Жексенбі, 24 Қараша 2024
Билік 4055 17 пікір 21 Сәуір, 2023 сағат 14:50

Әлем қазақтарының Президент Тоқаевқа Ашық хаты

               Қазақстан Республикасының
       Президенті  Қ.К. Тоқаевқа!

АШЫҚ ХАТ

Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Өзіңізге мәлім, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігін алысымен Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайында 1992 жылғы қыркүйекте Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы (бұдан әрі – ДҚҚ) құрылды. Содан бергі аралықта 1 миллион 87 мың қандасымыз елге оралды. Тарихи Отанына қоныс аударғандар жалпы Қазақстан халқының 6 пайызын құрайды. Ал олардың демографиялық өсімі 3 миллионға жуықтады. ДҚҚ мемлекеттік емес ұйым ретінде елімізде адам капиталы мен ұлттық мәдениетті дамыту, біртұтас елге айналу сияқты стратегиялық бағдарламаларды іске асыруда.

Қазір әлемнің қырықтан астам мемлекетінде шамамен 5 миллионға таяу қазақ диаспорасы тұрып жатыр. Олар шалғайда жүргендігіне қарамастан әрдайым өздерінің атамекені Қазақстанмен рухани-мәдени және іскерлік байланыста болуға ынталы.

Соңғы төрт жылда әлемді жайлаған індетке байланысты көш тоқтап қалды. Бірақ соған қарамай байланыс үзілген жоқ.

Қазақ әлемін қалыптастыруға ұйытқы болып отырған ДҚҚ-ға былтыр қыркүйекте 30 жыл толды. Айтулы жылда Дүниежүзі қазақтарының кезекті VI құрылтайы өтуі тиіс еді. Бірақ Президент Әкімшілігінің ұйғарымымен кейінге қалдырылды.

Бес жылда бір рет өтетін Құрылтайда ДҚҚ-ның Төрағасы, оның орынбасарлары сайланады, ұйымның алдағы бес жылға арналған Бағдарламасы бекітіледі. Жалпы ұйымдастыру шараларымен қатар өзге де мәселелер қаралады.

2017 жылғы Дүниежүзі қазақтары V-құрылтайының ҚР Президенті қол қойған №17-32-39.1 хаттамалық тапсырмасында ДҚҚ-ның қызметін қаржылай қамтамасыз ету үшін «Отандастар қорын» құруды, «Шеттен көшіп келген ағайындарды жаңа ортаға бейімдеудің, арнайы үйлер салып қоныстандырудың, қажетті мамандық алуына және жұмыспен қамтылуына қажетті әлеуметтік инфрақұрылым жасаудың бағдарламасын әзірлеуді» Үкіметке Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесіп жасау тапсырылған. Соған сай қандастарымыз бен еліміздің еңбек күші артық аймақтарынан еріктілерді еңбек күші тапшы солтүстік өңірлерге қоныстандыру қолға алынды. Онда тұрғын үй және жұмыс орны қоса қаралған. Осындай мақсатта Ақмола облысының Аршалы ауданында асар әдісімен агроқалашық салына бастады. Қазіргі уақытта екі қабатты отыз үй бой түзеп тұр, жалпы, 8 мың қандасқа арналған бір үлгідегі 1282 коттедж салынбақ. Бұған бюджет қаражатынан ақша жұмсалмайды. Жұрт өз үйін сапалы әрі төмен бағада жасауда. Онымен қатар 2 мектеп, 2 балабақша инвесторлар есебінен бой көтереді.

Ол агроқалашық жобасында 300 гектарлық жылыжай, мал өсіретін және бордақылайтын орталық, ауылшаруашылық өнімдерін сататын көтерме базар қарастырылған. Әрі, 3,5 мың жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Ең бастысы іргесінде тұрған Астана қаласының сапалы, табиғи көкөністер мен ет-май, құрт-ірімшікке еріндері тиеді. Болашақта бұл елдімекен туристер үшін этно-ауыл ретінде тартымды болады.

