Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 8082 0 пікір 23 Сәуір, 2013 сағат 10:58

Әлімсақтан мұсылман сияқты едік...

Қазақтың «қашаннан мұсылмансың?» деген сұраққа «әлімсақтан мұсылманмын» деп жауап беретінін білетінбіз. Бірақ осы «әлімсақ» сөзінің мағынасын онша ұғына қоймаған едік. Кейіндері бұл сөзді сақ тайпасымен байланыстырғанда да, сенгіміз келмеген. Өйткені қазақ даласында бақсылық болған.

Сонда қандай мағына береді екен деп жүргенімізде, таптық-ау... Бүкіл жаратылыс, жаратылмастан елу мың жыл бұрын Адам Атаның арқасынан қияметке дейінгі ұрпағы шығып, жаратқанға «сен біздің Раббымызсың» деп куәлік еткен. Сол кезді «әлімсақ» дейді екен. Біз бұл хабарға әлімсақтан бергі мұсылман ретінде сенеміз.

Қазақтың «қашаннан мұсылмансың?» деген сұраққа «әлімсақтан мұсылманмын» деп жауап беретінін білетінбіз. Бірақ осы «әлімсақ» сөзінің мағынасын онша ұғына қоймаған едік. Кейіндері бұл сөзді сақ тайпасымен байланыстырғанда да, сенгіміз келмеген. Өйткені қазақ даласында бақсылық болған.

Сонда қандай мағына береді екен деп жүргенімізде, таптық-ау... Бүкіл жаратылыс, жаратылмастан елу мың жыл бұрын Адам Атаның арқасынан қияметке дейінгі ұрпағы шығып, жаратқанға «сен біздің Раббымызсың» деп куәлік еткен. Сол кезді «әлімсақ» дейді екен. Біз бұл хабарға әлімсақтан бергі мұсылман ретінде сенеміз.

Мешіт пен шіркеудің парқы

Қанша айтылып жатқанымен, қоғамның еті үйреніп кеткені соншалықты, ешкім бүлк етпейтін болды. Қаншама жантүршігерлік оқиғаларды күнде көзіміз көріп жүргенімен, құдай сақтасын, сол бейбақтық біздің басымызға түспейтіндей маңғаз ғана басамыз. Біздікі біреулерді пәлендей түзеп қоймаса да, ендігәрі ешкім сондайға жоламай, отбасын, айналасын қорғап жүрсін деген ниеттен шыққан сөз болмақ. Бақсылықты айтқанда, «бабаларымыз ұстанған жол» деп ақталатын, енді шоқынғанды айтсақ, кімді айтып ақталар екен?
Қазақ мектеп, мешіт, медресе ашып, сауабын жинайтын қайырлы ісін шіркеуге айырбастағанды да естідік.
Астана қаласының Целинный ықшамауданындағы бұрынғы балабақшаны шіркеуге айналдырып,  «Рахым» деп атапты.
Христиан дінінің пресвитериандық-протестанттық бағытын насихаттайтын бұл шіркеулер ТМД мемлекеттерінде «Благодать» деген атымен танымал. Біздің елге ең алғаш 1991 жылы «Грейс» деген атпен келіп, Джозев Ю және Миссия президенті - Ким Гван Шин есімді пірәдар әкеліпті. Содан біздің елде де қарқынды жұмыс істеп Алматы, Қарағанды, Павлодар, Тараз, Өскемен, Теміртау және Қарағанды жақтағы Топар сияқты аудандарда кең таралған.
Астанадағы  «Рахым»  шіркеуінің басшысы, яғни пірәдары кәдімгі өзіміздің қара домалақ қазақтың баласы - Бақытжан Қашқынбаев. Онымен қоса, бұл шіркеуде қазақ тілінде уағыз айтылып, қазақ тілінде ән де шырқалады. Рождество мерекесінде, тіпті Абай мен Шәмші әндері де шырқалып, қазақ тіліндегі уағыздарға кілең қазақ жиналады екен.
Ал оңтүстік астанамыз Алматының өзінде қаншама ұйым бар. Абай мен Гайдар көшелерінің қиылысында орналасқан Корей орталығының жанындағы «Благодать» шіркеуі де өз жұмысын қапысыз істеп отыр. Әр жексенбі күні солай қарай ағылған нөпірдің ішінен қазақ қариялары мен қара көздерін көргенде, мешіттің жолын нұсқай алмайтыныңа өкінесің.
Бұл бір дейсіз бе? Сейфуллин даңғылы мен Тобаяқов көшесінің қиылысындағы «Құдайға сиыну үйі» деген орталықты көргенде, шалқамыздан түсе жаздадық. 

