«Үлкен шынжыр» мен «кіші шынжыр»
«Шынжыр» деп бір-біріне өткізілген берік темір сақиналарды айтамыз. Тегі қазақ сөзі болуы керек, бәрімізге ұғынықты. Қазір де қабаған итке шынжыр тағатынын көріп жүрміз. Ал, негізінде тұтқындар мен құлдарды қашып кетпеу үшін қосақтап қоятын және аяқ-қолына да, мойынына арнайы тағатын құлыпты аспап.
Яғни, шынжыр адамның азаттығын шектейтін сүйкімсіз зат екені анық. Олай десек, мына тақырыпта аталған екі шынжырды нақтылы мағынада да қабылдауымызға болады. Өйткені, мұнда «бодандық шынжыры» туралы сөз болмақшы.
Онда, бірден «үлкен шынжыр» туралы айтайық. Ресей бодандығынан кейін Ақ Патша заманында Қазақтың жері «губерния» деген әкімшілік атаумен бөліске түсті. Советтік Қызыл империя кезінде «Советтік Социалистік Қазақстан Респубикасы» атанды да ел ішінде «облыс», «аудан» (район), «ауыл» (колхоз, совхоз) деген әкімшілік атау қолданылды.
Міне, бұл атаулардың бәрі де Қазақ Елін шырмап тұрған бодандықтың «үлкен шынжыры» еді.
1991-жылы «ҚазССР» деген ең үлкен сыртқы шынжыр өзі шіріп құлады. Ал, біз «Қазақстан Республикасы» деген тәуелсіз атауға ие болдық. Бірақ, «ішкі шынжыр» сол қалпы қала берді яғни «облыс», «аудан» деген қазаққа қатыссыз бөге атаулар. «ҚазССР» қалай өзгерсе, бұлар да заң бойынша басқаша өзгеруге тиіс болатын. Оның үстіне, ел ішіндегі ірі әкімшілік бөлістегі «Батыс Қазақстан облысы», «Шығыс Қазақстан облысы», «Оңтүстік Қазақстан обылысы», «Солтүстік Қазақстан облысы» деген атаулар да бодандық таңбасы, тәуелсіздікке жат ұғым. Әрі, қазақы ұғымда баяғыдан жер тарапын олай атамаған, төл ұғымға да мүлде бөгде.
Олай болса, бұл да біздің әлі «үлкен шынжырдан» толық құтылуға құлқымыз болмағанын айқындайтын бір көрініс.
Енді, «Жаңа Қазақстан» деген ұран көтерілген кезеңде бұл бодандық атаулардан арылуымыз керек.
Қалайша? Былайша, атауды отыз жылдан бері талай ұлт зиялылары айтумен келеді.
«Облыстың» орнына қазақтың «Өлке» деген сөзі бар. Мәселен, тарихи жер атаулары бойынша «Алтай өлкесі», «Атырау өлкесі», «Еділ-Жайық өлкесі», «Маңқыстау өлкесі». «Кереку өлкесі», «Қызылжар өлкесі», «Сарыарқа өлкесі», «Жетісу өлкесі», «Талдықорған өлкесі», «Түркістан өлкесі»... өзінен өзі сұранып тұрған жоқ па?!
Ал, «аудан» сөзі де қазақы сөз емес. Сондықтан, оны «Аймақ» деп, алу әлдеқайда табиғи болар еді. «Сарқан аймағы», «Сайрам аймағы», «Талғар аймағы», «Ақкөл аймағы» әрі баяғыдан келе жатқан тарихи жер атаулары да қалпына келеді.
Енді, ел ішіндегі ең кіші әкімшілік өлшем «Ауыл», әрине бүкіл қазақтың өз-өзінің кіндігі байланған туған жері әрі ата-бабасынан жалғасқан тарихи кіші-отаны. Сондықтан, Совет заманында бұрмаланған «Ауылдың» өз-өз атауын қалпына келтіру де отаншылдықтың да ең жанды жері екені дау тудырмайды.
Жоғары аталған екі әкімшілік өзгерісті жасау – Үкіметтің мойындағы іс әрі Конституциялық заңмен қорғалатын заңды мәселе.
Ал, әрбір ауылдың төл тарихи атауын тауып қоюды ауыл иелері өздері қолға алғаны жөн.
Міне, осылайша Қазақ Елі «бодандықтың үлкен шынжырынан» құтыламыз!
Енді, «кіші шынжырға» келейік. Бұл жоғарыда айтқанмыздай «құлдың мойынындағы шынжырға» ұқсайды. Бүкіл қазақтың ата-бабасының атына жабысқан «ов-тар» пен «ова-лар», «ин-дер» мен «ина-лар»!
Бұл көзге көрінбейтін «бодандық шынжырының» қатері сыртқы «үлкен шынжырдан» да кесірлі, өйткені ол, әрбір сәт жеке куәлігіңізді қолданған сайын «сен бодансың!» деп, «шылдырлап» тұрады!
Ал, бұған бойы үйренген рухани бодан бишара ең соңында оны өзіне мақтан санайды, оны атынан алып тастауды, тіпті қаперіне де алмайтын болады! Бейне, «Дон Кихоттағы» өзін шынжырдан құтқарған батырды құлдардың жабыла сабап, шынжырларын мойындарына қайта киіп алған масқарасы секілді.
Иә, бұл тіпті де жалалы сөз емес. Тәуелсіздік алған соң, өз елінің азат азаматы ретінде ұлттық ат-жөн атауына көшу құқы ретіндегі арнайы заңмен ғана қабылдайтын нәрсе еді. Оп-оңай қалпына келе салатын «төлқұжаттағы» қалам ұшымен бітетін жеңіл іс. Бірақ, «ов» шынжыры мойыннан түсер емес.Түсіргісі келмейтіні, біздің өзіміз рухани құлдыққа әбден мойынұсынғандығымыздың тағы бір көрінісі!
Тіпті, славиян текті, христиан дінді бұрынғы советтік халықтар да өз-өз аты-жөн атауын өзгертпеген еді ғой. Мәселен, армияндар «яны-мен», грузиндер «здесі-мен», украиндер «ко-сымен» келе жатқан жоқ па?!
Онда, қазақққа еш қатысы жоқ «ов» бодандық шынжырын мойыннан алып лақтыратын кез әлдеқашан келді.
Қазақтың батыры әрі рухани азат азаматы Бауыржан Момышұлы, осындай құлдыққтан азат болуды, баяғыда-ақ өзі үлгі етіп көрсетіп кеткен жоқ па?!
Онда, мұндай шынжырдан біздің неге әлі күнге құтылғымыз келмейді?!
Гәп, бодандыққа түскен елдің зиялысы өз халқынан жерініп отаршыл иесінің қолжаулығына айналады. Бұрын отаршылдар зорлықпен жасаған істі, енді бодан халықтың өз тумалары қорлықпен жасай беретін сұрқай үрдіс үстемдік құрады.
Міне, отыз жыл асқан тәуелсіздік жылдарында үкіметтік қызметтегі жоғарғы лаузымдардың өз туған халқының тілін білмеуді ұят көрмей, мақтан көруі – бодандықтың ең үлкен масқарасы!
«Бодандық шынжырын» мойынындағы алтын алқадай көретін, рухани мүгедек күйге түскенін білдіретін «сұмдық синдром»!
Абай Мауқараұлы
Abai.kz