Алаш философиясы – ұлттық даму философиясы
Кіріспе орнына:
2017‑жылы Аламаты қаласында Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы мен «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығы» қоғамдық қоры ұйымдастыруымен «Алаш ұлағаты» атты жақсы кітап басылып шыққан екен. Кітапты құрастырған тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Исин Амантай екен. Кітапта Алаш қайраткерлерінің ел болашағын елестеткен қанатты, даналық түйін ойлары берілген.
Міне, осы кітапты бүгін қолға алып, мұқият оқуға кірістім... Кітап 2000 тиражбен шығыпты. Осының өзінен‑ақ, бұл кітаптың мақсаты мемлекеттік қызметте отырған шенеуніктердің, одан қалды, өзге де азамттардың «мемлекет құру» туралы білімін арттыруға, азаматтарды мемлекетшіл‑ұлтшыл болуға баулу болғаны түсінікті болды.
Бірақ, көкейде «Осы кітап сол мақсатына жетті ме?» деген сұрақ пайда болды. Осы сұраққа жауап іздеудің «азабы» бұл кітапты оқығаннан әлдеқайда қиын болып шықты. Өйткені, қоғам мен мемлекеттің одан кейінгі дамуын зерделейтін болсақ – «кітап өз мақсатына жетпеген» деген нақты қорытынды жасауға болады екен:
- Кітапты оқып, ондағы асыл ойларды, мемлекет пен ұлттық даму туралы Алаш арыстарының асыл ойларын, философиясын басшылыққа алған шенеуніктер легін әлі де көре алмаудамыз – отыз жылдық тоқыраудан қалған үрдістер мен мемлекет басқару әдістері әлі де со қалпында қалып отыр десек болады;
- Кітапта айтылатын терең ойлар бұқара халықтың санасына жетіп, халық өз билігінен Алаш даналары көрсеткен жолмен дамуды талап еткен Ұлттық белсенділікті де байқамадық – сол баяғы «оян қазақ» ұраны жалғасуда;
- Осы кітапты басшылыққа алып, халыққа «ең мықты мемлекет құру бағдарлмаларын» ұсынған партияларды да таппай отырмыз;
- Еліміздің Мәжілісі депутаттары арасынан алаштықтардың мемлекетқұру философиясын басшылыққа алып, сүбелі өзгерістер ұсынған тұлғаларды да көрмедік...
Ендеше, осы аталған факторларды ескерсек ‑ «кітап өзіне жүктелген міндетті атқармаған» деген қорытынды сұранып тұр, өкінішті, әрине... Иә, әуелгі ниет түзу болған шығар, бірақ «ниет тек ниет күйінде» қалар болса – одан қоғамға не пайда, мемлекетке не пайда?
Ендеше, бұл кітап та «назарбаев заманында» белең алған «көптеген өлі ескерткіштердің» қатарына барып қосылғаны да!..
Неге осылай болды?
Жап‑жақсы кітаптың «тағдыры» осылай аяқталғаны – кітапқа ғана емес, ондағы айтылған Алаш қайраткерлерінің арманына, дана ойларына да қиянат деуге болады. Оның орын алуының себептері де әртүрлі:
Біріншіден, біздің билік жүйесі әлі күнге дейін сүйікті жазушымыз Оралхан Бөкеев айтып кеткен «Биліктің міндеті өзі атқа отыру емес, үзеңгі болып, халықты атқа отырғызу» деген қызметін әлі күнге атқармай келе жатқанында;
Екіншіден, Тәуелсіздіктен кейін бұрынғы сауатты халықты «жаппай сауатсыздандыру» орын алғаны белгілі. Тоқырау жылдары – «күнкөріс үшін жанталасқын» ұрпақ өсіп шықты – мемлекеттік дамуды жәй адам тұрмақ, биліктің өзі ұмыта жаздаған уақыт болды... Міне, соның зардабын біз әлі күнге тартудайын тартудамыз.
Үшіншіден, халық қазынасы есебінен еңсесін түзеп алған олигаполиялық топқа «белсенді халықтың» еш қажеті жоқ еді – сондықтан, ресми емес түрде «халықты оятпаудың» неше түрлі құйтырқы амалдары іске қосылды – авторитарлы билік оны саналы түрде қолдап отырды.
Біз қандай мұрадан бас тартып отырмыз?
Бұл сөзді баяғыда В.И.Ленин айтқан, оны біз де қайталаймыз. Себебі, Қазақстан Республикасы осыған дейін «мемлекеттік даму» формасында неше түрлі эксприменттерді жасап, өзін «сынақ алаңына» айналдыруға шақ қалғанын жасырудың қажеті жоқ.
Өзіміздің нақты ой айтатын экономистер мен өзге ойлы тұлғаларды бүкірейтіп қойдық та, олардың пайдалы нәтижеге әкелетін ұсыныстарын, теорияларын, концепцияларын «жау көретін» жағдайға жеттік. Өйткені, жеке мүддеге негізделген авторитарлы билік жүйесі кез келген мемлекеттік қарқынды дамудың бағыты – жаппай орын алған коррупцияны, сыбайласқан жүйені қиратушы жеке‑дара күшке айналып кетуінен қорықты.
Ал, егер, біз «алыстан арбаламай‑ақ», өзіміздің Алаш арыстарының дана ойларын әуел бастан басшылыққа алып, оны өз ғалымдарымыздың ұсыныстарымен жалғастыра алғанда – Қазақстан әлдеқашан әлемдегі көш бастаушы елдердің қатарында тұрар ма еді, бәлкім?!.