Алматыдағы «құдайға сиыну үйінде»

Жаратқан кешірсін. Бірақ дәл осындай орталықтың барлығы өзіне де аян ғой.
Қаладағы әпкеміздің айтқанынан білген «құдайға сиыну  үйіне» бармақ болдым. Бұның өзі қандай жақсылық дейсіз...
Білуімше, жексенбі христиандар үшін «тазару күні». Құлшылық жасауға жиылады. Бар білмек болғанымды, көрмек болғанымды осы күні кездестіре алатыныма іштей сенімді едім. Өйткені басқа да әріптестеріміздің талай рет солардың ортасына жасырын барып, зерттеу жүргізгенін білетінмін.
Сағат онның уақытында Сейфуллин даңғылымен төмендетіп бара жаттым. Көшенің бейнесін жұмыс іздеп, қаз қатар тізіліп тұрғандар жадағайлайды. Әйтеуір басқа күндерге қарағанда көліктің едәуір аздығы көңілге кәдімгідей қуаныш сыйлайды. Соған да қуанады екенсің. 
Әлгі орталыққа келіп-кетіп жатқан адамдарды көп көзім шала алмады. Ойдағым іске аспайтындай көрінді. Көшеде тұрған бозбаланы байқағаныммен назар аудармаппын, бір кезде әлгі үйден кәрі кісі шығып, оны әлгі бала қолтықтап кетіп бара жатты. Немересі болар деп топшыладым. Барып, сұрақ қоюға да тартынады екенсің. Күстаналағандай болып, жүйкелеріне тиетін шығармын деп қысылдым. Баяғыда таспиғын тартып отыратын әжелеріміз бен мына кәрі әжейді салыстыра алмайсың. Өз қандасыңды бөтен дінді деп те ойлау күнә сияқты сезілді.
Бір уақта әлгі үйге келетін қараның саны арта бастады. Жастарға қарағанда жасы белортадан ары асқандар көбірек. Біреуіне жақындай алмайсың. Іштей дұғаңды оқып, мың қайырасың.  Не болса да, мақсатыма жетпек оймен әлгі үйге беттедім. Сырты ескі, сылағын жаңбыр жеп, әрбір жерді қарайып тұрған сары үйдің ауласы айнадай. Есігін бір кемпір ашты. Үйдің іші толған адам. Менің сақалымды көріп, «не керек?» деді. Не дерімді білмей, «можно войти» деп ем, «вы с кем?» деп қайыра сұрақ қойды. Бір екі ауыз сөзден кейін іштей қатая бастаған мен, «один» дедім. Сірә, мұнда тек біреуді біреу ертіп әкеліп кіргізетін болса керек. Менің артымда келіп тұрған адамдарды күттірмейін деді ме, әлде өздерінің ізгіліктің жолында екенін «дәлелдегілері» келді ме, «проходи, дорогой» деп жылы қабақ таныта бастады. Ішінде біраз әйелдер отыр. Бірен-саран ер адам. Көбі маған жалт қарайды. Алғаш көріп отырған адамдарына «аяушылық сезіммен» қарап отырғандарын да аңғару қиын емес. Бір кезде қолына кітабын алып, бір кісі шықты да, әндетіп, хормен қайталатқызып, құлшылықтарын істеді. Сондағы қызметкерлердің қолынан кезек-кезек бір қасықтан су ішіп, әуенге ілесіп әндерін айтып, крестерін сүйіп, шырақтарын жақты. Әлгі жерде менен басқа қазақ жоқ секілді. Ана әуеннен басым да ауырып бара жатты. Құлшылық рәсімдері бітіп, далаға шығып бара жатқанда, кіреберістегі «ради Христа» деген жазуы бар жәшікті көрдім. Ақша тастайтын жәшік екені түсінікті.
Шыға берісте «әй, балам» деген дауыс шықты. Қарасам, жасы егде тартқан, мосқал шал қолымен шақырды. Бардым.
- Сен қиналып жүрсің бе? - деді.
- Жоқ.
Үстімдегі киіміме көз жүгіртіп қояды. Жағдайы жоқ адамға ұқсамайсың дейтіндей.
-  Сіз өзіңіз осында жиі келесіз бе? - дедім.
- Иә. Тазару үшін келемін, - деп ары қарай біраз уағыз айтты.
- Басқа да қазақтар келе ме?
- Саған қазақтар керек пе? Бар. - дейді аспай-саспай.
- Олар бүгін жоқ қой, сөйлескім келіп еді, - деп едім:
- Сәрсенбіде, жексенбіде бір мезгіл қызмет көрсетіледі, көбі кеше келген. Келесі сенбі келсең болады. Болмаса маған келіп жүр,  - деді.
- Жарайды! - деп, кетуге асықтым.
Сенімі бөлек жандармен әңгімелесудің қиындығын сонда аңғардым. «Неге осы адамдар жікке бөлініп, бірін-бірі жек көреді» десем, екі көзқарастағы адамдардың ортақ тақырыбы да болмайтынын, болған күннің өзінде, екеуі екі бөлек тұрғыда ғана қарай алатынын әбден түсіндім. Сондағы біздің бірлігіміз қайда? Болашығымыз не болмақ?