Дәл осындай жобаларды Петропавл, Екібастұз және Рудный қалаларында жүзеге асыруды көздеп отырған ДҚҚ-ның ісін қолдаймыз.  Бір қуантарлығы солтүстік өңірлерге көшуге 2004 жас отбасы (10 мыңнан астам адам) дайын екен.

Қазақстан үшін жұмыс күші тапшы шекаралық аймақтарға ел қоныстандыру стратегиялық маңызды. Осы мақсатта құрылысшы, дәрігер, медбике, мұғалім, инженер, механизатор сияқты сұранысқа ие мамандықтары бар кемінде 50 мың қоныс аударушыларды анықтап, тізімін жасаған жөн.

Осы ретте Жаңаөзен қаласындағы қандастарды жұмылдыра агроқалашық салу немесе олардың бір бөлегінің солтүстік өңірлерге қоныстануына ДҚҚ-ның араласқаны әбден орынды болар еді.

Бұл іс-шаралар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қатысуымен жүзеге аспақшы. Қоныс аударушыларға мемлекет бағдарламасындағы көзделген көтерме қаржыларынан бөлек жаңа тұрғылықты жерде 4 млн. теңгеге дейінгі сомаға тұрғын үй сатып алу үшін материалдық көмек алуға мүмкіндік қарастырылған. Ол – арнайы ұтқырлық сертификаттар беру арқылы жүргізіледі.

Осы амалды қолданысқа енгізсек, кемінде елдегі алты күрделі мәселе шешімін табады.

Біріншіден, қоныс аударушы бақшаға қолайлы жерден сапалы әрі арзан баспана салады;

Екіншіден, жұмыс орны мен ауыл шаруашылығы бизнесіне қол жеткізеді;

Үшіншіден, жұмыс күші тапшы аймақтардағы бос жұмыс орындары толықтырылады;

Төртіншіден, қала ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіледі;

Бесіншіден, халық тығыз орналасқан аймақтарда жұмыссыздардың, аз қамтылғандардың саны төмендеп, әлеуметтік жағдай дұрысталады;

Алтыншыдан, елдегі демографиялық ахуал реттеледі және шекаралық аймақтарға ел қоныстанады.

Сонымен қатар, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мәдени-әлеуметтік шараларды да назардан тыс қалдырмаған.

Қандастарға мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу және соған үміткерлерді жинау бойынша жұмыс жолға қойылған. Жыл сайын «Балдәурен» республикалық оқыту-сауықтыру орталығында 288 шетелдік қазақ балаларының демалыстары ұйымдастырылып келеді.

Сондай-ақ, ДҚҚ жанынан шет елдерде қазақ ұлттық мәдени орталықтары ашылған. Оның бірі Ыстамбұл (Түркия), екіншісі Шыршық (Өзбекстан) қаласында. Онда этникалық қазақтар үшін ана тілін, халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын үйретеді. Ұлттық музыкалық аспаптарда ойнауға баулиды.

Міне, бүгінгі ДҚҚ-ның қолға алған ауқымды ісінің бірі – осы.

Алайда, ДҚҚ қоғамдық ұйым болғандықтан және қоғамдық ұйымға мемлекет заң бойынша қаржы бөле алмайтындықтан, тікелей Қауымдастықтың қызметін қаржыландыруға құрылған «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Қор) ҚР Сыртқы істер министрлігі құрылымына берілуіне байланысты бастапқы міндетін орындауға құлықсыз болып отыр. Ол өз қызметін шетелдегі қазақ диаспорасымен жұмыс істеуге бағыттаған. «Егер, «Отандастар қоры» қазақ диаспорасымен ғана жұмыс істесе, мемлекеттің сыртқы саясаты негізінде ашылған әлем елдеріндегі елшіліктер мен консульдықтар не бітіреді?» деген заңды сұрақ туады.