Міне, «Алаш ұлағаты» кітабын оқығандағы ойға келген басты түйінді ой осы болды!
Әлі де кеш емес!
«Алаш көсемдері бізге рухани нәр болатындай қандай құнды ойлар айтты, қалай жеткізді, қандай тақырыптарды қамтыды?».
«Тәуелсіздік, ел азаттығы, мемлекет, тіл, шаруашылық, тәрбие, тарих, әдебиет туралы не айтты?».
«Елдің болашағын қалай елестетті, жастарға қандай сенім артты?».
Бұл сұрақтарды «Алаш ұлағаты» кітабының құрастырушысы Амантай Исин өз алғысөзінде жазып, тасқа таңбалапты... Өте дұрыс қойылған сұрақтар... Енді, оқырманға тек қана Алаш көсемдерінің терең философиясына дендеп ену ғана қалып тұр...
Осы философиямен бұқара санасы қаруланса ‑ халық өз болашағының айдарлы бағытын анықтап, айқын жолын табады деп үміттенеміз. Бүгінгі және болашақта осы айдармен берілетін мақалаларымыздың да мақсаты – «бір кітап насихаты» емес, мақсат – қазақ жұртының санасына Алаш философиясының сәулесін құю!
Неден бастаймыз, кімнен бастаймыз?
Әрине, Ұлы Абайдан бастаймыз:
«Біріңді, қазақ, бірің дос
Көрмесең істің бәрі бос».
Қазіргі қазақ Абай айтқан осы ұлағатқа жетті ме? Егер, «жетті» деп сеніммен айтар болсақ, онда қазіргі Тәуелсіз унитарлы Қазақстанның негізін құрап отырған Қазақ халқын ұлт болып толық қалыптасты деп ауыз толтырып айтуға болар еді...
Бірақ, өкінішке орай, біз олай айта алмамыз: өйткені, бүгінгі қазақ ұлты әлі де іштей ыдыраңқы күйден ажыраған жоқ. Ол неден көрінеді?
Ол – халықтың тілдік тұрғыдан, менталдік тұрғыдан, саяси көзқарасы тұрғыдан, өңірлердің экономикалық даму деңгейі тұрғыдан әлі де бірегей Ұлттық дәрежеге көтеріле алмауынан көрінеді.
Жүсіпбек Аймауытов әлемдегі бірыңғай қалыптасқан «ұлтшыл жұрттар» қатары туралы былай депті: «Ұлтшыл жұрттар, әне – Германия, Жапония, Англия, Түркия, олардың баласы жасынан ұлтым деп өседі»...
Әрине, біздің де қазіргі жастарымыз жасынан «елім‑жерім» деп өсіп келеді... Алайда, ол бізге ұлт ретінде қалыптасуға жеткіліксіз болуда. Неге десеңіз, осыған дейін‑ақ, «қазақ ұлттылығы» өз мемлекетінен ажырап, өгей баланың күйін кешіп келгені рас. Тіптен, 1986 жылғы қазақ жастарының Желтоқсан Көтерілісінен кейін жастарға «ұлтшылдар» деген айып та тағылды. Содан бері, санамызға «ұлтшыл болу жақсы ма, жаман ба» деген екұшты ой сіңіп, сол ой ұшқыны әлі де жалғасып жатыр...
Онымен қоса, ұлтымыз тілдік тұрғыдан, ендеше, онымен қатар қалыптасатын менталитет, яғни, адамның мәдени қалыбы тұрғыдан біртекті емеспіз. Ал, сонау тоқсаныншы жылдардың тоқырау заманынан бері сабақтастығын үзіп алған ұлттық тәрбие жүйесі де өз қалыбына келе алмай, ұлт «өзгені өзіне сіңдіруші емес, өзгеге сіңуші» жағдайда қалып отыр. Жағдайдың осылай болуына «өркениеттік технологиялық секіріс» те дем беріп, «ұлттығын сезінбейтін ұрпақты» өмірге әкеле бастады...
Олай болса, біз еш алаңсыз Унитарлы Қазақстан мемлекетілігін құруды мемлекеттік идеология деңгейіне көтеріп, оны жан‑жақты, қазіргі заманмен үйлескен, жаңаланған, түрленген, жетілген Ұлттық тәрбие жүйесін таба алмасақ – онда, шынында да, Абай айтқан «істің бәрі бос» болып қала беретіні анық...
(Бұл жерде, әрине, Ұлт қалыптасуындағы экономикалық фактордың да орны ерекше екенін атап өту керек. Әр өңірдің қарқынды дамуы – Ұлтты тез ұйыстырады, Қазақ Елі статусын өмірге әкеліп, ол, өз кезегінде, еліміздің әрбір азаматын «мемлекеттілігін сезінуге» әкелер еді).
Ал, бұл, Қазақ ұлтын ассимиляциялаушы, яғни, мәдени‑рухани тұрғыда өзге ұлттарды өзіне сіңіруші ұлтқа айналуын қамтамасыз ететін басты тетік болады.
Біз оған әлі жете алмай келеміз. Қуанатын бір жағдай ‑ қазір осы бағыттың теннденциялар анық белгі беруде... Ол үшін халыққа ағартушылық қызметті арттыра түсу қажет – бүгінгі біздің мақаланың мақсаты да осы!
Болашақта, «Алаш ұлағаты» философиясын өздеріңізбен бірге талқылауды шығармашылық жоспарыма кіргізгенімді сіздерге хабардар еткім келеді, құрметті оқырман!..
Әбдірашит Бәкірұлы, философ
Abai.kz