Зарын попқа шаққандар

Абай даңғылымен Гайдар көшесінің қиылысында орналасқан көк жатақхананың артындағы «Благодать» шіркеуіне келетін өзіміздің қара көздердің көптігін әріптестерімнен талай естігеніммен, өзім көрмеген едім. Тіпті бір ағамыз «оның арасына кіріп, айлап жүрмесең, оларды түсіну қиын» деді. Әрине, түсіну қиын болады. Оларды түсінейін деген де құлық жоқ. Тек сол жерге баруға қара көздерімізді не мәжбүрлейтінін білгім келген. Осы оймен жұмыстан қайтып бара жатқанда, ескі танысымды жолықтырып қалдым. О да журналист. Әлгі мазалап жүрген көкейімдегі сұрақты айтып едім, «мен бір жігітті білемін. Сонымен сөйлессең қалай болады?» - деді. Көктен іздегенім жерден табылғандай, өзі де үйіне қайтып бара жатқан танысқа қолқа сап, жігіт жаққа бет алдық. О жігіт сол маңдағы жер үйлердің бірінде тұрады екен. Біздің жай сұрақ қойып, жауап алмағымызды біліп, тартыншақтай сөйледі. Ныспысы Иван екен. Түрі қазақ, аты орысша адамдарды көруіміз тұңғыш емес. Иван бірақ православ шіркеуіне барады екен.
- Қазақ екеніңіз түріңізден көрініп тұр. Ал бұл  дінді неге қабылдадыңыз?
- Мен жетімдер үйінде өскенмін. Бала күнімнен осы діндемін.
- Неге адамдар осы дінге қызығады? Сенімдеріңіздің артықшылығы не деп ойлайсыз?
- Құдай біреу, сенім әртүрлі. Бәріміздің баратын жеріміз бір. Айырмашылығы қайсы? Мұнда жаның қиналғанда батюшкалар кеңес береді. Олар айтқан уағыздан жаның тынышталады.
- Өзіңіздің қазақ екеніңізді білесіз. Мешіттерге барып, имамдармен сөйлесіп көрмедіңіз бе?
- Мен ұлттарды қазақ, орыс деп бөлмеймін. Бәріміз бір адамның баласымыз. Имамдарға бару ойыма келмепті.
- Сіздердің шіркеуге қазақтар көп келе ме?
- Келеді. Жағдайы нашарлары да, байлары да келеді. Біз бір-бірімізге көмек­тесеміз. Жексен­білік қыз­метінен кейін балаларын шоқын­дыруға келетін қазақтар да бар. Басқа шіркеулерде 5 мың, 7 мың теңге сұрайды. Мұнда тегін.
- Ал атыңыз неге Иван?
- Есімім Ертай, батюшка берген есімім - Иван.
Одан әрі «тергеуімізге» көнгісі келмеген Иван әңгімеден сырғақтап, қашқақтай берді. Ақыры «мне пара» деп тұрып кетті. Заң бойынша зайырлы мемлекетте тұрғандықтан, біреудің жеке сеніміне қол сұққымыз келмейді. Тек жанымызға бататыны өзіміздің бауырларымыз өзге діннің жетегінде кетіп бара жатқаны.

Түйін сөз
Біреулерге Иван, мен үшін Ертай боп қала беретін сол жігіт сияқты басқа да жастар артына бір сәт қайырылғысы келмесе қайтеміз? Өзіміз ішімізден қырық пышақ болып жүргенде, сонымызды пайдаланып сыртқы күштердің бүйректен оқ атпасына кім кепіл? Руға бөлінудің айбыны асып, жүзге бөлінудің гүлденіп тұрған заманы-ай. Осылай жүргенде бауырымыздағы баламыз, қасымыздағы бауырымыз «көп айтқанына көніп, жұрт айтқанына сеніп», шоқынып тұрса, қайтпекпіз? Осы бізге әлімсақтан мұсылман екенімізді ашып айтатын, радикал емес, қалыпты мұсылман, нағыз қазақ етіп жол сілтейтін біреу-міреу табыла ма? Батыр бабаларымыз намаз үстінде дұшпан қолынан қаза тауыпты. Кешегі Абай, Шәкәрім, одан арғы жыраулардың бәрі түгел ұлт ұстаздары. «Бесінші тілек тілеңіз, бес уақыт бес намаз біреуі қаза болмасқа» деген солардың өсиеті болатын.

Бағашар Тұрсынбайұлы

"Жас қазақ" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5290