Қазіргі таңда «Отандастар қорының» қызметі Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемелерінің қызметін қайталауда. Бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалуда. Сондықтан осы Қор Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қарауына берілгені жөн болар еді.

Былтыр бұл мәселе қаралып, Сіздің тарапыңыздан Қорды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне берілу жөнінде саяси шешім қабылданған, Үкімет қаулысының жобасы да әзірленген. Алайда билік дәлізіндегі ойыншылардың лоббилеу амалымен жүз пайыз акциясы ҚР Сыртқы істер министрлігіне өтіп кетіп отыр.

Бүгінде Қор бір күндік жеңіл-желпі шараларды өткізіп, президенті Абзал Сапарбекұлының жарнамасын жасаумен айналысуда. Онымен қоймай сырттағы қазақтарға Қауымдастық жайлы әңгіме айтады. Бұған Сайлау Батыршаұлы сияқты кейбір тұлғалар дем беріп, істі ушықтыра түсуде. Қандастар, негізінен, қара шаңырақ – Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығын біледі.

Ал, бүгінгі күнде көкейкесті мәселе болып тұрған халықты шекаралас аймақтарға қоныстандыру, қандастарды баспанамен және жұмыс орындарымен қамтамасыз ету жөніндегі ДҚҚ жобаларын қаржыландыру қор бюджетінде қарастырылмаған.

Осы ретте, «Отандастар қорын» Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне беруді сұраймыз, болмаса, бюджетке мақсатсыз шығын келтіріп отырған Қордың жұмысын тоқтатуды ұсынамыз. Өйткені, үй ішінен үй тіккендей қандастармен жұмыс істейтін екі мекеменің болуы тиімсіз.

Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Дәстүр бойынша ДҚҚ-ның Төрағасы Ел Президенті болғанын жөн деп санаймыз. Мемлекет басшысының аталған Қауымдастықтың Төрағасы болуы – қандастардың тарихи Отанына көптеп оралуына және сырттағы қазақтардың сенімін бекітуіне ықпал ететіні сөзсіз.

ДҚҚ жай қатардағы қоғамдық ұйымның бірі емес, 31 жылда ұлттық брендке айналған салиқалы ұйым – Дүниежүзі қазақтарының қара шаңырағы. Әрі, үлкен қоғамдық-саяси институт және ол іштегі қазақтар мен билік жүйесіне ғана емес, сырттағы этностық қазақтардың құрметіне бөленген. Оның Төрағасы болу – Сіздің имиджіңізді жалпы халықтық сипатқа айналдырады. Қазіргі кезде миллионнан астам мүшелері бар ұйым – үлкен әлеуметтік күш.  Және әлем қазақтарының жағдайын түсінетін, соларға жаны ашитын, оларды қамқорлығына алып, жәрдем қолын созатын жалғыз ұйым – Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы.

Сондықтан Сіздің кандидатураңызды осы қоғамдық ұйымның басшылығына Қауымдастық мүшелері лайық көреді. Сонда ДҚҚ-ның қоғам алдындағы абыройы мен қызметі артып, мәртебесі мен мәні билік дәлізінде бұрынғы дәрежесіне көтерілер еді.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының тарихы мен бүгінгі геосаяси ахуалды ескере отырып, қоғамдық ұйымдардың ұсынысына келісім беруіңізді сұраймыз.

Ел игілігі мен ынтымағын арттыруға бағытталған еңбегіңізге жеміс тілейміз.

