын қос басынан 450-500 мың теңгеге сатып алып кететін көрінеді. Далада жайқалып өсіп тұрған шөптің тамырын жинау қиынға соқпасы анық.
Әрі тегін дүниені жарты миллионға бағалап тұрса, әрі шетелдік аларманға төте жол тапқан пысықайлардың амалына қайран қалмасқа шара жоқ. Әсіресе бұл өсімдік Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облысында көптеп өседі. Сондықтан да қазір осы екі аймақта тамыр жинау қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Тіпті Шымкенттен жұмысшы жинап алып кетіп жатқандар да бар. Түркістан маңында да жұмыс қызу. Тоғай іші толы қос. Жалдаған жұмысшыларға айына 70-80 мың теңге төленеді екен. Бұл айлық жалақысы мардымсыз аймақ үшін үлкен жалақы болып есептеледі. Сондықтан да шөптің тамырын жината ма, шап дей ме - бәрібір. Былайғы жұрт екі қолға бір күрек табылғанына мәз. Қоршаған ортаға зиян келе ме, келмей ме - онда шаруасы жоқ. Бір жұмысшыға осынша жалақы төлесе, демек, арғы жаққа өткізгенде шеке майы шылқитыны анық пысықайлардың. Табиғаттың тегін байлығын құртып жатқандарға қарсы майдан ашып отырған - әзірге тек ауыл тұрғындары ғана. Жергілікті билік, Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне қарасты жергілікті өкілетті органдар, кеден қызметкерлері қайда қарап отырғаны белгісіз. Дәрілік шөп «Қызыл кітапқа» енбегендіктен, ол үшін қандай да бір жауапкершілікке тартылмайтынын білгендіктен, айылын жимай отырғаны бек мүмкін. Дегенмен дала шөбіне де бір сұраудың болуы керек қой. Әлде жауапты органдардың көзжұмбайлыққа салынуы «сыбайлас қамқорлықтың» арқасы ма екен?! Кім білген? Қалай болғанда да еліміздегі өсіп тұрған көк шөп түгіл, тасқа да, басқаға да жанашырлық болуы керек емес пе? Еш жерде тіркелмей-ақ, салық төлемей ақ. Яғни заңсыз кәсіппен айналысып жүргендерді жауапқа тарту да қиын. Жұмысшылардың қолында бірде-бір құжат жоқ. Ал жұмыс беруші бөтен біреудің төбесі көрінгеннен табанын жалтыратып үлгереді. Ал жұмысшылар ешқандай сұраққа жауап бермейді. Бар айтар уәждері «бастық біледімен» құтылады. Ол қандай бастық, қайдан келген, оған да жауап дайын: иығын қиқаңдатады. Осы істің басы-қасында жүргендер ұстала қалған жағдайда жеңіл әкімшілік жазаға тартылып, тірлігін тірілтіп, ескі сорабымен жорта береді. Әзірге дәрілік шөп әлі де болса бар, оның тамырынан мүлдем айырылып қалмаудың жолы - қызылмияны «Қызыл кітапқа» енгізу.
Ердос НАЙМАНБАЕВ, ОҚО мамандандырылған табиғатты қорғау прокурорының көмекшісі:
- Осы іске байланысты сұрау салған болатынбыз. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік мекемемен не болмаса жеке кәсіпкермен мияның тамырын жинау ісі бойынша келісім жасалмаған. Демек, олар заңсыз жұмыс істеп жатыр.
Қызылмия - қып-қызыл ақша
Қызылмия еліміздің далалы және шөлді аймақтарында, Жайық, Шу, Іле, Сырдария өзенінің жағаларында өсетіні белгілі. Дүниежүзілік және отандық фармакологиялық тізімге енгізілген. Тамырында глюкоза - 15,2 пайыз, фруктоза - 4 пайыз, сахароза - 20,3 пайыз, мальтоза - 0,6 пайыз, крахмал 34 пайыз бар. Одан бөлек, органикалық қышқыл, эфир майы, глицирризин қышқылы, фенолкарбан қышқылдары, кумарин, флавоноид, тері илегіш заттар, жоғарғы алифатты көмірсутектер және спирт бар. Медицинада қызылмия препараттарын эликсир, сығынды, ұнтақ және қою шырын түрінде қақырық түсіретін және іш өткізетін дәрі ретінде пайдаланады. Тибет медицинасында қызылмия препараттарын өкпе туберкулезін емдеуге, артеросклерозға қарсы, ал Батыс Еуропа медицинасында семіздіктен арылу үшін қосынды жасауға қолданады. Косметологиялық заттарға да көп қосады. Демек, бір ғана шөптің тамырынан осыншама пайдалы зат болса, оны тегіннен-тегін жинап жатпағаны анық. Оны шетелге асыруға тосқауыл қойып, неге өзіміздегі фармакологиялық зауыттарда жаңа өнім жасап шығармасқа? Мұндай жобалар баршылық. Бірақ әзірге қағазда ғана. Ордабасы ауданында қызылмия дәрілік өсімдігін өсіру инвестициялық жоба ретінде қолға алынған болатын былтыр. Алайда іс аяқсыз қалып кеткендей. Ал Қызылорда облысындағы Жалағаш ауданында да осы дәрілік шөпке қатысты iрi инвестициялық жоба бастау алған-тын. Мұнда да қызылмия өсiмдiгiн өңдеп, экспортқа қабiлеттi дәрi-дәрмек, жеңiл өнеркәсiп өнiмдерiне қажеттi шикiзаттар дайындап шығаратын iрi зауыт салу жөніндегі жоба болатын. Зауыт салынған жағдайда жоғары қуаттылығы 1000 тонна мия тамырының экстраты, 100 тонна глициризинат моноамония өндiрілмек. «БИС-Групп» ЖШС-нiң өкiлi Дiлдахан Ахметов: «Экономикасы мықты дамыған елдерде қызылмия тамырынан қымбат дәрі-дәрмектер жасап шығарады. Нарықтағы бағасы тұрақты. Әрі сұранысы да жоғары», - деген болатын. Әрине, жоба қағаз жүзінде қалып кетпей жүзеге асса, қанеки. Шетелдіктердің көзін қыздырған қызылмияны шекарадан асыра бермей, өзіміз өңдеп, дәрі жасап шығарсақ, қып-қызыл ақша қазына қоржынын толтыратыны анық.
Автор: Гүлжан КӨШЕРОВА, Жамбыл облысы
Abai.kz