Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 2588 32 пікір 21 Сәуір, 2023 сағат 15:06

«Отан қорғау» ма, сатқындық па: «Вагнерге» қосылған қазақ

Парламент сайлауы қарсаңында «Ақ жол» партиясының бұрынғы мүшесі Азамат Әбілдаев Ресей басшысы Путиннің аталмыш «арнаулы операциясын» қолдаймын деп сұхбат беріп, қоғам наразылығын тудырып, артынан партиядан қуылған еді.

Сол кезде ел ішінде Азаматтардың қатарының молдығын тілге тиек еткенбіз. Күні кеше Ресейдің Томск мемлекеттік университетінде оқитын қазақстандық студент Марғұлан Бекеновтың өз еркімен «Вагнер» жендеттерінің қатарына қосылып, 12 сәуір күні алдынғы шепке аттанғаны тағы да жұрт талқысына түсті.

Бірақ Бекеновтің анасы Альмира Бекенова ұлын «Вагнер» тобының соғысқа күштеп әкеткеніне сенімді.

«Наурызда ол Томскіден аяқ астынан Краснодар аймағына кеткенде қатты таңғалдық. Ол қызыма кеттім деді, кейін белгісіз біреулер оны ұрлап әкетіп, «Вагнер» тобына қосқаны анықталды. Онымен Молькино хуторында кездесуге мүмкіндік алдым, ол жердің бәрінде «вагнерліктердің» плакаты ілулі тұр. Ұлыммен дұрыстап сөйлесуге мүмкіндік берген жоқ, жағдайы нашар, бірақ ол ешқандай келісімшартқа қол қоймадым деп отыр», - депті Азаттық сайтына берген сұхбатында. Ал Қазақстан сыртқы істер министрлігі Марғұлан Бекенов «Вагнер» қатарына өз еркімен қосылған дейді.

«Бізде бар мәлімет бойынша, бұл азамат «Вагнер» жеке әскер тобымен ерікті түрде келісімге қол қойған. Қазақстанның Ресейдегі елшілігі бұл азаматтың туыстары қайырылған соң, Ресейдің тиісті органдарына сұрау салды. Ақпаратты тексеріп жатырмыз. Консул азаматтың туыстарымен байланыста» - деді министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Батыс Қазақстан облысының 23 жастағы тумасы Марғұлан видео жолдауында атышулы әскери топқа өз еркімен қосылғанын жеткізген.

Қазақстан Республикасының заңнамасында, нақтырақ айтсақ, қылмыстық кодекстің 172-бабында, шетелдік қақтығыстарға араласқан ел азаматтарының 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылатыны жазылған. Өткен аптада Бұқаралық ақпарат құралдары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қазақстандықтардың Украина жеріндегі соғысқа араласуына қатысты 10 қылмыстық істі тергеп-тексеруді бастағанын жарыса жазып еді. Десе де «Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеу ісіне қатысты нақты деректерді ашып айтпады, Қазақстандықтардың қай тарапта болысып, қай шепте ұрысқа қатысқаны жайлы әзірге хабарланған жоқ» делінген еді.

Марғұланның әрекетінен олардың хабары бар ма, ол жағы белгісіз.

Еуроодақ алдынғы жұма күні «Вагнер» қанқұйлы тобын украинадағы соғысқа араласқаны үшін санкция салынғандардың қатарына қосты. Кеше сәуірдің 20-ы күні Швейцария үкіметі де «Вагнер» мен қоса Ресейдің «РИА Новести» агенттігіне Кремлдің жалған ақпараттарын таратқаны үшін санкция салды.

Ал бізде ші? Кремльдің теріс ақпаратына сеніп, үгіт машинасына иланып, соғысқа Украинаны айыптап отырғандардың қатары қанша ма?! Қолына қару алып, Бахмұтты украиндардан азат етуге аттанған Марғұлан соның бірі емес пе?!

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде халқымыз Сталинның моблизациясының кесірінен қынадай қырылғаны тарихи факт. Ал оны біз әлі күнге «Отан қорғау соғысы» деп бүркемелеп келеміз. Шындыққа тура қарап, тарихқа өз бағасын беретін уақыт келген жоқ па?! Олай етпесек салдары ауыр болайын деп тұр. Орыс тілді Марғұлан Путиннің моблизациясын қазақтарға да ортақ екен деп түсініп қолына қару алған шығар, «Отан қорғауға аттандым» деп ойлап жүрген болар. Бұл мәселеге мемлекеттік орғандар солқылдақтық танытпай, тиісті бағасын беруі керек.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

32 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5570