Құрметпен,

Қазақстан зиялылары мен қоғамдық ұйымдары атынан: 

Қапсаттар  Омарұлы – ДҚҚ-ның Монғолиядағы бөлімше төрағасы,

Есенгали Ибраев – Ресей Қазақтарының Федералдық ұлттық-мәдени автономиясының басшысы,

Алтынай Жүнісова – «Мөлдір» қазақ мәдени орталығы, Омск қаласы,

Булекбаев Эркин Касымович – Қырғыз Республикасы қазақтарының «Алаш» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қырғыз Республикасының мемлекеттік және саяси қайраткері, Қырғыз Республикасының 2-сыныпты мемлекеттік кеңесшісі,

Абдыбекова Кадыйша Токоновна – ОсОО «Сокулук Заготсбытбаза» төрайымы,

Серікбай Үсенов – Өзбекстан қазақ қауымдастығы төрағасы,

Дәулет Қалиев – «Ұлттық мүдде» қоғамдық бірлестігі төрағасы,

Жасай Зекейұлы – «Ұлттық мүдде кеңесі» қоғамдық бірлестігі төрағасы, «Жас-Ай» Халықаралық медицина орталығының құрылтайшысы, бас директоры, Халықаралық ғылым академиясының академигі, М.Ғ.Д. профессор, Астана қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі,

Асхат Базарханұлы – «Ұлттық мүдде кеңесі» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры,

Өркен Нәсіпбекұлы – «Тарихи Атажұрт» қоғамдық бірлестігі төрағасы,

Үзбен Құрманбайұлы – «Мейірімді қоғам kz» сайтының директоры,

Бекдайыр Нығметұлы – «Әкелер одағы» Республикалық қоғамдық ұйымының төрағасы,

Құрмет Қаділғазы – «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасы,

Оразалы Қазы – «Арша.Тур» туристік компанисының директоры,

Жұмашәріп Шаһадатұлы – Елорда билер алқа мүшесі, қоғам қайраткері, жазушы, үздік педагог,

Қайрат Бодауханұлы ­– Республикалық Асар қоғамдық бірлестігінің төрағасы-С.Сейфуллин атындағы Аграрлық университетінің профессоры экономика ғылымдарының кандитаты,

Әлхан Амантай ­– Қоғам қайраткері, зейнеикер,

Маутхан Оралжан – қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері,

Хызыр Муграж – қоғам белсендісі, заңгер,

Маусымбаев Сапарбек Шайхымұлы – Ресей Федерациясының жазушылар одағының мүшесі, қоғам қайраткері,

Төлеген Мандахбаяр – Қоғам белсендісі, тау-кен инженері,

Мұхит Жақсылықұлы – Көші-қон саласының ардагері, зейнеткер,

Елімбек Қазұлы – в.ғ.к.(PҺD) аға ғылыми қызметкері,

Бакейұлы Хазы – «Киікбай батыр» қорының президенті, тарих танушы аға ұстаз, қоғам қайраткері, «Шапағат» медалінің иегері, еңбек ардагері,

Жырғау Туғанбай – Красни яр ауылы «Нұрлыкөш» шағын ауданы қоғамдық кеңес» басшысы, «Мұқалмас» қоғамдық бірлестігінің төрағасы,

Дахан Шоқшыр – Ақмола облыстық Тарихи Отанына оралушыларды қолдаушы «Аңсап» қорының төрағасы,

Адалгүл Түсіпбай – Қазақстан Республиксы бойынша «Елім-ай» қайырымдылық қоры бірлестігінің төрайымы,

Тоқмұхамет Базарбайұлы – Атажұртқа қандастарды ерікті бастап қоныстандырушы, қоғам қайраткері, шежіреші,

Биқабыл Дәулетбекұлы – Ақмола облысы Шығыс медицина емханасының басшысы

Нұрбақыт Жандархан – «ИП Жандархан» жеке кәсіпкер, Ақ мамық көрпе ЦЕХ -нің басшысы,

Қастер Тоқтарұлы – «ИП Тоқтар»  жеке кәсіпкер,

Қайнар Кемелбекұлы – «ИП Қайнар» жеке кәсіпкер,

Мұхтарбек Қарпықұлы Каримов – тарих ғылымдарының кандидаты, Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің профессоры, «Құрмет» орденінің иегері.

Abai.kz        

17 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5592